Қасым-Жомарт Тоқаев: Бұл дағдарысты бірлесе отырып міндетті түрде жеңеміз

Уақыты: 2020-06-23 Көрлімі: 902 Сипаттама

Мемлекет басшысы «BIZ BIRGEMIZ» жалпыұлттық онлайн форумына қатысты, деп Ақорданың баспасөз...

50e3f5e74651d1a3a5d3e4b76195e428.jpg

Мемлекет басшысы «BIZ BIRGEMIZ» жалпыұлттық онлайн форумына қатысты, деп Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлаймыз. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде әлемнің барлық елі, оның ішінде Қазақстанның да коронавирус індетіне қарсы күресіп жатқанын айтты. Осыған орай, мемлекет тарапынан қолға алынған аса маңызды шараларға тоқталды.

– Коронавируспен күресу үшін бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік таратылды. Шағын және орта бизнес өкілдеріне бірқатар жеңілдік жасалды. Елбасының бастамасымен құрылған «Біргеміз» қорынан да көлемді қаржы бөлініп, мұқтаж жандарға нақты көмек беріліп жатыр. Бұл жұмысты «Nur Otan» партиясы белсенді түрде жүзеге асыруда. Осының бәрі бірлігіміздің бекемдігін көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

0dfe7fe96ebb60c6172e969b442444e3.jpg

Форум барысында Қасым-Жомарт Тоқаев індеттен қайтыс болған азаматтардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, вирус жұқтырғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Президент халықты осындай қиын-қыстау кезеңде зор жауапкершілік танытып, өздерінің, туыстарының және жақындарының денсаулықтарына жанашырлықпен қарауға шақырды. Мемлекет басшысы халқымыздың ауызбіршілік, сабырлық, жанашырлық секілді дәстүрлі құндылықтарын атап өтіп, медицина және полиция қызметкерлеріне, әскери және мемлекеттік қызметшілерге, волонтерлер мен журналистерге, сондай-ақ, қайырымдылық жасаған адамдарға ризашылық білдірді.

– Дәрігерлер, медбикелер, санитарлар мен жедел жәрдем қызметкерлері! Эпидемиямен күресте ең ауыр жұмыс сіздерге жүктелді. Сіздер күн сайын бүкіл елге ерік-жігердің, қайсарлықтың, батылдықтың ерен үлгісін көрсетіп келесіздер. Біз бұдан нағыз патриотизмді көреміз. Аса қиын жағдайларда ерлікке тән әрекет жасайтындарыңызды білемін. Пандемияның қайта өршіп, ауқымы кеңейе түскен кезде сіздер қорғаныс киімдерінің, қажетті дәрі-дәрмектердің, науқастарға арналған орындардың жетіспеушілігі және басқа да қиындықтармен бетпе-бет келіп отырсыздар. Біз бұл проблемаларды жақын арада шешеміз. Аталған жағдайды шұғыл ретке келтіру үшін Үкіметке нақты тапсырма берілді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстандағы әрбір 100 мың адамға шаққанда 80-нен аса азаматтың дертке шалдыққанын және мұның әлемдік статистика бойынша орташа көрсеткіш екенін айтты. Науқастар сапалы ем қабылдап жатыр. Бір топ медицина қызметкері жанкешті еңбектері үшін мемлекеттік орден-медальдармен марапатталды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының жұмысын да жоғары бағалады.

– Қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық полицияның мінсіз қызметіне байланысты. Бүгінде карантин шараларының сақталуын қадағалап, бекеттерде қызмет етіп келесіздер. Бұл оңай жұмыс емес. Тіпті, қоғам өкілдері тарапынан сынға ұшыраған кездеріңіз де болды. Дегенмен тәртіп сақшыларының басым бөлігі – адал қызмет етіп жатқан азаматтар. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды, – деді Президент.

0f7d9b1e52d556357e39e910b7a821d2.jpg

Мемлекет басшысының айтуынша, Төтенше жағдай режимін тоқтатқаннан кейін азаматтарымыз босаңсып кеткен, қауіп-қатерді елемеген, медициналық тәртіп пен ескертулерді сақтамаған, тіпті, кейбір адамдар мұндай ауру жоқ деген қауесетке сенген. Сондықтан Үкімет карантин шараларын қайта күшейтті. Бірақ бұл көңіл-күйді түсіріп, сарыуайымға салынуға себеп емес. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз толыққанды, қалыпты тіршілігін жалғастыра беру керек деп санайды.

– Бүкіл әлемдегі адамдар карантин кезінде отбасыларымен арадағы қарым-қатынасты қалай бекіте түскені, балаларына көп көңіл бөліп, олардың проблемалары мен алаңдаушылығына уақыт арнағаны туралы өз тәжірибелерімен бөлісуде. Суретшілер, музыканттар, ақын-жазушылар карантин уақытында шығармашылықпен өнімді айналысқандарын айтуда. Яғни, әрбір қиындықтың өз қайыры болады. Әрбір дағдарыс жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біз бұл дағдарысты бірлесе отырып міндетті түрде жеңеміз, одан рухымызды шыңдап, дүниеге деген көзқарасымызды өзгертіп шығамыз, – деді Мемлекет басшысы.

«BIZ BIRGEMIZ» атты жалпыұлттық онлайн форумы аясында коронавирусқа қарсы күресте алдыңғы шепте жүріп, ерлік көрсеткен бірқатар азамат Қазақстан Президенті тағайындаған «Халық алғысы» арнаулы медалімен марапатталды. Сонымен қатар елордада пандемиямен күрестегі азаматтарымыздың ерлігін мәңгі есте сақтау үшін ескерткіш орнатылады.


Пікір жазу
  • Мәулен Әшімбаев: Шағын және орта бизнестің мәселелері ашық айтылуы керек
    Сөзге серт