Жақында әлеуметтік желіде Қытай консулы қандастарды Қытайдың тұрақты тіркеуінен шығарып (напос өшіріп) жатыр деген хабарлама тарады. Көптеген азаматтар бұл ақпараттың анық-қанығын білуге «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігіне хабарласты. Осыдан кейін Қытайдың Алматыдағы консулдығымен хабарласып, бұл ақпараттың жалған екенін сұрап білдік.
Қытай консулдығының айтуына қарағанда 2018 жылдың басынан бері ҚР азаматтығын алған қандастардың Қытайдағы тұрақты тіркеуі ҚХР азаматтығынан бас тартқан (Қытай паспортын қидырған) кезде автоматты түрде өшіріледі екен. Бұл азаматтар Қытайдың тұрақты тіркеуінен шыққан болып, ешқандай заңды жауапкершілік арқаламайтын айтуда. Ал 2018 жылдан бұрынғы ҚР азаматтығын алып Қытайдың құжаттарын ҚР Көші-қон полициясына тапсырған қандастар тұрақты тіркеуінен (нопустан) тек Қытайға барып, жергілікті полиция арқылы ғана шыға алады.
Естеріңізде болса, 2018 жылдың басында Қытай консулдығы біраз уақыт қандастардың ҚХР азаматтығынан шығу жөніндегі өтінішін қабылдамаған еді. Осы кезде «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі қандастардың арызын жинап, Қытайдың Алматыдағы консулдығы мен ҚР Сыртқы істер министрлігіне хат жазған. Кейін Қытай консулдығы қандастардың өтінішін қабылдап, құжаттарын бұрынғы тұрған орындарына жіберіп беріп, жергілікті орын Қытайдың тұрақты тіркеуінен шығарып, келісімін бергеннен кейін ҚХР азаматтығынан шығаратындығын айтқан. 2018 жылдың мамыр айынан бастап, ҚХР азаматтығынан шығуға өтініш бергеніне 3,4 айдан асқан қандастарды шақырып ҚХР азаматтығынан шығарған болатын. Міне осы уақыттан бергі ҚХР азаматтығынан шыққан (паспорт қидырған) қандастар Қытайдың тұрақты тіркеуінен шыққан (напос өшірген) болып табылады.
2017 жылдан бұрынғы ҚР азаматтығын алған қандастар Қытайдағы тұрақты тіркеуін өшіру үшін Қытайға барғанда, 4 сағаттан артық қамауға алатын болса, Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің консулдық бөліміне (+86-010-653-24-189), Шанхай қаласындағы Қазақстанның Қытайдағы Бас консулдығана (+86-21-627-538-78), Үрімші қаласындағы ҚР СІМ Төлқұжат-виза қызметіне (+86-991- 369-75-85) хабарласып, көмек сұрауыңызға болады. ҚР паспортымен ҚХР-ға барған әрбір Қазақстан азаматтары Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министірлігі арқылы Қазақстанның қорғауында болады. Әрқандай мемлекеттің Қазақстан азаматтарның қылмыстық құрамы байқалмаған жағдайда 4 сағаттан артық ұстап тұруы заңға қайшы. Қытайға барғанда қылмыс жасамасаңыз және телефондарыңыздан діни радикалдық бағыттағы материалдар табылмаса немесе Қытай үкіметінде қаржылық берешектеріңіз болмаған жағдайларда сізді ұстауға еш негіздері жоқ.
Естеріңізде болсын, Қытай мен Қазақстан арасында «қос азаматтық» деген ұғым жоқ. ҚХР-нан келген қандастар ҚР азаматтығын алғанда бұрынғы құжаттарын ҚР көші-көн полициясына тапсырып беретін, қазір Қытай елшілігі мен консулдығы арқылы бұрынғы құжаттарының күшін жояды. Қытайдағы тұрақты тіркеуден шықпағаныңыз қос азаматтық болып табылмайды. Өйткені, Қытай халық республикасының азаматтық заңының 9 - тармағында анық белгіленген, әрі бүгінге дейын өзгеріссіз қалпында: "шетелге қоныс аударып көшіп кеткен ҚХР азаматтары, өз еркімен шетел азаматтығын алған немесе шетел азаматтығын қабылдап қойған жағдайда Қытай халық республикасының азаматтығынан автоматты түрде шығарыларды" делінген.
«Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі
Jebeu.kz