Екі повесть - екі тағдыр

Уақыты: 2020-04-20 Көрлімі: 1652 Сипаттама

Он тоғызыншы ғасырдың бел ортасынан бастап, Түркияда басталып, бүкіл Ресей боданды...

 

      Он тоғызыншы ғасырдың бел ортасынан бастап, Түркияда басталып, бүкіл Ресей бодандығындағы мұсылман елдерін шарпыған жадидизм Цинь империясы отарындағы тәңіртаудың екі бетіндегі көшпелі, отырықшы халықтарды да қамтып өтті. Сонымен медресінің орнына алғашқы мектептер ашылып, газет-журналдар, баспалар пайда болды. Цинь кезінде қазақтар өздерінің дәстүрлі көшпелі шаруашылық, рулық құрылысын сақтай отырып Іле генерал мекемесі мен Қобыда генерал мекемесіне бағынышты болса, кейінгі империя құлап, Миньго (Min Guo) орнап, милитарилистер қиғылық салған бұлғақ заманда Шыңжан әкімшілік жақтан он аймаққа бөлінді. 1932 жылы Іле аймағынан Тарбағатай аймағы бөлініп шыққан соң, Іле, Алтай, Тарбағатай халқының негізгі құрамын қазақтар құрады.

     Іледе куре білім жұрты, Үрімжіде моңғол-қазақ мектебі, саяси заң мектебі сынды орта техникум дәрежесіндегі білім ордалары дүниеге келіп жадидизм бағытында оқып шыққан қазақ жастары, қытай, орыс тілдерін меңгеріп қоғамның әр саласынан өз орнын тапты. Қазан төңкерісінен кейін, қатаң саяси қысым астында жылы орнын суытқан Алаш зиялылары мен жалпы қазақтың оқығандары арғы бетте білім мен ғылымның, мәдениет пен өнердің, ақпарат пен баспасөздің жалпы дамуына ерекше үлес қосты. Ахмет, Міржақып бастаған Алаш көсемдері Шәуешекке жұрт шалып қайтса, ағайынды Марсековтар қашан қайтадан ұсталғанша ағартушылық бағытындағы жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Семейден өткен Серғазы, Зият Шәкәрім бастаған кісілер Үрімжіде «Шыңжаң» газетін, Алтайда «Алтай» газетін құрып баспа жұмыстарын ұйымдастырды

   Сонымен Таңжарық Жолдыұлы, Ақыт Үлімжіұлы, Дубек Шалғынбай, Көдек Маралбай, Жүсіпбек қожа Шайхислам, Әсет Найманбай бастаған кісілер поэзия мен нәзиралық әдебиетте суырылып алға шықты. Олардың кейбіреуі ұлттың рухани түлеуінің шамшырағы болып қана қоймай, азаттық қозғалысының ту ұстаушысы да болды.

   Өлеңмен жазылған романдар пайда болды. Міне осының артынан қытай қазақтарының алғашқы повестьтері өмірге келді. Жиырмасыншы ғасыр иісі қазаққа қаншалықты қиямет – қайым, көз жасқа толы қасірет тағдыр сыйласа, әңгімемізге арқау болып отырған екі повестьтің авторының тағдыры да соншалықты қасіретті, қайғылы болды. Олардың дүниеге келуі, өсіп жетілуі, қоғамдық өмірмен, мәңгілік тұрақтаған сәті драмаға, комедияға, қасіретке толы еді.

e14884ef-3dcf-4c93-adb4-94f60cac814b.jpg

    «Тұрмыс тілшісі» 1948 жылы Үрімжі қаласында «Сәуле» деген баспадан шыққан, содан кейін 1988 жылы Үрімжіде «Шыңжаң жастар - өреңдер» баспасынан жарық көрген. Авторы алғашқы қазақ тарихын жазды деп екі елде бірдей үлкен құрметке ие Нығмет Мыңжани. Бұл кезең қара шаңырақтағы халқымыз көрген зобалаң Қазан төңкерісі, күштеп коллективтендіру, аштық, репрессия, екінші дүниежүзілік соғыс аяқтағанымен Шыңжаң жанартаудың үстінде тербеліп тұр еді. Ұзақ жылға милитарилистердің дара билеуі мен ұлттық езгісіне қарсы бас көтерген көшпелілердің Алтай тауларынан басталған қарсылықтары 1944 жылы тамыз айында Нылқының Ластай деген жерінде Совет одағының қолдауымен,  мақсатпен, жоспармен қозғалған көтеріліске жалғасып, тез қанат жайып Шығыс Түркістан республикасын дүниеге алып келді. Оның арты қазақтар шоғырлан үш аймақ өз билігін қолға алып, Манас өзенін шекара етіп, Қытай үкіметімен текетірес жағдайға өтті.

    Құлжа қаласын орталық еткен үш аймақ үкіметі Совет одағына арқа сүйей отырып халықтың сауатын ашып, үгіт-насихат, оқу-ағартуға барынша көңіл бөлді. «Он бір тармақ пітім» жасалып, біріккен үкімет құрылса да Үрімжі мен Құлжа арасында қияң-кескі идеологиялық соғыс жүрді. Оспан батыр Алтайдан ығысып генерал Сунь Ши Ляньмен келісімге келіп Ерен қабырғаға ауып барғанда Зәкария басқаратын Гоминь үкіметіне қарасты қазақ атты полкі, қазақ атты дивизиясына өзгерді. Шың Шысай түрмесінен аман қалған қазақ зиялыларымен, Жанымқан, Сәліс, Түркістан және Қызыл өзен төңкерісінен кейін Сауан ауданына әкім болған Қалибек батыр да осы қатарды толықтырды. Газет, журнал ашылып үш аймаққа қарсы үгіт-насихат жүргізілді. Ұйғыр-қазақтың бәрі шәркішіл мен Чинь қытайшыл болып, жатып кеп айтысқа түсті. «Сәуле» баспасы осы алмағайып заманның туындысы еді.

     Повестьтің беташары өлеңмен басталып он үш тарауға бөлінеді. Жайлауға көшкен көштің сәнін көркем тілмен жеткізеді. Ар жағы жесір дауы, жер дауы неке теңдігімен жалғасып, қалада оқып жатқан жастардың өмірімен ұштасып кетеді. Олардың оқуы, махаббаты, ұлт-азаттық қозғалысқа қатынасып, сол жолда түрмеге түсіп азап тартуы, шейт болуы, бәрі де суреттеледі.

   Екінші повесть Қажымыр Шабданұлының «Бақыт жолында» атты повесть. Қытайда коммунистік жүйе орнаған соң, 1956 «Шыңжаң халық» баспасынан жарық көрді. Бұл шығарма сол заманның талабы бойынша өткен ғасырдың 40-жылдарынан бастап, Қытайда жаңа әкімият орнап, күшпен комуналастыру барысы арқау болады. Неке теңдігі, сауат ашу, ауқаттыларды тәркілеу, даланың еркесін аттан түсіріп, бір қазанға телмір ту сынды құлақ естіп, көз көрмеген жаңалықтар повестьте суреттеледі.

8100bdc1-60dc-4af5-bb67-d3fadee586f5.jpg

d53655c4-bde5-410b-9d1d-1f1fbd6377f4.jpg

  

 Екі повестьте қытай қазақтарының мәдени, рухани өміріне едеуір ықпал етті. Сондықтан да болар аралықта біраз жыл кітап сөресінен алынып тасталып, оқырманнан алыстап қалды. Екі жазушының оқиға кұрауы, қозғаған тақырыбы, кейіпкер характерін ашуы, заман ағымын суреттеуі, тіл қолдану шеберлігіне үңіле отырып қазақ әдебиетінің классиктері Ж.Аймауытовтың, Б.Майлинның, І.Жансүгүровтың стилі мен ықпалын байқаймыз. Сол күрделі заманның куәсі әлде жиынтық көрінісі болған шығар. Екі жазушының өмірге келуі, тұлға болып қалыптасуы, сенімі мен жасампаздық жолы мүлде басқаша әрі керағар болды. Нығмет Мынжаң 1922.03.22 күні Шыңжаңның Толы ауданында дүниеге келіп, ескіше, жаңаша білім алып сол кездегі санаулы қазақ зиялыларының бірі ретінде, жіліктің майлы басын ұстап көрді. Тарихи шығармалар жазумен бірге қытай қазақтарының алғашқы повестьін жазды. «Қарлығаш» атты өлеңмен жазылған романды дүниеге алып келді. Қазақ тарихына арналған тұңғыш монографиясы екі елде де үлкен сұранысқа, құрметке ие болды. Билік ауысқанда «тар босаға тас есіктің» дәмін татты. Қазақ тәуелсіздігін алғанда, 1993 жылы наурыздың 22-і Алматыға ғылыми сапармен келіп, экскурсия кезінде жүрегі мәңгілікке тоқтады. Сол кезгі заманның ыңғайы, саясаттың шектемесі, дипломатияның кемелденбеуі, көштің басталмауы солай мәжбүрлеген шығар, сүйегі Үрімжіге апарылып жерленді.        

    Қ. Шабданұлы 1925 жылы Шығыс Қазақстан облысының Таңсық елді мекенінде дүниеге келіп, атышулы аштық кезінде отбасымен Шәуешекке ауып барады. Алғашқы повестьті шыққан соң, бір жылдан кейін 1957 жылы «оңшыл ұлтшылдыққа» қарсы науқан басталғанда, Тарым лагерінен бірақ шығады. Он неше жыл еркіндіктен кейін, 1987 жылы қайтадан Совет одағының шпионы деп саналып, ұзақ жылға сотталады. Қайсар жазушы тағдыры қаншалық қиындыққа толы болса да, қолынан қаламын тастаған жоқ. Өз өмірінен, замандастарының келбетінен кестелі тілмен суретін салып, болашаққа аманаттады. Әрине, бұрынғы тағдырластарына қарағанда тәлейлі болып, тәуелсіздіктің таң атқанын көрді. Топырағын баспаса да, оқырманын тапты. «Пана» мен «Қылмыстың» алты томы жанашырлардың қолдауымен, шекара сүзгісінен өтіп, дүниежүзі қазақтар қауымдастығының қолдауымен оқырманына жол тартты. «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар» шығар деген осы шығар.

    Арманы ата-мекенге жетіп, қисаю еді. Ел болып, тілеуін тіледі. Қазақ тілді баспасөз оқтын-оқтын дабыл қақты. Бірақ сәті түспеді. Тоң жібімеді. Бәлкім, сірескен жүйе, бөгделенген сана, тәжірибесіз шенеуніктер себеп болған шығар. «Бір кем дүние болып» санамызда қалды.

   Біреуі Алланың сәтімен Алматыға барып, рухы сонда қалып, тәні атқа мінерлердің қалауымен өмір сүрген еліне қайтса, енді бірінің кіндік қаны тамған жеріне рухы жетіп, тәні тыныс алған жерінде қалды. Қажекең қайтқанда Алматыдағы зиялы қауым өздері жиналып, рухына арнап құран оқытып, дұға бағыштап, ас берді. Бұл күнде алаш жұрты жазушының тағдырымен де, шығармасымен де толықтай таныс. Жақында ғана жазушы Ж.Қорғасбек ел газеті «Егемен Қазақстанда» көлемді мақала жазып, жазушыны еске алды. Орнында бар оңалар деген мақалмен ұлы Абай айтқан «ұлым деген ел болмаса, елім деген ер қайдан шықсын» деген сөздің түйіні мен қисыны осы шығар.

  Нықаның ұрпақтары елге оралып, орнын тапқан. 2011 жылы «Қазақтың мәдени мұраларын зерттеу туралы» деген жинағы «Шыңжаң халық» баспасында жарық көрді. 2017 жылы 27 желтоқсанда «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігі әйгілі тарихшының «Таңдамалы мақалалар» жинағын өз қаржыларымен баспадан шығарып, тұсаукесерін өткізді. Нықаның қалған көптеген бағалы мұралары іздеушісін күтуде.             

Омарәлі Әділбекұлы

"Жебеу" Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Jebeu.kz

Пікір жазу
  • Қазақ ұлтының нағыз патриоты
    Алаш зиялылары індетпен қалай күресті?