Біз өткен ғасырдың 20-, 30-жылдары ҰЛТ ретінде АТУ жазасына үкім етіліп, жартылай жойылған қауымбыз.
"Ұлтты ату" ("Выстрел нации») – дәл осындай атаумен Мәскеуде кітап шыққан. Ол туралы әңгімені бүгін Жаңалықтағы қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған жиналыста естідік.
Алматыдан отыз шақты шақырым жерде – Жаңалық деген ауылда, қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш және мұражай бар. 31 мамыр, қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған шаралар, үш күннен бері осы мекен-жайда өтіп жатыр.
"ҰЛТТЫ АТУ" туралы әңгімені бүгін сол Жаңалықтағы мұражайдың басшысы, баспагер Ғарифолла Әнес әңгімеледі. Жалпы, XX ғасырдың 20–30 жж. қазақ ұлтын ату, жою туралы үлкен қозғалыс жүргені – мыңдап, он мыңдап квота белгілеп, құпия қаулы шығарып тұрып, қан құстырып, атып отырғаны көпке аян.
Мәскеуліктер кітаптың атын осылай атаса ол шындық.
Жаңалықта 29 мамырда басталған шара қуғын-сүргін құрбандарының ескерткішіне тәу етуден басталып, жүздеген мүрделерді қазып алып, көк желкесін оқ тескен сүйектерді қайта жерлеуден басталған.
Ары қарай шет елдерден және басқа облыстарымыздан келген ғалымдар мен қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары қатысқан конференцияға, облыс әкімінің қатысуымен ауқымды жиын өткізуге жалғасқан.
Кешегі (30 мамыр) жиналыста ғалым алаш қозғалысын және 30 жылдардағы аштықты зерттеген Талас Омарбеков, Бейбіт Қойшыбаев, Ғарифолла Әнес бастаған топ ҰЛТТЫ қырғынға ұшырату, ҰЛТТЫ АТУ саясатының империялық деңгейде қалай ұйымдастырылғанын жан-жақты баяндаумен болды.
Жиналысқа әйгілі Мұхаммеджан Тынышбаевтың 89 жастағы ұлы Дәулет Мұхаммеджанұлы да қатысып отырды.
Ғарифолла Әнес: "Жаңалыққа келіп, ата-бабаларын, қазаққа келген нәубетті еске алып, шараға қатысатын қауымның саны жыл сайын азайып бара жатқанын айтты".
Қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы: "Жалпы бүгінгі күнде қуғын-сүргінді ұйымдастырған, және оны іске асырған мекемелердің, ғимараттардың, тарихи орындардың мақсатты түрде жойылып, жұрт жадысынан өшіріліп жатқаны туралы ашумен әңгімеледі. Мұны жоюға XX ғасырдың басындағы қызыл империяның қырғынын жасыруға, оның ізін өшіруге, ұрпақ жадысынан сөндіруге кім мүдделі болып отырғаны туралы да ашына сөз қозғады".
Ал, Талдықорған қаласынан келген, полиция полковнигі Жанар Асылкенқызы ұйымдастырған көрме мұражай экспонаттарын өзінше толықтырды.
Қазақ ату жазасына кесіліп, ұлт ретінде жартылай жойылған xалық.
Ал 31 мамыр екінің бірін – елдің жартысын еске алатын күн. Ұлттың ұлы перзенттерін қайғыра отырып сағынатын күн. Ұлтты ұйытатын күн.
Алмас Ахметбекұлы
Дереккөз: bairaq.kz