Қазақстан елордасында өтіп жатқан XII Астана экономикалық форумы аясында Түркі сауда-өнеркәсіп палатасын құру туралы құжат қабылданды.
TRT Нұр-Сұлтан тілшісінің хабарына қарағанда, құжатқа Түркі тілдес елдердің Іскерлік кеңесіне мүше мемлекеттердің сауда-өнеркәсіп палаталарының басшылары қол қойды.
Құжатқа сәйкес, ортақ палатаның құрушылары – Түркия, Қазақстан, Қырғызстан және Әзірбайжан.
Түркі Кеңесі Бас хатшысы Бағдат Әміреевтің басшылығында өткен қол қою рәсіміне Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин, Түркия Палаталар және Биржалар Одағы бастысы Рифат Хисарджыклыоғлу, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов, Әзірбайжан Ұлттық кәсіпкерлер конфедерациясы төрағасы Мамад Мусаев пен Қырғызстан Сауда және өнеркәсіп палатасы төрағасының орынбасары қатысты.
«Түркі тілдес елдердің Іскерлік кеңесінің отырысына келген барлық қатысушыларды құттықтаймын. Бүгінгі ортақ палата өңірлік және жалпы даму мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұсынылған болатын. Қазақстан Үкіметі бұл бастаманы қуана қолдайды және оны дамытуда, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты арттыруда барынша жәрдемдеседі. Аталған шаралар түркі елдеріндегі жеке сектор үшін де өте тиімді, енді бұл ынтымақтастықтан нақты нәтижелер күтеміз», - деді ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин.
Түркия Палаталар және Биржалар Одағы бастысы Рифат Хисарджыклыоғлу: «2019 жылы Түрік Кеңесі шаңырағы астында Түркі елдерінің ортақ Сауда және өнеркәсіп палатасын құрдық. Бас хатшылық Стамбулда орналасады. Іскерлер арасында ортақ диалог, ынтымақтастық үшін жұмыстанамыз» деді.
Жаңа іскерлік ұйым Кеңеске мүше мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстарды, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын, ішкі туризм, кеден, көлік сынды өзара тиімді салаларды дамытуға серпін бермек.
Дереккөз: ТРТ