(Жат жерде туып өскен қазақ азаматының Желтоқсан көтерілісіне көзқарасы)
Қарсыласпай өлмедім, қан татырдым.
Құлап қалсам атымнан, қайта тұрдым.
Сансыз басты диюдай сан тіріліп,
«Мен қазақпын» дегенді айта тұрдым.
Жұбан Молдағалиев
Мен «Жас Алаш» газетінің үстіміздегі жылы қараша айының 16, 21 күнгі санында жарық көрген «Желтоқсандықтар ауылдан келген ұрпақ еді, әрі қорғансыз болатын» деп аталатын Мәмбет Қойгелді мен С.Қасымовтың екеуара әңгімесін оқып терең ойға қалдым. Әрине желтоқсан жайлы материалдарды бұрын да оқыдық. Олардың дені желтоқсан көтерілісіне қатысып, жапа шеккендердің жан айқайы сияқты көрінетін. Ал мына материалдың ерекшілігі, мұнда желтоқсан сойқанына өзі тікелей қатыспағанымен оқиғаның өрбуіне сырттай әсер етіп, ұлт үшін іштей қан жылаған зиялы азаматтың көкірек жыры шертілген. Маған бұл сұхбат «желтоқсан құпиясының» сеңі бұзылуының бастамасы сияқты көрінді.
Сұхбатта айтылғандай Сабыр Қасымов «өз отанын, ұлтын «қажет» деген кезде, биілікке ыңғайлы тұста ғана сүйе алатындар» қатарынан емес, отанын, ұлтын сүюді мәңгілік мұрат тұтқан азамат екенін көрсете алыпты. Ал ендігі жерде бұл мақаланы оқыған зиялылар «желтоқсан кезінде жастарды көтеріліске ұрандаған тек Қасымов емес, оның ішінде мен де бармын» деп ағынан жарылып айтып көрсін, желтоқсанның қызығы сонда ғана ашыла бастайтын болады.
Менің айтайын дегенім, Желтоқсан көтерілісі - бір күнде, бір адамның тағы үшін туған жарылыс және тек алматылық синдром емес, ғасырлар бойы бодандықтан қасірет тартқан қазақтың мұң-шерінен туған ұлттық құбылыс екенін ашып көрсету.
Қазақ - ұлт, халық болып тоғысып, өз мемлекетін құрып оны сақтап қалу үшін талай қилы кезеңдерді басынан кешірген жұрт. Тіпті ежелгі дәуірдегі қанкешті оқиғаларды айтпағанның өзінде Жоңғар шапқыншылығы қазаққа қаншама қасірет әкелді. Қажырлы күрес жүргізудің арқасында қазақ одан да аман қалды. Мұнан соң қазақ жері, қазақ елі Ресей мен Қытайдың өзара саяси додасына түсті. Ақыры бүл күрес орыстардың пайдасына шешілді де, қазақ орыстың отарына айналды. Бір "қызығы" қазақтың ханы да, қарасы да Ресейдің бодандық саясатына қарсы шықты. 1731-1917 жылға дейінгі аралықта қазақтар бодандыққа қарсы үлкенді-кішілі 300-ге жуық көтеріліс жасапты. Олардың ішінде жеңіске жеткені де, жеңілістің ащы дәмін тартқан тұстары да аз емес.
1917 жылдан басталған халықтарды ұлтсыздандыру саясаты біздің халыққа Ақ патшаның тегеуірінен де ауыр тиді. Ақ патшаның бодандық саясаты ашық, айқын болатын. Ал лениндік ұлтсыздандыру ұраны (internationalsm) астыртын әрі аса жымысқы саясат еді. Ол бір ұлтты екіге бөліп бірін-біріне жүндей түткізді. Бодандықтың жаңаша түрін тек шен-шекпенге ие болған шолақ белсенділер ғана жан-тәнімен қабылдағаны болмаса, халық және оның зиялы тобы ешқашан толық мойындаған емес.
Әрине мойындағандары большевиктердің шен-шекпенін жамылды. Ал мойындамағандыры қызылдардың қылышына ілінді. Талай тарландар қызылдарға басын бере жүріп, әйтеуір ұрпағын, жерін сақтап қалды.
Халықтың енді бір тобы бодандықты мойындай алмай, шетелдерге босты. Бірақ олар қаншама шетте жүрсе де, ешқашан қазақтығын ұмытқан емес. «Елім-ай-лап» өмір кешті (Hasan Оraltay), «Жылдарын жылап өткізді» (Zardykhan Kinaiat). Олар бөгде мемлекеттердің азаматы бола тұра Қазақстанды арқа тұтты. Қазақстанда болып жатқан әрбір оқиғаға көз тігіп, Қазақстанның бір жақсылығын естігінде, төбелері көкке жетті. Қазақтың еңсесі түскенін көргенде, іштері қан жылады…
Өз басым 1916 - 1917 жылдары атажұрттан босып кетуге мәжбүр болған бір ауыл қазақтың ұрпағымын, бөгденің ортасында жүрсем де қазақ деген атымды кіршіксіз сақтауға тырыстым.
1981 жылы тамызда жолым түсіп, Алматыға алғаш келдім. Келерде қуанышымда шек болмады. Ал мен мұнда келген соң біздің Мәскеуден үйреніп, айтып, жазып жүрген «интернационализміміздің» түбі шикі екендігіне әбден көзім жетті. Тіліміз шұбарланып барады екен. Алматының көшесінен қазақтарды бірлеп-екілеп қана кездестіресің… Көз көрісіп, қол алысқан бірер қазақ ағайындардың бауырмалдық ақ көңілі, адал ниетін айтпағанда, құдды бір «славяндық» қалаға келгендей әсер алып, ұлт тағдырына елеңдеп іштей еңіреп жылап қайттым. Шынын айту керек, мұнда қазақтықты ұлтжанды санаулы ғалымдар, қазақ тілді ақын-жазушылар, әнші-күйші, жыршылар мен шопандар және 1956-1962 жылдары Қытайдан келген ағайындар ғана ұстап тұр екен. Егер бұлар болмаса, ұлт ретінде қазақтың тағдыры пышақ жүзінде тұрғандай көрінді маған.
1986 жылы желтоқсанның 17 күні Алматыда басталған көтеріліс туралы естігенде, қазағымның ұлт ретінде тұяқ серпи алғанына қуандым. Сол кештен бастап қолда бар барлық ақпараттық мүмкіндікті пайдаланып Алматыдан хабар күттік. Оқиғаның сыры сағат санап, күн санап белгілі бола бастады. Мәскеудің ресми хабарына сенбедік, сенгеніміз де келмеді. «Эн-Би-Си» бұл оқиғаны «қазақтар коммунистік тоталитаризмге қарсы көтеріліске шықты» деп жарияласа, Гонконгдан берілетін ағылшынша хабарда «қазақтар ұлтын сақтап қалу үшін күресіп жатыр» делінді. Моңғолияның ресми хабарлары Мәскеудің хабарларын қайталағанымен, моңғол зиялылары қазақ жастарының қадамын қолдап қазақтарға іске сәт тілеп жатты.
Қазақтың тас түлек ұл-қыздары шыбын жанын шүберекке түйіп, сол күндері іргесі еш сөгілмеген империялық орталыққа атой салып қарсы ұмтылыпты. Әлемнің бір қапталын уысында ұстап тұрған кеңестік орталықтың түсіне де кірмеген бұл оқиға шын мәніндегі қаһармандық, қазақтың ұлт-азаттығы үшін жанкешті күресі еді. Мұндай оқиғалар қолдан жасалмайды, күні жетіп, айы толғанда өзінен-өзі жарылады. Төңкерістер туралы орыстың әйгілі философтарының бірі Франк Семен: «Халықтың төңкерісін қолдан жасау мүмкін емес, оны халық өмірі өзінен-өзі тудырады. Жер қойнауына жасырынған бір тылсым, дүлей күштің тосыннан атқылағаны сияқты халық кегі де өзінен-өзі жарылады» деген еді. Осы тұрғыдан қарағанда 1986 жылғы қазақ жастарының көтерілісін қазіргі Украина, Грузия, Қырғызстандағы төңкерістермен салыстыруға болмайды. Аталған төңкерістер - ұлттық шеңбердегі оқиғалар. Ал қазақ жастарының төңкерісі комунистік империяның шаңырағын шайқалтып, оның күні өтіп бара жатқанын әлемге дабыл қаға жариялады. 1991 жылы Кеңестер Одағы ыдырап, ұлт мемлекеттері тәуелсіздігін жариялағанға дейін 1986 жылғы Алматыда қағылған дабылдың үні естілді де тұрды.
Желтоқсан көтерілісінің дабылы шетте жүрген қазақтар үшін «жерден Мәді шығып, көктен Ғайса түскендей» әсер етті. Шетте жүрген иісі қазақтың ұйқысы қашып, Алматыға құлақ түре бастады.
Желтоқсанның 18-і күні түс кезінде менің кеңсеме Моңғолдың мемлекеттік университетінің екі студенті келді. Аман сәлемнен кейін: «Аға Алматыда қазақ жастарын қырып жатыр дейді, оларды қолдаған белгілі қазақ зиялылары түрмеге жабылыпты, біз қазақ студенттері Ресей елшілігінің алдына барып, осыған қарсылық көрсетсек дейміз, бұған сіз қалай қарайсыз?"-деді. Мен ол кезде Моңғолияның ұлы хуралының депутаты, Моңғолияның орталық кәсіподақтар кеңесінің «Моңғолияның ВЦСПС) хатшысы едім. Мен олардан:
- Қанша адам шықпақшысыңдар? - деп сұрадым.
- Жиырма шақты студент бармыз…
"Қарақтарым-ау, жиырма шақты адам қай жыртыққа жамау болады, біреулердің аяғының астында қаласыңдар ғой, өйткенше атажұрттағы замандастарынның тілеуін тілеңдер, оларды қолдайтын моральдық және басқадай жол іздеңдер, жеделхат жазыңдар, радиоға барып сұхбат беруге тырысыңдар!" деген кеңес беріп, оларды шығарып салдым. Жастар елшіліктің алдына барған жоқ, бірақ қазағы үшін Моңғолияда бұрын-соңды болып көрмеген қадамдарға баруға дайын тұрған қазақ студенттерінің әрекеті менің жүрегімді жылытып, осының өзіне шүкіршілік еттім.
Сол күндері өзім білетін моңғол зиялаларының бәрі де қазақ жағында болды. Қайсыбірі ашық, қайсыбірі ыммен болса да, құдды біз өзіміз көтеріліске шыққандай-ақ ізет білдіріп жатты. Несін жасырайын, бір жартылықты қолына ала келіп көңіл айтқандары да болды.
19 желтоқсан күні көшеде келе жатып Моңғолияның дүлділ ақыны Дэндэвийн Пурэвдоржмен кездесіп қалдым.
- Хал қалай, хабардарсың ба? – деді ол маған сынай қарап.
- Иә, хабардармын - дедім. "Сенің тегің (тегің деп мені емес, қазақты айтып тұр, -З.Қ.) арқардай ай мүйізді батыр халық. Ай мүйізін қашанға жүніне жасырып жүре бермек, осылай бір серпілгені жөн еді. Өрленген халық өлмек емес! Қысылма!"- деді. Тек өзінің ғана емес, өзгенің күні үшін толғанып жүргені зиялы азаматқа жарасып-ақ тұрды. Тек өз ұлты, өз руының қалқасында «тышқаншылап» жан бағып жүретін зиялылар да болады. Өсетін елдің ұл-қызы олай болмақ емес.
Кремль Алматы оқиғасының маңызын қаншама бұқпантайға салып жасырғанымен, қазақ жастарының Алматы көтерілісі әлемдік мән-мағынаға ие болды. Оқиға әлемдік саясаттанушыларға ой тастап, олар кеңестік идеология, маркстік-лениндік ұлт саясатына концептуалдық өзгерістер енгізуді талап етті. Бірақ коммунистік қатып қалған жүйе бұл талап-тілекті мойындай қоймады. Осынау мойындамаушылықтың салдары Баку, Тбилиси және Балтық жағалауы елдерінде толқуларды тудырды. Мұның ақыры Кеңестер Одағының ыдырауына әкеліп соқтырды.
Менің ойымша, Желтоқсан көтерілісінің бүгінгі күнге жеткен бірнеше сабағы бар:
1. Желтоқсан көтерілісі Алаштан басталған қазақтың ұлттық тәуелсіздік ұранын қайта тірілтіп, ұйымдасқан қарсылық көрсету арқылы оны іске асырудың нақты тәжірибесін көрсетті.
2. Ұлт мәселесін шешудің ащы сабағын берді.
3. Желтоқсан көтерген ұлттық тәуелсіздік ұраны ұлттық идеологияның дайын жобасы еді. Бірақ желтоқсан көтерілісшілері ұлттық біртұтас саяси күшке айнала алмай ыдырап кетті де, мемлекеттің келешегі мен ұлт тағдырына қатысты мәселелерді шешуге тікелей араласа алмады.
Желтоқсанның ащы сабағы және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында орын алған экономикалық және әлеуметтік дағдарыстардың салдарынан Ұлттық мемлекет құру идеологиясы дағдарысқа ұшырады. Орысшылдар және Кремльден өзгеге сенбейтін топтар мұндай уақытша дағдарысты қалт жібермей пайдаланып, Ұлттық мемлекет құру бағытын үйреншікті арнаға аударып жіберді. Кешікпей бұл бетбұрыстың өзіндік идеологиясы да айқындалды. Бастапқыда қайсыбіреулер «Қазақ әлі күнге дейін ұлт бола қоймағанын» (О.Сүлейменов және басқалар) алға тартып, Ресеймен конфедерациялыққа шақыруға дейін барды. Кейін оны «еурозияшылдық» идеология жалғап әкетті. Сәл кейінірек «Қазақстандық ұлт» немесе «Көпэтностық қоғамның қазақстандық үлгісі» делінетін тосын ұрандар пайда болды. Сөйтіп біздің ұлттық сеніміміздің теориялық бастауы әлсіз болып шықты.
Әлемде ұлттық концепцияның бес-алты түрі: саяси-экономикалық, психологиялық, культурологиялық, социо-культуралдық және тарихи-этникалық концепциясы бар. Ұлт дегеніміз - ойдан жасалған конструкция емес, ұлттың нағыз жанды жері, түп қаңқасы – этнос. Этнос дегеніміз тарихи-әлеуметтік құбылыс қана емес, ол мәдени географиялық биосоциалдық, биофизикалық, қазақша айтқанда нәсіл бірлігінен туындайтын жаратылыстық құбылыс. Кеңестер Одағы дәуірінде ұлт теориясының саяси-экономикалық бағыты үстемдік алып келді және ол бағыт сол кездің өзінде-ақ әлсіздігін танытқан еді. Егер қауқарлы болса Кеңестер Одағы ұлттық-этникалық конструқциялар арқылы ыдырап кетпеген болар еді ғой. Әлемде өзінен-өзі жойылған бірде-бір ұлт жоқ. Жойылғандардың барлығы да өзінің кейбір қажырсыз қадамдары салдарынан ірі ұлттарға жұтылып кету (assimilation) арқылы жойылды. Көпшілігінің жойылып кетуінің басты себебі - Ұлттық мемлекеті болмағандығында. Кеңестер Одағы құрамындағы Қазақ советтік социалистік республикасы халқының құрамына байланысты ұлт жүзінде осал буын болды. Желтоқсан көтерілісінің мақсаты да осы кемшіліктің орынын толтырып, қазақты ұлт ретінде сақтап қалу еді. Бұлайша сақтап қалудың ұтымды жолы ұлттық мемлекет құруға ұмтылу болатын. Бірақ сол кездің саясаты бұл сұранысқа оқшатып жауап беруге дайын болмай шықты. Ақыры ұлт теориясының «халықтар достығына» сүйенген Кеңестік үйреншікті ескі сүрлеуін таңдады. Нәтижесінде "қара қазанның қамы" бірінші орынға шығарылып, «көп ұлтты Қазақстан» делінетін ескі әуен сол күйінде жалғасын тапты. Әрине бұл рухани және этникалық күйзеліске ұшыраған ұлтты қайта жаңғыртудың (renaissance) тиімді жолы емес, іс жүзінде ұлттық мемлекет құрудан бас тартқандық еді.
Иә, Қазақстанда бір шама этникалық топ өкілдері тұратыны рас. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Қазақстан халқының 0,5 пайызын (жеке алғанда) құрай алатын 8 этнотоп бар. Олар: орыстар (27%), украиндықтар (3,1%), өзбектер (2,8%), немістер (1,5%), татарлар (1,5%), ұйғырлар (1,5%), кәрістер (0,7%), беларустар (0,6%). Әзірбайжан, түріктер де осыған таяп жығылады. Қалған этнотоптар барлығы бірігіп халық санының тек 2,6 пайызын құрайды. Олардың ішінде халық санының 0,1 пайызын құрай алатындары - 28. Ал әлемдік ғылыми статистикада халық санының 0,1 пайызын құрай алмайтындар этнотоптарға жатпайды. Осылайша есептесек, Қазақстанда тұратын этнотоптардың саны 70-тен аспайды. Қазіргі ішек-қарыны араласқан әлемде құрамында мұншалық ұлт өкілдері мен этнотоптар тұратын мемлекеттердің саны 100-ден асып жығылады. Әлемде тек бір ұлттан тұратын бірде-бір мемлекет жоқ. Олардың ішінде елден ерекше "көпэтностық қоғамның қазақстандық үлгісін" қолдан жасап, оны саясаттың қаруына айналдырып жүрген тек біз ғана. Әрине, ұлт өкілдері өзара тату-тәтті тұрғанға не жетсін. Бірақ мұндай «татулыққа» мемлекетті құраушы үлттың мүддесін құрбандыққа шалу арқылы баруға болмайды. Мемлекет - мемлекет болу үшін, халық тату- тәтті туру үшін мемлекетке бас ұйытқы болушы ұлт іштей салиқалы, көңілі шат болуы керек. Айталық 200-ден аса ұлт өкілдері тұратын Американдықтар "көпэтностық мемлекетпіз» деп ұран тастамайды, олар үшін осы елдің суын кімдер ішіп, отын кімдер оттап жатқанымен ісі жоқ, тек өркениетті, демократиялық Американың ішкі және сыртқы саясатына қауіп-қатер төндірмей әрқайсысы өз жөнімен жүрсе болғаны.
Ресейде де әлемдегі барлық ұлт, этнотоптарының өкілдері тұрады. Бірақ бүгінгі Ресейде әрбір ұлт өкілдері мен этнотоптардың күйін күйттеп жатқан орыс жоқ, тек әлемге шашыраған орыстарын қалайда орыс күйінде сақтап қалу жолдарын қарастырып бас ауыртуда. Ал бізде неге екені белгісіз, әйтеуір Қазақстандағы этнотоптардың санын қалайда 130-140-қа жеткізу үшін 22 шуаш, 24 чукча, 14 саали, 9 юкагир, 5 эскимос, 2 ненец жалғыз жапондықтың өзін (1990 жылғы сан-тізім бойынша) «ұлт өкілі» деп тіркеп келген. Сонда «Бізде 130 ұлттың өкілі тұрады» деген жалаң идеологиядан қазақстандықтар, әсіресе қазақтар не ұтпақ? Ұтқаны былай тұрсын күннен-күнге белең алып бара жатқан бұл идеология ел боламын деп ұмтылған қазақ ұлтының мысын басып бара жатқан жоқ па?
Қазақстанда «Лениндік ұлт саясатының» өркен жайғаны соншалық, этникалық түрлі белгілерге сүйеніп «мемлекет ішінен мемлекет» аймақ ішінен аймақтар (казактардың_аймақтық ұйымдары қатарлы) түрлі ұлттық конструкциялар құрылуда. Бізде қазір 170-тен аса ұлттық-мәдени орталық (қауымдастықтар) жұмыс істейді және әрқайсысы өз күйін күйттейді. Бұл әлемдік тәжірибеде жоқ, тек Қазақстанға ғана тән құбылыс. Соңғы жылдары «көпдінділік» саясаты етек алып барады. Азия католиктерінің құрылтайы бізде өтпек, Астанада әлем діндерінің конференциялық орталығы құрылды. Онсыз да ұлттық құрамы ала-құла, титулдық ұлты әлі де қауқарсыз Қазақстан үшін бүйтіп ұлттық бағыттағы түрлі жүйелер құрып, «көпұлттылықты», «көпэтностықты» «көпдінділікті» жұрттың құлағына қүя беру - келешекте ұлтты біріктіру емес, керісінше түптің-түбінде ұлтаралық түсінбеушіліктерге әкеліп соқтырудың алғы шарттары болуы да ғажап емес. Қай жағынан алып қарасақ та, бүгінгі Қазақстан - АҚШ, Қытай, Ресей немесе Үндістан, Жапон емес, «қара қазан, сары баланың күйі» мұң болып тұрған жас мемлекет. Ең бастысы, мемлекеттің байлығы мен рухани басымдылық мемлекет құрушы ұлттың қолында емес. Мұндай жағдайда саясаттың алтын қақпасын әлемнің алдында айқара ашып тастап, мульткультуралдыққа ұмтылу - келешекте мемлекет құрушы ұлттың қол-аяғын жіпсіз байлап беру. Әрине Кеңес дәуірімен салыстырғанда алға басу бар екені рас. Бірақ көп істер бастапқы кезеңде тұр. Мүмкін жас мемлекетімізге, ұлтымызға абырой да қажет шығар. Бірақ абыройды ұлттық мүддеге көз жұму арқылы емес, ұлттық, мемлекеттік мүддені бірінші орынға қоя отырып, тырнаштап бейнетпен жинау керек шығар.
Мемлекеттік тіліміз бен дәстүрлі дініміздің мысы басылған күйінде қалып отырғанын ескермеске болмайды. Кейбір аймақтарда қазақ өз елінде өзі өгейсіп отырған жайы бар. Мемлекеттік ақпараттық кеңістікте қазақ тілінің үлес салмағы іс жүзінде 40 пайыздан аспайды. Түрлі жобалардың көпшілігі орыстілді бағытқа ауып барады. Мемлекет ісін жүргізуде орыс тілінің сеңі бұзылатын түрі жоқ.
Егер ұлттық жаңа бір серпіліс жасалмаса, жақындап келе жатқан жаһандану дәуірінде қазақтың қазақ күйінде қалуы екіталай. Менің ойымша, ұлтты құтқарудың кілті - ұлттық демократиялық мемлекет құру. Әрине бірден мұндай қадамға бару мүмкін болмағанын түсінеміз. Бірақ мемлекеттік дамудың үрдісі (procesus) әрдайым осы бағытты нысанаға алып отыруы керек. Келешекте конститутциялық өзгеріс жасау арқылы қазақтың тарихи мемлекеттілігі қалпына келтірілуі тиіс. Шынын айту керек, бүгінгі күні қазақтың тағдыры тек президенттің қолында. Қазіргі әлем тәжірибесі көрсетіп отырғанындай, келешекте тек мемлекетіміздің ғана емес, президенттердің де тағдырын келімсектер емес, халықтың көпшілігін құрайтын қазақтар шешетін болады. Ал сол қазақтың күйін неге осы бастан ойламасқа?!. Егер президентіміз өзі бас болып жуықта тіл мәселесін өткір көтергені сияқты, әлеуметтік және рухани өмір саласында өз ұлтының тағдырына өзгеріс әкелетін ширақ қадам жасамаса, мемлекеттің тірегі болып отырған ұлттың жағдайы бұдан да қиындап кетуі әбден мүмкін. Әрине жаңа саясат демократияның шеңберінде болуы шарт. Егер мемлекетіміз нақты демократиялық принциптерге бет бұрып, шынайы теңдік орнатса, қай халықтың болсын тілі мен дініне қысым жасалмаса, ондай мемлекетте ұлт өкілдері үшін қолдан арнаулы саясат жасау, түрлі ұлттық иерархиялар кұрудың қажеті болмайды. Ұлттық, қауқарлы мемлекет құру үшін мемлекетке ұйытқы болушы ұлттың өзі қауқарлы болуы шарт. Егер титулды ұлттың өзі қауқарсыз, қорғансыз болса ол басқаға да қорған бола алмайды. Сондықтан бізге мемлекет құрудың тек кеңестік тәжірибесі ғана емес, тарихи сын кезеңдерде жоқтан бар жасап, ұлтын ұлт, елін ел еткен тарихи тұлғалар мен мемлекеттердің тәжірибесі ауадай қажет.
Зардыхан Қинаятұлы
"Жас Алаш" газеті, 2006, 28 қараша.
Jebeu.kz