Қордайдағы қақтығыстың себебі не, салдары қалай болмақ?

Уақыты: 2020-02-13 Көрлімі: 3992 Сипаттама

7 ақпанда болған Қордай ауданы Масанчи ауылындағы қақтығысты билік тарапы тұрмыстық жаңжал ретінде бағалауда. Тіпті бұл жаңжал арандатушылардың қолымен жасалды деп бағалап жатқандар да бар. Шынымен 10 адамның ажалына себеп болған қақтығыс қалай орын алды?...

2000_5cf9600326a47.jpg

7 ақпанда болған Қордай ауданы Масанчи ауылындағы қақтығысты билік тарапы тұрмыстық жаңжал ретінде бағалауда. Тіпті бұл жаңжал арандатушылардың қолымен жасалды деп бағалап жатқандар да бар. Шынымен 10 адамның ажалына себеп болған қақтығыс қалай орын алды? Арандатушы кім? Арандалған кім деген сұрақ пен осы істің арты қалай болары да көпті алаңдатары анық.

Негізінде жаңжал дүңген ұлтының өкілдері Қордай ауданына тұратын қарияны екі баласымен ұрып-соққаны және жергілікті полиция қызметкерлеріне күш көрсеткенінен тұтады. Бұл қақтығыстың орын алуына түрткі болғанымен оқиғаның басты себебі арыда. Қордаланған экономикалық, әлеуметтік, ұлттық мәселелер салдарынан орын алып отыр. Сол өңірдегі заңсыздықтар мен жемқорлық тікелей қатысты болса керек.

Қордай ауданының тұрғындары да осы ауылдарда екі ұлт арасында түсінісбеушіліктердің жиі орнап тұратынын, мұндай жағдайдаларда дүңген ұлтының өкілдері жасаған заңсыздықтарына құқық қорғау орындарынан лайықты жазасын алмай келе жатқанын айтуда. Әлеуметтік желіде аталмыш ұлт өкілдері Қордайда ғана емес, Алматы сияқты үлкен қалаларда да сауда орындарына ие болып, мемлекетті құраушы ұлтты сыйламайтынын, мемлекеттік тілді білмейтінін, білгісі де келмейтінін айтуда. Міне осының бәрі мың күндік ашуды бір күнде шығаруға себеп болғандай.

Бұл оқиға туралы Мемлект басшысы әлеуметтік желіде өз пікірін жазды. Төрағасы Бердібек Сапарбаев болған Үкіметтік комиссияны құрды. Сондай-ақ түрлі зиялы қауым өкілдері мен өнер адамдары, блогерлер жұртты сабырға шақырып ақпарат құралдарында пікір білдіруде. Оның ішінде мәселенің негізіне терең бойламай, ат үсті пікір жазып, дүңген халқын момын, еңбекшіл халық деп қазақ жастарын қасақана адам өлтіруші, кісінің мал-мүлкін тонаушы, өздері барып тыныш жатқан халықты езіп-жаншығандай көрсетіп жатқандар да бар. Егер билік және қоғам осылай бағалап, мәселені уақытша шешкендей болып сәл қарайтын болса, бұл жағдай тағы да қайталануы мүмкін.   Оқиғаға шындыққа жақын бағасын беріп, себебі мен салдарын көрсетіп жатқандар да бар. Оның бірі «Егемен Қазақстан» республикалық газеті АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі Қордайдағы жайт қордаланып қалған көп нәрсенің де бетін ашып кеткендей болды дейді. 

«Оқиғаға қатысты көлеңкелі тұстардың бар екенін жасырып қалмауымыз керек. Ең әуелі, болған оқиғадан тиісті салаларға қатысты салғырттықтың салқыны сезілді. Қазірге дейін бей-жай қаралып келген ұлттық мәселеге деген бойкүйездіктің бар екенін осы қайғылы жағдай тағы бір рет есімізге салғандай болды. Қарағандыда қылаң берген, Сарыағашты селт еткізген оқиғалардан сабақ алуымыз керек еді. Ел ішінде етек жайған жемқорлықтың жегі құрты да жағдайдың ушығуына тікелей себеп екенін мойындауымыз керек. Мысалы, дәл осы Жамбыл облысында көршілес мемлекет азаматтарының пара беру арқылы оңай жолмен азаматтық алу фактілері айқындалған болатын. Бұл ретте жемқорлық – індет, онымен күресудің міндет екені белгілі”,- дейді.

Дархан Қыдырәлі айтқандай аталмыш өңірден жемқорлық пен заңсыздықтың тағы бірі анықталды. «Жас Алаш» газетінің жазуынша 2019 жылдың қазан айында  қазақ-дүнген жаңжалы болған Сортөбе елді мекенінен Қырғызстанға контрабандалық жолмен жанар-жағар май тасымалданғаны анықталған. Сондай-ақ әлеуметтік желіде дүңген азаматтарының Қазақстан-Қытай-Қырғыстан арасындағы сауда саттықта көбінде контрабандылық жолмен табыс табатынын және Алматы қаласы мен Қордай ауданында жоғарыдағы екі елдің азаматтығындағы дүңген ұлтының өкілдері де көп екенін айтуда.

Бұл оқиға елдегі диаспора саяатының қазіргі жағдайын көрсетіп, қазақ тілінің Қазақстан халқын біріктіретін құралға айнауы керегін көрсетті. Бұл жөнінде өз мақаласында Дархан Қыдырәлі де жазған.

«Оқиға кезінде көптеген азаматтар айрықша атап өткендей, қазақ тілінің мәселесі өте өзекті екені осы жерде тағы білінді. Жалпы, Президент айтқандай қазақ тілі тек мемлекеттік қана емес, ұлтаралық тілге айналатын уақыт әлдеқашан жеткендігін көріп отырмыз. Сондықтан тіл – ұлттың жаны, тіл – елді тұтастыратын үлкен тетік екені анық. Сонымен қатар, еліміздегі диаспора мәселесін қайта зерделеу керектігі туындап отырған сыңайлы. Біз бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп отырған түрлі этнос өкілдерінің қилы тарихы мен қиын тағдыры жөнінде терең, зерделі зерттеулер керек екенін аңғарамыз. Ол тек Қордай оқиғасына қатысты ғана емес, этнос өкілдері көп шоғырланған барлық аймаққа осындай жұмыстардың жиі, жедел жүргені абзал», деп жазды Д. Қыдырәлі.

Ал, Ұлтау ауданның әкімі, саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы біз мемлекетті құраушы ұлт ретінде өзімді өзіміз сыйлау арқылы өзгеге сыйлата алуымыз керек дейді.

«Менің айтпағым мемлекет құраушы ұлт – қазақ халқының қақы жайында. Иә мемлекет құраушы ұлт қазақ халқы екеніне ешкімнің дауы жоқ. Бірақ біз мемлекет құраушы ұлт ретінде біріктіруші ұлтқа айнала алдық па деген сауал мені жиі мазалайды. Осы тұрғыдан алғанда ұлттық құндылықтарымызды құрметтеуді, салт-дәстүрімізге сай өмір сүріп, дініміз бен тілімізді берік ұстануда, өкінішке орай, ешкімге үлгі бола алмаймыз. Қазақ «Өзіңді – өзің жаттай күт, жат бойынан түңілсін» дейді. Өзге ұлт өкілдері қазақ халқын құрметтесін десек, бірінші кезекте өзімізді өзіміз сыйлап, басқаға сыйлата білуіміз керек. Ерегіспен жүріп енші алу біздің қанымызда жоқ қасиет. Елдің береке-бірлікте күн кешіп, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақты болуына мемлекет құраушы ұлт ретінде бірінші кезекте қазақ халқы жауапты. Ал өзге ұлт өкілдері дәстүрімізді дәріптеп, тіліміз бен дінімізді сыйлап, заңымызды құрметтеп, мемлекеттік тілді меңгеріп, жаттығын сездірмесе, біздің де оларға қашанда құшағымыз ашық. Тәуелсіз елімізде, өз жерімізде бірлігімізбен қазақтың төңірегінде біріккен бір ел болып, өнегемізбен өзгені бауырымызға баса білейік», деп жазды Б. Әбдіғалиұлы Фейбук парақшасына.

Өзіңді өзің сыйлай білсең, жатқа да сыйың болады дейді. Мемлекетті құраушы қазақ ұлты бұл елде экономикалық жақтан қуатты болып, білім мен ғылымда, өнер мен техникада қозғаушы күшке айналып, қазақ тілін ғылымның, өркениеттің, экономиканың тіліне айналдырсақ, өз тілімізді өзіміз құрметтей алсақ, тілімізде өзгелерде сойлейтін болады. Біздің биліктің тірегі де, билік көзі де осы мемлекетті құраушы қазақ ұлты. Елімізді де, халқымызды да өзгеге сыйлата білетін қазақ халқы. Осыған дейін билік тарапы ұлт мәселесінде өзге ұлттардың көңіліне қарап, жалтақтап келді. Ендігі кезекте қазақ халқына жалтақтап, ұлттың мүддесіне қарай ойысқан жөн. Қазақ халқы мемлекеттегі өз орнына ие болғанда біздің елде ұлттық мәселелер туралы сөз қозғаудың қажеті де қалмайды.

Қазір қордайдағы ауылды қайта қалпына келтіру, шекара асып кеткен дүңгендері кері қайтару жұмыстарын бастады. Әкім Сапарбаев бұл шаруаларды тиянақты атқарар. Бірақ, адамдардың жүрегінде қатқан қанды жібете елмас. Қалай дегенде де кісі өлімі болды. Сондықтан бұның соңы бүгін ертең бітетін шаруа емес. Арада кек қалып, арты бұдан да күрделі болып кетуі мүмкін. Сол үшін алдағы уақтта Ақорда және Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен үкіметтің алдында бірқатар жұмыс тұр. Ең бастысы бұл болсын, бұдан басқа да ұлт аралық қақтығыстар болмас үшін жоғарыдағы азаматтар айтқандай мемлекетті құрашы қазақ ұлты мен мемлекеттік тіл қазақ тілінің тұтас халықты біріктіретін ролын айқындаған абзал. Мемлекеттің басты құндылықтарын, құраушы елементтерін жалпыға сыйлата біліп, қазақ тілін мемлекеттік және ұлт аралық тіл ретінде ролын арттыру. Сондай-ақ елдің экономикалық жағдайын көтерер реформа жасап, әлеуметтік мәселелрді шешу, сыртқы күштерге арқа сүйеп елімізді сыйламайтындардың жолын кесу сияқты нақты шаруалрды жүзеге асыру және оның бәрі орындалуы үшін жемқорлықты, көлеңкелі бизнессті ауыздықтау жұмыстарын Ақорда мен ҰҚҚ бірге атқарса жөн болар еді. ҰҚК мен ҚР Ішкі істер министрлігі елдегі заңсыз жүрген шетел азаматтығындағы дүңгендерді елдеріне қайтару. Сондай-ақ осы кезде жиі айытылған олардың саяси-экономикалық тірегі саналатын көрші елдермен байланысын, арадағы сауда-саттық жолдарын тексеріп, заңсыздықтардың алдын алған жөн.

Қақтығыста кісі өлімі болды. Бұл кісі өліміне себепші болды деп айтыпталған азаматтарды жазалау барысында да салмақтылық керек. Арандатушылар және кісі өлтірушілер, жаузыдар деп те айыптап жатыр. Мәселені терең бойласақ кісі өлтірді деп айыпталған азаматтар нағыз арандалған азаматтар болып шығады. Арандатушы да, «кісі өлтіруші» де осындай жағдайдың орын алуына себеп болған жоғарыдағы айтқан саяси-экономикалық жағдайлар. Елдегі орын алған заңсыздықтар мен жемқорлық және аталмыш ұлттың жылдар бойы жергілікті халқты сыйламауы мен еліміздің заңын бұзып, елмей келуі. Сондай-ақ әлеуметтік желіде көбірек айтылғандай өздерін көрщі мемлекеттің диаспорасы ретінде санап, соларға арқа сүйеуі. Осы себептерді ескере отырып, кісі өліміне себепші болды деп айыпталған, арандалып қалған қазақ азаматтарына жазаны жеңілдеткен жөн болар еді.

Аталмыш өңірдің контрабандылық жолмен табыс табатыны, тіпті есірткі саудасының тасымалы да болатыны айтылуда. Осы оқиғадан кейін оңірдің полиция басшысы қызметінен кетті. Демек, осы оқиғаның орын алуына оңірдегі құқық қорғау саласы қызметінің де кінәраттары болғаны. Жалпы елімізде құқық қорғау орындары қызметкерлерінің де жалақысы аз. Сол себепті бұл салада да жемқорлық айтарлықтай орын алған. Сол үшін Еліміздің құқық қорғау саласына реформа жасау, жалақыларын көбейтіп, ондағы жемқорлықпен күресті бастаудың да кезі келді.

Аз санды ұлттармен болған қақтығыс бұл ғана емес. Және бұндай қақтығыстардан зардап шегетін де аз санды этностар ғана емес. Адам шығынын айтпағанның өзінде қаншама азаматтарымыз арандалып, темір тордың арғы жағында жастық ғұмырларын өткізеді. Бұған дейін мұндай жағдай Алматы обылсының Шелек ауылында да ұйғырлармен орын алған. Ол кезде де қаншама қазақ жастарының сотталғаны есімізде. Алматы облысы ұйғыр ауданында да мұндай қақтығыс орын алмаса да кішікірім келісбеушіліктер орын алып тұрады. Сол үшін  ұлттық мәселелерде билік оны тұрмыстық жаңжал ретінде қарастырып  мәселені уақытша шешкендей болмай, түбегейлі шешуге кірісетін кезі келді.  Қордайдағы дүңгендер жиі қоныстанған ауылдар болсын, тағы басқа елдегі ұйғыр, курт қатарлы ұлттар тығыз орналасқан оңірлерге қазақ халқын, шеттен келген қандастарды көпірек орналастыру мен бұл этоностарды жұмыспен қамту мақсатанда деп өзге өңірлерге қазақ халқының арасына араластырып жіберетіндей мемлекеттік бағдарламарға қосып, оларды қазақ арасына сіңірудің тетігін тапқан жөн.

Қорта айтқанда Қордайдағы жаңжалдағы қазақ жастарының ашу-ызасы халқымыздың ұзақ жылдар бойы түрлі мәселелерге келісбеушіліктерінен жиналған ашуы. Өз-өзімізді кешіре білгенмен өзгелердің қиянатын кешіре бермейтініміздің көрнісі. Бұл бәрімізге сабақ бола алса, елде барлық салада нақты және тиянақты реформа керек екенін ескертіп тұрғандай. Ата-бабамыздың қанымен келген ұлан байтақ жеріміз бен жеріміздегі ен байлығымыздың игілігін асыра пайдаланушылар, «шөлмекті» сындырып алмай тұрып ойланғаны абзал.

Тұрдыбек Құрметхан

Jebeu.kz

 

 

 


Пікір жазу
  • Жәкулин әулетіне күйе жағу кімге тиімді?
    Сағаділдә Үсібәлі: Осындайда өзіңе мылтық ататындар көбейіп барады