Сексен алты жылдық тарихы бар, Қазақстандағы жоғарғы мектептің қара шаңырағы саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық униврситеті еліміздегі университеттердің көпшілігінен көш ілгері тұратыны жұртшылыққа белгілі. Университет басшылығы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың университтетті әлемдегі QS ретингсіндегі ең озық 200 университеттің қатарына жеткізу туралы тапсырмасын орындау жолында соңғы жылдары қыруар жұмыс атқарды. Университет сол екіжүздікке кіре қоймаса да таяп қалды, қазір 207-ші орында тұр. Факультеттерінің, кафедраларының, даярлайтын мамандықтар бағыттарының саны бойынша да Қазақстанда біздің университетке тең келер жоғарғы оқу орны жоқ. Жыл сайын университеттің бакалавриаты, магистратурасы, докторантурасында 22 мыңға жуық келешек жас маман білім алады. Соларға екі мыңнан астам ғылым докторлары, ғылым кандидаттары, философия докторлары ұстаздық етіп, білім береді. Бұларға ассистенттерді, лаборанттарды қосаңыз жастарға білім беріп жүрген қауымның өзі 2500 ден асып жығылады. Осындай үлкен мекеменің қалыпты жұмысын қамтамасыз етіп жүрген қызметкерлерді қоссаңыз Университтке әр күн сайын білім алып, дәріс беріп, әртүрлі қызметтер атқарып жүрген адамның саны 30 мыңға таяп қалады.Бұл, салыстыру үшін айталық, бір ірі әкімшілік ауданның халқымен шамалас. Назарларыңызға ұсынылып отырған мақалада осы ірі білім ордасы орналасқан аумақтың табиғи, рекреациялық ерекшеліктерін баяндамақшымыз.
Университет қалашығы Алматы қаласының оңтүстік бөлігінде, әл-Фараби даңғылы мен Тимирязев көшесінің аралығында орналасқан. Шығыс шекарасы Есентай өзенімен, батыс шекарасы Қазақстан Республикасының Бас ботаникалық бағымен шектеледі. Теңіз деңгейінен 990 метр биіктікте, тау етегінде орналасқан, территориясының ауданы 71 га. Тау етегінде орналасуына байланысты жазы салқындау, қысы жұмсақ, қаланың төменгі бөліктермен салыстырғанда жылдық жауын-шашын мөлшері де біршама жоғары, яғни табиғатының өзі бастан-ақ тіршілік үшін жайлы, адамның өмір сүруі үшін қолайлы жер. Қала шеңберінде орналасуына қарамастан автокөліктің гүрілі жете бермейді, ауасы да біршама таза. Іргелес орналасқан, жасыл желекке оранған Бас ботаникалық бақ, Есентай өзенінің бойындағы жағажай, әл-Фараби даңғылының бойымен өскен ағаштар - барлығы қосылып жағымды микроклимат қалыптастырады. Өз арамызда "қала ішіндегі оазис - жасыл шұрат" дейміз.
Біздің студентік шағымызда, сонау 1960-шы жылдардың аяғына шейін, мұнда алма бақтары болатын. Қыста осында 9-шы троллейбуспен келіп шаңғы теуіп, кешке қарай үстіміз малмадай су болғанына қарамастан мәзмейрам болып қайтатынбыз. Кейін қала шекарасы кеңеюіне байланысты алма бақтары жойылды. Сол жылдардағы университет ректоры, профессор Асқар Закарияұлы Закарин осы территорияны университет қалашығы болуға лайық деп таңдаған екен. Университеттің бас ғимаратының іргетасы 1971 жылы университет басшылығына Ө.А.Жолдасбеков келгеннен кезде қаланды. Бірақ қаражат тапшылығы ма, әлде басқа бір себептер болдыма, біз қала орталығындағы ескі корпуста оқып шықтық. Ал белсенді құрылыс жұмыстары 1975 жылы ғана басталды. Тек 1-ші мамыр мен 7-ші қарашадағы мерекелік демонстрацияға қазіргі ректорат ғимаратының суреті салынған үлкен траспорантты 4 жігіт көтеріп шығатынымыз есімде қалды. Содан бері университет басшылығына келген әр ректор университет қалашығы аумағын көркейтуге өз үлесін қосты. Бұл үдеріс әсіресе соңғы жылдары, универитет ректоры болып академик Ғ.М.Мұтанов тағайындалғалы бері қарқынды іске асырылып келеді.
Осы университттің түлегі, мамандығым биология болғандықтан жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын ғана емес, табиғи ортаның келбеті қалай өзгергенін де, қазіргі жағдайын да байқап жүремін, солардың біразын оқырман назарына ұсынбақшымын.
Жоғарыда айтып кеттім ғой, бұрындары бұл жерде жеміс бағы болатын деп. Сол кезден сақталып қалған бірен-саран алма, алмұрт ағаштары кездеседі. Олар қазіргі кезде өсіріліп жүрген сорттардай емес, ірі ағаштар: бой 4-5 метрге жетеді, діңі - құшақтасаң құшағың толады. Әрине, соншалық жеміс беріп тұр деуге келмейді, сонда да болса өткен жылдардың бір куәсі іспеттес. Дәл солар сияқты бұрыннан қалған алып теректер бар, діңінің жуандығы бір адамның құлашына сыймайды, биіктігі - ұшына қараса бөркің жерге түседі.
Университет қалашығының аумағында жылдан жылға жаңа ғимараттар қосылып келеді. Соңғы жылдары 2 миллион томнан аса қоры бар ә-Фараби атындағы университет кітапханасы толық жұмыс істей бастады, "Керемет" студенттерге қызмет көрсету орталығы, магистранттар мен доктаранттар тұратын "Жас ғалымдар үйі", олимпида чемпионы А. Баландин атындағы жүзу бассейні, ортасында үлкен хауызы бар "Аквапоника" кешені іске қосылды. Әрине, солардың барлығы университет аумағының келбетін айтарлықтай өзгертіп жіберді, әсіресе бұрыннан қалған ірі ағаштардың бірқатары оталып кетті. Бірақ халқымыздың "бір ағаш шапсаң - үш ағаш отырғыз" дейтін нақыл сөзі бар, оталған ағаштардың орнына жас көшеттер егіліп, солардың өзі қалашыққа жаңаша сипат бере бастады. Сондықтан тірі табиғат айтарлықтай зыян шеге қойған жоқ деуге болады. Биолог болғансоң табиғатқа біршама жақынбыз ғой, университет қалашығында қандай ағаштар мен бұталардың түрлері өседі екен?- деген қызығушылық болып, солардың тізімін жасап көрдім. Қалада жабайы күйде де өсе беретін қарағаштар мен теректерге онша назар аудармаушы едім, сөйтсем сол қарағаштың үш түрі, теректердің 5 түрі, үйеңкінің 4 түрі, соның ішінде, кезінде арнап егілген болса керек, Канада үйеңкісі өскен бүтін бір аллея бар екен. Қайыңның 2 түрін, талдың 2 түрін кездестірдім. Әлі де "жас" саналатын 45-50 жылдық емендер бар екен, олардың 500-600 жыл жасайтыны белгілі, бұйырса немерелеріміздің немерелері сол емедердің көлеңкесінде кітап оқып отырар деймін. Қылқанды ағаштардың да түрлері баршылық: аршаның 4 түрі, қарағайдың 2 түрі, шыршаның 3 түрі бар. Осы ағаштар қалашық аумағының адам үшін жайлы микроклиматын қалыптастырады. Қазір көктем, сол ағаштар мен бұталар гүлдей бастады. Олардың әдемі көркінен ғана емес, хош иісінен де ләззат аласыз. Көктемде алғашқы болып тобылғы мен сирень гүлдейді, іле-шала алма мен алмұрт, оларға ілесе мойыл мен долана, ең соңында жөке ағаштары гүлдейді. Сөйтіп гүлдеп тұрған ағаштарды мамырдың аяғына шейін тамашалаймыз. Әсіресе мойыл мен жөке гүлдегенде солардың хош иісі талай жерге жайылып кетеді. Қылқанды ағаштардың да өзіндік артықшылықтары бар: қыста, өзге ағаштардың жапырағы төгіліп жалаңашталып қалған кезде, олар жапжасыл болып ерекше көз тартады. Жазда да, ыстық күндері немесе жаңбырдан соң, олардан шайыр иісі шығып, орман ішінде жүргендей әсер қалдырады. Әсіресе ректорат ғимаратының ішкі ауласында өсіп тұрған шыршалар күшті иіс шығарады және өздері де көке шаншылған найзадай тіптік өскен, көркі көз тартады. Солардың арасындағы орындықтарға отырып дем алсаңыз қаланың у-шуы естілмейді, тек құстардың шырылдаған дауысы ғана жетеді. Университетпен біте қайнасқан ескікөз ұстаздар мұнан басқа да тынығуға жайлы орындарды білетін шығар.
Қаланың ішінде орналасқанына қарамастан жануарлар әлемі де, әсіресе құстар, баршылық. Қаланың қай жерінде болмасын көзге түсе беретін қора-қора қала көгершіндерін, шықылықтаған ұзын құйрық сауысқанды, сарыжағал үнді торғайын айтып отырғаным жоқ, өзге құстар. Қазір, көктем кезінде, әл-Фараби даңғылына жақын орналасқан студенттер жатақханаларының маңына таман барсаңыз қырғауылдың қоразының шақырғанын естіп қаласыз, сәті түссе биіктеу жерге шығып алып жан жағына паңдана қарап тұрып анда-санда даусын шығарып қоятын, қызыл-жасыл қауырсыны күнге шағылысқан қораздың өзін де көріп қалуыңыз мүмкін. Ақпанның өзінде, күн ұзара бастаған кезден-ақ әнге басқан сарыбауыр шымшықтың күміс қоңырауша сыңғырлағн дауысы қалашықтың қай жерінде жүрсеңізде естіліп тұрады. Шүйкедей ғана кішкене құстың осындай күшті дыбыс шығаратынына таң қаламын. Жазға таман мысықторғай ұшып келеді. Шындығында да дауысы мысықтың мәуілдегеніне ұқсайды, құлаққа соншалық жағымды естіледі деп айта алмаймы, бірақ әркім өзінше әнші ғой! Бұрынғы жылдары бұлбұл ұя салушы еді, былтырғы жазда ұя салғанын немесе балапандарына жем беріп жүргенін көре алмадым, бірақ көршілес ботаникалық бақта бар екен, бұлбұл үні сол жақтан естіліп жүрді. Қазақстандағы көгершін туыстастардың ішіндегі ең ірісі орман дыркептерін айтпай кетуге болмас: дене тұрқы үйреншікті қала көгершіндерінен екі еседей ірі, қанаттарының артқы жағында бірнеше ақшыл қауырсыны бар әдемі, аңғалдау құс. Кейде адамның жақын келіп қалғанын байқамай қалады да кенеттен, 2-3 метр қалғанда қанаттары сатыр-сұтыр етіп ұша жөнелгенде селк еткізеді. Адамнан онша қорықпайды, қораздары биіктеу ағашқа қонып алып зікір шақырғанда шынында да орманда жүргендей сезінесіз. Жаз айларында ректорат ғимаратының маңында ауадан жәндік аулап жүрген қала қарлығаштарын көруге болады. Ұясын ғимараттың қалқалау жерлеріне салып, жыл сайын балапандарын өсіріп шығарады. Көзге үйреншікті қыстау қарлығаштарына қарағанда кішірек, арқасында сарғыш дағы бар әдемі құс. Әуеде емін- еркін ұшып, асыр салып ойнап жүргендей көрінеді. Ойын емес қой әрине, ауада ұшып жүрген ұсақ жәндіктерді аулайды. Бірақ олардың не ұстап жеп жүргенін көре алмаймыз да, тек ауадағы шебер "акробатикасын" тамашалаймыз. Жыртқыш құстар да бар. Қыс айларында ауа райы қатты суытқан күндері ректорат ғимаратының оңтүстік күншуақ қабырғасына лашындар қонып, түнеп жүреді. Осыдан 6-7 жылдай бұрын, қыс аязды болып, лашындардың бір жұбы қыс бойы қонақтап жүрді. Біз қолымызға дүрбі алып осы бір сирек кездесетін, Қазақстанның Қызыл кітабына кірген ірі жыртқыш құсты бір-бірімізге, студенттерге көрсетіп жүрдік. Биыл қыс жылы болдыма, әлде басқа бір себеп болдыма лашындар көрінбеді. Тағыда сол ректорат ғимаратының маңындағы биік қарағайлардың біріне жыл сайын күйкентайлар ұя салып, балапандарын ұшырып жүр. Ұясына жақындаған сауысқандарды қуалап шаңқылдаған дауыстары жақсы естіледі. Өткен жазда тағы бір қызық уақиғаның куәсі болдық: ботаникалық бақта ұя салған барылдауық үйрек төрт балапанын ертіп Аквапоникдағы хауызға келіпті. Балапандары қанаттанғанша сонда жүзір, қоректеніп жүрді. Студенттер қызық көріп нан беріп жүрді. Әйтеуір абырой болғанда ит не мысық жеп қоймай аман-есен қанаттанып кетті.
Қалашық территориясының табиғатын сипаттай берсек тағы да талай ерекше көріністерін келтіруге болар еді, бірақ мақала тым созылып кететін болды. Қалашық негізінде студенттердікі ғой, сондықтан әрине бірінші кезекте солар үшін жайлы болуы тиіс. Осы жағын біраз айта кетейік. Универитет аумағында жүргенде өзіңізді қаланың кейбір аудандарындағыдай тас қапастың ішінде жүргендей сезінбейсіз. Керісінше, оқу корпустарының, өзге де ғимараттардың арасында ашық кеңістіктер жеткілікті. Қалашықтың көрікті жерлерін де, төңіректегі табиғатты да тамашалай аласыз. Шығыс жаққа көз тастасаңыз Талғардың шыңын көресіз, одан оңтүстікке таман бұрылсаңыз Шымбұлақ шатқалы мен соның төрінде орналасқан Найзақара шыңын көресіз, одан да оңға таман Көкжайлау мен Үлкен Алматы шатқалы көрінеді. Батысқа қарай ойысқан сайын таулар біртіндеп аласара береді, дегенмен сол шоқылардың басында да жазда күнге шағылысып қар мен мұз жатады. Алматыға ерекше көрік беріп тұрған да сол таулар ғой. Жылдың қай мезгілінде болмасын, ауа райы қандай болмасын таулардың көркін тамашалау бір ғанибет. Өз басым әлдеқандай бір шаруамен ректорат ғимаратына соқсам тауларды тамашаламай кете алмаймын. Бірер минут болса да терезе алдында тұрып табиғаттың сұлу көркіне көз жүгіртіп өтемін. Негізі оқу корпустарының жоғарғы қабаттарында тұрып та тауды тамашалауға болады, дегенмен ректораттың жоғарғы этаждарында тұрып қарасаңыз ерекше әсер аласыз.
Біздің университет 1934 жылы ашылса батыс университеттерінің бірнеше ғасырлық тарихы бар, қалыптасқан дәстүрі бар. Университет қандай жерде орналасқанына қарамастан ерекше университет қалашықтары - кампустар құрылған. Олардың қаланың басқа аудандарына ұқсамайтын ерекше келбеті болады. Біздің университет те сондай кампус қалыптастыру жолында және сол бағытта қыруар жұмыс жасалды: Тимирязев көшесі жағынан салтанатты арка көтерілді. Университет территориясына алғаш аяқ басқан әр адам өзінің ерекше бір аймаққа келгенін бірден сезінеді. Аркаға қарама-қарсы тұрып оңтістіке көз салсаңыз аты әлемге әйгілі ғалым Әбу-Насыр әл-Фараби бабамыздың мүсінін көресіз. Сол қол жағыңызда университет қалашығының іргетасын қалауға орасан зор еңбек сіңірген академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайын, оң қол жағыңызда 15 қабатты зәулім ғимарат - Университет ректоратын көресіз. Екі ғымараттың ортасындағы алаңда жаз айларында фонтандар атқылап тұрады. Қыста, фонтандар өшірілген кезде, орталық алаңға Жаңа жыл қарсаңына безендірілген шырша орнайды. Онан әрі қарай университет қалашығын қақ бөліп тұрған орталық аллеяның бойында оқу корпустары және Әл-Фараби кітапханасы орналасқан. Аллея жоғарғы алаңға келіп тіреледі. Бұл жерде тағы бір фонтан, "Керемет" студенттерге қызмет көрсету орталығы және тамақтандыру комбинаты орналасқан. Аллеяны жағалай "жасыл шарбақ" бұталары мен жас шыршалар сап түзеп тұр. Жаз айларында аллеяда өсіп тұрған 20 мың түп раушан гүлдері көз тартады. Барлығы тартымды, ойланып жасалған, ландшафттық архитектура мамандарының қолынан шыққаны байқалып-ақ тұр. Университет территориясын асықпай араласаңыз басқа бөліктерінің де мұқият жоспарланғанын байқайсыз. Мысалы, әр ғимараттың алдында гүлзарлар - клумбалар бар. Онда өсетін гүлдер көктемнен күзге шейін бірнеше рет алмастырылып қайта егіледі. Дәл қазір көктемнің гүлі - жауқазындардың бірнеше сорты бүршік жарып гүлдегелі тұр. Олардың пиязшықтары күзде, қар жауар алдында отырғызылып қойған. Ағаштардың арасындағы жасыл алаңдар - газондар да көп күтімді қажет етеді: олар оқтын-оқтын суарылып, шөбі орылып тұрады. Былтыр қала атына сәйкес болсын деп 1 гектарға жуық алаңға 120 түп алма ағашы отырғызылды, биыл солар гүлдегелі тұр. Бұрындары ректорат ғимаратының батыс жағында жағалауы үнемі қоқысқа толы Терісқұлақ атты бұлақ ағушы еді. Қазір сол бұлақтың суы бетондалған арнаға бұрылып, орнына екі хауызы, фонтаны бар Аквапоника кешені орналасты. Жағалауына ағаш, декоративтік бұталар, шамдар, орындықтар орнатылып жастардың сүйікті демалыс орнына айналды. Осы жерге студенттер ғана емес, келген қонақтар да тоқтап, тамашалап, суретке түсіп кетуді ұнатады.
Мақаланың бас жағында университет қалашығы тау етегінде, өте бір жанға жайлы жерде орналасқанын айтып кеттік. Бірақ күтіп, баптамаса сол жердің өзі де ыбырсыған жабайы тоғайға айналып кетері сөзсіз. Университет территориясын тазарту, абаттандыру жұмыстарын құрамында онбес шақты қызметкері бар арнайы бөлімше жүргізеді. Ағаштардың жайқалып өсуі, жасыл газондар мен гүлзарладың құлпырып тұруы көбіне солардың да күнделікті еңбегінің арқасы.
Мен осы университетте білім алып, қызмет істегенім үшін тағдырға ризамын. Бос уақыт бола қалған кездерде университет қалашығының түрлі түкпірлерін аралағанды ұнатамын. Сонда тынығып, сергіп қаламын. Жол түсіп Алматыға келгендей болсаңыз университет қалашығына бір соғып өтіңіз, Сіздің де ұмытылмастай әсер аларыңызға сенімдімін!
Қаршыға Көшкімбаев, биология ғылымдарының кандидаты, биофизика және биомедицина кафедрасының доценті
Jebeu.kz