Дәл қазір елімізде үгіт-насихат науқанының нағыз қызған шағы. Президенттікке кандидаттар мен олардың сенімді өкілдерінің қатысуымен өткен бүгінгі сайлауалды дебат соның жарқын бір көрінісі.
Ең алдымен, мұндай пікірталастардың өткізілуі, оның халыққа тікелей эфирде көрсетілуі елімізде саяси мәдениеттің артқанын және сайлау жүйесінің ашықтығын көрсетеді. Сондықтан бұл істі демократиялық даму жолындағы кезекті жетістігіміз ретінде қабылдасақ та артық емес.
Мен дебатқа Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық штабының басшысы әрі сенімді өкілі ретінде қатыстым. Іс-шарада экономикалық дамудың басымдықтары мен әлеуметтік жаңғырудың тиімді тетіктері жайында ой өрбіттік.
Біздің кандидаттың экономикалық басымдықтары халықтың әл-ауқатын арттырып, Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосуға бағытталған. Сондықтан Сайлауалды бағдарламада отандық өндірушілерге қолдау көрсету, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, кәсіпкерлік пен инфрақұрылымды жетілдіру сияқты маңызды салаларға ерекше көңіл бөлінді.
Әлеуметтік дамудың негізі сапалы білім, мықты медицина және қолжетімді баспана десек, бұл мәселелер де біздің Бағдарламада жан-жақты қамтылған. Көп балалы аналар мен әлеуметтік аз қамтылған топтарға мемлекет тарапынан тұрақты қолдау көрсету ісі де назардан тыс қалған жоқ. Бүгін осы басымдықтарға кеңінен тоқталдым.
Осы ретте еліміздің саяси өміріне тың серпін берген сайлауалды дебатты жоғары деңгейде өткізген ұйымдастырушыларға алғысымды білдіргім келеді. Мұндай қадамның халықтың таңдауына да үлкен әсерін тигізері сөзсіз. Сондықтан барша қазақстандықтарды Елбасы саясатын әрі қарай жалғастыруға, әділдіктің ақ жолынан жаңылмай, өрлеп, өркендеуге кепілдік беріп отырған парасатты да патриот азамат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа дауыс беріп, дұрыс таңдау жасауға шақырамын!
Мәулен Әшімбаев