Әл-Фарабидің музыкалық мұрасы

Уақыты: 2020-11-04 Көрлімі: 2674 Сипаттама

Әбу Насыр әл-Фараби өзі өмір сүрген ғасырға дейінгі және өз тұсындағы ғылымдардың барл...


Әбу Насыр әл-Фараби өзі өмір сүрген ғасырға дейінгі және өз тұсындағы ғылымдардың барлық саласына қалам тартқан. Оның философия, логика, математика, физика, педагогика, психология, химия, филология және басқа да ғылымдарға қатысты жазба мұрасы жайлы жаһан ғалымдары оқтын-оқтын сөз етіп қояды. Әйтсе де Отырар перзентінің музыка жайлы мұрасы көп зерттеле қойған жоқ. Бұл ретте араб елдері мен Еуропа жұрттары, әсіресе Франция ғалымдарының едәуір еңбек сіңіргенін айтқан жөн.

2006 жылы бір топ Қазақстан зиялыла­рымен бірге Шам елінде және 2007 жылы Ел­басы Н.Ә.Назарбаевтың Сирия сапары кезінде делегация құрамында болдым. Уақыт тауып Дамаскінің кітап дүкен­дерін аралау барысында Әбу Насыр әл-Фара­бидің бірнеше еңбектерін, әсіресе оның атақты «Китаб мусик әл-кабир» – «Му­зыка жайлы үлкен кітабын» таптым. Ол Каирде жарық көрген екен, тек жылы көр­сетілмепті. Көлемі – 1208 бет. Онда шы­ғарма авторы туралы «Әл-файласуф Әби Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тар­хан әл-Фараби. Һижраның 339 жылы қайтыс болған» деп көрсетілумен қатар шархын (түсіндірмесін) жазған Аттас Абд әл-Малик Хашба, редакциясын қараған (мұраджаа) әрі шығарушы (тусдир) доктор Махмұд Ахмад әл-Хиф­ни» деп жазылыпты.

«Музыка жайлы үлкен кітап» Тегеран­да да шықты. Ал енді көлемді бұл дүниені Еуро­пада латын тіліне 1840 жылы Дж.
Г.Люд­­виг Козегартен (1792-1862), ита­лиян ­ті­ліне Испания музыкатанушысы Со­риано Ф.Ин (1787-1851), француз тілі­не музыкатанушы Р.Н. Ланд (1834-1897) пен француздың тағы бір араб музыкасын зерт­­теуші ғалымы барон Р.д’ Ерланже (1872-1932) өз тіліне аударып жариялады.

Ал зерттегендерден 1844 ж. тағы да Дж.Г.Людвиг Козегартен, 1883 ж.
Р.Н.Ланд,­ 1934 жылдары ағылшын музыка­ зерт­­теушісі Н.Дж. Фармер (1882-?), Әбу Насыр әл-Фарабидің музыкалық мұрасы бойынша 1930-1931 жылдары докторлық дис­сертация қорғаған не­міс докторы
Е.А.Бей­хердт (ХХ ғ.), Аустриялық музыкатанушы Р.Г.Кизе­веттер (1773-1850), Бельгия музыкатану­шысы, тарихшы, педагог, сазгер Ф.Ж.Феди (1784-1871), Оты­рар ойшылының өмірі мен шығар­машылығына арналған библио­графиялық анықтамалық құрас­тыр­ған АҚШ-тың Питс­бург уни­вер­ситетінің неміс ғалымы Н.Решер
(1928 ж.т.), Ита­лия араб­танушысы П.Три­подоны (ХІХ ғ. екінші, ХХ ғасырдың бі­рінші жартысы) атау керек.

ҚазҰУ-дің ұстазы, философия ғылым­да­рының кандидаты шығыстанушы К.Тәжі­кова 1992 жылы Әбу Насырдың осы дү­ниесін «Трактаты о музыке и поэ­зии». («Ғылым», Алматы 1992, 452 бет), 2009 жылы БжҒ министрлігі философия және саясаттану институтының академик Ә.Нысанбаев бастаған Ғ.Құрманғалиева, Ж.Сандыбаев секілді ғалымдары оның «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету жа­йында», «Теология», «Ғылымдардың жік­телуі туралы сөз», «Музыка туралы үлкен кітап» сияқты трактаттарының (Әбу Насыр әл-Фараби. Таңдамалы трактаттар. «Арыс» баспасы, 2009, 648 бет) басын қосып жинақ етіп шығарды. Бұл дүние­лердің кейбірі бұрындары да орыс, қазақ тілдерінде қыс­қартулармен жарық көрген.

Ғұламаның туғанына 1150 жыл толуына орай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғалымдар М.Б.Әліп­баева (Әбу Насыр әл-Фарабидің музыка ілімі, Алматы, 2015, 172 бет), Ж.Алтаев, Ә.Құранбек, М.Асқар, П.Сүлейменов, Ш.Әлиев, С. Қайратұлы (Фарабитану. Оқу құралы. Алматы 2019, 139 бет), С.Дау­кеева (Философия музыки Абу Насра Му­­хаммеда аль-Фара­би. Алматы: Фонд Сорос Казахстан, 2002, 352 бет) Отырар кемең­­герінің музыкалық еңбектері жайлы зерттеулерін оқушыларға ұсынды.

1973 жылы ЮНЕСКО-ның «Курьер ЮНЕСКО» журналы да (31-34 беттер) Әбу Насырдың аталмыш дүниесінен қыс­қаша аударма жариялады.

Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын зерттеуге А. Көбесов пен И.О. Мұхамммед және Б.Я. Ошерович, О.Матякубов (Фараби об основах музыки Востока. Т.1986) те айтулы үлес қосты.

Әбу Насыр әл-Фарабидің «Музыка­ның үлкен кітабындағы» «Шығарушыдан» (тусдир) атты мақаласында доктор Махмұд Ахмед әл-Хифни Отырар перзентінің өмір­­баянын қысқаша баяндаған. Ол Әбу Насыр­ды Фарабта туды дегенімен, қазақ елі­нің ол шаһарын Хорасанда деп әбес көрсетіпті.

Әбу Насыр әл-Фараби терең ойлы ғалым, үлкен парасат иесі еді. Х ғасырда Еуро­па әлі ұйқыда жатқанда көне грек ғалымдарының шығармаларын араб тіліне аударып, оған шархтар және музы­ка­ның теориясын жазуы, оны математикамен байланыстыруы шынында да ғажап құбылыс. Әбу Насырдың музыка жай­лы аталған еңбегін әлем ғалымдары әлі де түгел әрі терең зерттей алған жоқ. Ол бір жағынан оңай да шаруа емес. Ол үшін араб тілін білу аз. Музыканы, оның тари­хын, терминдерін жақсы білу ләзім. Әбу Насырда ол жеткілікті еді. Әйтпесе мұндай аса күрделі дүние жазу оңай шаруа еместігі өзінен өзі түсінікті болса керек.

Әбу Насыр ең әуелі «Музыканың үл­кен кітабын» жазуға не себеп болғанын айт­қан. Оған түрткі болған деп уәзір Әбу Жағфар Мұхаммед бин әл-Кархиді атаған.

Әбу Жағфар әл-Кархи (Мұхаммед бин әл-Қасым бин Мұхаммед бин әл-Фадл (934-940) жылдары билік еткен аббастық халифа Ар-Ради Биллаһтың уәзірі еді. Әбу Насыр әл-Фараби Мысырда болғанында уәзір Отырар ойшылынан музыка ғылымы жай­лы еңбек жазуды өтінген. Әбу Жағфар Әбу Насыр Дамаскіде 950 жылы қайтыс болған соң, 954 жылы дүниеден өткен.

Соған қарағанда Әбу Насыр әл-Фараби «Музыканың үлкен кітабын» Мысыр­да (Каирде) Х ғасырдың 30-жылдары жазған немесе аталған жылдары Каирде бастап Шамда (Сирияда) яки Бағдадта бітірген деуге болады.

Әбу Жағфар әл-Кархи туралы мәлімет­ті арабтың филолог, тарихшы Салах ад-дин Халил бин Айбек ас-Сафадидің (1297-1363) «әл-Уафи би-л уафайат» (Бейрут 2010, 4 том, 27 бет) атты еңбегінен тап­­тық. Ас-Сафади аталмыш уәзірді «жо­март, құрметті кісі болған еді» деп жазып­ты.

Әбу Насыр уәзір Жағфар әл-Кархи жайлы былай дейді: «Сен байырғыларға тиісті музыка өнерімен танысуды қалай­тының жайында маған айтқан едің. Оны оқыған адамға жеңіл болуы үшін түсін­діріп, айшықтап саған (арнап) кітап жазуымды сұрадың. Мен байырғы осы өнер туралы біздерге жеткен және біздің алды­мыз­дағылардың жазған кітаптарымен таны­сып болғанымша сенің өтінішіңді кідірт­тім.

Мен онда сенің сұранысыңды қанағат­тандыратын және бұрын зерттеліп қойған нәр­се туралы қайта кітап жазуымның қа­жеті болмайтын шығар деп ойладым. Егер бұрын жазылған еңбектер өнердің барлық мәсе­лелерін кемел түрде қамтыса, онда адамның бір кітап жазып, өзінен бұрын белгілі, анықталған нәрселерді өзіне жатыстыруы артық яки болмаса көргенсіздік немесе ақымақтық болмақ. Тек бірінші [автордың] шығармасында қолданылған сөздер немесе басқа да нәрселер түсініксіз болған жағдайда екінші адам бірінші [автордың] айтқан және көрсеткен жолымен жүріп, оларды түсіндіреді әрі же­ңіл­детеді. Сондықтан өнерді кемеліне жет­­кізу еңбегі бірінші адамға тиесілі, ал екінші адамның артықшылығы анағұрлым қиын, түсініксіз нәрселерді түсіндіргені мен жеңілдеткені үшін ғана. [Алайда мен ертедегілердің еңбектерін көріп], олардың барлығында [музыка] өнерінің толықтай зерттелмегенін білдім. Онда айтылған көп­теген теориялық ғылым­дар­ға үйлесімді баяндау мен ай­қын­­дықтың жетіспеуі байқалды.

Бұл өнердің ертедегі теоретиктері – олардың шеберлігін, ғылым оқуға деген құш­тарлығын, оны басқа нығметтерден жоғары құрметтеулері мен ақылдарының парасаттылығын ескере тұра, олар бұл өнер­дің кемелдігіне жете алмады деген ойдан аулақ(пын). Ғылым ұзақ жылдар бойы [ұр­пақтан-ұрпаққа] үздіксіз беріліп және кейін­гілердің өздерінен алдыңғылардың жаса­ғандарына ой жүгіртулері арқасында артып келген. Ертедегілердің осы өнер жайындағы кемеліне жеткен кітаптары жоғалып немесе араб тіліне толықтай аударылмаған болуы мүмкін. Осыған сәй­кес мен сенің талабыңды орындауды қа­жет деп таптым», дейді Әбу Насыр әл-Фараби.

Әбу Насыр әл-Фараби «Музыканың үлкен кітабын» уәзір Ахмед әл-Кархидің өтініші бойынша жазғанын ортағасырлық Ибн Әби Усайбиға (1203-1270) да растайды. Ол атақты «Уйуну-л анба фи та­бақат әл-атибба» – «Дәрігер топта­ры жай­лы жаңалықтардың қайнар көзі» атты еңбе­гінің «Шамнан шыққан дәрігер» тарауын­да Отырардың асыл перзенті «Музы­каның үлкен кітабын» уәзір Әбу-л Жағфар Мұ­хаммед бин әл-Қасым әл-Кархи үшін құ­рас­тырған, яғни жазған», дейді.

Әбу Насыр ежелгі грек ғалымдары Аристотель, Птолемей, Евклид секілді даналардың шығармаларына түсіндірме жазумен аты шыққаны белгілі.

Отырар ойшылы «Музыканың үлкен кітабында» да осындай көне грек кемең­герлерінің музыкаға қатысты еңбек­теріне де көп көңіл бөлген. Оны Әбу Насырдың өзі де растайды. Олардың кейбіреулерінің атын атаса, ал бағзыларын байырғылар, ерте­дегілер деумен шектелген. Мысалы, ол [Евклидтің] «Бастаулар жайлы кітап» атты трактатына сілтеме жасаған. Сондай-ақ ежелгі римдік Клавдий Галенді (Джа­линус) де екі жерде атаған. Ал Арис­тотельдің «Екінші Аналитикасына» 6 рет тоқталған, ойшыл Зенонды да естен шығар­маған.

«Музыканың үлкен кітабын» қарай отырып Әбу Насырдың математик Птоле­мейдің, Феллистидің де еңбектеріне сүйен­генін байқаймыз.

Сонымен «Музыканың үлкен кітабы­на» қайта оралайық.

Әбу Насыр әл-Фараби әрі қарай аталмыш кітабының екі бөлімін түсіндіруге кіріседі. Қандай да бір теориялық өнер болмасын адам баласының кемелдікке үш жағдайда жете алатынын айта келе ол:

– «біріншісі – оның негізін толық білу;

– екіншісі – сол өнерде бар заттар негіз­дерінен қажетті түрде шығатын нәр­селерді;

– үшіншісі – басқа теоретиктердің пікірін байқау, айтылған сөздің дұры­сын табу және олардың арасында қателес­кендердің қатесін дұрыстай білу қабі­леттілігі» – дейді де «Музыканың үлкен кіта­бының» неге екі кітап екендігіне тоқ­талады:

Отырарлық кемеңгер жоғарыда байқа­ғанымыздай өз шығармасында бірнеше өнер иелерінің атын атаған. Оларға да назар салайық:

  1. Исхақ бин Ибраһим әл-Маусули (Исхақ ан-Надим Әбу Мұхаммед бин Ибраһим бин Маймун әл-Маусули – 767-849. Ол халифа Һарун ар-Рашидтің (986-809 ж. халифа болған) атақты әншісі, Андалусиялық сазгер, әнші Зирияб әл-Муған­нидің (845-?) ұстазы еді. Исхақ әл-Маусули Әбу Насырдан бір ғасырдай бұрын өмір сүрген (сахаб әл-мусиқи) және ақын болатын.

  2. Макки ибн Сурайдж (640-716) Омайадтар әулеті билігі кезінде Мекке мен Мединада өмір сүрген әнші, атақты өнер адамы. Араб және парсы музыкасы бойынша өз кезінің өнер және мәдениет қайраткерлерінен дәріс алған.

  3. Мабъад әл-Мадани (Мединелік). Омайадтық Уалид бин Йазид (680-683) билік еткен жылдары Дамаскіде өмір сүрген, ән өнерінің шебері атануымен аты шыққан дарын. Ал Ибн Сурайдж жайлы: Хайр ад-дин аз-Зирикли. Әл-Ағлам. Қамус тараджим ли-ашһар ар-риджал уа-н ниса мин әл-араб уа-л мустағрибин уа-мусташриқиин. Бейрут 2005, 4 том, 194-бетті қараңыз.

– Араб әдебиеті тарихын зерттеуші ливандық әдебиетші ғалым Ханна әл-Фахури (1914-2011): «Арабтарда ән (өнері) ерекше кең тарады. Әсіресе Хиджаз әнші­лердің көптігімен даңқы шықты. Солардың арасында белгілілері Туайс ибн Сурайдж және Мабъад еді. Арабтардың ән салу мәнеріне жатжұрттың әншілері – парсылар, гректер үлкен әсер етті. Олар арабтарды бейтаныс гректердің лютнялары және свирельдері, гректердің цитрасы секілді жаңа музыкалық аспаптармен таныстырды. Әдеттегідей жеке (вокал), хордың немесе музыкалық аспаптардың, сондай-ақ бидің сүйемелдеуімен ән салу белгісі болатын» дейді.

Иә, «Музыканың үлкен кітабында» музыкалық аспаптар жайлы да сөз етілген. Бұл ретте «Уд аспабындағы табиғи дыбыс­тар саны», «Бір текті үндер тобы» атты тараушаларда сөз болған.

«Музыканың үлкен кітабында» уд, сурнай, танбур, рабаб, шаһруд секілді өзге де аспаптар аталады және олардан шығатын үндер жайлы айтуды да Әбу Насыр ұмытпаған. Осы аспаптар ішінен жиірек аталатыны – уд.

«Музыканың үлкен кітабы» музыка­лық-энциклопедиялық шығарма. Онда өнердің атқарар рөлі анықталып, музыка­ның шығу тегі, орындау өнері, эстетика, му­зыканы қабылдау психологиясы, әнді, әуенді орындау шеберлігі, музыкалық ас­пап­тардың шығуы секілді музыка өне­ріне байланысты өзекті мәселелер сөз болған.

Әбу Насыр әл-Фараби өзіне дейінгі және өз заманы кезіндегі музыкаға байланысты ізденістерге адал баға берген.

Музыкалық жанрлар, музыкалық талант мәселесі де Отырар ойшылы назарынан тыс қалмаған. Ол орындау шеберлігін жетілдіруге де назар аударған. «Вокал музыкасы, халық әнін өнер түрлерінің қайнар көзі», дейді Әбу Насыр.

Енді жоғарыда аталған музыкалық аспаптардың кейбіріне жеке тоқтала ке­тейік.

Музыкалық аспаптар ішінен ол шаһ­рудт­ың тарихына арнайы тоқталған және оны Орта Азиямен байланыстырған.

«Араб мемлекеттерінде құрметке ие ас­пап ішінде жоғары деңгейге ие музы­ка­лық аспап – шаһруд. Оның ойлап табыл­ғанына көп бола қойған жоқ. Көне замандарда ол белгісіз болатын.

Оны ең әуелі ойлап тапқан Самарқан­нан шыққан соғдылық Хулайс бин Ахус. Оны ол әуелгіде Маһ немесе Джабал шаһа­рында жасап шығарды. Бұл Искандер (Александр, Македонский) тізбесі бойынша 1228, ал арабша (һиджраша) 306 жыл болатын. Содан соң оны ол Согдианаға алып келді. Ол солтүстікте және жетінші ықы­лымға қатысты жұрттар маңын жай­лаған елдерде. Ол жұрт шығысқа қарай солтүстік ендіктің 45 градусында. Самар­қан музыканты өзі ойлап тапқан аспапты сол және сонымен шекаралас ел халқы тыңдады. Олардың бәрі де шаһрудты өте жақсы бағалады. Ол бойынша орындалған ноталар сол жердің халқының құлағына түрпідей емес, жағымды тиді.

Содан соң Хулайс бин Ахус оны өзімен Бабылға (Вавилонияға) алып кел­ді. Ол кезде Согдианада ең күшті араб билеу­шілері ғұмыр кешіп жатқан еді. Содан соң оны алып Бағдадқа аттанды. Одан әрі Мысырға жеткізді. Әрі қарай Месопотамия мен Сирияға (Шамға) да апар­ды. Осы аспаппен (Шаһруд­пен) бар­лық көне елдердің және сол жұрт­тардың жаңа әуендері орындалды» деп жазған.

Самарқанның арғы жағы дегенді біз қазіргі Орта Азия (Мауреннаһрдың ар­ғы жағы), мүмкін қазақ елі шығар деп ой­лай­мыз.

Лютня (бұрынғы замандағы ішекті музыкалық аспап) Танбур (шығыс халық­тарының үш ішекті музыкалық аспабы. Оны Әбу Насыр Бағдад және Хорасан танбуры деп екіге бөліп қарастырған.

Арфа, канун – музыкалық аспап, маза­мир – сыбызғы, флейта, мизаф – музыкалық аспаптың бір түрі, рабаб – үрмелі аспап, сурнай – керней, уд музы­калық аспап, гипжақ (Қыпшақ) – Әбу Насыр­дың өзі ойлап тапқан (жасаған) аспап делінеді. Бірақ ол жайлы қолымызда әлі әзір жазба мәлімет жоқ.

Уд Таяу және Орта Шығыс, Кавказ, Орта Азия, Сирия мен Мысыр, Греция мен Армения, Түркия, Иран, Әзербайжан халықтарына да тараған. Кезінде оны Испанияға (Андалусияға) парсы текті әнші, сазгер Зирияб әл-Муғанни апарып таралуына ықпал еткен деседі. Осы елдердің бәрінде де ол уд деп аталады. Ол араб тілінен аударғанда ішек және аққу мойын дегенді білдіреді.

Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығын зерттеген профессор М.С.Бурабаев: «Әл-Фараби философ гуманист сияқты музыка мен оның даму заңдылықтарын тарихи эволю­ция көзқарасы тұрғысынан қарастыр­ған. Музыка жұртқа үлкен рахат сезім беретін­діктен бағзы бір дарынды адамға немесе жекелеген халыққа емес, барлық замандарда онымен күллі жұрт еңбектенген. Әуен­дер мен әндер ұрпақтан-ұрпаққа, халық­тан-­халыққа беріліп отыруына байла­нысты ғасырлар өту барысында аз-маз молайған.

Әл-Фарабидің еңбектері қайта өрлеу дәуірінде Шығыс пен Батыста ғылым мен музыканың дамуында үлкен рөл атқарған. (Ибн Сина, Сафи ад-дин Джурджани, Роджер Бэкон және т.б.). Мысалы, Ибн Синаның (Авиценаның) «Китаб аш-Шифасының» («Шипагерлік кітабының») «Музыка жайлы ғылымдар жинағы» Әбу Насырдың «Музыканың үлкен кітабы» әсерімен дүниеге келген.

Ибн Синаның «Музыка жайлы трактаты» Әбу Насырдың (аталмыш еңбегі) сияқты араб халифаты орталықтарында кең мойындауға ие болған. Ол кездері шығыс музыкасының Еуропадан жоғары тұрғандағы сонша ағылшын зерттеушісі Фармер Әбу Насыр мен Ибн Синаның музыка жайлы трактаттары «шөлдегі жасыл жайлау сияқты» деп жазғанына қалай риза болмайсың. Бұл бағалай білетін білімді маман, парасат иесінің сөзі десек қателеспейміз.

Ал Ибн Усайбиға: «Ол әуезтануды жақсы білетін. Оның (музыка жайлы) ең­бегінің тиянақты, тыңғылықты жазыл­ғандығы сондай, оған қосып-алар ештеңе жоқ-ты. Ол керемет әуездік аспап жасап шығарды. Соның иінді жерінен шығатын әуенді тыңдағанда немесе өзі сол аспапта ойнағанда керемет тебіренуші еді» деп еске алады.

  1. Әбу Насырдың бұдан мың жылдай бұрын араб тілінде жазылған «Музыканың үлкен кітабының» толық тәржімасы елімізде әлі жасалған жоқ. Бары – үзік-үзік нұсқалары ғана. Онда түпнұсқадағы түрлі сызбалар, формулалар, ноталар жоқ. Сондықтан да зерттеушілер «Музыканың үлкен кітабы» жайлы толыққанды зерттеулер жүргізе алмай келеді. Мақаланы жазу барысында біз классикалық өлмес, өшпес дүниенің түпнұсқасы мен түрлі тәржімаларын қатар қарау барысында аудармаларда біраз ақаулықтар барын байқадық.

  2. 1992 жылғы басылымның (452 бет) шық­қанына да отыз жылға жуық­­тап қалды. «Музыканың үлкен кітабы­ның» толыққанды болашақ аудармалары мүм­кіндігінше Еуропа, орыс, қазақ тілдеріндегі аудармаларымен де салыс­тыра отырылып жасалса нұр үстіне нұр болар еді.

  3. Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жыл­дығы да өтіп барады. Алматы, Шымкент қалаларында болмаса оның атымен аталатын даңғылдар мен көшелер көп жерлерде жоқ. Бұған қарап «Әбу Насыр аталмыш бірнеше қала халқына ғана керек пе?», дейді жұрт.

  4. Ескерткіш дегеннен шығады, кемең­гердің ескерткіші Алматыдағы оның атымен аталатын университет алдына ғана бар. Ал әл-Фараби даңғылының лайықты жерінде ғалым ескерткіші асқақтап тұрса артықтық етпес еді. Әттең, оның ауылы алыс сияқты. Ондай ескерткіш болашақ ұрпақтар үшін де керек. Біз біртуар энциклопедист бабамызды өз дәрежесінде бағалай алсақ, ол тәуелсіз Республикамыздың атын әлемге танытып, еліміздің беделін арттыра түсер еді. Сол себепті барымызды бағалай, әспеттей білгеніміз жөн.

        

  Әбсаттар қажы  Дербісәлі,

  ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"


Пікір жазу
  • Оразақ Смағұлов және қазақтың қаны
    Ерлан Қарин. Қазақ ауыз және жазба әдебиетіндегі жебе түрлерінің атаулары