Жеңіс Қасымбек: Тұрғын үй құрылысына инвестиция өсімі артып отыр

Уақыты: 2018-10-02 Көрлімі: 1571 Сипаттама

Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда 1,1 миллион пәтер салынды, яғни жыл сайын 40 мың пәте...

1511243853_article_b_1500_.jpegТәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда 1,1 миллион пәтер салынды, яғни жыл сайын 40 мың пәтерден тұрғызылып отырған. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жолында 15 жылдың ішінде еліміздегі жаңа баспаналарды пайдалануға беру үлесін екі жарым есеге арттыру көзделіп отыр. Демек, Қазақстанда алдағы уақытта әлі де 1,5 миллион пәтер, яғни жылына 100 мың пәтерден салынатын болады. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбатында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек қазақстандықтардың тұрғын үй мәселесі айтарлықтай шешімін тауып келе жатқанын айтып берді.    

- Жеңіс Махмұдұлы, Қазақстанда халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлжуаз топтары үшін жалдамалы тұрғын үй құрылысы көлемін арттыру бағытында қандай шаралар қабылданады?

- 2019 жылдан бастап жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыру 10 млрд теңгеге ұлғаяды. Яғни, бұл бағытта жұмсалатын жалпы сома 35 млрд теңге болмақ. Бұл жыл сайын қосымша мың пәтерді өткізуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, бүгінгі күні әкімдіктерге жеке құрылыс салушылардан салынған тұрғын үйді сатып алу құқығы берілді. Аталмыш норма аз қамтылған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үдерісін жылдамдатар деген үміттеміз.

 Нысандар мемлекеттік бағдарламада бекітілген параметрлерге сәйкес шаршы метрге 140-180 мың теңге аралығындағы баға бойынша сатып алынады. Бұл қадам бағдарламаны іске асыруда жеке салушыларды құрылысқа белсенді түрде тартуға, яғни кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға жол ашады.

 - Қолжетімді несиелік тұрғын үй құрылысына қосымша қаржы бөлу жоспарда бар ма? 

- Қолжетімді баға параметрлері есебінен шаршы метрі 140-180 мың теңгеге дейінгі несиелік тұрғын үй - «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ желісі бойынша үлескерлер мен салымшылар арасында үлкен сұранысқа ие. Әркім өзінің жеке баспанасын алғысы келеді. Осындай тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды әкімдіктер облигациялар шығару арқылы қамтамасыз етеді. Әр екі жыл сайын қорды қайта пайдаланудың «жаңартылатын қағидаттары» қарастырылған. Қазіргі таңда аталмыш бағытта бұрын бөлінген 240 млрд теңгені қайта пайдалану көзделіп отыр. 

- Республикалық бюджетте несиелік тұрғын үй салу үшін қаражат қарастырылмаған. Ал мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер, дәрігерлер мен әкімдіктердегі төлемге қабілетті өзге де кезекте тұрушылар үшін қандай қаражат көзі есебінен жыл сайын қолжетімді несиелік тұрғын үй құрылысын тұрғызу жоспарланып отыр? 

- Шындығында, бұдан бұрын айтылғандай, әкімдіктер тұрғызып жатқан шаршы метрі 140-180 мың теңге құрайтын қолжетімді үйлер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» үміткерлері мен салымшылары арасында үлкен сұранысқа ие. Осындай тұрғын үй құрылысының көлемін арттыру мақсатында біз әкімдіктерге жеке құрылыс салушылардан бағдарламаның талаптарын қанағаттандыратын, дайын тұрғын үйлерді сатып алуға мүмкіндік беретін стандарттарды енгіздік.

 Сонымен қатар, қаражатты тиімді пайдалану үшін «револьверлі қағидат» қарастырылған. Дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде 2016 жылы Ұлттық қордан бөлінген қаражат әрбір екі жылда қайтадан пайдаланылады да, қосымша қаржыландыру талап етілмейді. Демек, әкімдік екі жыл ішінде тұрғын үйді салады да, тұрғын-үй жинағы жүйесі арқылы кезекте тұрғандарға үй береді. Пәтердің сатылымынан түскен қаражат қайтадан жаңа үйлерді тұрғызуға жұмсала береді.

 - «Нұрлы жер» бағдарламасы «7-20-25» ипотекасы арқылы азаматтарға жаңа тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік бере ме? Бұл үшін қандай да бір шарттар қарастырылып отыр ма?

 - Бірнеше ай бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша басталған «7-20-25» ипотекасы бойынша қолжетімді бағдарлама бастапқы сатыдағы жаңа тұрғын үйлерге деген тұрғындардың сұранысын арттырады. Бұл құрылыс компанияларын ынталандыратыны сөзсіз, өйткені ипотекалық бағдарлама оларды сенімді сатып алушылармен қамтамасыз еткелі отыр. Сонымен қатар, мемлекет есебінен барлық тұрғын үй құрылысы аудандарына қажетті инфрақұрылым тартылып, 2019 жылдан бастап қаржыландыру 20 млрд теңгеге өседі. 

- Ал қаржыландыру тұрғысында қандай да бір қиындықтар тууы мүмкін бе? 

- Қазіргі уақытта әкімдіктер қажетті тетіктерді әзірлеп жатыр. Оператор «7-20-25» бағдарламасы бойынша Шымкент қаласында 500 мың шаршы метр тұрғын үй салу үшін 20 миллиард теңге бөлді. Бөлінетін қаражат әрбір екі жылда «револьверлік қағидат» негізінде айналымда болады. Әкімдіктер «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында аталмыш схема бойынша жұмыс атқарып жатқандықтан, қаржыландыру тұрғысында қандай да бір қиындықтар күтілмейді.

 - «Баспана» ипотекалық ұйымының ресми өкілдері үй салушыларға қаржылай көмек көрсетуді жоспарлап отыр. Бұл туралы кеңірек айтып бере аласыз ба?

 - Бүгінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында әкімдіктерде құнды қағаздарды шығару арқылы несиелік тұрғын үй салудың механизмі бар. Бұл механизм бойынша әкімдіктердің облигациялары екі жылға арналған. Өз кезегінде, «Бәйтерек» холдингі осы облигацияларды кері сатып алады. Осылайша, құрылыс аяқталғаннан кейін пәтерлер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары мен әкімдіктердің кезекте тұрған азаматтарына сатылады. Осыдан кейін, әкімдіктер өз облигацияларын қайтадан кері сатып алады.

 «Баспана» тұрғын үй құрылысын қаржыландырудың осыған ұқсас механизмін қолдануды ұсынады. Қазіргі уақытта оператор әкімдіктермен жұмыс атқаратын механизмдерді әзірлеп жатыр. Бұл үшін «Баспана» әкімдіктерге 150 млрд теңге бөлуге дайын. Біз бұл бастаманы қолдаймыз

- Алдын ала төлемдерді жинаудағы қиындықтарды шешу үшін бүгін қандай шаралар қолға алынып жатыр?

 - «Баспана» ипотекалық ұйымы әкімдіктермен бірлесіп, жас отбасылар мен мемлекеттік қызметшілер үшін алдын ала ақы төлеу мөлшерін қысқарту бойынша жұмыстарды бастап кетті. Атап айтқанда, бірқатар өнімдер әзірленді. Мәселен, «Жас арман» - жас отбасыларға арналған өнім. Оған сәйкес, бастапқы жарнаның 10 пайызын азаматтың өзі салса, тағы 10 пайызын жергілікті атқарушы орган әлеуметтік көмек түрінде немесе бастапқы жарна үшін пайызсыз несие түрінде береді.

 Сол секілді «Қамқор Баспана» - мемлекеттік қызметшілерге арналып отыр. Ол бойынша үй бағасының 10 пайызын азамат, 10 пайызын әлеуметтік көмек түрінде немесе алдын ала төлем үшін пайызсыз несие түрінде Жергілікті атқарушы орган төлейді. Жоспар бойынша, әкімдіктер азаматтардың аталған санаттарына алдын ала төлемді азайту үшін субсидия бөледі. Бұл жағдайда тізімдерді құрастыру, азаматтардың өнімге қатысуын таңдау жұмысын әкімдіктердің өздері жүзеге асырады.

 - Бұл схема қашан жұмыс істей бастайды? «7-20-25» бағдарламасының операторының ақпаратына сәйкес, Шымкентте пилоттық жоба басталып кеткен секілді... 

- Шымкент әкімдігі 2018-2019 жылдарға арнап 2 млрд теңге субсидия бөледі. Қаланың екі мыңға жуық тұрғыны бастапқы жинақ бойынша қолдау шараларымен қамтылады. Сонымен бірге, республикалық маңызы бар қала мәртебесін алуына байланысты Шымкенттегі тұрғын үйдің шекті құны 15 миллионнан 25 миллионға дейін өсті. Менің ойымша, бұл бастаманы басқа өңірлер де іліп әкетеді. Осындай шараларды қазір Ақтөбе облысының әкімдігі қолға алып жатыр.

 - Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

    Аян Бекенұлы

    Дереккөз: "ҚазАқпарат"

   

   Jebeu.kz




Пікір жазу
  • Дәурен Абаев: Байланысы мықты мемлекеттің қорғанысы да қуатты
    Цифрлы Қазақстанда мұғалімдердің міндетті емес міндеттемелері қашан алынады?