Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі қытайтанушы, Филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлы Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институттың директорлығына тағайындалды. Бұл туралы ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желіде құттықтауын жазды.
"Әдебиет пен ғылымдағы, аудармада елеулі еңбектерімен танылған ғалым, ақын Дүкен Мәсімханұлын Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институттың директорлығына (жарияланған конкурстың қорытындысы бойынша) тағайындалуымен құттықтаймын. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде кафедра меңгерушісі болған қытайтанушы ғалым Шығыстану институтының да көшін өрге сүйрейді деп сенемін. Дүкен Мәсімханұлының жаңа қызметіне табыс тілеймін",- деп жазды Берік Уәли.
Дүкен Мәсімханұлы - 1963 жылы Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесіне қарасты Текес ауданының Шилөзек аулында туған. 1987 жылы ПекиндегіОрталық ұлттар университетін аудармашы-филолог мамандығы бойынша тамамдаған. 1987 — 1993 жылдары Үрімші қаласындағы СУАР Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының әдебиет институтында ғылыми қызметкер болып істеді. 1993 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің арнайы шақыруымен атамекенге келген. Қытайтанушы ғалым әл-Фараби атындағы Қаз ҰУдың Шығыстану факультетінде Қиыр шығыс елдері кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарған. 2002-2009 жылдары Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Шығыстану кафедрасының меңгерушісі. 2010 жылдан аталған оқу орнындағы қытай тілі кафедрасының меңгерушісі. Филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2013ж.).
Jebeu.kz