Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің жанынан құрылған Қытайтану институтының директоры, филология ғылымының докторы, профессор:
Қытайтану ғылымы қазір дүниежүзінде қанатын кеңге жайып келе жатқан елтану ғылымының іргелі саласы. Қытайтанудың маңызы мен өзектілігін, мақсаты мен міндеттерін әр ел синологтары өзінше сипаттайды. Ол орынды да. Өйткені қытайтану ғылымын әрбір мемлекет саяси-әлеуметтік жағдайы мен мүмкіндігі және содан туындайтын ұлттық мүддесі тұрғысынан қарастырады. Ал Қазақстандағы қытайтану ғылымының бүгінгі жай-күйі қалай? Оның біздің елдегі көкейтестілігі мен маңызы, мақсаты мен міндеті жөнінде газет оқырмандарын хабардар ете отырсақ деген мақсатпен Елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің жанынан құрылған Қытайтану институтының директоры, филология ғылымының докторы, профессор, еңбегі мен есімі елімізге ғана емес, шетелдерге де танымал көрнекті қытайтанушы-ғалым, ақын, аудармашы Дүкен Мәсімханұлын әңгімеге тартқан болатынбыз.
– Дүкен Мәсімханұлы, «Қытайтану ғылымы» деп жүргеніміз қандай ғылым? Ол нені зерттеумен айналысады? Әңгімемізді осыдан бастасақ.
– Өте жақсы сұрақ. Себебі «қытайтану ғылымы» десең, бүгінде әлдекімдер «оның бізге не қажеті бар?» деп, сол салада жүргендерге кәдімгі «қытайды насихаттап» жүргендей қарайтынды шығарды. Немесе «ана мәселеге неге үн қатпайды? Мына мәселеге неге ат салыспайды?» деп ғылымды, ғылыми орталықтарды саяси науқандардың, көше аттаншыларының қолшоқпары деп ойлайтындар да пайда бола бастады. Шынтуайтында, мәселеге сауатты, өркениетті, ояу ой-санамен қарай білетін адамдар үшін, істің мәні мүлде басқаша. Атап айтқанда, халықаралық кеңістікте «Синология» (sinology) деген атпен өркен жайған қытайтану ғылымы – бүгінде ҚХР, Тайвань, Сингапур, Малайзия, Тайланд, т.б. елдерде өмір сүріп жатқан, өздерін «ханьзу» деп атайтын, этникалық қытайлардың тілі мен әдебиетін, мәдениеті мен өнерін, діні мен философиясын, географиясы мен демография-сын, салт-дәстүрі мен саяси-әлеуметтік мәселелерін зерттеумен айналысатын, сонымен бірге қытай халқы шоғырлана қоныстанған ҚХР-ның ішкі-сыртқы саясатына, экономикалық-әлеуметтік салаларына қатысты барлық мәселелерді ғылыми, жан-жақты қарастыратын пәндер жүйесі. «Пәндер жүйесі» деп шартты түрде айтып отырғанымыз болмаса, аталған салалардың бәрі бүгінде Қытай елінде де, өзге елдерде де жеке-жеке ғылым ретінде өркен жайып отыр. Алайда бұл ғылымдардың зерттеу бағыттары бір ғана нысанға – Қытай елі жөніндегі білімге тұмсық түйістіретіндіктен, «қытайтану» атты ортақ ұғым келіп шығады. Міне «қытайтану» (Синология) деп аталып жүрген ғылымның қысқаша сипаттамасы осы.
– Еліміздегі Қытайтану ғылымының негізі қашан, қалай қаланды? Оның басында кімдер тұр?
– Еліміздегі қытайтанудың жағдайына келсек, «қытай, қытай халқы, қытай елі, Шын-Машын, Шүршіт, Табғач…» деген атаулар көзқарақты қазақ баласына аса беймағлұм ұғымдар болмауға тиіс. Өйткені бұл атауларды тарихтың әр кезеңдерінде қазақ халқы күнделікті пайдаланып қана қоймай, сол бір тарихи кезеңдерге лайық өздерінің қытай туралы түсінік-пайымдарын ауызша да, жазбаша да таратып, ұрпақ санасына сіңіріп отырды. Мәселен, «Күлтегін» ескерткішінен: «Бектерінің, халқының ымырасыздығынан, Табғаш халқының тепкісіне көнгендігінен, арбауына түскендігінен, іні-ағалының дауласқандығынан, бекті-халқының жауласқандығынан Түркі халқы елдігін жойды» деген, немесе «Табғаш халқына бек ұлдары құл болды, пәк қыздары күң болды. Түркі бектер түркі атын жоғалтып, табғаш бектерінің табғаш атын тұтынып, табғаш қағанына бағынды, елу жыл ісін-күшін берді» деген рәуіштегі жолдарды көптеп ұшыратамыз. Әрине, мұны қатепті, жүйелі «қытайтану» ғылымының төл пікірі десек, әбестік олар еді. Дей тұрғанмен біздің ата-бабаларымыз бен Табғаштар арасындағы тарихи қарым-қатынастың белгілі бір кезеңін саралауда, Түрік-Табғаш елдерінің бағзыдағы саяси, әскери, әлеуметтік әлеуетін қарастыруда өзіндік дәлел-дәйек болары даусыз. Ал бұдан өзге де халық фольклорындағы «ақырзаман болғанда жердің бетін қара қытай қаптайды», «көзі қысық, тісі қисық көршің болады», «орыс темір ноқта, қытай қайыс ноқта»… деген сияқты халық тәмсілдерін немесе Жалпетекұлы Нақысбек шешен сықылды халық даналарының «орысқа ойыңды, қытайға қиялыңды айтпа» дегені секілді қысқа да нұсқа, елге елді танытуда зілмауыр жүк арқалап тұрған нақыл сөздердің танымдық құнын кем бағаламауға хақылымыз. Өйткені осы халық ауыз әдебиетіндегі қытай (табғаш, шүршіт…) жөніндегі танымдық мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер халқымыздың қытай жөніндегі сан ғасырлық танымына негіз болып келгені айдан анық.
– Иә, айтып отырғаныңыз халқымыздың бағзы замандардағы қытай туралы түсінігі ғой. Менің сұрап отырғаным, қазіргі қазақ еліндегі қытайтану ғылымының негізі қашан, қалай қаланды деген мәселе.
– Қазақ топырағындағы «қытайтану» деп аталатын ғылымның алғашқы мұзжарғышы ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов десек қателеспейміз. Оның сонау 1856 жылғы Қытай сапарынан жазған «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы» деп аталатын саяхат күнделігі қазақ топырағындағы қытайтану ғылымының алғашқы ғылыми үлгісі деп айтуымызға әбден болады. Себебі ғалымның бұл еңбегі жай-әншейін жолсапар естелігі ғана емес, қытайдың дәстүрлі тұрмыс-салтына жасалған тамаша этнографиялық сипаттама екені арғы-бергі, алыс-жақынның бәрі мойындаған ақиқат. Өкінішке қарай, Ш.Уәлиханов сәтті бастап берген «қытайтану» ғылымы Қазақ даласында әрі қарай жалғасын табудың орнына сұйылып, суалып барып жоқ болды. Ал уақыт көші жылжып ХХ ғасырға келгенде Қазақ даласы еуразиялық алып империяның құрамына еніп кетті де, қытайтану былай тұрсын, қазақ халқының өзі жоғалып кетуге шақ қалды.
Қазақстандағы қытайтану ғылымын сөз еткенде әңгімені тағы да айналып келіп қытайтанудың кеңестік кезеңінен бастамай тұра алмаймыз. Иә, кеңестік қызыл империя қазақ халқы үшін қасірет ошағындай болғанымен, ғылым-білім, әдебиет-мәдениет саласында әлемдік өркениет көшіне қосылуымыздың өзі де осы кезең еншісінде жатқанын жасыра алмасақ керек. Бұған біз қазақстандық қытайтанудың тарихына тоқталсақ та көз жеткізе аламыз. Атап айтқанда, біріншіден, қазақ жұрты қытай жөніндегі ғылыми, жүйелі білімді алғаш рет кеңестік кезең тұсында алғаны белгілі. Екіншіден, «қытайтану» деген ғылым бойынша қазақ баласының мамандық ала бастауы да сол КСРО дәуірінің еншісінде. Атап айтқанда біз білетін, бүгін әр салада жемісті еңбек етіп жүрген ғалымдар, тарих ғылымының докторлары, профессорлар К.Ш.Хафизова, Н.Ә.Алдабек, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қ.К.Тоқаев, М.М.Әуезов сынды азаматтар сол кеңестік қытайтану мектебінің түлектері еді.
Ал қытайтанудың тәуелсіз Қазақстан тұсындағы хал-ахуалы қалай деген мәселеге келсек, бұған бір ауыз сөзбен «өркенін кеңге жайып, қалыптасып келе жатқан ғылым» деп жауап беруге болады. Олай дейтініміз, тәуелсіздіктен кейін отандық қытайтанушылар қосынына қытайдан келген қандас ғалымдардың қомақты бір шоғыры келіп қосылды. Сонымен бірге соңғы жылдары тәуелсіз Қазақстанның таза өз мектебінен шыққан қытайтанушы жас мамандар да бұл салада жемістерін бере бастады.
Дегенмен, алдағы уақытта аталған ғылымның іргесінің бекіп, керегесінің кеңи түсуі үшін, оған жас та білікті мамандарды көптеп тарту үшін мемлекеттік қолдау ауадай қажет.
– Отандық қытайтану ғылымының басында тұрған көрнекті өкілдің бірі Қасым-Жомарт Кемелұлы екенін айтып қалдыңыз. Мемлекет басшысы қытайтанушы ғалым ретінде отандық қытайтану ғылымына оң көзқараспен қарап, тың бетбұрыстар әкеледі деп үміт күтуге бола ма?
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемге әйгілі Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының түлегі. Мамандығы дипломат. Бірақ Шығыс елдеріне, оның ішінде Қытайға бағытталып дайындалған дипломат. Аталған оқу орнын бітіргеннен кейін КСРО-ның ҚХР-дағы елшілігінде ұзақ жылдар жауапты қызметтер атқарған. Сол жылдарда Қасым-Жомарт Кемелұлы қытай тілі қабілетін тереңдетумен бірге, Қытай елінің тарихы мен мәдениетін, ішкі-сыртқы саясатын жан-жақты зерттегені белгілі. Соның негізінде кейін Қытайға қатысты іргелі еңбектер жазды. Ең бастысы тәуелсіздік жылдарында, әрі білікті дипломат, әрі қытайтанушы-ғалым ретінде Қазақ–Қытай елдерінің қарым-қатынасын қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосқаны әмбеге аян.
Ал енді бүгінгі күні ол кісі халық сайлаған мемлекет басшысы. Демек, ол кісінің мойнында қазір «қытайтану ғылымына оң көзқараспен қарап, тың бетбұрыстар әкелу» ғана емес, тұтас ел халқы жүктеген, уақыт арқалатып отырған ұлы міндеттер тұр. Атап айтқанда, «мемлекетімізді одан әрі өркендетіп, тәуелсіздігімізді нығайту; азаматтардың әл-ауқатын арттырып, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту; Билік пен халық арасындағы өзара сенімді күшейту», міне бұл – мемлекет басшысының басты бағдарламасы және ел басқару саясатының өзегі. Ол кісі билік басына келгелі, еліміздегі өзге салалар секілді, ғылым-білім бағыты да одан әрі дами түскені жасырын емес. Бұл қатарда қытайтану ғылымы да жүйелі даму арнасына түседі деп үміт күтуге болады. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы бұдан былай Қазақ-Қытай қарым-қатынасында тек қана ғылыми көзқарас пен ғылыми пайымдарға иек артады деп те сенеміз. Қазір мен басқарып отырған қытайтану институтының құрылуына да, PhD доктор, ЕҰУ доценті Айнұр Әбиденқызы екеуміз құрастырған «Қытайша-қазақша үлкен сөздіктің» жарыққа шығуына да Қасым-Жомарт Кемелұлының мұрындық болғанын ескерсек, қытайтану ғылымына ол кісінің бұрыннан-ақ оң көзқараста екенін аңғаруға болады.
– Қытайтану ғылымы Қазақстан үшін аса маңызды деген әңгімені саясаткерлердің аузынан жиі естиміз. Қытайтанушы-ғалым ретінде аталған ғылымның еліміз үшін маңызын қалай сипаттап берер едіңіз?
– Әлемдік қауымдастықта бір елдің екінші бір елді зерттеп-қарап отыруы бұрыннан бар, қалыптасқан, әдепкі құбылыс. Мақсаттары әр қилы болуы мүмкін. Бірінікі – қарсы жақтан үлгі-өнеге алу, екіншісінікі – қарсы жақпен экономикалық сенімді әріптес болу, үшіншісінікі – қарсы жақты өзінің ықпал аумағында ұстау, төртіншісінікі – қарсы жақтан өз еліне келуі мүмкін қауіп-қатерінен сақтану, тағы біреуінікі – қарсы жаққа түрлі тәсілмен экспансия жасау… дегендей.
Тағы бір маңызды мәселе бар, барлық көршілермен, мейлі ол Ресей немесе Қытай, әлде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия… болсын, сауда-экономикалық қарым-қатынастар көбінде халықаралық аумақта қалыптасқан, белгілі бір заңдық, құқықтық негізге сүйенеді де, өзара өте ұқсас тәжірибемен жүргізіледі. Ал мемлекеттер арасындағы саяси-стратегиялық, рухани-мәдени қарым-қатынас бір-біріне мүлдем ұқсамайтын, басқа әдіс-тәсілдермен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, саяси-стратегиялық саладағы Ресеймен қарым-қатынасымыз бір бөлек те, Өзбекстанмен өзінше өзгеше, Қырғызстанмен басқаша. Еуропа елдерімен, Араб елдерімен тағы басқаша. Ал көршілердің ішінде Қытаймен саяси-стратегиялық қана емес, тіпті әдеттегі мәдени-рухани қарым-қатынастың өзі мүлде басқаша сипатта өрістейді. Қытаймен қарым-қатынастағы осынау «басқаша сипат» еліміздегі қытайтану ғылымының көкейкестілігі мен маңызын айқындаушы өзекті тұғырнама. Осы тұғырнаманы ақаусыз әзірлеу үшін бізге ең әуелі қытай халқын, қытай елін жеткілікті зерттеуге, ұлттық менталитетін, психологиясын түбегейлі танып білуге тура келеді. Өкінішке қарай, Шығыстағы алып көршіміз Қытай, ұлт ретінде де, мемлекет ретінде де, біздің елімізде тәуелсіздік алғанға дейін жеткілікті зерттелмеген, мүлде бейтаныс мемлекет болды. Қазірдің өзінде де біздің қытайды білеміз деуіміз тым үстірт. Қытайды біле бермейтініміз, әсіресе тәуелсіздіктен кейінгі отыз жылға таяу уақытта анық байқалып қалды. Бұл мәселенің өзектілігі мен маңыздылығы еліміздегі саясаттанушыларға, әсіресе қытайтанушы-ғалымдарға анық байқалады. Сондықтан да мен Отанға оралған күннен бастап аталған бағытта арнайы ғылыми орталық құра отырып, зерттеулер жүргізудің қажеттігін, жүйелі ізденістер жасаудың маңыздылығын айтып, жоғары-төменге дабыл қағып келдім.
Қазақстан үшін қытайтану ғылымының көкейкестілігі, мақсаты мен міндеттері мына тұста айқын аңғарылады. Біріншіден, Қытай, не десек те, адамзаттың ежелгі мәдениет ошағының бірі. Сондықтан адамзаттың ту арыдағы бағзылық мәдениетіне, этнографиясына және өзге де тыныс-тіршілігіне ден қойып, оны ғылыми зерделеу үшін де қытайтану ғылымының жетістіктеріне иек артуға тура келеді. Екіншіден, бұл ел – ежелден бергі іргелес жатқан көршіміз. Сол себептен де ежелгі тарихымызға қатысты ең байырғы, біршама жүйелі, мол, әрі біршама құнды деректер Қытай мұрағаттарында жатқаны құпия емес. Ендеше сол деректерді алу үшін де, екшеу үшін де қытайтану ғылымын тереңдетудің маңызы ерекше. Үшіншіден, ол экономикасы ауқатты екінші мемлекетке айналып, әлемдік дамуда көш бастап тұрғаны жасырын емес. Ендеше бұл елден біздің аларымыз бен үйренеріміз де аз болмауға тиіс. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай сапары кезінде ол елдің инновациялық және ғылыми-техникалық бағыттарына зор ықылас танытқанын еске алсақ та жеткілікті. Төртіншіден, ҚХР – әлемдік қауымдастықта өз орны бар, Азия құрлығындағы алып держава. Жер бетіндегі тірі адамның 4/1-не жуығы осы елдің тұрғыны. Оның үстіне арамызды 1700 шақырымдық ортақ шекара бөліп тұрған көрші елміз. Сонымен бірге ол елде екі миллиондай қандасымыз өмір сүреді. Міне осы айтылғанның бәрі біздің еліміздегі қытайтану ғылымына күрделі міндеттер жүктейтіні айтпаса да түсінікті.
Қысқасы, еліміз үшін қытайтану ғылымының өзектілігі өте зор.
– Сөзіңізден түсінгенім, қытайтану ғылымының қамтитын аясы кең, ол қытайдың салт-дәстүрі, тарихы мен мәдениеті, әдебиеті мен тілі, діні мен философиясы, экономикасы, ішкі-сыртқы саясаты, демографиясы мен географиясы… Осы ретте ұлттық мүддеміз тұрғысынан қытайтанудың нақты қай саласына басымдық берген дұрыс деп ойлайсыз?
– Менің ойымша, «қытайтанудың мына саласына басымдық беріп, мына саласын қоя тұру керек» деуге болмайды. Себебі, қытайдың тілі мен әдебиеті, салт-дәстүрі, тарихы мен мәдениеті, діні мен философиясы деген салалар елімізде жас буын қытайтанушыларды дайындауға, жалпы халықтың қытайдың мәдениетімен, менталитетімен танысуына жол ашады. Ал оның экономикасы, ішкі-сыртқы саясаты, демографиясы мен географиясына жеткілікті назар аудару күнделікті қарым-қатынасымыз үшін, ұлттық қауіпсіздігіміз үшін маңызды.
– Көрнекті қытайтанушы-ғалым, ұлағатты ұстаз, белгілі ақын ғана емес, аударма саласында да жемісті еңбек етіп келесіз. Біз білгенде қытай әдебиетінің Ли Бай, Ду Фу, Лу Шүн, Ба Цзинь, Мао Дун, Ай Чиң, Уаң Мың, Мо Янь, Бэй Дао секілді әлемге әйгілі ақын-жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударып, оқырмандардың назарына тұрақты түрде ұсынып келесіз. Мақсатыңыз қытай әдебиетін насихаттау ма, әлде басқа себебі бар ма? Бұл салада тағы қандай жаңалықтарыңыз бар?
– Қай елдің, қай халықтың мәдениеті мен әдебиеті сол елдің төлқұжаты, жанының айнасы. Олай болатыны, халықтың ұлттық коды, негізінен, сол халықтың әдебиеті мен мәдениетінде сақталады һәм өмір сүреді. Осы тұрғыдан келгенде, кейде басқа бір халық туралы сенің айтқа-ныңнан гөрі, сол халықтың өз ақын-жазушысының, өз қаламгерлерінің шығармалары арқылы танып-білгеннің әсері, өнімі тіптен жемісті болады. Осындай мақсатпен біз қытай ақын-жазушыларының шығармаларын, тарихи-танымдық дүниелерін аударуға да көбірек көңіл, уақыт бөліп келеміз. Сондай мақсатпен қолға алған аударма саласы бойынша, бүгінде өзің жоғарыда санамалап айтқан қытайдың біраз ақын-жазушыларының шығармалары біздің аудармамызбен қазақ оқырмандарына жол тартты. Соңғы жылдары Нобель сыйлығының иегері, жазушы Мо Яннің повестері мен әңгімелерінен құралған бір томдық таңдамалысын аударып, дайындап жатырмын. Міне, осы Мо Янь шығармалары да қытайдың ұлттық менталитетін танытатын мазмұнға өте бай.
– Екі-үш жыл бұрын қытайтанушы-ғалым, филология ғылымының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті Айнұр Әбиденқызы екеуіңіз бірлесіп «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» деп аталатын қос тілді, түсіндірмелі, іргелі еңбекті өмірге әкелдіңіздер. Әлгінде осы «сөздіктің» шығуына сол кездегі ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қ.Тоқаевтың қолдау көрсеткенін айтып қалдыңыз. Әрі «сөздік» шыққан кезде Қ.Тоқаевтың сізді қабылдағанын БАҚ беттерінен оқыдық. Осының өзінен-ақ бұл еңбектеріңіздің мән-маңызын аңғаруға болады. Дегенмен, ел ішінде қытайдағы қазақтар құрастырған «Қытайша-қазақша сөздіктен» көшіріп алған дегенге саятын өсек-аяңның жүргені де жасырын емес. Бұл туралы не айтасыз?
– Атамыз қазақта «біткен іске сыншы көп» деген сөз бар. Оның үстіне мынандай ақпараттық технологияның дүркіреп тұрған заманда кімнің аузына қақпақ болғандайсың. Ондай күңкіл-сүңкілді біздің сөздік жарыққа шыға салысымен-ақ әлеуметтік желі бетінде бүркеншік атпен таратушылар болды. Бірақ ешқандай дәлел-дәйексіз, негізсіз, «жаптым жала, жақтым күйе» ғана. Ондай өсек-аяңға мән бермеуге де болар еді. Бірақ мен әлеуметтік желі бетінде «Көк сөздік» пен «қызыл сөздік» немесе күншіл ағайынның күңкіл-сүңкіліне жауап» деген шағын мақала жаздым. Кейін ол мақаламды «Адым» (adym.kz) деп аталатын республикалық қоғамдық-саяси ақпараттық портал көшіріп басты. Қызыққандар болса сол жерден тауып оқып алар.
Айналып келгенде, осындай әңгімені біріншіден, қаса надандар, екіншіден, қызғаншақ, ішітар, бақас пенделер таратады. Өйткені, өркениетті елдерде біздікі секілді қос тілді сөздіктердің, аптасына-айына демей-ақ қояйын, жылына неше түрі шығып жатады. Өзге емес, мынау Ресей мен Қытай еліндегі жағдайды айтайықшы, «Русско-английский словарь», «Англо-русский словарь» дегендерді немесе «қытайша-ағылшынша сөздік», «ағылшынша-қытайша сөздік» дегендерді санап тауыса аласыз ба?! Бірақ сол елдерде «мына сөздікті ана сөздіктен көшіріп алған» деген бір ауыз сөз айтылмайды. Ал, біз ше? Қытайдағы қазақтар құрастырған «Қытайша-қазақша сөздіктің» шыққанына жарты ғасырдай уақыт болды. Сонымен «бітті шаруа» деп сөздік құрастыру жұмысын жауып қоюымыз керек пе сонда?!
Іс жүзінде қытайдағы қазақтардың сөздігі шыққан сонау 1970 жылдардан бері қанша уақыт өтті, қанша су ақты дегендей, өмірдің, ғылым-білімнің, адамзат ой-санасының қай саласын айтсаңыз да төңкеріске пара-пар жаңалықтар болды. Мысалы, ақпараттық технологияны немесе медицина саласын, басқа да іргелі ғылымдардың түрлі саласын алыңыз, тіпті гуманитарлық ғылымдардың әр саласында пайда болған жаңа атау, жаңа терминдер қаншама?! Өткен ғасырдың 70-ші жылдарында адамзат мүлдем ойлап көрмеген жаңалықтардың өмірге келіп, күнделікті тұрмысымызға еніп кеткеніне соңғы жарты ғасырлық тарих куә. Осы тұрғыдан келгенде біз «Қытайша-қазақша үлкен сөздікте» қазіргі ғылым техниканың дамуындағы, қазіргі өмірдегі жаңа сөздерді, жаңа аталымдарды барынша толық қамтуға тырыстық.
Біздің сөздіктің жаңалығы мен артықшылығы туралы қытайтанушы ғалымдар, тарих ғылымының докторы, профессор Нәбижан Мұхамедханұлы мен филология ғылымының кандидаты, доцент Аида Кенжебаева республикалық басылым беттерінде пікірлерін айтып, лайықты бағасын берген. Оның сыртында біздің сөздікті құрастыру жоспары жасалған күннен бастап, құрастырылып болғанға дейінгі жұмысты көзімен көрген, кейбір тұстарына қол ұшын берген азаматтардың бәрінің көзі тірі. Алдағы уақытта бұл сөздікті толықтырып, екі томдық етіп шығаруды жоспарлап отырмыз.
Бір қызығы, мұндай өсек-аяңдар көркем аудармаға қатысты да айтыла береді. Яғни ілгеріде біреу тәржімалаған шығарма болса, оған басқа адам жоламау керек деген түсінік қалыптасқан. Мұндай уәжсымақтың шығуының астарында да әлде надандық, әлде бақастық жатыр деуге болады. Өзге елде ондай түсінік атымен жоқ. Мәселен, өткен ғасырдың 80-ші жылдары Ш.Айтматовтың шығармаларын қытайдың барлық өлкелері мен ірі қалаларындағы баспалар жаппай аударып жарыққа шығарды. Бір ғана «Боранды бекет» романының өзі оншақты аудармашының тәржімасымен, әртүрлі бас-падан жарық көрді. Бірақ «мынау ананың аудармасын пайдаланып кетті» деген бірде бір сөз болған жоқ. Соңғы жылдары Мо Янның шығармаларын да орыстар жапа-тармағай аударып жарыққа шығарды. Мо Янның ұқсас бір шығармасын әлде неше аудармашы тәржімәлап, әр түрлі баспадан жарық көріп жатыр. Бірақ «мынау Иванның аудармасын анау Сергей ұрлап алды» деп аузы көпіршіп байбалам салып жатқан бір орыс көрмейсің. Бұл арада «өзге жұрт мәселеге көзжұмбайлық жасап қарап отыра береді» деген ұғым тумауы керек. Шынымен «жиендік» байқалса олар да ондай мәселені жай қоймайды. Бірақ құры өсек, «жаптым жала, жақтым күйе» емес, аударма мәтіндерді өзара салыстырып, дәлел-дәйегімен, ғылыми негіздеп жазады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бұл мәселеде менің басты ұстанымым мынау: «Ақиқат иіледі, сынбайды». «Аққа күйе жұқпайды». «Ит үреді, керуен көшеді».
– Жақында қытайдың «соху» деген интернет сайтында «Қазақстанның Қытайға қосылғысы келеді» деген мазмұнда бір жалалы жазба шыққанын, ол туралы біраз жұрттың дабыл қаққанын, артынша ҚР СІМ-нің бірінші орынбасары Ш.Нұрышевтің ҚХР-ның Қазақстандағы төтенше және өкілетті Елшісі Чжаң Сяомен сөйлескенін, сондай-ақ біздің еліміздің ҚХР-дағы Елшісі ҚХР СІМ-не нота тапсырғанын естіп-біліп жатырмыз. Бірақ осы мәселе барысында сіздің үніңізді ести алмадық. Осының себебі қалай?
– Оның айта қаларлық соншалық маңызды себебі жоқ. Өйткені ҚХР қанша жерден тоталитарлы мемлекет, онда компартия бәріне қатаң цензура орнатып тастаған делінгенімен, ол да шартты ұғым. Оның үстіне қытайдың ұраны қызыл болғанымен, «жыр-әні» ақша болып кеткелі қай заман?! Қазір қытайда жалғыз «Соху» ғана емес, «Alibaba» тобы, «Тэңсюн», «Байду», «Цзиңдуң», «Чиху 360», «Ваң-и», «Sina» секілді неше жүздеген, тіпті мыңдаған ақпараттық компаниялар бар. Оның бәрі, әрине, алғаш тіркеліп, рұқсат алатын кезде Қытай цензурасының алдында жаңа түскен келіндей иіліп тұрады. Ал тіркеліп алғаннан кейін Қытай компартиясына, мемлекет басшыларына, Қытайдың территориялық тұтастығына, Қытайдағы халықтардың ынтымағына нұқсан келтірмеуді ғана басты назарда ұстайды. Қалған тақырып Қытайдағы әлеуметтік желілер үшін аса маңызды емес. Сондықтан әлеуметтік желі бетіндегі әлдебіреудің жасырын атпен жазған сандалбай жазбасына соншалық қатты мән берудің керегі де жоқ па еді. Бір есепте біздің елдің дипломатиялық корпусы дұрыс істеді деп те ойлаймын, Қытайдың әлеуметтік желілері бұдан былай Қазақстан туралы байқап-байқап сөйлейтін болады.
«Мұндайға қатты мән берудің керегі де жоқ па еді» деп отырғаным, еліміз бос жатқан иен дала емес қой. Шекарамыз шегенделген, қатепті мемлекетпіз! БҰҰ-ның мүшесіміз! Территориялық тұтастығымыз бен қауіпсіздігімізге әлемнің көптеген алпауыт елдері кепілдік берген. Қазақстанның тыныштығы мен амандығына қазақтардың өзі ғана емес, оған Ресей, АҚШ, Түркия, Араб елдері, Еуропа елдері де мүдделі. Бұның өзі, түптеп келгенде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көпвекторлы саясатының жемісі.
Оның үстіне, соңғы жылдары осы тақілеттес сандырақ Қытайдағы әлеуметтік желі беттерінде өте жиі жарық көріп жүр. Атап айтқанда, «Моңғолияның Қытайға қосылғысы келеді», «Непалдың Қытайға қосылғысы келеді», «Малайзияның Қытайға қосылғысы келеді», «Тәжікстанның Қытайға қосылғысы келеді», «Қырғыздың Қытайға қосылғысы келеді», «Африка елдерінің Қытайға қосылғысы келеді», т.с.с. жазбаларды көптеп кездестіруге болады. Бұл жазбалар ҚХР билік бұтақтарына қарасты ресми БАҚ беттерінде белгілі жауапты тұлғаның немесе ең кемінде нақты қызметкердің шынайы атымен жазылса, ол енді мүлде басқа әңгіме.
Негізінде біз, қытайтанушы маман ретінде де, қытайтану институтының басшысы ретінде де Қытайдың ресми БАҚ беттеріндегі ақпараттарды жіті қадағалап отырамыз. Әсіресе ҚХР ішкі-сыртқы саясатына, екі ел қарым-қатынасына саятын, немесе еліміздің тәуелсіздігі мен абыройына, ел болашағына нұқсан келтіретін ақпараттар, жазбалар болса, ол туралы ғылыми сараптама жасап, құзырлы мекемелерге ұсынамыз. Қысқасы, қашан да өз жұмысымызды ғылыми негізде, еліміздің құзырлы органдарымен бірлесе атқарамыз. Айғай, аттан, «алды-жұтты», ол – біздің жұмыс тәсіліміз емес.
– Дүкен Мәсімханұлы, жалпы Қытайдан бізге келер қауіп бар ма?
– Бұл сұрақ маған жиі қойылады. Менің жауабым мынау: Шыңның басында тұрсың делік, жол тауып түссең аман қаласың, шыңнан секіріп кетсең өлесің. Дала қатты аяз делік, жылы киініп шықсаң аман қаласың, жұқа киініп шықсаң қатып өлесің. Иен далада аш арыстанға кез болдың делік, кездігіңді серт ұстап, бар күшіңді бойға жинап, айламен айқаса білсең, аман қаласың, кездігіңді тастап, арыстанның алдына барып жүгінсең, оған жем боласың. Бұл күрес! Күрес, ол – өмір заңы! Біз де дәл осылай, мына жақта аю, мына жақта аждаһа бар екен деп бір жаққа көшіп кете алмаймыз. Тәуелсіздікке жету жолындағы күрестен гөрі, тәуелсіздікті ұстап тұру мың есе, миллион есе қиын. Сондықтан біз Қытай елімен Жапон, Үндістан, Непал, Вьетнам, Корея, Моңғолия елдері секілді қарым-қатынас орнатсақ, онда бұл елден келер қауіп жоқ. Керісінше, біздің пайдамызға шешіледі. Неге? Қытай біздің іргемізде тұрған алып базар. Ертең әлемде жоқ бір тауар өндірейікші, алып базар іргеңде тұр. Апарасың да сата бересің. Ал егер Қытаймен Оңтүстік Азия елдері (Cингапур, Тайланд, Филиппин, Индонезия) және кейбір Африка елдері секілді қарым-қатынас үлгісін таңдасақ, онда үлкен қауіп бар. Сондықтан бұл мәселеде, қарапайым тұрғындардан гөрі биліктегілердің мойыны мен ар-намысына артылар жүк өте ауыр! Бұл туралы менің шегелеп айтып келе жатқаныма отыз жыл болды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Сержан ТОҚТАСЫН
Дереккөз: "Ана тілі" газеті