Ақпарат және қоғамдық даму министрі «сталиндік репрессияның құрбандары бойынша ортақ аза - қазақстандықтарды біріктіретін факторға айналуы тиіс» екенін мәлім етті, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
«Бүгін - еліміздің тарихындағы ең қасіретті де қастерлі күн. 1997 жылы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр - саяси репрессия құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Елбасы «Тарих - өткеннің сабағы. Біз өткенімізге қарап, ертеңімізді түзеуіміз керек» деген болатын. Сондықтан өткенді ұмытпау, Алаш арыстарының атын ұлықтау, ашаршылық құрбандарын еске алу - біздің және келешек ұрпақтың қасиетті борышы», - деді Дәурен Абаев елордадағы Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған ҚХА-ның «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» халықаралық Х форумында.
Министр өз сөзінде «қолдан жасалған ашаршылықтың кесірінен елімізде миллиондаған адам қайтыс болғанын» атап өтті.
«Қазақтың сүт бетіне қалқып шыққан қаймақтары, зиялы қауым өкілдері, яғни 100 мыңнан астам адам саяси қуғын-сүргінге ұшырады. 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Арыстарымыз атылды, жер аударылды. Алайда қайсар қазақтың рухы аласарған жоқ. «Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сөз әр қазақтың жүрегінде жатталып қалды. Әлихан Бөкейхановтан бастап Халел, Әлімхан, Мұхамеджан, Міржақып, Сәкен, Бейімбет, Мағжан сияқты тағы да басқа арыстарымыздың артында өлмейтін сөзі, өшпейтін өнегесі қалды. Қазір де қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу мақсатында музейлер ашылып, ескерткіштер орнатылып, Алаш қайраткерлері туралы фильмдер түсіріліп, олардың еңбектері зерттеліп жатыр. Бұл - іргелі істердің бәрі Елбасының тікелей бақылауында», - деді министр.
Дәурен Абаев сол жылдар қазақтың ғана емес, өзге де көптеген ұлттардың ұлттық қасіретіне айналғанын еске алды.
«Күрделі кезеңдерде қазақ топырағына тұтас халықтар жер аударылды. Өзінің ауыр жағдайына қарамастан қазақ халқы көптеген ұлыс өкілдерін бауырына басты. Күшпен жер аударылған бірқатар этностың өкілдері бүгінгі таңда бауырымызға, отандасымызға айналды. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына, елдігіміз бен берекеміздің бекем болуына сол отандастарымыз да атсалысып отыр», - деді министр.
Дәурен Абаев өз сөзінде тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Елбасы саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды, лагерьлер мен депортация құрбандарын ақтап алуға қатысты ауқымды жұмыстарды қолға алғанын жеткізді.
«Тұңғыш Президент айтқандай, ауыр кезеңдердің тарихын есте сақтай білуіміз керек. Бірақ, сонымен қатар, бұл оқиғаларды біздің қоғамды екіге жаруға бағытталған волюнтаристік мақсатта пайдалану асқан күпірлік болар еді. Керісінше, сталиндік репрессия құрбандары бойынша ортақ аза - қазақстандықтарды біріктіретін факторға айналуы тиіс», - деді Дәурен Абаев.
Еске сала кетсек, елордада Қазақстан халқы Ассамблеясы Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» халықаралық Х форумы өтіп жатыр. Осыған байланысты бүгін елордадағы Ұлттық музейде «Кемел болашақ үшін өткенді тарихи-мәдени тұрғыда ұғыну» тақырыбында ғылыми конференция ұйымдастырылды. Сонымен қатар, музейде өткен ғасырдың қырқыншы жылдарында қазақ даласына жер аударылған ұлттардың өмірін суреттейтін көрме де ашылған. Шара барысында «Депортациялар тарихынан. Қазақстан. 1939-1945 жж.» атты деректер жинағы мен «Лев Премиров: исповедь художника Карлага» кітабының тұсауы кесілді.
Jebeu.kz