ОМАРӘЛІ ӘДІЛБЕК: ҚАЗАҚ – ҚЫТАЙ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ ҚАЙДА БЕТАЛЫП БАРАДЫ?

Уақыты: 2018-12-24 Көрлімі: 6160 Сипаттама

Қытайдағы қандастар қысымға ұшырағалы екі жылдан асты. Елбасы тапсырмасымен ҚР Сыртқ...

d6e4546b-2575-499f-9865-e7a0d8b1fc1d.jpg

Қытайдағы қандастар  қысымға ұшырағалы екі жылдан асты.  Елбасы тапсырмасымен ҚР Сыртқы істер министрлігі де Қытай тарапымен арнайы келіссөздер өткізді. Қоғам белсенділері мен қоғамдық ұйымдар да бұл мәселеге үн қатып жатыр. Осы уақыт аралығында атқарған шаруалардың есебі ретінде, «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбекұлымен сұхбаттастық.

-  Себепсіз салдар болмайды ғой. Қытайдың  мұндай қадамға баруына  не себеп?

-  Соңғы жылдары әлем тыныш емес. Терроризм барлық елді алаңдатады. Терроризм дегенді ақтауға болмайтын шығар, бірақ оның да әртүрлі себептері болады. Өткен ғасырдың соңында Азия мен Африкада біраз ел тәуелсіздік алды. Кеңес одағының ыдырауы мен  Орта азиядағы 5 түрік ұлттық мемлекеттің құрылуы біраз елдерге әсер етті. Қытайдағы ұйығырлар соңғы жылдары  ғылым мен ехника, өнер және экономика жағыннан жақсы дамыды. Алғашқы кезде Қытай үкіметі  бұл қадамды қолдады. Қытай реформа жасап, сыртқа есік ашқаннан бастап барлық ұлттың шетелге шығу мүмкіндігі туды. Қытай, қазақ, моңғол, тибет, ұйғырларда шетелге шықты. Міне осы аралықта үлкен күш қалыптасты.

Соңғы жылдарда Қытайда көптеген террорлық оқиғалар орын алды. Бейжің - Тяньаньмэнь  алаңындағы, Күнмиң  қаласы мен Үрімжі Теміржол вокзалындағы оқиға, онан кейін Оңтүстік Шынжаңда  да ай сайын осындай жағдайлар болып тұрды.  Қытай  осыдан кейін өз сөздерімен айтсақ, «үш түрлі күшке қарсы күрес» -  терроризм, ұлттық бөлшектеу, әсіре діншілдікке қарсы шаралар қолдана бастады. Осыдан екі жыл бұрын Тибетті басқарған хатшы  Шынжаңға келді.  Ол келген соң, жағдай басқаша түс алды. 2017 жылдың басында Қытай Орталық партия комитеті үгіт-нәсихат бөлімі басшысының орынбасары бастаған  делегация Қазақстанға келді. Құрамында тарихшылар,  этнографтар мен мәдениеттанушылар болды. Ол мамандарға Шынжаңдағы паспорт жинау мәселесін айттық. Қытай тарабынан келген делегация:  «Сириядағы соғыс жүргізіп жатқан 7 мыңнан астам сепаратистер  басқа адамның атынан  заңсыз паспорт жасап, шекара асқан. Сондықтан  паспорттарды  жинап алып, тексеруден кейін  қайтарып беретінін» жеткізді. Осы жылы ШҰАР үкіметінің тәртіпті күйшейту туралы қаулысы шықты. Қаулы негізінде Қазақстандағы Қытай паспортымен, ықтиярхатпен жүрген зейнеткерлерге  қайту туралы хабар келді. 2017 жылдың қаңтар айында көптеген зейнеткерлер Қытайға барып, Қазақстанға қайта алмай қалды. ШҰАР орталық партия комитетінен шыққан құжат Іле қазақ облысына келгенде мемлекеттік қызметкерлердің шетелге шығуына болмайды деген мағынаға ұласты. Қытай бір партиялық ел. Шынжаңның жағдайы біршама күрделі, көп дінді және көп ұлтты өлке. Ұлттық және діни қайшылықтар бүгін бастала салған жоқ.  Қазақтар үшін соңғы 25 жыл алтын дәуір болды. Қазақстанға келіп оқыды, білім алды және үй сатып алды. Жан-жақты шаруаларын дөңгелетті. Екі елдің арасында емін-еркін келіп жүрді. Қазақтардың осы күнін көре алмағандар да бар болуы мүмкін. Жоғарыдағы қаулы төменге барғанда тіпті ушыға түсті. Шетелге барып ықтиярхат алғандарды, шетелге барып оқығандардың бәрін тексере бастады. Оларға «екі беткей» деген «қалпақ кигізіп», азаматтық құқықтарын шектеді.

-   Сіздер  бұл шаруаға қалай араласа бастадыңыздар?

-  Қытайдағы жағдайды білгеннен кейін Шынжаңның мұһажырлар (қоныс аударушылар) мен Сыртқы істер мекемелеріне хат жаздық. Бірақ олар жауап бермеді. Қытайдың Алматыдағы консулдығына  хат жазып жүрміз. Олармен бірнеше кездесу өткіздік. Бірақ мәселе шешіле қойған жоқ. 2017 жылғы елімізде өткен ЭКСПО көрмесінің ашылуына Қытай басшысы келетін болды. Осы кезде  Жас Алаш газетінің редакторы Руслан Ербота хабарласып,  Қытайдағы мәселелер жөнінде сұхбат беруді сұрады.Мен:  «қытайлар жабық ел болғандықтан ақпараттық шудан көрі, туындаған мәселені дипломатиялық жолмен шешкенді қалайды. Біз осы салада жұмыс істеп жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, кезінде Қажықұмар Шабданұлын алып келуге болатын еді. Бірақ сол кезде улап-шулап, айғай-аттанға салдық. Бірақ ҚР Сыртқы істер министрлігі және басқа қатысты орындар онша қозғала қойған жоқ. Сонымен ол кісі келе алмай қалды.»,- дедім. Осыдан кейін Жебеудің бұрынғы хатшысы Рақым Айыпұлына «Азаттық радиосының» журналисі хабарласып, «осы мәселе бойынша пікір айтсаңыз, жақында Қытайдың төрағасы Си Цзинпин келеді, біз сол кезде осы мәселені көтереміз»,- деді. Осыдан кейін Қытай консулына хат жазып «Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» стратегиясы Қазақстанда басталған. «Бір белдеу – бір жол» жобасының  саясаттың сәйкестігі, жолдардың тұтасуы, сауданың дамуы, ақшаның айналымы, халықтар арасының жақындауы қатарлы 5 түрлі тиімді принципі бар. Жоғары жақта осындай саясат болғанмен, төмен жақта басқаша,  әкесі баласын көре алмайды. Баласы шешесіне, күйеуі әйеліне жете алмай жатыр. Ел аман жұрт тынышта осылай отбасылар бөлініп қалды. Бұл дегеніңіз  «Бір белдеу- бір жол» принциптеріне қайшы. Жақында Си Цзинпин келеді екен, Қазақстан демократиялық ел. Ақпарат құралдары кез келген уақытта мәселені көтере алады. Сол кезде ырықсыз жағдайға тап боласыздар. Өйткені мына жақта ЭКСПО-ны қолдап келіп жатырсыздар, ана жақта Шынжаңның жағдайы мүлде басқа»,- дедік. Осыдан кейін олар бізді кездесуге шақырды, барып мәселені төтесінен қойдық. Оның алдында 19 мамыр болса керек, Бейжіңде «Бір жағалау-бір белдеу» бойынша өткен жиынға Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Астанада бір топ зиялы қауым өкілдері, оның ішінде  «Жебеудің» бұрынғы төрағасы Талғат Мамырұлы   және мен бармын. Елші Чжан Ханьхуй мырзамен кездестік. Сол жерде тарих жөнінде біраз әңгіме болғаннан кейін, Қытайдағы қазақ  мәселесін көтердік. Алып барған хаттарымызды бердік. Сонда бір адамға Іле қазақ облыстық Кәсіп одақ комитеті  зейнетақысы тоқтасын деген құжат шығарғанын айтқанда елші ашуланып: «бұл не сөз? Кәсіп одақтың зейнетақыға араласатын не жөні бар», - деді. Осы кезде Астанада тұратын Думан Халмет деген азамат  өз басынан өткен мәселерді айтып, өзі Қытайға барып келгенін және туыстарының қиналып жатқанын айтты. Оны да естіп таңғалды. «Бұның бәрі дұрыс емес. Зейнеткерлерге айтыңыздар. Сіздердің зейнатақыларыңызды Африкаға, Америкаға барсаңыз да, Қазақстанда тұрсаңыз да беруге тиісті. Қытайдың социалистік құрлысы мен мемлекетіне қосқан үлестеріңіз қашанда ескеріледі», - деді. Осыған жоғарыдағы әңгіме қосылғаннан кейін, маусым айында Қытайдан арнайы қызмет тобы келді.

Алматыға келгеннен соң, бізден кездесетін адамадардың  тізімін сұрады. Біз әр аймақ пен әр саладан, зейнетақысы тоқтаған және отбасы мүшелері келе алмай жатқан 10 адам, «Жебеуден» 5 адам қосып, 15 адамның тізімін бердік. Солар кіріп, Қытай консулында 3 сағаттан артық  кездесу болды. Сағат 3-те кіргенбіз, 5- те аяқталатын кездесу 6-ға дейін жалғасты. Қызмет тобы бәрін жазып алды. Онда Шынжаң Сыртқы істер департеметінің бас хатшысы және оның орынбасары, Шынжаң Әділет департаменті, Ішкі істер департаменті, Кадрлар мекемесі, Саяси заң комитеті, Іле қазақ облыстық парткомның тәртіп тексеру комитеті сияқты орындардан құралған 7,8 адамдық делегация болды. Олар осындағы айтылған барлық мәселені қарастырамыз деп қайтты.  Осыдан кейін уәдем бойынша Жас Алаш газетіне сұхбат беріп, «Қытай деген үлкен ел. Батыс санкция салған кезде өзін-өзі қамдайтын ел. Өз саясаты, өз ұстанымы бар. Мысалы, соңғы кезде Тибетке шетелдіктер визасы болса да емін-еркін барып келе алмайды. Осы жағдайдың Шынжаңда да қайталамауының алдын алайық. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі мен Парламенті арқылы, қоғамдық ұйымдар жұмыс жасап, дипломатиялық жолмен шешейік. Өйткені Қытайдың бізде көптеген мүддесі бар. Осыны алға тарта отырып, біз Қытайға өз сөзімізді өткізіп, қандастарымызға араша бола аламыз»,- деп айтқанмын. Міне қазір сол айтқандарымыз бойынша іс оңына басып келеді.

Осыдан кейін маусым - шілде айларында жағдай біраз жеңілдеді. Сол кезде біраз адамның шаруасы шешіліп, төлқұжаты қолына тиді. Қазақстанға келіп үлгергендер де болды. Бірақ, артынан тамыз, қыркүйек айларынан бастап, жағдай тағы қиындай бастады. Азаматтардың телефонын тексеру күшейіп кетті. Қазақстанға келіп-кетіп жүрген адамдар мен Қазақстанда оқыған студенттерді  Қытайдың ұялы байланыс нөмірімен ватцап, фейзбук қатарлы әлеуметтік желілерге шыққаны үшін де саяси үйрену оталықтарына кіргізе бастады. Қазақстандағы бауыр-туысымен жиі хабарласатындарды «екібеткей» деп айыптады. Одан кейін ұлттық құндылықтар мен діни белгілерге тисе бастады. Мешіттердің айын алып тастап, ою-өрнекті ыдыстарды шақты деген ақпараттар да тарап жатты. Былайша айтқанда кезіндегі «Мәдениет зор төңкерісінің» бір көрінісі  қайталанды деуге болады. 2018 жылға келгенде жағдай тіпті де күрделіленіп кетті. Қазақстанға көшіп келген, оқып жатқан балаларына ақша салғандарға дейін саяси үйрену орталығына кіріп кетті. Тіпті вичат желілерінде «жұма мүбәрак болсын» деген сияқты хабарламалар жіберігендерді де сол орталыққа кіргізді. Саяси үйрену орталығының жағдайы әр жерде әртүрлі. Кей жерлердің жағдайы өте ауыр.  

Қытай консулдығы 2018 жылдың басында жаңа жыл мейрамын тойлады. Оған бір топ зиялыларды  шақырды. Алматы қаласында Қытайдан келген қазақ зиялылары, ҚР Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан халықтары ассамблеясы өкілдері, ұйғыр және дүңген диаспора өкілдері мен өнер адамдары қатысты. Осыған орай әлеуметтік желіде әңгіме шыға бастады. Қандастарымыз ана жақта қиналып жатқанда, біздің оралмандар, қазақтың зиялылары олармен бірге шәй ішіп, тұшпара жеп жүр деп айыптады. Оған кезінде сайтымызда жауап беріп, кімнің барғанын, не істеп жүргенін жазғанбыз.  Осыдан кейін 22 наурызға қарсы Қытай елшілігі тағы да концертке шақырды. Сол кездегі жағдайды ескере отырып, Жебеудің бүкіл мүшелері концертке барудан бас тарттық. Бұдан кейін Қытай консулдығы бізбен қандастар мәселесі бойынша сөйлеспекші болып, консулдыққа шақырды. Біз «сіздер біздің кеңсемізге келіңіздер, сонда отырып сөйлесейік»,- деп талап қойдық. Айтқанымыз бойынша кеңсемізге олардан 3 адам келді. Жебеудің барлық мүшелері және зиялы қауым өкілдерінен Жігер Жәнабілұлы бастаған бір-екі ағамыз қатысты. Шынжаңдағы барлық жағдайды консулдық қызметкерлеріне толық айттық. Осы кездесуден кейін, 20 наурыз күні Жебеудің 4 мүшесін Астанда Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Ханьхуй мырза  қабылдады.  Біз барлық мәселлерді айттық. Елші бәрін жазып алып, ең соңында «Қазақ пен Қытай арасында шешілмейтін мәселе жоқ. Екі ел - дос. Біздің көптеген стратегиялық мүдделеріміз бір. Қазақстанның тәуелсіздігін ең ерте мойындап, дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан елдердің біріміз. Мамыр айының басында Шынжаңға бір қызмет тобын жібереміз. Солар барып келгеннен кейін жауабымызды айтамыз»,- деді. Мен сол кезде «қызмет тобының ішінде бізден де 1,2 адам барса, саяси үйрену орталығын өз көзімізбен көрсек...»,- деп едім, «сіздер тұра тұрыңыздар, алдымен өзіміз барып келейік»,- деді. Содан Үрімжіге Астанадағы елшілік пен Алматыдағы консулдықтан 5 адам барды. Осы аралықта біздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Мұхтар Тілеуберді де Үрімжіге барды. Ол кезде Қытай «тіркеуі өшпеді, қос азаматтық» деген сылтаумен  бір топ ҚР азаматтарын ұстап, алды саяси үйренуге кіріп, арты паспортынан айырылған. Осы кезде біз де бірнеше түсіндіру жұмыстарын істедік. Еліміздің сыртқы істер министрлігіне хат жаздық. Мұхтар Тілеуберді мырза қайтып келгеннен кейін Қазақстан азаматтарының 8-і босап келді.

-  Былтырғы Қытайдан келген делегациямен кездесуге «Жебеу өз адамдарын ғана кіргізіп, консулдың алдығы есігінен кіріп, артқы есігінен шығып кетті. Делегацияны қандастарымызбен кезіктірмеді»,- деген пікірлер көп айтылды. Осыған не дейсіз?

-  Бұндай сөздер тарады. Білмеген адамға солай көрінген шығар, ал зиялы қауым өкілдері бұны жақсы түсінеді. Қытай консулы Қытайдың териториясы саналады. Ешкім де рухсатсыз кіре алмайды. Қытайдың консулдығының 2 қақпасы бар. Біз кіргенде алдыңғы қақпасынан кіргенбіз, қайтарда артқы есіктен шығарды. Шыққаннан кейін ешқайда қашып кетпедік, алдыңғы есікке айналып келіп, сонда тұрған журналистерге сұхбат бердік. Жанымыздағы жасы үлкен Мұқан Мамытхан ағамыз сұхбат берді, қалғанымыз сөйлеген жоқпыз. Сол кездегі видео ватцап желісінде әлі тарап жүр, видеода анық көрініп тұрмыз. Кездесуге әр аймақ, әр өңірден, әр саладан адамдар кіргізгенімізді жоғарыда да айтқанмын. Кірген адамдардың тізімін Қамшы порталында жариялаған болатынбыз.

Әлеуметтік желіде қандастар арасында түрлі дау-дамай орын алып жатқанын байқап жүрміз. Бұл Қытайдағы қандасына алаңдаған ағайынның арасында туындаған түсінісбеушілік пе, әлде қандастар арасында әдейі жік салып отырған күштер болуы мүмкін бе?

-  Бұл шынында күрделі мәселе. Қазақстан қанша дегенмен Орта азия елдері ішінде Европамен салыстырмасақ та ақпараттық еркіндігі бар ел. Бізде еркін телеарналар, басылымдар, сайттар, тәуелсіз журналистер,  блогерлер бар. Елбасынан бастап, минитсрлерге дейін атын атап, түсін түстеп пікір айта алады. Қазақстан орта азиядағы ең іргелі елдің бірі болды. Соңғы 25 жылда Елбасының көп векторлы саясатының нәтижесінде әлемге танымал болдық, экономикамыз дамыды. Шекарамызды бүтіндедік. Шетелден миллионға таяу қандастарымызды шақырдық. Батыспен де, шығыспен де, айналамыздағы көршілерімізбен де татау-тәтті тұрдық. Екінші жағынан бізге көптеген күштер кірді. Ресейдің күші бұрыннан бар, Арап-парсы, батыс пен Қытайдың мүдделердің таласына айналдық. Қазақстанда егемендік алғанда 42 пайыз қазақ 70 пайызға дейін көтерілді. Менің ойымша қазақтың көбейгені сыртқы күштерге ұнамайды. 2009 жылғы санақ бойынша қазақтың үлес салмағы 67 пайызға жеткені бейресми хабарланды. Кейін 62 пайызға төмен сырғытты. Осыдан бастап қандастарға қарсы науқан басталды. «Оралмандар жылайды, үй сұрайды, кезінде олар қашып кеткен, олардың көбі білімсіз» деген сияқты ақпараттық шабуылдар болды. Осыдан кейін 2013 жылғы көші-қон заңына өзгеріс енгенде қандастардың азаматтық алуы қиындап кетті. Орамлмандар ҚР азаматтығын алуы үшін 4 жылдық тұрақты тіркеуі болуын талап етті. Азматтыққа тапсырар құжаттардың ішіне соттылық туралы және көші-қон  парағынан шығу туралы анықтамалар қосылды. Бұрынғы заңда бұл екеуін этникалық қазақтардан талап етпейтін. Осыдан бастап Қытайдан келетін көш 3 жылдай тоқтады. Зиялы қауым өкілдерінен сол кезде үш мәселені айтуға болмайтын деп естігем. 1- жер, 2- Алаш Ода, 3- оралман мәселесі. Өздеріңіз білесіздер, 2 жылдың алдында президент апараты басшысының орынбасары сотталып кетті. Сол азамат кеткеннен кейін көші-қонда жылымық пайда бола бастады. 2017 жылығы Дүниежүзі қазақтарының 5 құрылтайында Елбасы құжаттық кедергілерді алып тастады. Одан кейін әңгіме Қытайдан шықты. Осының бәріне қарасақ айналамызда қазақтың көбейіп күшейгенін, біріккенін қаламайтын күш бар  сияқты. Олар жайшылықта қазақ болып, қазақшыл болып айғайлағанмен, мақсаты басқа сияқты. Өйткені басында Қытайдағы қазақ мәселесі бойынша бір топ жас жігіт жұмыс істеп жүрді. Оларға түсіністікпен қарадым. Ашынған халық айтарын айтып, шерін шығару керек қой. Өйткені Қытайдан 60 жылдары 100 мың қазақ өтсе, соңғы 20 қанша жылда 200, 300 мың қазақ келді. Осының бәрінің ол жақта бір жақыны бар. Халықта ашу ыза бар, алдында 3 жыл азаматтық ала алмай қиналды. Енді азаматтық алайын дегенде Қытай шақырып алып, паспортын жинап алды. Әрине біз, Қытайдың ішкі ісіне араласа алмайтын шығармыз, бірақ Қытайдың бұл істеп жатқанын ешкім ақтай алмайды, қолдай алмайды, нағыз шектен шыққандық, өздері қол қойған халықаралық келісімдер мен өздерінің конституциясын, жергілікті өзін-өзі басқару заңын орындамай отыр. Бірақ біздің мақсат осы мәселені шулатпай қоғамдық ұйымдар арқылы, партиялар арқылы, екі елдің сыртқы дипломаттары арқылы шешу. Мен әуелбастан қазақ мәселесін халықаралық дауға айналдырудан қорыққам. Өздеріңіз білесіздер, күш пен күш тең емес. Біздің жеріміз үлкен, санымыз аз. Бізге өсіп-өркендеу керек. Осы тұрғыдан айтқанда біздің ҚР Сыртқы істер министрі Қытай паспортымен жүргендер қытай азаматы, оларға толыққанды араласа алмаймыз деп үзбей айтып келеді. Ол да шын сөз. Мысалы, 1998 жылы Индонезияда Қытайға қарсы үлкен науқан басталды. Одан бұрын Индонезияда көптеген мемлекеттік компанияларды, қаржылық құрлымды қытайлар ұстап отырған. Толқу болғанда көптеген қытайлардың дүкендерін тонады, адамдарды өлтірді. Бірақ оның бәрі Индонезия азматтары. Сол кезде Қытай оған ашық араласа алмады. Тек  қоғамдық ұйымдар, дипломатиялық органдар арқылы қарсылықтарын білдірді. Индонезия үкіметінен мұндай жағдайдың болмауын талап етті. Оның алдында Борбет кезінде Камподжада 300 мыңдай қытайды өлтірді. Түрлі жала жапты, қуғындады. Оған да Қытай үкіметі араласа алмады. Вьетнам да көптеген қытайды елден қуып шықты. Аяғы 1979 жылғы екі ел арасындағы соғысқа айналды. Осы сияқты бұндай халықаралық мәселелр өте күрделі. Осы тұрғыда Елбасымыздың ұстанған саясаты сарапдал, еркін болы. Алдымен Сыртқы істер министрлігі Пекинге барып келді. Онан кейін Елбасы Циндао саммитіне барды. Сол кезде кездесулерде қандастардың мәселесі айтылды. Мысалы, мен кейін делегация бастап, Қытайға барған кезімізде Қазақстанның Пекиндегі елшілікінің жігіттерімен кездестік. Сол кезде елшіліктің жігіттері «Елбасы Циндао саммитінде қандастар мәселесіне тоқталды, бірақ ол нақты хаттамаға енген жоқ, жеке кезіккенде айтты» деді. Міне осыдан бастап жылымық пайда болды.  Жаңағы күшке келсек, сол күштер бар ма деп ойлаймын. Көрністе ұлтшыл болып көрінгенмен нақты актуалды мәселені айтпайды. Ылғи аңыз, өсек-аяң айтады. 500 мың қазақ қамалып жатыр дейді. Қытайдың 2010 жылғы санағы бойынша 1 миллион 700 мың шамасында қазақ бар. 500 мың қазақ деген ең жансаны көп Іле аймағының адамы бірақ кіріп кеткендей болады. Бұл ешқандай ақылға сыймайды. Шынжаңда жалпы ұсталғандар миллионға таяды деп Батыс айтып жатыр. Мүмкін бұл рас шығар. Шынжаңда 10 миллионнан артық ұйғыр бар. Оның 10 пайызы ұсталса, ішінде 3 пайыз қазақ және басқа ұлттар десе көкейге қонады. Осы мақсатта 3 мамыр күні Алматыдағы Қытай консулдығы кездесу өткіздік. Басында «Қазақстан» қонақ үйінде өткізетін болып, 50 адам кіргізуді айтты. Сол кезде «Қытай консулымен кездесуге бармаңдар, бомба қойылады»,- деп әңгіме таратты. Қытай консулы қауіпсіздікті ойлап, консулдыққа ауыстырды.  30 адамды қабылдады. Кездесу Қытай консулының өзінде өтетін болған соң «егер Қытай консулдығына барсаңдар ішкен суларыңа у қосып береді. 3 айдан кейін өлесіңдер» деп жазып таратты. Оны да кімдердің таратқанын білдік. Кейін әлеуметтік желіде таратқан IP әдірістері бойынша анықтадық. Қандастардың жазған арыздарын Қытай консулына өткізуге кедергі жасап, осыншалық қарсыласатындардың шыққанына қарағанда қазақтың қосылғанын қаламайтын, көрністе қазақшыл, көмескіде қазақ көшіне қарсы, мақсатты, ұйымдасып, жан-жақты кеңесіп жұмыс істеп отырған арнайы бір күш бар деп ойлаймын.

81ca3bbb-ae59-4be2-96a5-6e5c143d9745.jpg

-  «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі туралы да алып қашпа сөздер көп. Жебеу және басқа Қытайдан келген зиялылар қытайдың мүддесіне жұмыс жасайды, қытайшылдар деп айыптайды. Осыған не айтасыз?

-  Ондай айыптауларға біз үйрендік. Кеңес үкіметі  мен Қытайдың жағдайы жақсара бастаған кезде көптеген студенттер осы жаққа келіп оқи бастады.  Кеңес үкіметі ыдырап, қазақ елі тәуелсіздік алағанда келіп оқығандар бар. Бұлар көштің алды.  92 - 94 жылдары 60, 70-дей 20 мен 30-дың арасындағы жастар Қытайдағы бүкіл қызмет пен басындағы үйімізды тастап, жалғыз чемоданымызды көтеріп келдік. Тәуелсіздікпен бірге көгеріп-көктеп,  өсіп өндік. Алғаш келген азаматтардың ішінде кейін бір-бір ауылды көшіріп келгендері болды. Қазақстанның экономикалық жағдайы жақсаруымен бірге, біздің де кәсібіміз жандана бастады.  Осы кезде елге жұмыс жасасақ деген ойға келдік. Содан 2009 жылы «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігін құрдық. Мақсатымыз екі ел арасындағы халықтық дипломатияны дамыту. Жұмыс бастағаннан бері еліміздің ішкі саясат басқармалары мен партиялардың, қоғамдық ұйымдар және мемлекеттік мекемелердің қолдауына ие болдық. Әрі Қытай елшілігі және  консулдығымен де белгілі деңгейде жұмыс жасадық. Мені  Асқар Мырзахмет Нұр Отан партиясының бірінші орынбасары болып тұрған кезде екі рет қабылдаған, Мұхтар Құлмұхамет бір рет қабылдады. Биыл ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев екі рет қабылдады. Осы кездесудің бәрінде қандастардың мүддесін, жергілікті ортаға үйлесуін талқыладық. Өз пікірлерімізді айттық. Қытайдағы осы мәселе басталғаннан бері өз сайтымызда ашық ақпарат жариялаудан сырт, ҚР Парламентінің осы іспен айналысып жүрген депутаттарына, министрліктерге, ҚР президент апаратына, үкіметке көптеген хат жаздық. Мәселенің шыққан себебін айтып, шешудің жоларын қарастырдық. Соңғы бір хатымызда: «Бірінші, Халықаралық тәжрибелерді есепке ала отыра, Қытаймен арадағы көші-қон келіссөзін жандандырып, ондағы қандастарды бірден көші-қон шақыртуымен алдыруды үкімет деңгейінде жолға қою - мәселені түпкілікті шешудің таптырмас тұтқасы. Қазір Америка мен Қытайдың арасындағы сауда теке-тіресі күннен күнге күшейіп келеді. Қытайдың энергетикаға деген тәбеті ұлғайып ғана қоймай, таза экологиялық ауыл-шаруашылық өнімдерге деген сұраныс артуда. Бұл екеуі де еліміздің басты басымдылығы болып табылады. Екі ел арасын екі темір жол желісі мен Батыс Қытай – Батыс Европа магистралы жалғап жатыр. Қытай, оның орта шығыстан теңіз бен мұнай тасымалдайтын 4 бағыты да АҚШ бастаған батыс елдерінің толық бақылауында тұрғандықтан, құрлықтағы көлік тасымалына көбірек үміт артып отыр. Біздің қолымыздағы көп көзірдің бірі осы. Дипломаттарымыз осыны пайдалана отырып, Қазақстандағы қытай кәсіпорындарына қытай қазақтарын еңбек күші ретінде тартуды көтерсе құба-құп болар еді. Бұл өткен 90 жылдардағы Моңғолиядан еңбек шартымен жұмысқолын тартудай өз тәжірибемізде де  болған тәсіл.

Екінші, Қазақстан мен Қытай да Вена, Женева, Хельсинки келісімдеріне қол қойған. Бұл келісімдер де бөлініп-жарылған отбасылардың қалаған еліне көшіп барып, қоныстану құқы қарастырылған. Тәуелсіздіктен кейін 300 мыңға жуық адам елімізге келіп қоныстанды. Осы адамдардың бәрінің екі ел ара еркін қатынасу, қалаған елінде бірге өмір сүру қақы бар. Сондықтан, Қытаймен болған келіссөздерде дипломаттарымыз көші-қон, туысшылау шақыртуы мен визасының жаңа механизмдерін қарастырса.

Үшінші, Қытайда көп жыл жүргізілген бір отбасы, бір бала саясаты қаладағы қазақтардың өміріне дендеп кірді. Орта, шағын қалаларда тұратын қазақтар жалғыз-жарым баласының қытайласып кетуінен қатты қорқады.  Олар бар жиған тергенін жұмсап, балалапын Қазақстанда оқытқысы келеді. Олардың көбі қазір тіл білмейді. Сондықтан, Қытай білім министрлігімен келісіп, осы балаларды Қазақстанға әкеліп оқытудың жолын қарастырса, ол үшін жоғарғы оқу орындарында дайындық курстары көбірек ашылып, арнайы бағытталған оқу құралдарына қаржы көбірек бөлініп, жас-жасөспірімдерге арналған жаздық лагерлер, спорт, өнер жарыстары көбірек өткізіп тұрса.

Төртінші, Қытайлар ежелден халықаралық қарым-қатынаста тұлғалар мен дипломаттардың жеке бастық қарым-қатынасына аса мән береді. Өзара сыйластық пен достық мемлекеттің кейбір саясаттарына ықпал етеді. Бұл сыйластықтың үлгісін Елбасымыз қытайдың үш буын басшысымен қарым-қатынаста көрсетіп келеді. Американың экс-мемлекеттік хатшысы Кесенгр мырза да көрсетіп кетті. Алғашқы Қытай – Американың қарым- қатынасының үстел теннисі дипломатиясынан басталғанын ұмытқамыз жоқ. Сол үшін Еліміздегі Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы, Қазақстан халықтар ассамблеясы сияқты қоғамдық ұйымдар мен жазушылар, суретшілер, кино-матристер одағы қатарлы шығармашылық ұйымдардың жұмыстарын Қытайдың тақылеттес ұйымдарымен оның «Бір белдеу бір жол» инициативасы аясында жандандырып, Қытайдың Бейжиңдегі интеллигенциясы мен билігіне ықпал етіп, қазақтардан келер қауып жоғын дәлелдеуге тырысу ләзім», -деген ұсыныстарымызды айттық. Қазір байқасам, осы ұсыныстарымыз жүзеге асып жатқан сияқты.

Қытай мұһажырлары кеңінен тоқталатын тақырып. Жебеудегі Құрмет Қабылғазыұлы «Қытайдың диаспора саясаты және оның Қытайдан келген оралманмен қатыстылығы» деген мақала жазып, осы тақырыпты барынша түсіндірген. Қытай өзін тарихтағы мемлекеттердің жалғасы ретінде Жуңхуа ұлты дейді. Қытай тарихында патшалық үкіметті аударып, алғашқы республика құрған Сүн Чжүңшань (Сун-Ятсен) деген адам бар. Ол алғашында батысқа еліктеп  қытай, манчжур, тибет, моңғол, ұйғыр қатарлы 5 ұлт біріккен федерация немесе республика құрамыз деп өзінің саяси бағдарламасына кіргізген. Бірақ  Сүн Чжүңшань билікке келген соң одан бас тартып, тек ғана республика құрады. Мао Цзэдун билікке келгеннен кейін Жуңхуа ұлттарын (қытай ұлттарын) құрамыз деді. Қытайда жалпы 56 ұлт бар, осының бәрін Жуңхуа ұлты деп жазды. Америка, Франция қатарлы елдерде ұлт пен мемлекет бір ұғым болып есептеледі. Көп ұлт пен этностан құралған АҚШ, тілі ағылшын тілі. Франция мен Түркияда солай. Осы бағытта Қытай да талпынып жатыр. Сол себепті шетелдегі Қытайда туғандардың барлығын жуңхуа ұлтының немесе мемлекетінің бір бөлегі деп қарайды. Шетелдің азаматтығын алғанын Хуа рын дейді, азаматтық алмағанын хуа шияу дейді. Біз де  осы атауларды кейбір жазған хаттарымызда қолданғанбыз. Өйткені біз олардан «Пекиндегі қазақ, Гуаңжудағы қытай, Оңтүстік Юнандағы мияузу шетелге емін-еркін барып келе алады. Неге Шынжаңда осыны істетпейсіңдер? Бұлар да  сендердің шетелде жүрген диаспораларың ғой»,- деп қандастарымыздың құқын Қытайдың заңдары аясында қорғаймыз. Қытайға хат жазғанда ғұндар мен сақтардың ұрпағымыз, ұлы Түрік империясы мен Алтын орданың жалғасымыз деп айтуыма болар еді. Бірақ, сөзімізді Қытайға өткізуіміз керек. Қандастарымыздың мүддесі үшін өз заңдарын пайлануымызға тура келеді. Мәселе атауда емес, нақты істе. Біз қай жерде қазақтың мүддесін ұстап тұра аламыз, қандай кезеңде қазақтың мүддесін қорғап шыға аламыз дегенге ақылмен қадам жасай аламыз. Қарапайым мысал айтайын, Алматыда түріктің, азербайджандардың  рестораны көп. Айсұлу, Тау самалы, Атажұрт, Өзжұрт деп қазақша ат қойып алған. Аттарын түрікше, күртше қойып қоюына болар еді, бірақ олар ақша табудың жолын ойлады. Біздің қазақтар 90- жылдары Үрімжіден кішкене шәйхана ашып, төбесіне қазақ шайханасы, қазақ рестораны деп қоятын. Ол кезде үрімжіде қанша қазақ бар? Оның бәрі кіре бермеген соң 5 қазақпен ақшада таппайсың, ұлттық құндылығыңды да дәріптей алмайсың. Біз бұл жақтарынан еврей мен армияндардан үйренгеніміз жөн. Еврей қай жерге барса сол елге сіңеді. Орыста Белозерский, Абрамович болса, Өзбекте Гафур Гулям, Шодиев болып өмір сүреді. Бірақ жүрегі еврей деп соғады. Бүкіл дүниенің ақшасы мен мәдениетін еврейге алып келеді. Армияндар да солай, «дүниеде Армян деген мемлекет жоқ, Армян деген фирма бар» дейді. Армяндар Евопада, Америкада, әлемнің барлық озық елдерінде ең жақсы қор биржалары мен ең табысты бизнестерде, кино саласында еңбек етіп жатыр. Бәрі тапқан ақшасын Арменияға әкеліп құяды. Сол 3 миллион-ақ жан саны бар Армения өзінен бірнеше есе Азербайжанды тығырыққа  тіреп отыр.

Басында біз туралы алып қашпа сөздер таратқандарға «түсіністікке келіп, бірге жұмыс жасайық» деп ұсыныс жасап көрдім. Бірақ жаңағы суларыңа у қосып береді деген соң, заңгер Абзал Құспан, журналист Сәуле Әбілдахан қатарлы азаматтарға жабылған жаладан кейін не деп түсінуге болады? Атажұртты алғаш құрған Қыдырәлі Оразұлы, Ырысбек Тоқтасын, Жұмабек Әлімхандардың шеттетілгені нені түсіндіреді? Меніңше, бұл жерде үлкен күрес, мүдделер қақтығысы болып жатыр. Жебеу, ана бір жүрген біраз жас жігіттер  бәріміз жәй ойыншық ғана болып қаламыз. Жалпы беттік бұл істердің артында үлкен күш,  мемлекеттер мен империялардың мүддесі тұр. Біздің қазақтың көбейгенін жан-жақтағы көршілеріміз қаламайды. Олардың мүдделері әртүрлі жолмен және түрлі мазмұнмен келуі мүмкін, оны зиялы қауым парықтай алса да қарапайым халық түсіне бермейді. Сонан кейін өткенде бір сарапшылардың осылардың артында бірінші қазақ көшін тоқтатуды, екінші келген қандастардың өз ішінде берекесін кетіруді, үшінші көшіп келген қандастар мен жергілікті қазақтардың арасына от тастауды мақсат еткендер бар дегені рас шығар.

Осы арада тағы бір айта кететінім, 2013 жылы Асқар Жакулин деген кәсіпкер азамат Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Қызыл Кесік ауылында атасы Жакулаға арнап ас берді. Асты ұйымдастырушылардың бірі болдым. Сол ауылға Алматыдан және өзге қалалалардан тайылы-таяғымызбен бардық. Бір ауылды тойға барғандар басып кетті. «Біз де ел болыппыз ғой, кім екенімізді білдіріппіз. Алуға емес, беруге келгенбіз. Республика көлемінде ат шаптырдық, бәйгеге көлік тіктік» деп өзімізше дүрілдеп қуандық. Елдің де еңсесі бір көтеріліп қалды. Оралмандар біреуден үй, машина, атақ сұрамайды екен, өздері де ұйысып тірлік істейді екен деген түсінік қалыптаса бастады. Осыдан кейін 2014 жылы Шығыс Қазақстандағы Қалба тауда Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығы өтті. Ол тойдың да басы-қасында болдым, «Қызай ана» қоғамдық қорының атынан 10 үй тіктік. Сол сияқты жүздеген үй тігіліп, неше жылқы сойылып үлкен ас берілді. Алматыда конференция өткізіп, Республика сарайында концерт берді. Халықаралық ақындар айтысы өтті. Сол кезде де қандастар үлкен күшке ие болыпты деп жатты. Осыдан кейін 2016 жылы Парламент мәжілісінің сайлауы басталды.  Осы кездерде «Оралманнан депутат керек» деп белсенділер өздерін, бір-бірін ұсына бастады. Филология ғылымдарының докторы Дүкен Мәсімханұлы мен ақын Ауыт Мұқибек  қатарлы азаматтарды ұсынды. Мен ойласам, осы екі той мен  сайлаудың  дақпырты әлде кімдерді тіксіндіріп тастаған сияқты. Өйткені Сайлау біткеннен кейін мені Нұр Отан Партиясының бірінші орынбасары Асқар Мырзахмет қабылдады. 1 сағаттай сөйлесіп, Жебеудің жағдайын таныстырдым және қандастардың құжаттық мәселелерін айттым. Сонда  «Сіздер осында ел боламыз деп келген соң елден бөлінгенді қойыңыздар. Егер саяси орын керек етсеңіздер, оралманнан депутат керек деп айтуларыңызға болмайды. Нұр Отан, Ақ жол сияқты партиялар бар, соларға кіріп партияның  мүшесі ретінде депутат болыңыздар. Бізде еркін сайлау, ешқандай топқа, жікке, ұлтқа басымдылық берілмейді. Екіншіден, Ішкі Қытайда жоғарғы оқу орындарын оқыпсыздар. Енді айғай аттанды қойып,  Қытайдағы озық технологияларды, инвесторларды елге тартыңыздар. Экономикамызды көтерейік, ауыл шараушылығын дамытайық. Осы жағында жұмыс істеңіздер, осыны Жебеудің мүшелеріне жеткізіңіз»,- деді. 2017 жылы ең алғаш шабуылды Дүкен Мәсімханұлы мен Жебеуге қаратып, қандастар арасына үлкен от тастады. Осының бәрі біреулердің нұсқау бойынша жасалды ма деп ойлаймын. Жалпы мемлекет тұрғысынан қандастардың оқшауланып қалғаны дұрыс емес. Ағарту, ортаға беймдеу жұмыстарын жүргізсе мұндай олқылықтар болмайды деп ойлаймын. Мен де бауыр-туыстарыма осында келдің бе, елге сіңісіп, бейімделіңдер деймін. Бізге тек ұлт болып ұйысу ғана керек.

 

-  Қазір көші-қон, қандастарды бейімдеу жұмыстары қалай жүріп жатыр?

-  Әлемде қандастарын құшақ жая қарсы алған Германия мен Израйльдан кейін біздің Қазақстан. 27 жылдың ішінде миллионнан астам қандасты қабылдап, жұмыс беріп сіңіріп кеттік. Олар ұрпақтарымен миллионнан асып кеткен шығар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары 17 миллионнан 14 миллионға түстік. Одан міне18 миллионға жетіп отырмыз. Бұған шеттен келген қандастардың үлесі зор. Ертеректе «қазақ куәлігі» деген құжат болған. Сол куәлік үй алуға құжаттарды жеңілдетуге, базардан орын алып салықты азайтуға мүмкіндіктер берді.  1997 жылы Әкім Ысқақ мырзаның басшылығында Рақым Айып, Алмас Ахметбек, Абай Мауқара, Қайрат Бодаухан қатарлы Қытай мен Моңғолиядан келген азаматтар әзірлеген ҚР Халықтың көші-қоны туралы заң шықты. Сол заңда қандастардың құқықтары мен мүдделері толықтанды. Көшіп келгендерге қоныстану сомасы, студенттерге білім грантына квота берілді. Осыдан кейін  неше жүз мың қазақ келді, әсіресе оқуға келіп, тұрақтап қалған жастар өте көп. 2000-2009 жылдар «қазақ көшінің алтын дәуірі» болды. Бұның өзі мемлекеттің қандастарға деген үлкен қамқорлығы. Қандастарға әлі де мүмкіндіктер, құжаттық және  экономикалық жеңілдіктер берілсе дейміз. Қарапайым құжаттарды жасаудың өзі үлкен мәселе. Онан кейін көп адамдарды тіл қинайды. Орыс тілі басым қоғамға әлі бейімделе алмай жатырмыз. Біздің мұнай-газ бен кеннен түсетін пайдамыз өте жоғары, шағын-орта кәсіпті қолдауға жағдайымыз жетеді. Осы тұрғыдан Солтүстікке көшіп барған қандастар шағын-орта бизнеспен айналысса  табыс салығы мен қосымша құнға салықты алып тастаса, мемлекеттің бюжеті еш кемімейді. Осы ұсынысты өткенде ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев қабылдаған кезде   айттым. Ол кісі де бұл жөнінде өз ойлары барын жеткізді. Қыркүйек айында қандастардың көшіне серпін беретін жол картасын жасау туралы Дархан Аманұлы саясаттанушы Айдос Сарымға тапсырма берген, ол кісі дайыдау үстінде, біз де барлық ұсыныстарымызды бердік. Қабылдауында Дархан Аманұлы менен  «Моңғұлиядан қазақтардың келетіні келіп болды, ендігілерінің келу-келмеуі екіталай. Қытайдағы қазақтар келеді ме?»,- деп сұрады. Сонда  Қытайдағы жағдай Елбасының араласуымен реттеліп, қазақтардың паспорты қолына тисе, алғашқы жарты жылда 500 мыңға жуық қазақ келіп қалуы мүмкіндігін айттым. Сананы тұрмыс билейді деген, алдымен экономикалық жағдайды жақсарту керек. Онан кейін экономикалық мүмкіндіктер, бюжеттен өсімі төмен несиелер беру керек. Бұның бәрі қармақ қой. Балық ұстатқанша қармақ берген жақсы емес пе? Қармақтың бәрін Солтүстік обылстарға қарай салу керек, сол кезде қандастардың жаңа мүмкіндігі пайда болады деп ойлаймын.

-  Тамызда қоғамдық ұйым өкілдерінен құралған делагация  Қытайға барып қайттыңыздар, сіздер келген соң ШҰАР саяси кеңесінің төрағасы Нұрлан Әбілмәжін бастаған топ елімізде сапарда болды. Осы делегациялар туралы айтсаңыз, бұл келіссөздердің нәтижесі болды ма?

-  Нәтиже бар деуге болады. Елбасының Қытайға сапарынан кейін Шынжаңға барып жағдайды өз көзімізбен көрсек деген ұсынысымыз бойынша, Алматыдағы Қытай консулдығы хабарласып, «Қытайға бір делегация барады, Жебеуден 8 адам баруына болады» деді. Біз Жебеудің кеңес мүшелері ақылдасып: «Бұл жолы өзіміз ғана емес, Қазақстандағы танымал қоғам қайраткерлерін, саясаттанушылар мен журналистерді ертіп барайық»,- деп шештік. Содан Дүниежүзі қазақ қауымдастығынан Қарлығаш Бекпатшақызы мен Жәнібек Ілесбеков, Жазушылар одағынан Ақберен Елгезекті ұсындық. Бұл кісілердің жұмыс кестесі сай келмегендіктен бара алмады. «Жаңа Қазақстан» қозғалысынан Айдос Сарым, Дос Көшім, Расұл Жұмалыны, «Қазақ әдебиеті» газетінен Дәурен Қуатты, «Ана тілі» газетінен Жанарбек Әшімжанды ұсындық. Алматыдағы консулдық осы кісілердің тізімін алғанда «делегацияны біз ұйымдастырғандықтан сіздер адамдарды ұсыныңыздар, біз кімдердің баратынын өзіміз бекітеміз» деді, сол бойынша олардың таңдауы Расұл Жұмалы, Жанарбек Әшімжан, Ақберен Елгезек үшеуіне түсті. Қалған адамдарды тізімге неге қоспағанын олар айтпады, біз де сұрамадық. Алматыдан 6, Астанадан 11, жалпы 17 адам барып қайттық. Астанадағы тізімді кімдердің бергенін мен білмеймін. Қытайға барар алдында Алматыда кездесіп, Қытайға барғанда кім не айтатынын ақылдасып алдық. Өзіміз жинақтаған 6 мәселе туралы хатымыз бар, зейнеткерлерді қол қойып жинаған хаттары және үш аймақтан типтік ретінде алған үш адамның өтініш бар бәрін алдық.. Расұл Жұмалыға Саяси үйренудің орталықтары туралы сұраңыз дедік. Abai.kz порталында шыққан қайтып келе алмай жатқан студенттердің тізімін Жанарбек Әшімжанға бердік. 13 тамыз күні Пекинге бардық, түс мезгілінде Қазақстанның Қытайдағы елшісінің кеңесшісі Әбу-Тәліп Аймаханов мырза келіп, кездесулерімізде бірге болды. Бірінші кездесу ҚХР-ның Біріккен майдан министрдің орынбасары Тэн Тяньшиң мырзамен болды. Тэн Тяньшиң былтыр  Қазақстанға  Қытайдың делегациясын бастап келген. Біраз жағдайдан хабары бар. Кездесуге Орта азия департаменті, Азия департаменті сияқты департамент басшыларын алып келді. Жебеуден мен және Рақым Айыпұлы, Астанадан Думан Халметұлы мен Мәруан көптеген мәселерді айттық. Расұл да екі елдің дипломатиялық байланысын алға тарта отырып айтты. Кездесу бір жарым сағатқа жалғасты.

1535787840167276.jpg

 Одан кейін ҚХР Сыртқы істер министрінің вице министр дәрежесіндегі көмекшісі, ҚХР-ның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Чжан Ханьхуй мырзамен кездесу болды.  Ол кісіге 2 жылдан бері ауызша да, хатпен де айтып көп нәрсені түсіндіргенбіз. Чжан Ханьхуй мырза екі елдің экономикалық байланыстарын айта келіп «қазақ ұлты шекара аттаған ұлт. Оралмандар екі елдің ортақ байлығы. Екі елдің достығының кепілі. Біз оны терроризмнан бөлек қараймыз. Қазақстан мен Қытайдың арасында шешілмейтін мәселе жоқ. Бұдан кейін Солтүстік Шынжаңдағы шекара бекеттері еркін ашылып қалпына келеді. Осы бағытта жұмыс жасаймыз. Қазақ мәселесін екі ел ортасында шешіп, қиыншылықтағы отбасылардың мәселесін бір жақты етеміз. Сіздер қайтқаннан кейін мұндағы қазақтың ең үлкен басшысы Қазақстанға барып, осы мәселелрді сіздермен талқылап қайтады. Одан кейін екі қызымет группасы барып, Астана мен Алматыда ұзақ уақыт тұрып жұмыс істейді. Арыз шағымдарыңызды сол кезде де өткізулеріңізге болады. Шынжаңдағы жағдайға байланысты қазір мемлекет кадрларының бәрі Оңтүстік Шынжаң жаққа «төменге түсіп» кеткен, 2020 жылы қайтып келеді. Сол үшін көп адам бірін-бірі біле бермейді. Ал бұл қызмет группасы арнайы арыз-шағым қабылдайды, солардың жұмыс негізінде біраз мәселе шешіледі» деді. Одан кейін Ухан қаласында, соңынан Үрімжіге келдік. Үрімжіге келгеннен кейін ШҰАР-дағы 12 мемлекеттік мекеменің басшысы қатынасқан кездесеу болды. Кездесуді Шинжаңның Сыртқы істер департаментінің хатшысы басқарды. Алдымен сол кісі, одан кейін қалған департамент басшылары бірінен кейін бірі кезек-кезек сөйлеп, екі елдің қарым-қатынасының жақсы жақтарын айтып, баяндама жасады. Соның өзі 1 сағаттан асып кетті. Осы кезде Қытайға делегацияны бастап барған барған Гу Миң деген елшілік қызметкеріне «бұл тым ұзарып бара жатыр, бұлай бұлғанда біз не сөйлейміз» деген хабарлама жаздым. Ол кісі «сабыр сақтаңыздар, бәріне үлгересіздер» деп басу айтты. Белгіленген уақытқа қарасақ, бір сағатқа жетпейтін уақыт қалыпты. Маған сөз берген соң бәрін қамтып сөйлеуге тырыстым. Тиіптік жеке арыз бойынша ұлы мен келіні саяси үйрену орталығына кіріп кеткен Күлман Шүленбай апамыздың, Алтай аймағы Қаба ауданында тұратын, жас шағын Тарым лагерінде өткізген 78 жастағы Жұмабек Өсерұлының және ұлы мен келіні саяси үйренуге кіріп кеткен Шәуешектен келген, Алакөлде тұратын 82 жастағы Райхан Сағындықызы апамыздың арыздарын айтып, саяси заң комитетінің басшысының қолына ұстаттым. Бұл кісілердің мәселесін типтік мысал ретінде барлық кездесулерімізде айттық. Менен кейін Рақым Айыпұлы мен Думан Халмет сөйледі. Сонан кейін мен «мұндай кездесу күнде бола бермейді,  барлық департамент басшылары отыр екен. Менің қолымда осы тақырып бойынша 6  мәселені толық қамтыған хат бар, соны оқып берейік, құлақтарыңызда қалсын» деп жанымда отырған заңгер Алма Әуелханқызына  оқыттық. Бұл ұсыныс пен басқада хаттарды 20 данадай шығарып, Пекин мен Үрімжідегі кездескен барлық департамент башыларына бердік. Кейін Қазақстанның Қытайдағы елшісінің кеңесшісі Әбу-Тәліп Аймаханов мырза да хаттарымызды сұрап алып, «өте жақсы дайындалып келіпсіздер, Елшілік пен ҚР Сыртқы істер министрлігі бұл жұмыстарыңызға қатты көңіл бөліп жатыр» деді. Осыдан кейін Шыңжаңның өлкелік партия комитетінің саяси бюро мүшесі әрі күнделікті қызметке жауапты орынбасар төрағасы Чжан Чуньлинь деген кісі қабылдады. Ол жерде жарты сағаттай пікір алыстық. Екі елдің қарым-қатынасын айтып, қазіргі жағдай жөнінде пікір алмастық. Содан кейін, саяси бюроның мүшесі қонақасы берді. Қонақасыда жігіттер көсіліп, біраз нәрсені ашық айта бастадық. Расұл мен Жанарбек, одан Рақым сөйлегеннен кейін ШҰАР саяси бюросының мүшесі біраз шамданып, зейнеткерлер мәселесіне басқаша пікірде екенін айтты. Оған да дәлелді уәжімізді айтып, зейнеткерлердің өз табан ет, маңдай терінің ақысын талап етуі Қытайдың да заңына қайшы емес екенін, оның бәрі біркездегі Қытай саясатына байланысты заңды түрде зейнетке шыққандар екендігін түсіндірдік. Сөз соңында ол кісі де жақын арада арнайы қызмет группасының келетіндігін айтты.

59adf011-065a-4562-8e18-90c299617000.jpg

Қыркүйекте ШҰАР-дағы ең жоғарғы лауазымды қазақ басшы, ҚХР кеңейтілген саяси кеңесінің мүшесі, ШҰАР саяси кеңесінің төрағасы Нұрлан Әбілмәжін бастаған делегация Астана мен Алматыға келді. Ол кісі Астанада ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаев пен Алматыда қала әкімінің орынбасарымен кездесу өткізді. Одан кейін қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесті. Астанадағы кездесуде не айтылып, не шешілгені туралы хабарласып тұрдық. Астанадағылар: «бөлініп жарылған отбасылар, саяси үйрену мәселесі шешілетін сияқты, зейнеткерлер мәселесіне келісе алмадық. Осыны сіздер көтерсеңіздер»,- деді. Содан кейін біз түнімен дайындалып, Нұрлан Әбілмажінға зейнеткерлерге байланысты үш себепті негізге алып хат жаздық. «Кейінгі кезде әлемде 3 миллионға жуық ішкі Қытайдан шыққан азаматтар жүр. Оның бәрін еш алаңсыз зейнетақысын алып жүр, Шынжаңдағы зейнеткерлердің де үкіметтің нақты құжатымен негізі үш кезеңде зейнетке шыққан, бірінші рет мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту барысында 30 бен 40 жастағы қызметкерлерді де 70,80 пайыздық зейнетақымен зейнетке шығарған, Екінші кезекте Батыс өңірді ашу саясаты негізінде шекара районды дамытамыз деп, мемлекеттік қызметкерлерді 80,90 пайызбен зейнетке шығарып, сауда-саттық жасап, шетелге шығуға үгіттеген, үшінші рет ұлттық мектептерде қос тілді оқытуды бастағанда көптеген ұлттық мұғалімдер қытайша сабақ өте алмағандықтан 80, 90 пайызбен жасынан бұрын зейнетке шыққан. Осылардың біразы Қазақстанға келген, Алды жетпіске жетіп, арты елуді еңсеріп, еңбек қабылетінен айырылған кезде,   қалай далаға тастайсыздар?»,- деген мазмұнда хат жаздық.  Мұғалімдердің атынан Нұртұрған Нұрданбек деген жігіт 90-дай зейнеткердің арызын алып барды. Кездесуге Іле, Алтай, Тарбағатай, Санжы, Үрімжі қатарлы 4 аймақ бір қаланың әр жерінен, әр саладан және әртүрлі жағдайы бар 12 адам қатынасып, өз пікірлерін айтты. Асылхан деген сексенге таяған фото тілші, жазушы ағамыз: «Менің Пекиндегі қызметтестерім Гонконгте, Америкада алаңсыз соңғы өмірін өткізіп жатыр. Менің жүрек ауыруым, қант диабетім бар. Біреу сүйеп әрең жүремін, ал қызмет орыным шақыртып, «келмесең зейнетақыңды тоқтатамыз» дейді. Сонда менің аналардан не парқым бар? Мені неге бұлай қинайды, мен неге алаңсыз өмір сүрмеймін»,- деген сұрақ қойды. Сонда Нұрлан Әбілмажін: «сізді танимыз, бұл мәселенің бәрі шешіледі»,- деді.  Ол жерде біраз талас-тартыс болды. Осы жерде айта кетейін, 3 мамыр күнгі Қытай консулындағы кездесу де ұзаққа созылып, ашық пікір талас болды. Әр жақ өз пікірінде тұрып алған жағдайлар да болды. Кездесу белгілеген уақыттан асып кетті. Осы кезде басқа бір маңызды кездесу бар екенін айтып, кетіп бара жатқан Бас консул Чжан Вэй тоқтап, «мен сіздерге айтайын, әрқандай мемлекеттің заңы біртіндеп кемелденеді. Құрыла салып бәрі жақсы болып кетеді деу мүмкін емес. Сіздер де түсініңіздер, біздің еліміз біртіндеп дамып, біртіндеп кемелденіп келеді. Осы барыста қателіктер кеткен шығар, түсінісбестіктер болған шығар. Сіздер осыны да ойлаңыздар» деді. Нұрланмен әңгімеде де зейнеткерлер мәселесі, «қос азаматтық» жайында көп пікірлестік. «Қос азаматтық» бойынша Нұрланға «Қазақстан Кеңес одағының құрамынан шыққан ел. Тұрақты тіркеуге айырықша көңіл бөледі. Қазақстан азаматтығын алған кезде, біз бірінші Қытайдың паспортын өткізіп, содан кейін ғана Қазақстанның төлқұжатын аламыз.  Дамыған Европа елдерінде бұл басқаша, азаматтық алған соң бұрынғы паспорттарымен де жүре береді. Сіздердің айтып жүрген қос азаматтық деген, ішкі өлкелеріңізден Европаға барып азаматтық алғандар. Қазақстан мен Қытайдың арасында ешқандай «қос азаматтық» деген ұғым жоқ»,- дедім. Сөз арасында Нұрлан Әбілмажін «біз сіздермен айтысу-тартысу үшін келген жоқпыз, мәселені шешеу үшін келдік. Бір-бірімізді айыптамайық та сөкпейік, мен заңгермін. Заңды жағын қадағалаймын. Бұрын кей нәрселерге көңіл бөлмесек, енді көңіл бөлеміз, партиялық тәртіп күшейіп жатыр. Осындай түсінісбеушіліктердің бәрін ақылдасып шешейік» деп, өзімен бірге келген қызмет группасының Қазақстанда қалатынын айтты. Бір партияның ауызына қараған мына заманда саяси кеңес пен консулды басқарып отырған осы екі тұлғаның осындай пікір айтуын ерлік әрі шынайылық деп бағалаймын.


2a2ed933-5e8e-458c-bc2e-04114db918c7.jpg

(Зейнеткерлер мәселесі бойынша жазылған хат)

Осы кездесуде де әлеуметтік желіде біраз әңгіме айтылды. Астанада кездесуді баста «Пекин палас» қонақ үйінде болады деген соң алдына барып, біраз адам жиналып тұрған. Кездесуге жарты сағат қалғанда кездесу орнын қайтадан Қытайдың елшілігіне ауыстырыпты. Аламатыға келгенде, бізге де кездесудің қайда болатынын айтқан жоқ. Тек бір күн бұрын кеште хабарласып 12 адамның InterContinental Almaty қонақ үйіне барып тұруын айтып, «бұл ақпарат тарап кетсе ертеңгі кездесу өтпей қалады»,- деп ескертті. 13 қыркүйек тәңертең бәріміз сонда бардық, ол жерден консулдықтың көлігі келіп консулдыққа алып барды. Қайда болсын мемлекеттік делегацияның амандығы басты назарға алынады. Оларды қайда апарып, қайда алып жүруді Омарәлі тұрмақ, консулдық та шешпейді, оның бәрін екі елдің қауіпсіздік органдары алдын-ала шешіп қойған. Осыған байланысты Нұрланмен кезіктірмеді дегендерге айтарым осы. Ол кісінің қайда барып, кіммен кездесетін минут-секунтына дейін белгілеп қойған. Тіпті әлеуметтік желіде «Омарәлі Нұрланды саунаға апарыпты» деп жазғандар да болды. Олар соңынан қатесін түсініп, кешірім сұрады. Бұның бәрін мемлекеттік делегацияны көршісін қонаққа шақырғандай көретіндерге түсіндіру үшін айтып отырмын.

13 қыркүйек.JPG


Нұрлан Әбілмажін қазақтан шыққан азамат. Алматыдағы біраз жігіттер ұйымдасып, Алма-арасанға апарып қонақ қылдық. Ол жерге зиялылардан Набижан Мұхаметханұлы, Уатхан Сейпіл, Алмас Аxметбек, Жігер Жанабылұлы қатарлы 90 жылдары келген ағаларымызды шақырдық, Талдықорғанда тұратын Нұрлан Әбілмажіннің досы Мұхатай Әбдолла деген кісі келді. Өйткені Нұрлан бұл кісілердің бәрін жақсы таниды, еркін отырып пікірлессін, Қытайдағы жағдайлар бойынша ұсыныстарын айтысын дедік.  Еркін және көңілді отырыс болды. Бұның бәрін осылар жақсы көңіл-күймен қайтсын, мәселе осылардың қолында тұр ғой, оң шешімін шығаруға ықпал етсін деген оймен жасадық. Алма-арасаннан шыққан кейін Алматыдағы Қазақ-Қытай тіл колледжі мен «MAKSAT MeD» емханасына барды. Сонымен бірге делегация келер кезде екі оралман отбасыдан хал сұрайық деген. Осыған келгенде біз біраз қулық істеттік. 3 мамырдағы кездесуде де үш адамды ерекше оналастырғанбыз. Бірінші Күлман апамызға өтініг айтып ертіп барғанбыз. Басында ол кісі балаларыма кері тәсірі тиіп кете ме деп қорықты. «Қорықпаңыз, өз пікіріңізді айтыңыз, халық әртісісіз. Жолдасыңыз марқұм Жұмаділ Маман ағамызды бүкіл ел танитын жазушы. Енді осындай отбасының ұлы мен келіні саяси үйренуге кіріп кетсе, басқа халықтың жағдай не болады?» деп көндірдік.  Онан кейін Мұхан Мамытханұлының әйелі Қытайға барып, қайтып келе алмай жатқан. Екі жылдың алдында Бас Консул Чжаң Вэй Қытайдан келген оралман отбасылардан хал сұраймыз дегенде 4 аймақтан 4 отбасыны орналастырғанбыз. Соның бірі Мұқан ағамыздың үйі еді. Бас консул  барғанда жеңгеміз етін асып, күтіп алған. Алдымен Күлман апамызға сөз бердік. Ол кісі Қытайда 1- дәрежелі әртіс болғанын, осында келіп қазір немересін оқытып жатқанын, отағасы Жұмаділ ағамыздың осында қайтыс болғанын, Қазақстан азаматтығын алғандарын, ана жақтағы ұлы мен келінін бірдей саяси үйренуге кіргізгенін жылап тұрып айтты. Одан екінші сөзді Мұхан ағамызға бердім. «Бұл кісі Мұхан деген кісі, Неше жылдан бері бір қоғамдық ұйымның басшысы. былтыр барып үйінен шәй ішкенсіздер, сондағы сізге шәй құйып, ет асып берген  апамыз келе алмай жатыр, бұл кісінің денсаулығына күтім керек. Қазір баласы мен келінінің қолына қарап жүр, жағдайы қиын. Осыны да ескеріңіз» дедім. Үшінші Жұмабек Өсерұлының жағдайын айттым. Осы жолы Нұрлан Әбілмажінмен кездесуге 2 отбасы сұраған соң біріне Күлман апамыздың, екіншісіне Тарбағатайдан келген Қасен Майқыбай деген ақсақалдың үйін орналастырдық. Қасен ақсақал 2 қабатты үлкен үйде тұрады, жасы 80-ге келген. Нұрлан Әбілмажін Қытайдан келген оралмандардың жағдайының жақсы екенін көрсін дедік. Осы отбасыларды ұсынғанда консулдық: «бұл отбасыларда қандай қиыншылық бар? Балалалары саяси үйренуге кірген бе? Зейнетақылары тоқтаған ба?»,- деп сұрады. Қасен ақсақалдың зейнетақысы тоқтамағанын ешқандай мәселесі жоғын айттым. Күлман апамыздың ұлы ғана саяси үйренуге кірген деп, келінін айтпадым.

d59b7574-d427-4fbf-ae0b-de59f61b0efa.jpg

(Нұрлан Әбілмажіннің Алматыдағы сапарының графигі)

Күлман Шүленбайдың үйіне келгенде апамызды таныған консулдық қызметкерлері әдейі орналастырғанымызды білді. Алдыға тамақ келіп, дәстүр бойынша бас тартылды. Сол кезде Нұрлан маған пышақ алыңыз деді. Мен:

-     Нүке, сіз бұл үйге құдасыз. Атақты әртіс ағаңыз Мүтәліптің қызы Ділнұр осы үйдің келіні, жол сіздікі, - дедім. Осы кезде Нұрлан:

-     А, солай ма? - деп басты алып ырымын жасады. Дастарханнан ауыз түйдік, сол кезде Күлман апамыз жағдайды таныстырып сөйлей бастады:

-    Қытай еліне шамамыз келгенше еңбегімізді сіңірдік, қазір өз елімізде өмір сүріп жатырмыз. Ал балам мен келінімнің жағдайы осылай, біздің не күнәміз бар? - деп  көзіне жас алды. Сол жерде мен сөз алып, әдейі қытай тілінде сөйлеп:

-   Нүке, сіз үйге келгенде жылағанымыз дұрыс болмаған шығар. Негізі апамызбен бұл мәселені қозғамайтын болып келіскенбіз (алдын ала апамызбен осы мәселелерді осылай айтатын болып келісіп алғанбыз ғой). Сізді құда деген соң, апамыз еріксіз сөйлеп кетті, - дедім. Нұрлан да түсініп қытайша сөйлеп:

-    Омеке, бұл кісі айтпаса да мен сұраймын ғой, Дикош қарындасым қайда деп, қазақтың дәстүрі бойынша жағдайын білуім керек қой, - деді де жанында отырған Іле қазақ облысының басшысы Құрмаш Сержан деген кісіге осы мәселені өз қадағалуына алуын тапсырды. Консулдықтағы кездесуде кіргізген арыздарымызды, зейнеткерлер мәселесі бойынша жазған хатымызды да сол кісіге беріңдер деген болатын. Іленің Шапшал ауданында тұратын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өлең арнаған Ертай Сұлтанбекұлы деген жігіт саяси үйренуге кіріп кеткен болатын. Сол кісінің туыстары бір күн бұрын Елбасыға Назарбаевқа жазған арыздарының көшірмесін әкеліп берген. Обылыс басшысына сол кіселрдің де хатын бердім. Ол кісі бұл жағдайдан хабары бар екенін айтты.  

Одан шығып Қасен Майқыбайдың үйіне бардық. Қасен ақсақал Шәуешекте жұмыс істеген зиялы азамат. Үйінде шәй ішіп отырып, Нұрлан Әбілмажін Қасен Майқыбайұлының зейнетақысының тоқтамағанын білді. Таңертең консулдықта зейнетақы мәселесі бойынша Шынжаңның Еңбек департаментінің басшысы  бір әйелмен дәлел-фактлерімізді келтіріп біраз айтысқанбыз. Сол адамды Нұрлан шақырып алып «мына кісінің зейнетақысы тоқтамапты, ал ана адамдардықы не үшін тоқтады» деп сұрады. Ол әйел Нұрланға бірдеңені түсіндіргендей болды. Менің ойымша Нұрлан осыдан-ақ көп мәселеге көзжеткізді. 

Нұрлан Әбілмажін қайтқан соң алдымен Іле қазақ облысының Күнес, Текес, Моңғұлкүре аудандары зейнеткерлердің мәселесін шешті. Күлман Шүленбайдың ұлы Шалқар Жұмаділ мен келіні Ділнұр Мүтәліп та саяси үйренуден шықты. Арыздарын Бейжіңге дейін апарған Райхан Сағындықызы деген апамыздың ұлы Қуанышхан Зияданұлы мен келіні Нұрғадиша Үсенқызы 5 қазанда саяси үйрену орталығынан босады. Жұмабек Өсерұлы ағамыздың паспорты қолына тиіп, отбасына оралды. Мұхан ағамыздың әйелі бастаған бірнеше адам біз Қытайға барып қайтқанан кейін келген. Бұл азда болса да көзге көрінер жекелеген нәтижелері. Жалпы жақтан ол жақта қазақтарға деген көзқарас өзгерді. Біздің осы күнге дейін атқарған шаруаларымыз екі елдің дипломатиялық байланыстары негізінде жасалып отыр. Қытайға барған сапар жөнідегі бір газетке берген сұхбатымда журналист жігіт «біздің сапарымыз Елбасы сапарының жалғасы деп жазып қойған екен. Мен оны жалғасы емес жемісі деп өзгерттім. Біздің Сыртқы істер министріміз бармаса, Елбасы бармаса біздің сапарымыз болмас еді.

4bf3d279-3979-43dd-8e27-7b1dadaeae07.jpg

-    Қытайдан  келген қызмет тобына қандастар арыз-шағымын өткізіп жатыр ма?

-   Нұрлан Әбілмажін кетерінде: «бізді күтіп алғандарыңа, қасымызда болғандарыңа, мәселені бірге шешуге атсалысқандарыңызға рақмет! Кеште қызмет тобына жиналыс ашамын. Сіздердің кеңестеріңізді алып тұрсын, осы мәселені бірге шешейік деп тапсырамын»,- деді. Артынан бір апта өтті, қызмет тобынан хабар жоқ. Содан 10 күннен кейін Астанаға бардым. Астанада бір жігіт қызмет тобының бес адамы Пекин палас қонақ үйінде жатқанын, түнде сонда қонып, күндіз Қытай елшілігінде арыз қабылдайтындығын айтты. Мен дереу Алматыдағы Консулдық басқарманың басшысына хабарласып:

 -  Қытайдан қызмет тобы жұмысын бастапты ғой, Нұрлан Әбілмажін сіздермен хабарласып тұрады деп еді, неге тым-тырыс жатырсыздар?» деп сұрадым. Ол:

-  Біз саяси кеңеске қарамаймыз, қызмет тобын партия комитеті жібергендіктен консулдықта отырып жұмыс жасайды. Арыз шағымдарыңыз болса, осында алып келіңіздер, - деді. Біз баста олар халықпен ашық түрде кездесіп арыз қабылдайды деп ойлағанбыз, басында солай айтылған.

-  Ондай болса  ертең Елшілікке кіремін. Басшыңызға менен үш сәлем айтыңыз. 1- Нұрлан Әбілмажін бізбен жұмыс істеуді тапсырып кеткен, біз біраз адамдарды жиып жүрміз, қолымызда көптеген арыз бар. 2- осы мәселе жөнінде Астанадағы Қытай елшілісімен сөйлесемін. 3- Бас консул келген соң қызмет тобымен кездестіріңіздер, - дедім. Жарты күн уақытымды шығарып Қытай Елшілігіне барып едім, Елшінің қолы тимей, бізді Қытайға бастап барған Гу Миң деген жігіт қабылдады. Гу Миңмен 20 минуттай әңгімелесіп жағдайды түсіндірдім. Сол кезде ол:

-  Біз Консулдың жұмысына араласа алмаймыз. Олар өзі бір бөлек, Сыртқы істер министрлігіне қарайды. Арыз жазатындар болса, маған жіберіңіз. Біз қабылдаймыз, деді. мен:

-  Арыз жазған адамдар қай жетіскен адамдар. Біреуінің әкесі, біреуінің күйеуі Қытайда, бірінің зейнетақысы тоқтаған. Астанаға келіп-кету де оңай емес. Астананың төңірегіндегі адамдар болса сіздерге жіберейік, Алматы жақтағысын консулыдыққа жіберейік, менің сәлемімді елшіге жеткізіңіз, - дедім. Ол кезде Бас консул екі айлық демалысқа кеткен. Арада тағы бір іс-сапрада болдым, соддан келген соң қазанның ортасында Бас консул қабылдады. Сол кезде Шынжаңнан келген қызымет тобын көрдік. Екі қытай, екі қазақ 4 адам консулдықта арыз қабылдап жатыр екен. Арыз өтікізетін қандастарды кезексіз қабылдауларын айттық. Одан сырт көптеген адамдардың Қытай паспорты бітіп кеткен еді. Соны шешіп беріңіздер дедім. Консул «оның бәрін жинап өткізіңдер, қарастырамыз» деді. Паспортының уақыты өткен 17 адамның құжатын жинап, өтініш бергенбіз. Олардың көбі консулға құжаттарын  өткізді. Тағы төлқұжаттарының уақыты өткен 50 адамның өтінішін кіргізбекшіміз. Қызмет тобына да талай адамның арызын кіргіздік. Қытайда қазақша-қытайша сөздікті құрастырған С. Найман деген кісі болған. Сол кісінің де қызын саяси үйренуге кіргізіп, өзінің зейнетақысын тоқтатып тастапты. Ол кісіні консулға да, қызмет тобына да апарып кезіктірдік. Қызмет тобындағы бір қазақ жігіт С. Найманды таниды екен. «Осы кісінің сөздігімен қытайша үйрендік қой» деді. Қытайдан келген қызмет тобы осы сияқты нақты жағдайларды өз көзімен көрген соң, қандастарымыз дөп келіп отырған қиындықтарды сезінді деп ойлаймын.

Қытай паспорт.JPG

-   Осы тұста Қытайдағы қазақтар не істеуі керек?

-   Қазіргі қысым тоқтағанмен, Қытайдың дінге, аз ұлттарға саясаты өзгере қояды дей алмаймын, өзгермейді. Өйткені Қытай соңғы 2,3 жылда тіл мен діннің тұтастығын мемлекеттің тұтастығымен бірдей қарайтын әңгіме қозғап жатыр. Бұған үлгі ретінде Американы, Францияны, Түркияны айтады. Өйткені бұрын Қытай әлсіз болатын, қазір экономикалық және әскери қуат жағынан алға шыға бастады. Сол үшін алда тілді, дінді бірлікке келтірмекші. Бұл бағыт жүріп кетті. Енді тоқтамайды. Қытайдағы қалған қазақтарда енді ешқандай ұлттық құндылық, дәстүр деген нәрсе сақталмайды. Тек Қазақстанға келгенде ғана өздерін сақтап қалады. 95 жылдары елге келген, Қытайда әкім болған бір ағамыз дастархан басында  «енді тағдырымызға осы күн жазып Қазақстанға келген екенсіздер, Қытайдағы қызметіңді, атағыңды, байлығыңды айтпа. Осы елдің бір мүшесі болып еңбек етіп, өз орныңды тап. Ал Қытайда қалғандарыңа айтарым, өз еркіңмен қалған екенсің сен ол жақта діңіңді, дәстүріңді  балаларыңа айтпа. Қытайда үлкен саясат басталды, оны айтсаң сенің балаң ол жаққа сыймайтын жағдай болады. Өйткені, үлкен саясат басталып кетті. Соның зардабын тартып, қудаланып, түрмеге де отыруы мүмкін» деген сөзін айтып еді. Сол кезде осы адам дәл айтқан екен. Ұлттығыңды сақтауың керек екен, онда Қазақстанға келуің керек, ал болмаса басқаны бәрі бос әңгіме. Жасыратыны жоқ, қазір ондағы ірі қалаларда қазақ тілі тек отбасылық тілге ғана айналып қалды. Тіпті 20-дан төменгі балалалр қазақша білмейді. Өйткені, оларды ешқандай қазақ мәдениеті қызықтырмайды. Жастардың үлгісі кім? Қытайдың кино жұлдыздары, қытайдың бизнесмендері, қытайдың спортшылары, соған бейімделеді. Ол енді заңдылық, қытай неше миллион манчжурды жұтып қойған халық, кезіндегі түріктердің біразын жұтып қойған халық. Сондықтан ондағы қазаққа бірден-бір шығар жол Қазақстан.

-   Қытай - көрші ел, экономикалық жақтан түрлі әріптестік байланыстамыз. Халықта қытайға деген үрей басым. Қытай несімен қауіпті?

-   Қытай коммунистік партиясы билікке келіп, атом бомбасы жарылғаннан кейін батыстан бастап «Қытай қауіпі» деген айтыла бастады, әлі де айтыла береді. Әсіресе Кеңестер одағы кезінде 60 жылдары кейбір аймақтарда шағын қақтығыстар болды. Екі елдің арасынан құс ұшып өте алмай қалды. Ол кезде Қытайдағы қазақтар үшін Қытайдың нәсихаты бойынша орыстар қорқынышты, жиркенішті болып көрінді. Қазақстан үшін Қытай қорқынышты болып көрінді. Осының бәрі адамдар санасына сіңіп қалған. Жалпы Қытайда қоғамдық ғылымдар жақсы дамыған. Әлемде бұрнғы 4 үлкен өркениет болса, содан Қытай өркениеті ғана бүгінге жалғасып отыр. Грек-Рим, Мысыр, Вавилон өркениеттерінің бәрі тарихқа айналып кетті. «Бұл неге» деген сұрақ тарихшыларды да саясаткерлерді де ұзақ ойландырады. Мысалы Қытайдың Линь Юйтан деген мықты жазушысы Жапондар басып кірген 37 жылы «Біздің ел» деген кітап жазды. Бұл сол кездегі Қытай үкіметінің тапсырысымен жазылса керек. Онда Қытай мәдениетінің тореранттылығын жазады. Ол «дін жағынан келсек, христанның шіркеуінің мұнаралары аспанға тік шаншылып тұрады, өйткені ол  күш пен өктемдіктің белгісі. Қытайдың бұдда ғибадатханаларының шатырлары жан-жаққа жайылып, кең болып көрініп бәрін құшағына баурап алады. Біздің мәдениетіміз осындай кең болғандықтан ақылмен, төзімділікпен,  жапакештікпен бәрін жеңіп келе жатырмыз, Тарихта солтүстіктегі аз ұлттар (бізді айтып отыр) бізді талай бағындырды. Таң патшалығын құрған Ли Юаньды суреттегенде «Солтүстіктен  Орта жазыққа қарай көзі көк, сары шашты албасты келе жатыр» деп тарихшылар жазған, соған қарағанда соның өзі түрік болуы мүмкін. Түріктер бізді бағындырады, Астнамызды басып алады, билікке келеді, 2, 3 ұрпағынан кейін қытайланып кетеді, қытай мәдениетінің ұлылығы осы. Таң патшалығы құрылғаннан кейін поезия қатты дамыды. Одан кейін Шыңғысханың ұрпағы Құбылай Пекинді жаулап алып, Юан патшалығын құрды. Олар да 3, 4 ұрпақтан кейін қытайланып кетті. Юан патшалығы кезде қытай әдебиетінде драма қатты дамыды. Цин патшалығын манчжурлар құрды. Осы кезде проза  дамыды. Қытай тарихындағы ең ұлы 4 шығарма жазылды. «Қызыл сарай түсін» жазған манчжур ақсүйегінің ұрпағы»,-  дейді. Қытай мәдениетінің өзіне баурағыштығымен, кеңдігімен, молдығымен аз ұлттардың барлығын өзіне сіңіріп кеткенін айта келе, «Жапондар бізге басып кірді, бірақ бұлар да ұзаққа бармайды. Ұзақ соғысқа жарамайды, біртіндеп біз оларды сіңіріп кетеміз, не жеңіп шығамыз»,- деп жазады. Осыдан-ақ қытай мәдениетін түсінуге болады.

Бізде Ғұндар да, Түріктер де Қытайға ықпалын жүргізіп тұрды. Керек болса, астығын алды, салығын салды. Патшаларымызға ханшаларын берді. АҚШ-тың Кесенгр деген саясаттанушысы бар, Қытаймен қарым-қатынасты зерттейді. 2014 жылы «Қытай» деген кітап жазды. Сонда Қытай мәдениеті мен Қытай дипломаттарының мықтылығын айтады. Қытайлар солтүстіктегі аз ұлттардан жеңіліп қалады (бұл жерде ұлт дегенді мемлекет деуге болады, ғұндарды, үйсін, түріктерді айтады), бірақ келіссөз кезінде есесін қайырып алады дейді. Келіссөзде олар тарту таралғысын ұсынады, әдемі сөздерін айтады, күтеді, соның арқасында соғыста кеткен еселерін алып қалады. Бұл Қытай мәдениетінің тағы бір сыры дейді. Соған тағы мысал келтіреді. Цин патшалығының соңында Апиын соғысы болды. Сол кезде Қытайға сегіз мемлекеттің бірлескен армиясы басып кірді. Цин патшалығығы кезінде Ұлы Британияның да ең күшейген кезі. Көптеген сауда кемелері келіп, сауда істейік, жұмыс жасайық деп ұсыныс тастайды. Ол кез Цин патшалығының ең өркендеген кезі еді. Кан Си, Юн Чжэн, Цянь Лун  патшалар басқарған 100 жылдай уақытта Қытайдың мәдениеті мен экономикасы дамып дүниенің алдыңғы орынындағы империяға айналды. Қытайдың қазіргі территориясын да қалыптастырған осылар. Солар ағылшындарға «дүниенің кереметі бізде, алыс жүріңдер, сендермен сауда жасамаймыз» деп қуып жіберді. Артынан ағылшындар Апиын соғысы басталғанда Қытайдың кезіндегі жапқан есігін зеңбірекпен ашып кірді. Бұл бір жағынан Қытайдағы қоғамдық ғылым қатты дамып, ғылым-техникадан кенжелей бастаған кез. Амалсыз қытайлар көптеген теңсіз келісімдерге келіседі. Сол кезде Ихэтуан қозғалысы деген шыққан. Олар «дүниедегі алып ел бізбіз. Шетелдіктерді жек көреміз» деп ұрандап, өздері көбі қытайдың жұдырық өнерін жақсы үйренгендіктен «бізге шапша қылыш, атса оқ өтпейді» деген аңыз таратады. Сол кездегі перде артында билік жүргізіп отырған Цы Си ханым ихэтуандықтарға сеніп қалып, батысқа қарсы соғыс ашады. Ол уақытта христан католоктері Қытайда шіркеулерін тұрғызып, дін тарата бастаған. Ихэтуандықтарға жол берілген соң қалаларда көзге түскен шетелдік саяхатшылар мен діндарлардың бәрін өлтіреді. Біраз елдердің елшіліктеріне шабуыл жасап, Германияның елшісін өлтірді. Осыдан кейін 8 мемлекет Пекинге басып кіріп, Патша сарайын өртеп жібереді. Зеңбірек пен мылтықтың алдында Ихэтуан қозғалысы түкке жарамай қалады.  Араларында теңсіз келісімдер жасалады. Бұл туралы Кесенгр «осы кезде қытай дипломаттарының шеберлігі 8 мемлекетпен саудаласып жүріп, өзі іштерінен қайшылықтар туғызады. Соның нәтижесінде 1905 жылы Жапония мен Россияның арасында соғыс басталады. Ол екеуі соғысып кеткен соң батыс мемлекеттері бөлініп кетіп, Қытай ауыр қысымдардан аман құтылады» дейді. Жапониямен соғыста Қытайдың бүкіл теңіз порты күйреп кетеді. Оның барлығы ғылымға көңіл бөлмегендіктен, тарихшылар Қытайда өтірік ұлтшылар шығып айғай-аттан, у-шуға көп берілген деп жазды. Осы жерде бір қызық айтайын. Цин патшалығының соңғы кезінде Ли Хунчжан деген уәзір болған. Қытайдың тарихында оны «ұлт сатқыны, Қытайды сатқан» деп оқығанбыз. Қазір тарихи құжаттар анықтарлған кезде ол нағыз Қытайдың териториясын сақтау үшін күрескен адам екен. Сол кезде патша сарайында бір топ зиялылар «Жапонмен соғысу керек, Германиямен соғысу керек. Біз ұлы империямыз, не үшін сен соғыс ашпайсың?» деп Ли Хунчжанға қысым жасай берген соң осының ішіндегі ең белсенді үшеуіне генарал атағын беріп, әскер бастатып соғысқа аттандырады. Бірін Франция, бірін Германиямен соғысуға жібереді. Үшеуі де соғыста күйрей жеңіледі. Тіпті біреуі қолға түсіп, Қытайдың барлық құпиялықтарын ашып Европалықтарға сатылып кетеді. Міне осыны қалай түсінуге болады? Ал Ли Хунчжан соңына дейін Қытайдың мүддесін қорғайды. 

Қазіргі Қытай билігін орнатқан коммунистерді қытай ұлтшылдары деуге болады. Олардың көбі кәсіби төңгерісшілер. Басым бөлігі Кеңес одағының ықпалында болған, бір университетті толық оқымаған. Мысалы, Мао тек  кәсіптік колледж оқыған. Ең жоғарғы білім алды деген премьер министрі Чжоу Эньлай бұрын Жапонияда, Францияда оқыған дейтін. Бірақ ол да бірде бір универсиетті толық оқымаған, диплом алмаған екен. Осы Қытай ұлтшылдары билікке келгеннен кейін көптеген зиялыар Америкамен қарым-қатынасын түзеуін талап еткен, бірақ Кеңес одағының ақшасы мен қаруы арқыл билікке келген соң көбірек солардың қабағына қарады. Кеңес одағы да оларға көптеген теңсіз шарттарды ортаға қойды. Сталин өлгеннен кейін Қытайлар бағытын өзгертеді. Өздерінің дербес ел екенін айтып, арадағы көптеген келісім-шарттарды бұзады. 1962 жылы арада шағын қақтығыстар болады. Ел экономикасы құлдырап, сыртқы байланыс әлсірегендіктен осы кезде Америкамен байланыс орнатады, Жапониямен қарым-қатынас жасайды.  1971 жылы Біріккен ұлттар ұйымына мүше болып кіреді. Өйткені, Қытай деген үлкен базар.

Біз батыс құндылықтарын қанша алға тарқанымызбен «Ұлы  Британияның мәңгілік жауы да жоқ, мәңгілік досы да жоқ, мәңгілік мүддесі ғана бар» деп Черчил айтқандай батыстың да өз мүддесі болады. Өз мүддесі тұрған жерде сіздің кісілік құқыңыз, демократияңыз екінші орынға түседі. Қытайда көптеген мәселелер екі жақты келіссөздер негізінде шешіледі. Дастархан басында отырып, келісімге келуге болады. Қытайда оқыған бір топ зиялыар осыны түсінеміз. Осы жөніндегі ұсыныстарымызды үкіметке де айтып жатырмыз. Біздің Пекинге сапарымыз, консулдықпен кездесулеріміз тілін тауып, өз саясатын өздеріне қолданып, қандасымыздың мүддесін қорғау. Біз екі жылдан бері не жұмыс істеді дегенде Қытайдың Елшісі мен Консулына Шынжаңдағы қазақтардың жағдайының себеп-салдарын түсіндірдік. Мұндай жағдайлардың екі елдің қарым-қатынасына үлкен кір келтіретінін, оны батыс ойыншылары мен басқада күштердің пайдаланғысы келетінін, мұндай жағдай күрделене берсе екі елдің арасына сызат түсетінін түсіндірген соң олар мәселенің байыбына барып, қазақтарға болған қазіргі саясаттары өзгере бастады.

Кесенгр айтқандай енді ұтылмау үшін не істеуіміз керек?

-  Қытайда Қазақстантану қатты дамып жатыр. Қытайдың әрбір өлкесінде Орталық Азияны зерттеу институттары жұмыс істейді. Олар осы аймақтағы кез келген жаңалықты барлап, бақылап отырады. Жақын жылдары Шанхай мен Пекинде, Ши-андағы университеттерде  «Қазақ тілі» кафедрасы ашылды. Шынжаң университеі, Іле педагогикалық университеті, Пекин ұлттар университеті секілді оқу ордаларында бұрыннан бар. Қытайдың жоғары балл алатын ең озық жастары осы жаңа кафедраларға түседі. Енді біраз уақытта  Қытайдың дипломатиялық қызметтерінде, ұлттық компанияларына қазақ тіліне судай қытай жастары келеді. Ол үшін не істеуіміз керек? Біз де Қытайды тануымыз керек. Құдайға шүкір, қазір бізде бір талай университте қытай тілі кафедрасы бар. Қытайдан келген біраз қытайтанушылар қалыптасты. Қытайда 10 мыңнан артық  студенттеріміз оқып жатыр. Ол туралы да «Қытайға студенттер жібермеу» керек деп айтқандар болған. Шекара ашылып тұрса, біздің 5 университеттен Конфуций инистуты ашылып тұрса қытайға қалай студент жібермейсің? Ол Қытайды білме, соқыр бол деген сөз. Қытайды біліп түсіну үшін арасына баруымыз керек. Кезінде Тоньюкук бабамыз да Қытайға барып білім алған. Қытайдың Сун Зы деген генаралы «соғыста өзіңді де өзгені де білсең жеңілмейсің» деп Соғыс өнері деген кітабында жазған. Біз Қытайтануда осы бағытты ұстауымыз керек. Қытайдың да өз қиыншылықтары жетеді. Соңғы жылдары қытай ұлтшылдары басым болды ма Қытайдың халықаралық қатынастары тіпті шиленісіп кетті. Жапония, Ветанам, Индия елдерімен қатынасы ушығып тұр. Азияда осы үш елдің өзі Қытайға үлкен шектеу болады. Одан сырт Филиппин, Индонезия бәрімен жағдайы жақсы емес. Америкамен сауда соғысы басталды. Осы жағдайда біздің экономикамыз, ауыл-шаруашылық өнімдеріміз үшін үлкен мүмкіншілік туып тұр. Осы салада Қытаймен сауданы дұрыстап жасап, туындаған мәселелерді деркезінде шешіп отыруымыз керек. Қытайдың тауарлары тиісті кедендік салығы төленген соң елімізге емін-еркін келеді. Ал біздің тауарларымызға квота қойып тастаған. Экологиялық, санитарлық және басқа кедергілер шаш етектен. «Бір жағалау – бір белдеу» принциптеріне негізделіп, осы теңсіздіктерді жоюымыз керек. Сонда ғана еліміз үкіметі назар аударып отырған ауыл шаруашылығы, туризм саласының бағы жанып, көкжиегі кеңейеді.

 

Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан Түрдыбек ҚҰРМЕТХАН

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • Желтоқсан көтерілісі әлемге "жерден Мәді шығып, көктен Ғайса түскендей" әсер етті
    Сенат депутаты Қытайды зерттейтін арнайы институт құруды ұсынды