Барқытбелдегі Қараша баба тойы

Уақыты: 2018-08-07 Көрлімі: 2961 Сипаттама

Шығыста Тарбағатай ауданының Ақжар елді-мекенінде сол аумақты мекендейтін мыңдаған қа...

20180803185807209_big.jpg

Шығыста Тарбағатай ауданының Ақжар елді-мекенінде сол аумақты мекендейтін мыңдаған қазақтың тікелей бабасы Қараша атаға арнап атаулы той өткізіп, ат шаптырып, ақын айтыстырып, көкпар тартып, ақындар мүшәйрасын өткізіп, мәрмәр, граниттан тас кітап тізіп, сол жердегі ағайындар ата атына арнап салған саябақты мемлекетке тапсыру шараларын ұйымдастырып жатыр. Бұл шара тамыздың 2-сінен 4-іне дейін жоспарланып, аудан әкімдігінің және облыстық ішкі саясат бөлімі мен БАҚ мекемелерінің қолдауымен өтуде.

20180803185919992.jpeg


Қараша деген кім?

Қараша - Қожағұлдың немере-тете туысы. Бес Байжігіттен Жұмұқ табының қара шаңырағы – бәйбішенің кенжесі екен. Жаңағы Қожағұл дегеніміз әйгілі Қаракерей Қабанбайдың әкесі. Қараша туралы ұрпақтар арасында тараған аңыз-әфсана, өлең-жырлар баршылық. «Қараша 13 жасында үлкен ағасы Болаттың меңзеуімен кіші ағасы Тәукені жазатайым өлтіргені» туралы, оған қоса анадан бесінші ұлы болып туғанда жұдырығы түйіліп туған екен. Ашса сәбидің уысында қан болыпты. Содан «қандықол Қараша, қан ұстап туған Қараша», - дейтін сөз еріп, ол ағасы Тәукені өлтіруімен айқындала түскен көрінеді. Қарашаны атан түйенің ар жағынан қарайтын, 10 жасында тайға мінсе аяғы жер сызатын, қапсағай бітімді қара дәудің өзі болған деседі. Қараша туралы «ата өлең» бар (ататекті жырлайтын өлеңді ата өлең дейді). Бұл өлеңді мен 1982 жылы оқу бітіріп келгенде сол тұста жасы 80-нен асқан Зейнеп деген апамыздан жазып алып едім.

«Айтайын арғы атамыз Қарашаны, 
Киінсе сауыт-сайман жарасады.
Атқан оғын таба алмас кей жамандар
Үйде жатып олжаға таласады», - деп келетін. Оқ дегені жебе ғой жебені көп рет пайдаланады. Қолданылған жебені қайта алып, қайрап, қорамсапқа салады. Ал Қараша тартқан жебе тым алыс ұшатын, таба алмайтын болса керек. Осы үшінші жол тағы бір нұсқада: 
«Қамалға қарсы шаппас кей жамандар, 
Үйде жатып олжаға таласады», - деп жүр. Бұл да ерте заман тілі. Өлең алдыңғы ғасырларға тән болар.

«Әкесі Қарашаның Жұмық өткен, 
Көп сарбаз бұл атадан туып өткен. 
Әріптес, сен білмесең мен айтайын
Мәмбет, Тоғас үшеуі жуық өткен». (Мұндағы Мәмбет – Қаракерей Қабанбайдың ұлы әкесі).

«Әріптес, сен білмесең мен айтайын» деген жолдан бұл өлеңнің ақындар айтысында туғанын білеміз. Ендеше «Қараша есімі» ескі ғасырлар да ақ айтыс ақындарының тақырыбы болған. Бүгінгі аламан айтысқа келіп отырғандар бұл тақырыпты жырлайтын айтыс ақындардың алғашқы буыны болмағаны.

Өзі қан ұстап туған,  өзі қапсағай бітімді, 13 жасында қайың тоқпақпен қағып қалып, қапияда ағасын мерт етіп алған Қараша батырдың өмірі нағыз қан төгіс заманда – қалмақ қатайып, қазақ босаған тұста, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» дәуіріне тура келді. Әйгілі қолбасы Қабанбайдың тете ағасы ретінде бір дәуірде, бір ауылда жасады. Алакөлден Сыр бойына дейін шегінген, шұбырған ел-жұртын қорғады, қоныс ауыстырып, көшіріп отырды. Сырды, Арқаны, Есіл-Нұраны айналып, Ертісті өрлеп, ежелгі мекені Тарбағатайды қайтып келіп басты. Немерелері Жаңқар, Жәуендір Қабанбайдың қас батыр сардарлары болды (Жәуен батыр туралы жиырма беттік ескі өлең-мақаланы Үрімшіде шығатын «Мұра» журналына бастырғаны туралы әңгімесін фольклоршы Асқар Игеннен бүгін естідім. Өзі осында тойда отыр). Қарашада бес ұл болған. Екеуінен ғана ұрпақ тарап, Алты Аман, Бес Шоқай атанды. Бұлардың бәрі де Қабанбай батырдың тете туысы, қанды көйлек қатары екенін ескерсек, олардың не үшін өмірін бергенін аңдауға ғалым болу қажетсіз. Қабанбайдың маңындағы жігіттердің біразы неге ұрпақсыз кетті деп ешкім соғыс қаптамасын сұрамас.

1758 жылы жаздың соңында Қабанбай ұлы – Әліні Үрімжіге жылқы айдатып жібереді. Бұл  қытай-қазақ жылнамасында «жылқыға жібек», - деп аталатын сауда қатынасының басталуы болатын. Әліні айтып отырғаным Қожақұлдың осы немересінің бір әйелі жоңғар қызы болатын. (Жеті Әлі, Бес Мүней. Бұндағы Мүней қалмақ қызы). Ал Қарашаның немересі Жанатайдың да бір әйелі қалмақ қызы. (Сегіз Жанатайдың төртеуі қалмақ шешемізден). Әлінің алғаны Қабанбай әкелген олжа, ал Жанатайдың алғаны ағасы Жаңқар батыр әкелген қалмақ қызы. Жаудан түскен олжаның ішіндегі ең қымбаты қыз болған. Ол тек сардарлардың ғана үлесінде еді. Ендеше Жаңқар аса беделді сардар болғанын байқаймыз.

1758 жылдың қаңтарында Тарбағатай, Сауыр, Барлық жаудан босаған соң Қожаберген мен Көкжалбарақ Жоңғар ойпатының Үліңгір, Манас көлдерін айналып, шолғыншылық жасағанда Цинь генералдарына жолығады. Цинь генералдарының қаптамасында жазылғандай: Қожаберген оларға Қабанбайдың елде жоқ екенін, 3000 қол бастап, Сарыбелге жол тартқанын – жоңғарлармен соңғы шайқасқа кеткенін жазады. Қабанбайдың негізгі қосыны Байжігіт балалары екенін ескерсек Қараша ұрпақтары да сол қосынның алдыңғы шебінде жүргені анық.

Қараша бабаға арнап неге саябақ ашамыз? Неге оған мәрмәр мен граниттен тас кітап қоямыз? Неге тәуелсіз қазақ елінің бір түкпіріне – ел шеті жер шегіне  мыңдаған кісіні шақырып, аламан айтыс өткізіп, ат шаптырып, көкпар тартып, көк туды көтереміз?

Оған қысқаша төрт ауыз сөзбен жауап берер едік:

Бірінші – XVIII ғасырдағы қазақ-жоңғар текетіресінде айырылып қалған алты өлкемізді 35 жылға созылған сұрапыл соғыспен азат еткен, қару ұстап қан кешіп, тұлпар мініп ту алған мыңдаған қазақ батырларының алдыңғы легінде Қараша және оның ұлдары мен немерелері қайсарлықпен шайқасты. Қандас бауыры Қарагерей Қабанбайдың қатарында қасқайып тұрды. Бұған күмән бар ма?! Жоқ!

Екінші – қазақ даласының ел шегіндегі шұрайлы сұлу мекені Тарбағатайдың арғы бет-бергі бетін жаудан босатып, Шүршіт қытайдың құқайына қарамай басакөктеп қайта қонған Жұмық ұрпағын жұмылдырып қондырған да Қараша жігіттері. Оған куә Жәуен батырдың Алты Жұмыққа жер бөлуі.  Алты Жұмық әлі күнге сол мекенінде отыр. Осы ұрпақ күні бүгін ұлан-байтақ қазақ шекарасының бір шебін күзетіп, бір керегесін тіреп тұр. Бұл шындық па?! Шындық.

Үшінші – Қараша бабамыздың батырлығы мен қайсарлығы емей немене? Бүгінгі осындағы мыңдаған қазақтың әкелері Алты Аман, Бес Шоқайды «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» аман алып өтті, және қайсар, болмысы берік тұқым етіп таратты. Бұл ерлік пе? Ерлік. Жансебілдік пе? Жансебілдік. Өміршеңдік пе? Өміршеңдік.

Төртінші  - кейде біз бес балалы, он балалы әкелерге құрмет білдіріп жатамыз ғой. Осы күнгі осы өлшеммен қарасақ Қараша батыр қанша балалы ата және қандай ұрпақтың атасы? Мыңдаған ұрпақтың атасы. Қазақ елінің отансүйгіш ұл-қыздарының атасы. Іскер, ыспар, еңбекқор, патриот ұрпақтың бабасы, рухы биік ақын-жазушылардың тегі.

Бүгінде қазақ елінің іргесін бекіткен, керегесін керген мың ұрпағы жиналып 300 жыл бұрын өткен атасына арнап саябақ салатын, той тойлап, рухын жаңғыртатын жұрт өзін Қараша есімімен байланыстырады. Солай ғой?! Солай!

Жалпы біздің шығыс еліміздің күні шығатын, елімізге жарық пен жылу тарататын мың өзені бұрқыраған Шығыс қана емес, сонымен қатар халқымыздың ақыл-парасатының, елдік рухының да шығысы. Оған XVIII ғасырдағы отан азаттық күресін Қабанбай, Көкжалбарақ, Қожаберген, Ер Жәнібек, Ақтанберді, Шыңқожа, Құттыбай, Байғара, Ақтайлақ,, Дәулетбай, Жаңқар, Жәуен сынды билер мен батырлардың есімімен айтылатын ерліктерді айтуға болады. Сонымен қатар өткен ғасыр басындағы Алаш идеалын, осы бір Тарбағатайдың өзінен шыққан Ережеп Итбаев, Бақи Шалымбетов, Отыншы Әлжан, Мырзасадық Құрманғазы, Жәкулә Күшік, Әбілмәжін Түсіп қатарлы есімдерді айтайықшы – бұл менің қапелімде аузыма түсіп тұрғандары.

Отаршылдар қарсыласын құлату үшін басына соққы жасайды. Шығыс - қазақ рухының, қазақ азат идеалының, қазақ мәдениетінің басы еді. Жау қазақты басқа соқты. Шығыс есеңгіреп қалған. Бүгінгідей шара - рухты бабаларын тану, олардың ерлігін дәріптеу, тұлғалық бейнелерін түсіну Шығыс үшін шынымен қажет шаралар. Еліміздің басқа - оңтүстігінде, батыс өлкелерінде ұлттың оянуы – тегін тануы, ұлттық рухқа топтасуы біршама қарқын алған.

1533617140_article_b_1500_.jpeg

Ал, Шығыста ше?

Бұл үрдіс өте баяу жүріп жатыр. Мемлекет құрушы ұлт өкілдерінің тарихи тұлғаларды ұлықтауы, қазақтығын, азаттығын сезінуі, Елбасы айтып отырған рухани жаңғыру үрдісінің өзегі болмақ. Сондықтан да кейде Шығыстың патриоты ретінде осындай ұлттық бөгенайы бар шараларға белсене атсалысқым келіп тұрады.  2012 жылы Қабанбайға Боғаста ескерткіш қойғаннан бастап, 2013 жылы Жәкулә Күшікұлының 150 жылдығы, 2014 жылғы Ер Жәнібектің 300 жылдығы, 2015 жылғы Байтайлақ батырға кесене тұрғызу, 2016 жылғы Мұрын ана, Мақта ата, Хантоғас, Зере әжелерге ескерткіш қою шараларының бәріне де белсенді қатыстым. Бұны мен Шығыстың – қазақтың перзенті ретіндегі борышым деп санаймын.

Алмас Ахметбекұлы ақын, ҚР Мәдениет қайраткері, Тарбағатай ауданының құрметті азаматы

Jebeu.kz




Пікір жазу
  • Көш – ұлт тағдырының туындысы
    Әлемдік элита (немесе Ж.Аймауытұлының бір мақаласы хақында)