ІСКЕ СӘТ

Уақыты: 2020-09-24 Көрлімі: 4008 Сипаттама

1982 жылы Үрімжі вокзалында Тәңіртаудың қырат-қырқасынан келген бір топ қара домалақтың жолы түйісті. Ар жағы плацкартта жалғасқан 72 сағаттық сапар олардың тағдырын да тоғыстырып жіберді. Марқұм Тоқтар Қалелұлымен оның жерлесі Мұхтар (моңғол) үшеуіміз үш...

28870962_1605628576190206_1584362162174820352_n.jpg

 

1982 жылы Үрімжі вокзалында Тәңіртаудың қырат-қырқасынан келген бір топ қара домалақтың жолы түйісті. Ар жағы плацкартта жалғасқан 72 сағаттық сапар олардың тағдырын да тоғыстырып жіберді. Марқұм Тоқтар Қалелұлымен оның жерлесі Мұхтар (моңғол) үшеуіміз үш кісілік орындыққа жайғассақ, келесі вагонда мұрттары тебіндеп, біраз дүние көргені жүріс-тұрысынан, сөз әлпетінен байқалатын Рахым Айыпұлы мен Базарәлі Әріпұлы орнығыпты. Олардың ар жағында ұйғыр жерлесімен қатарласып орын алған Дүкен Мәсімханұлының төбесі қылтияды. Сонымен бас аяғы жиырмаға таяу бақыттан, қуаныштан беттері бал-бұл жанған заманның еркесі, су жаңа студенттер осылай вагон ішінде таныстық. Поезд Ұланбайдан өтіп, құмның ішіне кіріп қарқыны үдегенде терезеден ұшы қияры жоқ Такламакан құмына таңдана, телміре қараған Дүкен Мәсімханның осы сапарға аттанғанда әдейілеп сатып алған су жаңа бас киімін жел ұшырып кетіпті. Сонымен:

Жол үстінде қарсы алып жарық таңды,

Тарымға жеткеніміз анықталды.

Терезеден ұйтқыған Тарым желі,

Көрімдік деп кепкімді алып қалды.

Өрепкіген көңіл, бала жүректен туған бұл өлең бірдемде бәрімізге тарап үлгерді. Курстасымыз Дүкен Мәсімханұлы осы өлеңмен есте қалды. Сонымен жарысып өлең оқитын, бәсекелесіп өлең жазатын студенттік өмірдің естен кетпес кезеңі басталды.

Снимок.JPG

       Төрт жылдық студенттік өмір зуылдап өте шықты. Өлеңдеріміз, мақалаларымыз Шыңжаңдағы баспасөзде жарияланып жатты. Сол кезде құрған «Жас Қанат» атты әдеби үйірмеміз бәріміздің өсіп жетілуімізге, қоғамнан өз орнымызды табуға ігі әсерін тигізді. Оқуды аяқтаған соң Дүкен Мәсімханұлы Шыңжаң қоғамдық ғылым академиясының әдебиет зерттеу институтына бөлініп, әйгілі ғалымдар Жақып Мырзаханұлы мен Нәбижан Мұхаметханұлының шәкірті болып адуынды, отты азаматтық жырлар жазумен бірге, инемен құдық қазатын ғылымның шүңетіне бойлап кетті. 1991 жылы ҚХР Үрімжі «Жастар - өрендер баспасынан» «Жүрекке саяхат» деген алғашқы жыр жинағы басылып шықты. Бұл жинақ сол кездегі Шыңжаң қазақ жастары үшін алғашқы қарлығаштарының бірі еді.

       Шыңжаң жазушылар одағының органы болып, қытай қазақтарының рухани өмірінде ерекше із қалдырып, жарты ғасырлық шежіресінің куәсі болған, әдебиеттің бірнеше буынын тәрбиелеген «Шұғыла» журналының 40 жылдық мерейтойында поэзияның қорытынды мақаласын Дүкен Мәсімханұлы жазса, прозаның қорытынды мақаласын мен жазған едім. Кешегі курстас бұл күнде әріптеске айналып әдебиет пен ғылымның таусылмас әңгімесін, тілсім құпиясын айтып, ізденіп жүргенде иісі қазақты теңдесіз бақытқа бөлеп, жастарды шет-шегі жоқ арманға жебеп, тәуелсіздіктің таңы атты. Әрі-сәрі болмадық. Денсаулықтың барында, бес саулықтың бәріне хош айтып, бір-бір чемоданымызды көтеріп, атамекенге жетуге асықтық.

      Бүкіл экономикасы жоспарлы шаруашылыққа құрылған мемлекет тәуелсіздікке қол жеткізіп, тәй-тәй басып бір-екі аттаған соң нарықтың шыңырауына қойып кетті. Сеңген Ресей рубль аумағынан шығарып тастады. Тоқтаған зауыт-фабрика, күн санап құнсызданған ақша, алақап арқалаған әйелдер, тұрмыстық товарлардың жетіспеушілігі, ауыл халқының жаппай қалаға ағылуы. Әрине, бұның бәрі бізді жасыта алмады. Екі қолға бір жұмыс деп бәрін де көппен бірге көріп, «ұлт батыры» болмай, қарапайым Қазақстан азаматы ретінде өмірден өз орнымызды табуға талпындық.


        Барым да, бақытым да ғылым деп білген Дүкен Мәсімханұлы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде табан аудармай он жылға таяу уақыт ұстаз болды.

        2002 жылы ғасыр айрығында Астанаға алмасып келіп Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұстаздық қызмет шақырылып әрі кафедра меңгерушісі болып жиырма жыл уақытын бір күнгідей өткізді. Осы аралықта өлең мен ғылыми зерттеу қос қанаты болып, отыздан астам әдеби, ғылыми, аударма еңбектері жарық көрді. 300-ден астам ғылыми еңбектері ел іші сыртындағы беделді басылымдарда жарияланды. Әсіресе «қытайша-қазақша үлкен сөздік» президентіміз Қ.Тоқаевтың қамқорлығымен баспадан шығып, еліміздің тәуелсіздіктен кейінгі ғылыми-рухани өміріндегі үлкен құбылыс ретінде бағаланды. Әрине, қазақтың ең тыныш отырғаны екі кебісті бір-біріне кигізіп отырады демекші ауызбен орақ оратын даукестер бұл сөздікті С.Найман бастаған ұжымдық еңбекпен салыстырып соның көшірмесі деп сөз таратты. Мамандар бұл сөздікке жоғары баға берді. С.Найман бастаған ұжымдық еңбекте 50000 сөз бен термин болса, бұл сөздікте 80000 термин мен сөз кіргенін атап өтті. Сол кезде тарихи, реалдық шектемеге байланысты аталмыш сөздікте көптеген терминдер қытайша алынса, бұл сөздік тәуелсіздіктен кейінгі бір жүйеге түсірілген стандартқа толық жауап береді. Өркениетті елдерде мұндай сөздіктер 10-20 жылда жаңартылып, толықтырылып отырады. Танымал баспалар мен әйгілі университеттердің өз варианты болады. Өйткені, ғылым мен техниканың үздіксіз жаңалықтар әкелеуі көптеген терминдерді жаңартты. Оларды бірлікке келтіріп, айналысқа түсіру үшін сөздікке үлкен өзгеріс керек екені сауатты адамдардың бәрі білетін шындық. Ал жалақорға керегі тырнақ астынан кір іздеп, өзінің арам пиғылын іске асыру ғана.

95494831_2796102163845122_5170449452476923904_n.jpg

           «Ерім дейтін ер болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай Дүкен Мәсімханұлы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жылы орнын суытып, жүрегін қолын ұстап, аңқалақтап атамекенге алып-ұшып келгені, одан кейін инемен құдық қазып ғылыммен айналысқаны, ұстаздық жолында жан мен тәннің бар жылуын арнауы текке кеткен жоқ, ескерусіз де қалмады.

         Ұлт көшбасшысының жарлығымен «Қазақстанның Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Астана қаласына 20 жыл» мерекелік медальдармен марапатталды. 2010 жылы «ҚР жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы», 2012 жылы ҚР жазушылар одағының халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, 2012 жылы ҚР БжҒМ-нің «Ы. Алтынсарин» төс белгісіне, 2013 жылы ҚР Президентінің жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.

         Жұмыр басты пенде үшін, бұл атақ-мәртебелер ешкімнің тақиясына тар келмес. Төккен тердің, еткен еңбектің өтеуі деп білеміз. Дүкен мырзада бұл атақтарды, әлде кімдер құсап емең-есіктерге сұғынып кіріп сұрап алған жоқ, немесе атақ-құмар шенеуніктердің туған күніне, әлде мерейтойларында арнау оқып, поэзияның құның кетіріп тіленіп алған жоқ. Еңбектенді, еңбегі жанды. Тәуелсіздіктің қадірін жүрегімен сезінді. Еріне елі қормал болды.

         Досымыз Дүкен 50 еңсергенде, еңсесі биік кезінде, ақыл парасат толысып, кемеліне келген шақта, еліміздегі ең үлкен партия «Нұр-Отан» партиясы берген мүмкіндікті пайдаланып, партияішілік іріктеу – праймеризге қатысуға бел байлап отыр екен. Әрине сәт-сапар тілейміз. Бүкіл адамзат жоғарғы технологияға жүгініп, білімнің дәуірі басталғанда, бүкіл саналы ғұмырын жоғарғы оқу орындарында өткізген Дүкендей азаматтың өз жауапкершілігін сезініп, еліміздің ең жоғарғы заң шығару орны – Мәжіліске кандидатурасын ұсынуы заңды әрі құптарлық іс. Сайлау алды бағдарламасын парақтағанда екі ұсынысы назарымызды ерекше аударды: «Шекаралық және Солтүстік аймақтардағы босап қалған елді мекендерді жедел түрде қалпына келтіру туралы ұлттық бағдарлама қабылдау». «Қазіргі кезде Қазақстан халқының жалпы саны 18 миллион шамасында.  Бұл проблема ұлттық қауіпсіздіктің басым бағыты мәртебесіне де лайық, оны шешу үшін Республиканың демографиялық және көші-қон саясаты саласында түбегейлі әрі батыл қадамдар жасау қажет».

         Д. Мәсімханұлының бұл екі ұсынысы еліміздің қазіргі нақты жағдайы әрі болашақ стратегиясы үшін де өте маңызды, дер кезінде көтерілген дәйектеме. Жыл басында «Отандастар» қоры ұсынған Диаграмма 5 жүгінсек 2000-2019 жыл аралығында Қазақстанның жалпы өсімі 10% ғана екен, бұл аралықта Тәжікстан мен Өзбекстанның жалпы өсімі 68%, 60% болып бізді шаң қаптырып кетті, былай кете берсек ұлан байтақ жерімізге кім ие болады? Сыртқы көші-қон көңіл көншітпейді, ішкі-сыртқы кедергілер шаш етектен, ішкі көші-қонда оңып тұрған жоқ. Бюрократия мен коррупция адымын аштырмайды. Сондықтан білімі мол, көргені көп, тәжірибесі жетерлік, екі елдің жағдайымен жақсы таныс Дүкен Мәсімханұлын парламенттен көргіміз келеді. Үмітімізді ақтайды, сенімізді жоғалтпайды. Іске сәт.  

92874881_2597479890522908_6014362478341783552_o.jpg

 

Омарәлі ӘДІЛБЕКҰЛЫ

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • Рақым АЙЫПҰЛЫ: «Қонысқа» сан сайын Дүкен екеуміз дайындаған материалдар басылып тұратын
    Әділбек Қаба: Қазақ тілін үйренуге келгенде «кінәлі емеспіз» деумен 30 жыл өтті