Әлем халықтарына ортақ жанрлық және мазмұндық үндестігі бар әдеби циклдың бірі – түрме шығармашылығы. Қай заманда, қай елде болсын жазықсыз жаза басып, қайғы жұтып, тағдыры тас түрмеде өткен зиялылар аз емес. Олардың ішінде әлемнің классиктеріне айналған Италияның көрнекті ойшылы, Италия коммунистік партиясының негізін қалаушы Грамши Антонио (1891-1937) 1926 жылы саяси қызметі үшін жиырма жылға бас бостандығынан айырылып, абақтының азабын көрсе де түрмедегі әр күнін қағазға түсіріп, өлмес мұра қалдырған. Ақынның өлеңдері «Түрме дәптері» деген атпен 1948-1951 жылдары Турин қаласында жарық көріп, 1959 жылы орыс тіліне аударылған екен.
Ағылшынның ұлы ақыны Байронның есімі өз тұсында және кейінгі заманда да жер жүзіне аса бір қадірлі беделмен тараған. Өзінен кейінгі талай әлем ақындары «ой-пікірді билеуші» деп өздеріне ұстаз тұтқан. Поэзия кемеңгерлері Пушкин мен Лерментов жоғары бағалап, шығармасындағы әлеуметтік асқақ, қайсар үндерді өздеріне өнеге санаған. Алайда әлемді өзіне қаратқан ақынның:
«Жасым жетпей қартайыппын,
Маған жұртым қараңыздар.
Шашты ағартқан, қорқыныш түн –
Емес иесіз қараңғы ызғар.
Әжім түсті маңдайыма,
Жаншылдым мен, қаңғырды ми.
Ауыр жұмыс күндері емес,
Жаныштаған бір қараңғы үй.
Тәтті күнім тарқап кетті,
Шегеленді сорлы маңдай.
Су алдым мен, секілденді
Жолым алыс, өмір шалғай» –
деген өлеңінен тас түрменің тауқыметін сезіну қиын емес.
Түрік әдебиетінің кассигі Назым Хикмет 1938 жылы 28 жылға сотталып, 17 жыл түрмеде отырды. Абақтыда «Адам панорамасы» тарихи дастанын, «Түрмеде жазылған хаттар» атты өлеңдер жинағын, «Махаббат туралы аңыз» пьесаларын жазды. 1951 жылы туған жерін тастап кетуі де осыған байланысты болса керек.
Әлем әдебиетіндегі түрме шығармашылығының классиктерінің бірі татар ақыны – Мұса Жәлел. Оны Екінші Дүниежүзілік соғыста фашистер тұтқынға алады. Аяусыз қинау көріп, абақтыдан қашудың қамын жасаған Мұсаға одан бетер зорлық көрсетеді, бірақ жолдастары туралы ауыз ашпаған Мұса ақыры дарға тартылады. Витнамның саяси қоғам қайраткері Хо Ши Мидің «Түрме күнделігі» кітабы да 1942 жылдары қуғын сүргіннің қиын-қыстау кезінде оңтүстік Қытай даласында айдауда жүріп жазған еңбегі еді.
Әлем әдебиетінен көрініс тапқан түрме шығармашылығы XIX-XX ғасырдағы елім деп еңіреген қоғам қайраткерлерінің солақай саясаттың құрбаны болып, саяси қуғынға ұшырап, темір торға қамалуымен даласында түрме болмаған қазақ қоғамында түрме шығармашылығы тууына себеп болды.
«Баласы мен Бақтының, атым – Сары,
Құрысын мендей болса жұрттың бәрі.
Он екі ай абақтыда жатқанымда,
Қара шай бір қайнатым болды дәрі»
- деп жырдаған Сары батырдың зарынан басталған қазақ әдебиетіндегі түрме шығармашылығын екіге бөліп зерттеуге болады. Бірі кеңестік жүйе, оған Мәди Бапиұлы, Иманжүсіп Құтпанұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев бастаған қазақ зиялыларының шығармаларын мысалға алуға болады. Екіншісі Шығыс түркістан өкілдеріндегі жүйе.
Шыңжаңдағы қазақ түрме шығармаларының негізін қалаушы – Таңжарық Жолдыұлы. Ол жеті жыл бойы (1940 – 1947 ж.ж) Үрімші түрмесінде азап шекті, солай бола тұра шығармаларының 70 пайыздан астамын тас түрмеде жазды. Шыңжаңдағы түрме шығармашылығына қатысты халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов «Таңжарық қалаған түрме әдебиетін араға жарты ғасыр салып Қажықұмар Шабданұлы жалғастырды. Өлеңнің жолы жеңіл болғандықтан, жатқандар жаттап алып халыққа жеткізіп отырған, ал қара сөзден тұратын романдарды тілдей қағазға ұсақтап жазып, ұрлап сыртқа шығарған, ондайды басқа салмай-ақ қойсын. Әрине, Қазақстанда да атылып шабылған, абақтының дәмін татқан қаламгерлер аз болған жоқ. Көбі айдаудан қайтпай, жендеттер қолынан мерт болды. Өкініштісі олардан қалған әдеби мұра жоқтың қасы», – деп пікір білдірген еді. Шынында да, Иманжүсіп пен Мәдидің мұңлы өлеңдерінен басқа шығарма шамалы. Неге олай? Осындайда бабаларымыздың «Орыс – темір ноқта, қытай – қайыс ноқта» деген сөзінде үлкен астар бар ма деп ойлайсыз.
Түрме шығармалары да проза және поэзия деп екіге бөлінеді. Қ.Жұмаділов айтқандай, түрмедегі проза жанрының жазылуы мен тас түрмеден шығуы оңай болған жоқ. Әлемдік әдебиетте түрмеде жазылған прозадан Алекс Ла Гуманың «Тас ғалам» романын атап айтуға болады. Ал қазақ әдебиетінде бұл шығармамен тең тұрған туынды – Қажықұмар Шабданұлының көп томдық «Қылмыс» романы.
Шыңжаң өңіріндегі түрме поэзиясының өкілі, ақын Таңжарық шығармаларын өз өмірінен бөле қарауға болмайды. Таңжарық тағдыры қорлық пен жауыздықтың небір ирелең сойқанды жолдарынан өткен жанкешті халықтың күрделі тағдыры деуге болады. Ұлтының көкейтесті ізгі арманы, асқақ мұраты жолында жастық дәуренінің қызықтарын, жарқыраған жазын құрбан еткен, басын байгеге тіккен ақынның шығармашылық мұрасында өз заманының қиын-қыстау тұстары, саяси бұрылыстар жантүршігерлік азаптаулары шоқтай күйдірер шынайы шындықпен кемел көркемдікпен кестеленген.
1922 жылы ауылдағы озбыр байға егескен албырт жас «Сетіккөк» деген тұлпарын ұрлап мініп, шекара асып қазақ даласына келіп, білім жолына түседі. Алаш арыстарының істерімен жақын араласып, Ахмет Байтұрсынұлының, Мыржақып Дулатұлының шығармаларымен танысады. Алайда 1925 жылы туған жеріне қайтуға мәжбүр болады. Бұл туралы Б.Тышқанбаев былай дейді: «Көкірек көзі ашылып, қоғамға, халыққа қызмет етуді мақсат тұтқан Таңжарықтың мұнда қалуына мүмкіндік болмады, өктем бай үй-ішіне тыныштық бермей, тұлпарымның көзі тірі келмесе, әкесін қара жерге тірідей көмемін» деп қаһар төгеді. Осыдан кейін Таңжарық амалсыз туған жеріне оралады. Бай сонда да «шетелге шығып келді» деп ушығып тұрған саяси жағдайды ұтымды пайдаланып, қаматып жібереді. Әрине, есіл ерін қимаған халық кешікпей босатып алады. Бірақ 1939 жылы Шыңжаң өлкесін басқарып тұрған Шыңщисай саясатын шұғыл өзгертіп, террорлық жолға түседі. Совет одағына ниеттес, азаматтық бостандықты жақтайтын 150 мыңдай адамды тұтқынға алады. 1940 жылы ақпанның 3 күні Таңжарық қамауға алынады.
Таңжарықтың заман шындығын айна қатесіз ашып көрсеткен «Түрме тарихы», «Түрме халы» деген екі ұзақ дастаны бар. «Түрме тарихы» дастанында тұтас Шыңжаңның жер-жерінен жалған жаламен топ-тобымен адам ұстау тарихы, тұтқындау тәсілінің қанқұйлы тарихы, түрмедегілердің итқорлық тұрмысы мен олардың аты-жөні тарихы және түрмедегі жазықсыз жандардың жантүршігерлік азапты өлімінің тарихы баяндалады. Сондықтан «түрме тарихы» дастанын сол замандағы саяси өзгерістермен байланыстыра отырып арнаулы тақырып көтеріп зерттеуді қажет ететін құнды да күрделі шығарма.
Ал «Түрме халы» дастаны туралы сөз қозғамас бұрын «хал» сөзі туралы аз-кем талдау жасау біздің тақырыпты ашуымызға негіз болмақ. Себебі бұл сөз – қазіргі таңда «армысың» деген қазақ сөзінің орнын басып, амандық сұраудың бірден-бір үлгісіне айналды. Алайда бұл сөз адамның жақсы жағына қаратылып қолданылмайды. «Халы қандай», «хал үстінде», «хал сұрау» деген тіркестерді байырғы жыраулар заманынан бергі әдебиеттерден көптеп кездестіреміз. Мысылы: сөздік қорымызда «сәлеметсіз бе?» деген амандық сұрауға арналған сөз бар. Бір қарағанда ерекше сыпайы, мәдениетті айтылғандай сезіледі, алайда «сәлеметсіз бе, апа» дегенен гөрі «амансыз ба, апа» деген құлаққа жағымды естіледі. Сол секілді «хал сұрау» сөзі де ауру адамның жағдайын біліп, көңілін сұрау жағына қаратылады. Мысалы, Кердері Әбубәкірдің:
Ауру көңілін кім ашар?
Хал сұраған тең ашар.
Шерленген ердің қайғысын,
Әлдилеп сүйген бала ашар,
Басқа қонған бақ ашар –
деп келетін өлеңдерінен кейін дені сау адам үшін түрме халы қандай сүркейлі? Сондықтан Таңжарық осы сөзді түрмеге қолданып отыр. Өйткені ақын өз басынан «түрме халын» өткізді. Оның үстіне, ол қан құмар, қара ниеттілердің түрмесі болды. «Таңжарықтың «Түрме халы», «Түрме тарихы» дастандары гоминдаңшылардың жауыздығын тайға таңба басқандай етіп көрсете алды, ол біздің келешегіміз үшін өлмес құжат, ешқандай адам зұлымдардың тұтқындарға істеген қаталдығын Таңжарықтай етіп көрсете алған емес», - дейді Ыз–Ари (Таңжарық туралы зеріттеулер, I том).
Шыңжаңдағы Таңжарықтанушы Шайтқазы Зейнолқазыұлының зерттеулерінің негізінде Таңжарықтың «Түрме халы» дастанындағы жантүршігерлік аянышты халды тұп-тура отыз түрге бөліп қарастыруға болады.
Жарым түнде екі-үш адам келіп, басыңа бітеу қалта кигізіп, тұншықтырып, дірілдетіп, дырылдатып бір үйге сүйреп апарып бетіңді ашқанда қаны қашып, заһар шашып, қарныңды жарамын деп төрт-бес адам отырады.
– Қазақтың үкіметке қарсылығын, құрған ұйымын жасырмай айт! Өзің қандай артық сөз сөйлеп жүрсің? – деп «Түрме халы» сұрағы осылай басталады:
Жылайсың, зарланасың, жалынасың,
Тер ағып, қара суға малынасың.
Болмасаң егер мықты өзіңе-өзің.
Бәлеге айықбайтын қалынасың.
Білем деп «білмегенді» айта алмайсың,
Сөзіңнен жалған айтсаң қайта алмайсың.
«Өлесің, қиналасың» деген сайын,
Жауырдай ер қажаған қайқаңдайсың.
Мың жылып, қарамайды жалынғанға,
Боялып қызыл қанға боялғанға.
Істейтін ісі мынау әуел баста –
Қинауға алғашында алынғанда.
Екі қолды қайырып тік тұрғызып, аяққа кісен, қолға көзір салып, неше сөтке нәр татырмай екі бетке тас ұлтанмен соғады, шөлден өкпе-бауыр етке жабысып, екі көзден еріксіз жас парлап, шыбын жаның шырқайды.
Екі қолдан көкке созып көтеріп, табаннан темір сүмбе сұққанда қаның қозып басыңа бір-ақ шығады.
Тік тұрғызып қойғандықтан, екі аяқ ісіп, сарысу кернеп тамшылып, балбырап балтыр етің сасып өлексеге ұқсап кетеді. Екі көз ұйқы көрмей іріңдеп, жүректің ебі кетіп дірілдеп, сұрақшы аюдай гүрілдейді.
Жіңішке, ортасы ой, жан-жағы тар, темірмен қаптаған төсекке жатқызып алып сабағанда даусың көкке жетеді.
Орындықты үш жерден тесіп, оған ілмекті кендір жіпті өткізіп, төрт елі қалыңдықтағы қамыс қасықтың екі басын тұжырып алып, әлгі кендір жіпті білегіңнен іліп, тақтайдың ұшын жүрекке тіреп тұрып, алақанға соққанда ақыл-қайрат, тілегіңнен бірақ адасасың.
Қып-қызыл адам қанымен боялған дөңгелек қалың тақтайға ұшын жоғары қаратып шеге қағып, жалаңаш құйрықпен отырғызып, тұрғызғанда денеңнен жаның кетіп, даусың тәңірге жетеді.
Ұсақ қара көмір шағылына жалаңаш май құйрықпен отырғызып, тұрғызғанда қан судай ағады.
Үрпіңе ши жүгіртіп боздатып, шыбын жаныңды шырқатады.
Көмірге отырғызады ұсақ шағып,
Қан деген май құйрықтан судай ағып.
Үрпіңе ши жүгіртіп зарлатқанда,
Шыбын жан шығып кетпей тұрсың нағып.
Тырнағыңның көбесінен ине шаншиды.
Кендірмен бақайыңнан байлап, басыңды төмен қаратып асып қояды.
Денедегі жанды жерлерді тырситып қысып тұрып шерткенде қояндай қолға түскен шыңғырасың.
Ащы бұрышты суға езіп алып, кеудеңнен табанмен басып тұрып, танауыңнан құйып жібергенде енді шықшы жаным деп қыстығасың.
Басыңа қырсау темір салып қысқанда, екі көз сыртына ойнап шыға келеді.
Ақ етіңді талқандап салған жараға тас пен көмір жабысып, бара-бара асқынып, шіріп кетеді.
Есепсіз міне осылай өлген жандар,
Бар қазір өлгендерді көмген жандар.
Күз болса неше мыңдай көр даярлап,
Көзімен бәрін істеп көрген жандар.
Жазда тірі барғандар күзге жетпеді, күніне төрт-бестен адам өлді, өлгендерге бір жапырақ мата да бұйырмады. Қардөң деген жердегі қазып дайындап қойған жердегі жерошақтай шұңқырға көме салады. Күніне бір қорадан төрттен өлсе, түрме ішінде өлгендер толып жатыр.
Қорлықпен қор боп өлді нелер сері,
Адамды күйдіретін осы жері.
Жем болды қарға, құзғын, ит пен құсқа,
Елімнің амал бар ма есіл ері.
Қылығы міне осы бізге қылған,
Қосылып қалың қайғы күнде тыңнан.
Түрмеде тоғыз жылда өлген адам,
Асыпты орта есеппен алпыс мыңнан.
Дәретхана мен дәретін тазалатады, жатқан жерің сасық үй, сабан төсек қаптаған бит пен бүрге, басыңа жастанғаның көк кірпіш.
Қолына алты қырлы таяқ алып, қолға көзір аяққа кісен салып, таң сәріден еңбекке айдайды, жарты минут кешіксең ұрып соғады.
Жер қазып, кірпіш құйып, топырақ көтертеді, тас тасытады, жазғырып жарамын деп қолына пышағын жалаңдатып тұрады.
Табаның дүңкіп, қолың ойылып іріңдеп, буындарың ісіп, шықпаған құр сүлдерің ғана қалады.
Ауырғаныңа сенбейді, гоң фан қатарынан қалмайсың деп сексендегі селкілдеген шалды да ауыр жұмысқа айдайды.
Қырылып шетінен өліп жатады, өлгендерді тірілеріне көмдіреді.
Адамды әдейі қастап өлтіретін арнаулы екі есікті сұмдық үй бар, ол үйдің оңаша екі есігінде екі тесік бар болып, тұтқындарды сұрақ қыламыз деп жалаңаш сол үйге бастап апарып, кірерде әлгі тесіктен тосып тұрып басын кесіп алады.
Кейбір тұтқандарды қолын артына қайырып байлап қойып, найза салып сұққылыап, сүйреп жүріп өлтіреді.
Киізбен жауып қойған кесілген қол мен санды, ішек-қарны шұбатылып, басы кесіліп жатқан адамды көресің.
Он метр, жеті метр зынданда аштан өліп, сасып кеткен өлікті тазалатады.
Қаланың шет жағына неше жерден қазылған ұраға апарып қырғындап, қарға-құзғынға жемтік қылады.
Сұраққа апарып, аспанға аяқтан асып қойып, отқа қақтап, суға салып, түтінге ыстап қинайды.
Ағашқа қол-аяқты таңып тастап, буындырып, тұншықтырып, тарсылдатып там тескендей сабайды.
Екі кісі басын қосса «не айттыңдар» деп қырып-жойылып қаптап тағы да сабайды».
Таңжарықтың түрмеде жазылған барлық реалистік шығармасы – заман мұңы, халық айнасы бола алады. Түрмеге түскен жазықсыз жандар күн сайын өміршеңдік күшінен айырылып бара жатса да Таңжарық қаһарлы үкіметке «Қосылдым дұшпаныңның қатарына» деп өзі айтып отырса, Шың Шы Сай суретін көргенде:
«Отырсың қара залып түсің қашып,
Біз жүрміз айдауыңда асып-сасып.
Армансыз дүниеден өтер едім,
Қаныңды бір ұрттасам жалғыз қасық.
Қамауда жатыр ерлер жан таласып,
Бірге өскен, бірге туған қан жаласып.
Япырым-ай, өстіп жүріп кетеміз бе,
Арман не өліп кетсек найзаласып» -
деген өлеңінде қандай ыза-кек жатыр. Оны қалай реалистік төңкерісші демеске?!
Оның шындыққа ұмтылған арманы, табиғи таланты қарапайым адамдар жасай алған ортаға сыйғызбады. Қоғамның қайнаған ортасына бармауға сабыр еткізбеді. Осыдан кейін Таңжарық азапты түрмеден қалай аман қалды деген сұрақ туады, тірі шығуына не себеп болды?
Жыр меннен сарқылмайды жырлай берсем,
Сыр менен сарқылмайды тыңдай бер сен.
Түрмеде көргенімді жазам тынбай,
Білмеген оқып білсін қинай бер сен.
Танбаймын, тіл тартпаймын, дұшпанмын шын,
Тарихтың тарихына қаламыз шын.
Бөгелмей жазып өлем, сен оқып өл,
Тартамын ақыр жаза соным үшін.
- деп өзі жырлағандай тірі шығуының себебі осы еді. Осындайда Германияның психологы Виктор Франкл еске түседі. Оны да азаптан құтқарған болашақ үшін күрескен арман, шындық үшін шытынаған сенім еді.
Қысқасы, ақынның абақты дастаны – халық тағдырын қапысыз бейнелеген, өзінің ажар айшығымен, көркем қуатымен, тәрбиелік құндылығымен, өткен күннің ғана емес, бүгінгі және ертеңгі күннің талап-тілегіне сай келетін өміршең, реалистік қуаты мол, деректі туынды. Ақын асқан шыншылдықпен өз заманындағы қанқұйлы зұлымдықты таңдап таңбалай білді. Заман мұңы үшін күрескен ақын шығармалары әлі де зеріттелуі тиіс.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.Таңжарық Жолдыұлы шығармалары. – Алматы, Жазушы, 1992.
2.Таңжарық Жолдыұлы. Арман – тау. – Алматы, Жазушыы, 1974.
3.Тұрлыбек Мамесейіт, Таңжарық. – Алматы, 2003.
4.Хо ши мин, Түрме күнделігі, - Алматы, 1980, 10б.
5.Байрон таңдамалы шығармалары, - Алматы, 1960.
6. Қытай қазақтар әдебиеті туралы зеріттеулер, - Алматы, қазақ университеті, 2013.
7. Іле газеті, (Қытай) №3, 2015.
Нұрбол МҰРАТБЕКҰЛЫ
Дереккөз: Әдебиет порталы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және «Әдебиет порталына» гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Эл. пошта: Adebiportal@gmail.com 8 (7172) 79 82 06 (ішкі – 112) © adebiportal.kz
https://adebiportal.kz/kz/news/view/kazak_turme_poeziyasi_tanzhariktin_taukimeti__21268?fbclid=IwAR2StKKfpRzXoxgLrWa13TymoAE99Smr978g3A2WMFAT4NOmQ6RCbYIyz78