Қазақстанда COVID-19 вирусына қарсы вакцина клиникаға дейінгі сынақтан өте бастады, деп Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап хабарлаймыз.
Осылайша, Қазақстан ресми түрде COVID-19 вирусына қарсы вакцина әзірлеуші елдер қатарына қосылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық ғалымдардың әзірлемесін тіркеуге алып, өзінің ресми сайтындағы клиникаға дейінгі сынауды бастауға рұқсат етілген COVID-19 қарсы вакцина жасаушы үміткерлер тізіліміне қосты.
Инактивтендірілген вакцинаны ҚР БҒМ Ғылым комитеті Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері әзірлеген. Ол Қазақстан аумағында науқастанған адамдардан бөлінген вирус штаммының негізінде жасалды.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлерін құттықтады.
« Бұл қазақстандық ғылымның мемлекетіміздің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ елдің мықты ғылыми әлеуетінің дәлелі. Институт ұжымы қауіпті және аса қауіпті ауруларға қарсы вакциналардың жаңа түрлерін әзірлеуде өзінің жетекші рөлін тағы бір мәрте көрсетті» делінген жеделхатта.
Енді институт ғалымдары клиникаға дейінгі және клиникалық сынақ жүргізуі керек.
Естеріңізге сала кетсек, бұл институт қазірдің өзінде қауіпті және аса қауіпті ауруларға қарсы вакциналардың 67 түрін, 15 тест-жүйесін және 30-дан астам биопрепаратты әзірлеп, өндіріске енгізді. Олардың арасында құстардың жоғары патогенді тұмауына, жоғары патогенді шошқа тұмауына, нодулярлық дерматитке қарсы вакциналар, сондай-ақ бруцеллезге қарсы жаңа векторлық вакцина да бар.