Бүгін онлайн режимде өткен Үкімет отырысында 2020 жылғы қаңтар-шілденің қорытындылары бойынша елдің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері қаралды, сондай-ақ коронавирус инфекциясы індетінің таралуы салдары экономикаға қалай әсер еткені талқыланды.
ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, тауарлар өндірісі 2,1 пайызға өсті. Сонымен бірге, көрсетілетін қызметтер 6,2 пайызға қысқарды. Нәтижесінде, жедел деректер бойынша, жалпы ішкі өнім 2,9 пайызға төмендеді.
Оның сөзіне қарағанда, есепті кезеңде келесідей жағымды үрдістер байқалуда. Яғни, экономиканың нақты секторында өсім жалғасуда. Осы орайда құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы салалары қамтылып отыр.
«Импорттың төмендеуі аясында оң сауда балансы сақталуда. Сонымен қатар, карантиндік шектеулерге байланысты сервистік қызметтер көлемінің қысқаруы, сондай-ақ мұнай өндіру қарқынының жоспарлы төмендеуі байқалады. Бұл экономиканың өсуін тежеуші фактор болды», - деді министр.
Ведомство мәліметінше, өндірістік секторда 2,1 пайызға өсім байқалады, оның ішінде құрылыста – 6,3, өңдеу өнеркәсібінде – 3,8, ауыл шаруашылығында – 2,5 пайызға. Сонымен бірге, қызметтер секторы салаларында, оның ішінде жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар – 4,3 пайыздық, әкімшілік қызметтерді көрсету – 5,3, сауда – 11,9 және көлік қызметтері 15,6 пайыздық төмендеу көрсетті. Бұл ретте, байланыс қызметтері 8,7 пайызға артты.
Осы жылғы маусыммен салыстырғанда шілде айында қызмет көрсетудің бірқатар салаларында өсім жалғасты. Яғни, бір айда қаржылық және сақтандыру қызметі 29 пайызға, баспана және тамақтану бойынша қызметтер – 10,2, деректер беру – 6,7, ұялы байланыс – 4,1, интернет желісі – 2,9 пайызға өсті. Сондай-ақ жүк айналымы 5,6 пайызға, оның ішінде темір жол көлігімен – 5,5 пайызға, құбырлармен тасымалдау 2,9 пайызға өсті.
«Қаңтар-маусымда сыртқы сауда айналымы 42,5 млрд долларға жетті. Экспорт 26 млрд долларды, импорт – 16,5 млрд долларды құрады. Сауда балансының оң сальдосы 9,5 млрд доллар деңгейінде сақталуда», - деді министр.
Өнеркәсіп өндірісі 1,3 пайызға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 3,8 пайызға ұлғайды. Бұл ретте мұнай өндіру қарқынының жоспарлы төмендеуі нәтижесінде тау-кен өндіру өнеркәсібі 0,4 пайызға төмендеді. Өнеркәсіп бойынша өсім көптеген өңірлерде байқалады. Ең көп өсімді Солтүстік Қазақстан (8,1%-ке) және Қостанай (6,5%-ке) облыстары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы (6,5%-ке) көрсетті. 5 өңірде төмендеу тіркелді. Бұл Қызылорда (-10,4%), Маңғыстау (-4,5%), Ақтөбе (-3,3%), Шығыс Қазақстан (-0,6%) облыстары және Шымкент қаласы (-0,8%).
Республикалық бюджеттің шығыстары 99,1% атқарылды
Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің атқарылу көрсеткіштері жайында есеп берді.
«Республикалық бюджетке кірістер (трансферттерді есепке алмағанда) 2 трлн 714 млрд теңге сомасында түсті немесе жоспар 83,3 пайызға атқарылды. Кірістер бойынша жоспардың атқарылмауы 544 млрд теңгені құрады. Негізгі атқарылмау сомалары қосылған құн салығы және корпоративтік табыс салығына тиесілі болды», - деді министр.
Сонымен қатар, мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,6 пайызға, республикалық бюджеттің шығыстары - 99,1 пайызға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,5 пайызға атқарылды. Республикалық бюджеттің шығыстары 8 трлн 136 млрд теңгені құрады. 74 млрд теңгеге атқарылмаған. Оның ішінде үнемдеу – 13 млрд теңге, игерілмегені – 61 млрд теңге.
Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді, шарттарды жасау рәсімдерін ұзақ өткізу, орындалған жұмыстар актілерін ұсынбау, карантиндік шектеуге байланысты тауарларды жеткізбеу.
Қаржы министрінің айтуынша, жергілікті бюджеттердің шығыстары 4 трлн 172 млрд теңгені құрады, 62 млрд теңгеге атқарылмаған.
«Биыл өңірлерге сомасы 2,3 трлн теңгеге нысаналы трансферттер көзделген. Алдын ала деректер бойынша 1 тамыздағы кезеңде оларға 1,1 трлн теңге бөлінді. Оның ішінде 98,3 пайызы игерілген. Атқарылмағаны – 19 млрд теңге. Оның ішінде үнемдеу – 4 млрд теңге, игерілмегені – 15 млрд теңге», - деп түсіндірді Е. Жамаубаев.
Ұлттық банк түсінік берді
ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі биылғы маусым айында 46,8 тармаққа дейін қалпына келгеннен кейін, енгізілген карантиндік шектеулер аясында шілдеде 44,7 тармаққа дейін төмендегенін айтты. Бұл қызмет көрсету саласындағы белсенділіктің 43,1-ге дейін 3,2 пайыздық тармаққа қысқаруына байланысты.
Мұнымен қоса, ҰБ басшысы биылғы инфляциялық көрсеткішке қатысты түсінік берді.
«Жылдық инфляция биылғы жылғы шілдеде 7,1 пайызды құрап, Ұлттық банктің болжамдарына сәйкес қалыптасады. Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуі 11,3% болды және инфляцияға негізгі үлесті қосуын жалғастыруда», - деді Е. Досаев Үкімет отырысында.
Оның өзіне қарағанда, нан-тоқаш өнімдері мен жармаларда (13,8%), жеміс-көкөніс өнімдерінде (13,4%) өсудің барынша жоғары қарқыны сақталуда. Бұл ретте ет және ет өнімдері бағасының өсу қарқыны біршама баяулады (12,9%).
ҰБ мәліметінше, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының жылдық өсуі жанар-жағар май бағасының төмендеуі (бензин – шілдеде 0,2%-ке) аясында 5,4% деңгейінде сақталды.
Келесі айларда жылдық инфляцияның 2020 жылдың соңына дейін 8-8,5% болжамды траекториясы аясында бұдан әрі жылдамдай түсуі мүмкін.
Бұдан бөлек ол теңге бағамының төмендеуіне қатысты пікір білдірді.
«Биылғы маусым айының соңынан 10 тамыз аралығындағы кезеңде түрік лирасы 6,9 пайызға, Индонезия рупиясы – 3 пайызға, Аргентина песосы 3,3 пайызға арзандады. Жалпы үрдіс аясында Ресей рублі де 3,6 пайызға әлсіреді», - деді ҰБ басшысы.
Дамушы елдер валюталарының әлсіреуі аясында теңгенің айырбастау бағамы биылғы шілдеден бастап 10 тамыздағы жағдай бойынша 1 АҚШ доллары үшін 404,07 теңгеден 418,31 теңгеге дейін 3,5 пайызға әлсіреді.
«Теңгенің әлсіреуі бір баррель үшін 40 АҚШ долларынан жоғары деңгейде тіркелген мұнай бағасын белгілеумен тежеледі. 7 тамызда мұнай бағасы мұнай қорының төмендеуі және ОПЕК+ мәмілесінің сақталуы аясында бір баррель үшін 44,4 доллар деңгейінде бекіді», - деді Е. Досаев.
Республикалық бюджетке кепілдік берілген трансфертті бөлу мақсатында Ұлттық қор активтерін конвертациялау, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор компанияларының экспорттық валюталық түсімінің бір бөлігін міндетті сату жөніндегі ұзартылған шаралар ұлттық валютаға ішкі қолдау көрсетті.
Айтпақшы, Қазақстанның алтын-валюта резерві артқан екен.
«Алдын ала деректер бойынша биылғы шілденің соңында халықаралық жалпы резервтер 3,2 пайызға ұлғайып, 93,5 млрд АҚШ долларын құрады. Шілде айында Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері, ең алдымен, алтын бағасының өсуіне байланысты 35,3 млрд АҚШ долларына дейін 7,3 пайызға немесе 2,4 млрд АҚШ долларына артты», - деді ҰБ басшысы.
Ұлттық қордың активтері биылғы шілдеде 1,6 млрд АҚШ доллары сомасында алған инвестициялық кіріс есебінен бір айда 0,5 млрд АҚШ долларына (+0,9%) ұлғайып, 58,2 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ретте кепілді трансферт бөлу мақсатында Ұлттық қордың активтерін 1,1 млрд АҚШ долларына конвертациялау жүзеге асырылды.
9 өңірде өсім қамтамасыз етілді
Үкімет отырысында тиісті қорытындылар қаралғаннан кейін ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин нақты тапсырмаларды жүктеді.
«Қалыптасып отырған күрделі жағдайда экономиканың негізгі салаларында 7 айдың көрсеткіштері бойынша өсімнің оң серпіні сақталып отыр. Қайта өңдеу өнеркәсібінде өсім 3,8, машина жасауда 13,9, азық-түлік өндірісінде 4,1, фармацевтикада 23,2, жеңіл өнеркәсіпте 7,3, қағаз өндірісінде 15,7, химия өнеркәсібінде 3,6 пайызға және дайын металлдар өндірісінде өсім 18,6 пайызға қамтамасыз етілді. Құрылыс көлемі 6,3, тұрғын үйді пайдалануға беру 7,5 пайызға өсті немесе шамамен 7,5 млн шаршы метрді құрады. Ауыл шаруашылығында 2,5 пайыз деңгейінде тұрақты өсім қамтамасыз етілді. Сонымен қатар ОПЕК+ пен қол жеткізілген келісімді орындау қажеттілігі жағдайында мұнай өнімдерін өндіру төмендегені байқалады. Бұл жалпы тау-кен өндіру өнеркәсібі көрсеткіштеріне тікелей әсер етеді», - деді Үкімет басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, тау-кен секторының басқа маңызды бағыттары бойынша оң серпін сақталып отыр. Көмір өндіруде өсім 2,6, металл кендерін өндіруде 2,3, табиғи газ өндіруде 0,9 пайызды құрады.
«Сонымен бірге карантин жағдайында қызмет көрсету секторында көрсеткіштердің төмендегенін байқаймыз. Жалпы өңірлер 7 айдың қорытындысында негізгі 5 көрсеткіш бойынша 9 өңірде әлеуметтік-экономикалық өсімі қамтамасыз етілді. Бұл - Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары. 5 өңірде 4 көрсеткіш бойынша оң серпін сақталып отыр. Бұл - Қарағанды, Түркістан, Павлодар, Ақтөбе облыстары және Шымкент қаласы. Қалған өңірлер тек үш көрсеткіш бойынша өсімге қол жеткізді. Бұл - Атырау,Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстары», - деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы өңірлер белсенді жұмыс істеуі керектігін және экономика өсімін қалпына келтіру жөніндегі барлық қабылданған шаралардың, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалардың аясында шаралардың тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты.
«Өңірлерге дағдарысқа қарсы штабтар жұмысын жандандыруды және жергілікті жерлердің кәсіпкерлері көтерген мәселелерді жедел қарап, тиісті шешімдер қабылдауды тапсырамын», - деді Премьер-Министр.
Дереккөз: "ҚазАқпарат"