Жетісуды көремін деген кісіге алдымен Қапалды көрсетіп алмақ керек

Уақыты: 2018-07-31 Көрлімі: 2164 Сипаттама

Тарихқа соншалықты қызықпайтын адамның өзі Қапал хақында аз-кем ақпарат білер еді. Ең а...

IMG_5610.jpg

Тарихқа соншалықты қызықпайтын адамның өзі Қапал хақында аз-кем ақпарат білер еді. Ең алдымен оның бекініс болған тарихын ауыз толтырып айтуға болады.  Бекіністі айтқан соң, әңгімені Ш. Уалихановпен сабақтап кеп жіберсеңіз бұл жер туралы білетініңізді нақтылай түсер едіңіз. Жүрегі барды елжіретпей қоймайтын Тамшыбұлағының өзі айтушыны ширықтырып, тыңдаушыны одан сайын ұйыта түсер еді.

Жетісуды көремін деген кісіге алдымен Қапалды көрсетіп алмақ керек. Ауылды айнала қоршаған қарағайлы таудың өзі сулы, нулы өлкенің пейзажына бас кейіпкер болуға жарап-ақ тұр. Несін жасырайық, табиғат Қапалға пейзаж түзерде ештеңесін аяп қалмаған сыңайлы.

Бірақ бұл өлке қараусыз қалған. Рас, Тамшыбұлақ баяғыша мөлдірейді. Қарағайы аспанға қол созған асқары да пәсеймеген. «Ұлы үйлесімнің» жүйесін бұзбай, ағуға тиіс су ағып, көшуге тиіс бұлт көшіп барады. Енжарлық танытатын біз ғана. Не мәдениет керек емес. Не тарихи жәдігер қажет емес. Қандайда бір өңірдің мәдени орындарын араламай, ол өлкеге бардым, елімен таныстым деуге болмас. Бұл мендік ұстаным.

index3.jpg

Алдымен ақын Сараның мұражайына мейман болдық. Одан соң, Фатима Ғабитова туған үйді іздей бастадық. Қайдасың, мен қадірлейтін әдебиетші қыздың бесік жырын тыңдағанына куә болған кеңістік?!

j.jpg

Жолай құлағалы тұрған ағаш үйлерге көзім түсті. Үйде де болмыс (энергетика) бар. Жертөлесіне оқыралаған сиыр көлеңкелеп, табалдырығының астына ит күшіктеп жатса да, сәулеті бөлек тарихи үйлер тым маңғаз. Қасқайып тұрып біздің ыждағатсыз тірлігімізбен өз әлінше күресетін секілді ме, қалай өзі?! Көпестердің үйі...бәлкім, Қапалдың қарағайынан  салынған болар. Ағаштардағы өрнектер өзінше бір салтанат құрады. Есіктерінде қара құлып, бірақ әйнексіз терезелер. Осындай да болады екен-ау.Терезесіз үйдің құлып не сәні?

index2.jpg

Фатиманың үйі де дәл осы күйде. Егер ауыл тұрғыны «Фатима Ғабитованың балалық шағы өткен үйі - осы» деп көрсетпегенде, ол жерден өтіп кете берер едім. Себебі, ол жөнінде ешқандай жазу жоқ (былтырға дейін болған екен). Мазарда да бақилық болғандардың кім екені һәм қашан қайтыс болғаны жазылып тұрмайтын ба еді?! Құдды мұнда ешқандай да мұражай болмаған секілді. Егер Қапал бекінісінің іргесі 1847 жылы қаланса, қазақ әдебиетнің тарихына өлшеусіз мұра қалдырған қайраткер қыз 1903 жылы дүниеге келсе, бұл үйдің бой көтергеніне қанша жыл болғанын топшылай алар едіңіз.


index.jpg

Бұл мұражай неге мұндай күй кешті? Ол, тіпті, мұражайлар тізімінде де жоқ екен. Сол үшін жабылып қалса керек. Әркімнің аузында жүрген "Рухани жаңғыру" деген тіркес те Қапалдағы ХІХ ғасырдың архитектуралық құндылығын құтқара алмайтын секілді. Сонда кім үшін жаңғырып, нені жаңғыртпақпыз? «Өнер, білім бар жұрттар» Қапалдай жері болса, қайтер еді білесіз бе? Бәлкім ағаш үйлерді сақтап, көне көпестер қалашығын жасар ма еді. Пәуескеге отырғызып алып, келген туристі алдымен Тамшыбұлаққа тәу еткізіп, жарасын сумен-ақ емдеп жазған көшпелілер танымымен там-тұмдатып таныстырып өтер... Ары қарай да қиялдай беруге болады. Бірақ бейқам әлем Қапалдың аспанының астынада шырылдап ұшып жүрген қиялымды қайтсін?

ай.jpg

Айнұр Төлеу

Ақсу ауданы

Алматы облысы

Дереккөз: Abai.kz

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • Харв Экердің байлық туралы сабақтары
    Сайрагүлдің бостандығы