БІЗ ҚАСЫМ-ЖОМАРТҚА ХАТ ЖАЗҒАНБЫЗ

Уақыты: 2019-05-17 Көрлімі: 5382 Сипаттама

Бұл - 1997 жылы мамыр айында болған жай. Жыл басында Үрімжідегі консул - Жайлыxан Байтілеуо...

tokhaev-e1556614177765.jpg


Бұл - 1997 жылы мамыр айында болған жай. Жыл басында Үрімжідегі консул - Жайлыxан Байтілеуов Елге қайтты да, Үрімжіге Латиф Эрнес барды. Сонан бастап консулдық маңын  ұйғыр ұлтының іскер жігіттері жағалай бастады. Сол жылдары олардың ішінара саяси эмбициясы бар өкілдерінің белсенділігі шегіне жетіп тұрған. Құлжада және Шынжаңның оңтүстігіде әртүрлі сипаттағы  толқулар болған. Біз де ондағы жігіттерден «Үрімжідегі консұлдық ашылған кездегі ұлттық сипатынан ауытқып жатыр» деген мағанадағы хабарлар алғанбыз. Олар бұның себебін біздің дипломатиялық өкілдіктің басшысы Шынжаңдағы жергілікті xалық ұйғыр ұлтының өкілі болғанынан деп білді.

1997 жыл дегеніміз шетелдегі қазақты Атамекеніне оралту үлкен ұлттық қозғалысқа айналған жыл болатын. Себебі, осы жылы Әкім Ысқақ жетекішілігімен дайындалған заң баламалы бәсекеге түскен. ҚР Әлеуметтік қорғау және еңбек министрі Наталья Коржова дайындаған заңды Қажыгелдин басқаратын үкімет қорғайды да, депутат Әкім Ысқақ ұсынған, қазақ тілінде жазылған "көші-қон заңын" депутаттар мен журналистер қолдап, парламент пен үкімет түс шайысып тұрған шақ. Сөтіп, шеттегі қазақты отанына оралту идеясы да ұлттық сипат алып, БАҚ-та үлкен резонаныс қозғаған кез болатын.


Осындай кезде Үрімжідегі консулды ауыстуру, онда да, таңдау тарихи мекені Шыңжаңда автономиялы өлке атын иеленіп отырған ұлттың өкіліне түсуі  бізге мүлде тосын сезілді. Осыдан кейін сол кездегі ҚР Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаевқа Тұрсынxан Зәкенұлы екеуіміз екі бөлек хат жаздық.

      Хатта Шынжаңдағы жағдайға оның Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасындағы саяси орнына қысқаша талдау жасай келіп, "Үрімжідегі консулдықтың басшысы ұйғыр ұлтының өкілі болуы бұл жағдайға оңды әсер етпеуі мүмкін" екенін өз бетімізше барынша сыпайлап, әрі өткір жеткізіппіз. Сонымен қатар кадрлық тағайындау түзетілмесе қолымыздағы хатты ақпарат құралдарында ашық жариялап, көптің талқысына салатынымызды да айттық. Хаттарымызды алып,  Алматыдағы Зенков көшесі 80 үйге - Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Қалдарбек Найманбаевқа бардық. Қалдекең хаттарды оқып, қатты ширықты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың білікті дипломат екенін айта келіп, өзі министрмен xабарласатынын айтып, хатты баспасөзде жарияламауды сұрады. Біз бір апта күтуге келісім беріп қайттық. Күттірмеді. Келесі күні Қалдарбек Найманбаев хабарласты. Министр: "Хат авторларына алғыс білдіріп, оларға таяу күндерде қайта тағайындау болатынын айтыңыз" депті. Арада 10 күн өткенде Л.Э Бейжіңге ауысып, Үрімжідегі консулдыққа Бағдат Сейітбатталов басшы болып барды. Біз риза болдық. Хат жарияланбады.


Үрімжідегі Төлқұжат-визалық қызметтің ашылуы Шынжаңдағы екі миллион қазақтың Отанына оралуына оңтайлы жағдай жасау үшін және олардың тарихи Отанымен байланысын одан ары нығайту үшін жасалған ұлттық шешім. Осы игі істі бүгінгі президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1994 жылдың соңында Қазақстанның Сыртқы Істер Министрі болып тағайындалғаннан-ақ, ұйымдастырған алғашқы жұмысы екенін айту, дәл бүгінгі күнде мен үшін  азаматтық парыз. Үрімжіде өзге ешбір елдің дипломатиялық миссиясы болмаған жағдайда, Шынжаңдағы жергілікті ұлттың кей өкілдері саяси белсенділігін бір шама арттырып тұрған шақта ондағы екі милион қазақ үшін  Үрімжіде Төлқұжат-визалық қызметін ашу, сөз жоқ, Тоқаевтың дипломатия саласындағы ұлтқа жасаған үлкен қызметі.


Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шынжаңнан Елге келген біздің (Тұрсынхан Зәкен екеуімізді айтам) хатымызды назарға алып, ондағы мәселлерді түсініп, кадрлық сәтсіздіктерді табанда түзетуі оның халықпен, жұртпен қызмет істей алатынын және оңтайлы пікірлерді қабылдай алатынын түсіндіреді.


Қазақстан тәуелсіздік жариялаған кезде осынша ұлан-байтақ жерде мемлекет құрушы ұлт - қазақтар 40%-тей ғана болатын. Тәуелсіз елдің тізгінін ұстаған ұлттық билік шетелдегі қазақтың Отанына қайта оралуы -  мемлекетті құрушы ұлттың - тәуелсіздікке мүдделі адамдардың сан жағынан басым болуы тәуелсіз отан үшін маңызды екенін түсінді. Сөйтіп, шетелдегі қазақтарды түрлі қиындықтарға қарамастан тарихи Отанына оралтуды мақсат етті. Оны мемлекеттің негізгі саясаты ретінде қарастырды. Үрімжідегі визалық штаб солай ашылды.


P.S.Үрімжідегі Төлқұжат-визалық қызметі 1995 жылы қаңтардан бастап Шынжаңдағы қазақтарға виза бере бастады. Біз де газет тілшісі ретінде сол штабқа барып, оны басқарып отырған Жайлыxан Байтілеуовпен сұхбат құрып, ақпараттық қолдау білдірдік, Үрімжідегі қазақтардан Асан Әбеу, Байтақ Митхат сияқты жігіттерді таныстырып, қызмет ұйымдастыруына қолғабыс еттік.


Бұл мекемеде ширек ғасырда оншақты дипломат ауысты. Соның ішінде қызметінің ұлттық сипаты болған дипломаттар деп  Жайлыxан Байтілеуов пен Қайыржан Кеңесұлын айырықша атауға болады.


Дәл қазір де осы визалық бөлім алдында мыңдаған кісі кезекте тұрғанын көріп отырмыз. Осы жағдайды және Шыңжаңдағы қазақтардың қазіргі мүшкіл халын Президент міндетін атқарушы әрі алдағы сайлауда Қазақстан Республикасы президенттігіне басты үміткер Қасымжомарт  Тоқаев мырзаның назарына тағы да саламыз.

9 маусымда Милион оралман сайлауға барады. Дауыс береді. Үйткені олар Ұлттық мемлекеттің - Азаттықтың қадірін айырықша сезінеді.


Без названия (2).jpg

Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ ақын, мәдениет қайраткері.

Jebeu.kz

Пікір жазу
  • Шетелдегі қазақтарды қолдауға бағытталған меморандумға қол қойылды
    Түркі сауда-өнеркәсіп палатасы құрылды