Жебеу: «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі бұған дейін Оралман мәртебесінің уақыты өтіп азаматтық ала алмай жүрген қандастар мәселесі бойынша қатысты министрліктерге хат жазып, мәселені шешу жолдарын ұсынған. Қазан айында құзырлы орындардың назарын аударып, аталған мәселенің тезірек шешім табуы үшін белгілі қоғам қайраткерлері мен қоғамдық ұйымдармен бірге дөңгелек үстел ұйымдастырмақшы болған. Ол адамдар басында келіскенімен артынан енжарлық танытты. Соңында қазақ көшінің ежелден жанашыры болып келе жатқан Abai.kz ақпараттық порталынның құрылтайшысы Дәурен Қуат пен бас редакторы Қанат Әбілқайыр мырзалармен бірге осы хатты дайындап отырмыз. Abai.kz ақпараттық порталы көтерген көптеген мәселенің шешімін тапқаны белгілі. Портал жетекшілерінің қолдау танытқанына рақмет айта отырып, Оралман мәртебесінің уақыты өтіп азаматтық ала алмай жүрген 30 мыңдай қандастың мәселесі тезірек шешімін табады деген үміттеміз.
ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа;
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау
министрі Мәдина Әбілқасымоваға;
ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамет Қасымовқа;
ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевқа;
ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаровқа;
АШЫҚ ХАТ
Тәуелсіздік алғалы Қазақстанға шетелден миллионнан астам қазақ көшіп келді деп жүрміз. Жас қазақ елінің қабырғасы қаланып, керегесінің кеңи түсуіне осы ағайындардың да көмегі тиді. Елге ел қосылғаны жақсы әрине. Алайда, соңғы он жылда Қазақстан азаматтығын алған қандастардың саны өте аз. Бұның басты себебі, ҚР «Халықтың көші-қоны туралы» заңы жиі өзгеріп, бір жүйеге түспей жүргені болып отыр.
Көші-қоны туралы заң тармақтарындағы қарама-қайшылық азаматтық алғысы келген қандастарды тым бұралаң жолға салып қойды. Мысал үшін айтайық, 2013 жылдың соңында қабылданған ҚР «Халықтың көші-қоны туралы» заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша, Қазақстанға қоныс аударған қандастар елге келгеннен кейін тек 4 жылдан кейін ғана ҚР азаматтығына өтініш тапсыра алатын және «Көші-қон парағынан шығу» мен «Соттылық туралы» екі анықтаманы тапсыруға міндетті болды. Аталған екі анықтаманы ҚХР мен Иран Ислам Республикасы бермейтінін айтып дабыл қаққан жандардың өтініші ескерусіз қалды. Сөйтіп тәуелсіз елдің азаматы атансам деген ағайынның алдына алынбас қамал соғылды.
Ал бұл орынсыз талаптардың ішінде қандастардың Қазақстанда 4 жылдық тұрақты тіркеуі болуы керек және «Көші-қон парағынан шығу» талабы 2015 жылғы ҚР «Халықтың көші - қоны туралы» заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда алынып тасталды. «Соттылық туралы» анықтама Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайындағы тапсырмасынан кейін ғана күшін жойды. Міне, осы 5 жылда ҚР азаматтығын алу шетелден келген ағайын үшін орындалмас арманға айналды.
Білмейтіндер жоғарда аталған талаптар қандастардың азаматтық алу ісін бірнеше жылға кешіктірді деп түсінер. Жоқ. Бұл талаптар сан мыңдаған қазақтың ҚР азаматы атану арманын жоққа шығарды. Себебі, Қазақстан азаматтығын алғысы келген қазақ ең алдымен «оралман мәртебесін» рәсімдеуі керек. Ал бұл құжат тек бір жылға ғана беріледі. Мерзімі өтсе екінші рет қайта берілмейді. Басқаша айтқанда, «оралман куәлігін» алған қазақ бір жылдың ішінде ҚР азаматтығына өтіп үлгеруі керек. Егер бір жылдан қалып кетсе, ол үшін «оралман мәртебесі» де жоқ, ҚР азаматтығы да жоқ деген сөз. Міне қарама-қайшылық. Біз жоғарда көші-қон заңына енгізілген түрлі өзгертулер себебінен қандастар бір жыл емес, бес жыл азаматтыққа өтініш бере алмағанын айттық. Осы аралықта «оралман мәртебесін» алып, бір жыл ішінде Қазақстан азаматтығына құжат өткізе алмағандар саны 30 мыңнан асқан көрінеді. Демек, елге келген осынша қандас ҚР азаматы атана алмай қаңғырып жүр деген сөз.
Қазіргі қолданыстағы Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 21-бап 2-ші тармағына сәйкес, қандастардың «оралман мәртебесінің» мерзімі өтіп кеткеніне 6 айдан аспағаны ғана оны үш ай мерзімге тағы бір мәрте ұзарта алады. Аталған мерзімді өткізіп алғандарының «оралман куәлігінің» мерзімін ұзартып, сол арқылы ҚР азаматтығын алуларына мүмкіндігі жоқ.
Біз жоғарда айтқан 30 мыңнан аса қандастың ішінде «оралман мәртебесі» мерзімдерінің өткеніне 6 ай емес, 6 жыл болғандары да бар. Ал бұлардың «оралман мәртебесі» мерзімін неге өткізіп алғанын тағы айттық. «Оралман куәлігінің» мерзімі өткен қандастардың көбі Қытай, Моңғолия, Өзбекстан сияқты елдерден келген. Қазіргі кезде бұл азаматтардың басым бөлігінің қолданыстағы паспорттарының мерзімі бітуге жақын. Тіпті мерзімі өткен құжаттармен жүргендері де біршама. Ал мерзімі өткен паспортпен жүрген қандастарды жергілікті полиция шекарадан шығарып жіберетіндерін айтып отыр.
Ал енді бұғының мүйізіндей салаланып кете беретін осы мәселелерді түсінікті тілмен баяндап берейік. Мысалы, 2013 жылы елге келген қандасымыз ҚР азаматтығына өтініш беру үшін «оралман мәртебесін» рәсімдейді. Дәл осы кезде ҚР азаматтығына өтініш беру үшін жинайтын құжаттар тізіміне: Қазақстанда 4 жылдық тұрақты тіркеуі болуы керек, «Көші-қон парағынан шыққаны туралы» және «Соттылық туралы» анықтама қосылады. Мүлде қол жеткізу мүмкіндігі жоқ осы құжаттармен сарсаң болып жүргенде сырғып бір жыл өте шығарды. Бір жыл емес, бірнеше жыл өтеді. Осы аралықта «оралман куәлігінің» мерзімі бітеді. 2017 жылы жоғардағы үш талап алынып тасталғанымен, бұл қандасымыз бәрібір ҚР азаматтығына өтініш бере алмайды. Себебі, «оралман куәлігінің» мерзімі өткен. Бұл құжат екінші мәрте берілмейді. Осы тығырықтан шығудың жолын таппай жүргенде бұл қандасымыздың қолындағы паспорттың мерзімі бітеді. Сөйтіп, қандасымыз мүлде құжатсыз қалады.
Мерзімі өткен құжаттармен жүрген қандастарды жергілікті полиция келген еліне қайтармақшы. Бұлардың ішінде Қытайдан келгендерді айтар болсақ, олар енді Қытайға барып жаңадан паспорт алып елге келе алмайды. Бүгін ғана ҚР Сыртқы істер министрлігі Қытайда «қос азаматтық» деген желеумен 29 қазақстандықтың ұсталғанын мәлімдеді. Қазақстан азаматтығын алғандардың өзін ұстап отырған Қытай билігі әлі Қытай паспортымен жүрген қандасымыз онда барса қалпақпен ұрып алар. Бұған дейін Қытайға барған қандастарымыз (ҚХР азаматтары) ондағы жағдайға байланысты саяси үйрену орталықтарына кіріп кетіп немесе паспорттары жиналып алынғандықтан елге қайта алмай, көптеген отбасылар екіге бөлініп отырғаны бәрімізге белгілі.
Осының бәрін ескере отырып, «оралман мәртебесінің» мерзімі өтіп кеткен қандастарымыздың бәріне бір рет кеңшілік жасап, бәрінің бір жолда ҚР азаматтығына өтуіне мүмкіндік берулеріңізді өтінеміз. Қандастарға мемлекет жағынан осы сияқты қолдау бұған дейін де болған. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің өтінішіне сәйкес, Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы 27.07.2016 жылғы № 22-6-17/49 37 xатымен берілген келісіміне байланысты 4 мыңға жуық қандасымыздың тағдыры кезінде оң шешімін тапқан болатын. Сіздерден осы тәжірибені тағы бір мәрте қолдануларыңызды сұраймыз. Сол арқылы еліміздің азаматы болуға асыққан 30 мың қандасымыздың тағдыры басқаша жазылар еді. Сондықтан, бұл жолғы оң шешім қабылдауларыңыз қандастарымызға жасаған қолдауларыңызбен қоса, Елбасымыздың тапсырмасын орындау және азат еліміздің болашағына қосар еселі үлестеріңіз болар еді.
Abai.kz ақпараттық порталы
«Жебеу» қоғамдық бірлестігі
Jebeu.kz