Хиджабтың қикаясы немесе кешегі Иран қандай ел еді?

Уақыты: 2019-05-22 Көрлімі: 807 Сипаттама

Бүгінде Иранға ұшар ұшақтарда орамал салу дейтін салт бар. Мейлі қайсы елден келсін, ұш...

regular_detail_image-d44afaf33588dfd517f0ded8f98a2cf2.jpg

Бүгінде Иранға ұшар ұшақтарда орамал салу дейтін салт бар. Мейлі қайсы елден келсін, ұшақтан түсерде әйелдер түгел шаштарын тұмшалап түсулері шарт. Өйтпегенде дін сақшылары тарапынан қолға алынып кетуі кәдік. Осысымен-ақ, көне өркениет елі қазіргі әлемде әйелдер құқықтары ең шектелген мемлекет саналады. Ал осыдан 40 жыл бұрынғы Иран еркіндіктің самалы ескен зайырлы мемлекет болатын. Ол кезде “орта шығыстың парижі” атанған Теһранда қысқа көйлек киген қыздар мода шаштарымен желкілдеп жүрер-ді. Шарап парти, рок сазы, тофелге емтихан тапсыру дегендер жастардың өмірінің жарқын парақтары болатын. Иранның әйел жазушы Азар Нафештің еске алуынша, “20 ғасырдың 50-60 жылдары оқуға түсу, парти ұйымдастыру, кітап оқу, кино көру сияқтылар өміріміздің ең қарапайым мазмұндары саналатын. Әйелдердің қоғамның әрқандай саласында жарқылдап жүргенінің куәсі болдық”. Ислам төңкерісінен бес жыл өтіп, Нафештің қызы өмірге келгенде, оның әжелері мен аналары заманында жойылып кеткен заңдар қайта күшіне енеді: Қыз бала бастауыш сыныптан бастап орамал тағуы керек. 30 жылдардағы зорлықпен шештіріліп, Иран түңкерісі тұсында қайта зорлықпен тақтырылған орамал, тауқыметті Иран халқының ойыншыққа айланған тағдырының белгісіме дерсің!

1.JPG

1925 жылы Пехлеви шаһ әскери төңкеріс арқылы монархиялы мемлект құрды. Патшалықтың екі буыны да исламды шеттетіп, заманауи мемлекет орнатуға талпынды, әйелдердің орамал тағуына, ерлердің дәстүрлі киінуіне тыйым салды. Мемлекет қызметкерінің әйелінің хиджаб кигендігі байқалса, ол осы үшін жұмысынан босатылды. Әуелі десең, қарт шаһтың полицейлерге оранып жүрген әйелдердің хиджабын көшеде күшпен шештіріп тастау туралы да нұсқауы болды.

2.JPG

Жөңкіліп кіріп жатқан мұнай доллары да патшаның жігеріне қуат қосты. 50 жылдары бала шаһтың билік тұтқан тұсында елдің мұнай өнімі қатты өсті. Жершарындағы талай елді аштық жайлап жатқанда, Иран әлемдегі 9-бай елге айналып үлгерген-ді. 60 жылдарда мұнай долларының арқасында орасан гүлденген қалалар бой көтерді, елдің төрт етегін торлаған қарқынды тас жолдар торабы салынды, құстың ұясындай спорт сарайлары тұрғызылды. Иран боинг ұшағын сатып алушылардың әлемдегі алғашқыларының бірі болды, 14 әуежай салынды, Ирандық әуекомпаниялары меймандарды Теһраннан НьюЙоркқа 11 сағат 15 минутта жеткізіп тұрды. 60-70 жылдары Иран әйелдерінің құқығы мейлінше өсірілді. Олар ерлермен тең дәрежеде  ажырасу құқығына кенелді, қыздардың үйлену жасы 18-ге көтерілді, көп әйел алуға шектеу қойылды. Елдің тұңғыш әйел адвокаты, тұңғыш әйел соты осы кезде шықты. Үкіметте әйел уәзір жұмысқа тұрды. 1979 жылы студенттердің 1/3-ін қыздар құрады. Жоғары санатты мейманханалар ойы ашық жастардың көңіл көтерер тұрағына айналды.

7.JPG

Шаһ әулеті зайырлылық бағытындағы реформаның көшбасында тұрды. 1971 жылы шаһ парсы империясының 2500 жылдығын атап өту үшін үлкен шара ұйымдастырды. Мақсаты өздерінің  “арабтар емес, парсылар” екендіктерін паш ету арқылы исламның ықпалын әлсірету еді. Шараның тағамдарын тұтастай париждің махім мейрамханасы жеткізіп тұрды, мәзірді парижден шақырылған 165 аспаз әзірледі. Жеткізіле көмкерілген концерт пен дастарханға 200 млн АҚШ ақшасы жаратылыпты. “Times” жұрналы оны адамзат тарихындағы ең астатөк тойлардың бірі болды деп бағалаған екен.

4.JPG

Қадырменді шаһтың түсіне де кірмегені сол, 8 жылдан соң қарамаққа мызғымас көрінген Пехлеви билігі қарша еріді де кетті. Оның өзі елді осызамандандырудың жартыкеш арманын арқалаған бетте, шетел тентіреп кетті.

Мәселе мынада еді, саяси іріп-шіру мен байлықтың тең бөлінбеуінен қаланың әлем-жәлем қызығы ат төбеліндей адамдардың қақысына айналып, 70% ауыл халқы реформа үдерісінен шеттеп қалған-ды. Ақ төңкеріс кезінде қалаға ағылған шаруалар, қаланың “дәстүрі көтінен кейін кетіп, мөралы азғындаған” халын малайлар жатағынан ғана бақылай алды.

5.JPG

Сауатсыздықты жою тілегімен патша әскерилерден сауаттандыру топтарын жасақтап ауылдарға жіберген-ді. Алайда, діннің ықпалы тегеуірінді ауылдарда, қыздарының ер балалармен бірге оқуын ерсі көрген тоңмойын әкелер оларды жолатпады да! 1978 жылы тілші, саудагердің бетін тұмшалаған әйелінен еркіндіктің анағұрлым ұлғаюын қалайтын-қаламайтындығын сұрайды ғой. Анау: “Американың қатындары сияқты ма? естуімізше, олардың неше түрлі еркіндігі болғанымен көңілді емес көрінедіғой, психдәрігерге қаралып әлек екен” деп жауап беріпті. Ислам төңкерісінен ілгері Иранда 40 мың Америкалық тұрыпты және онда АҚШ-ның аумағынан тысқарғы оқушы саны ең көп мектеп ашыпты. Бұл консерваторлардың отарлану мен түбімен батыстануға болған алаңдаушылығын туғызады. Шынтуайтында, шетелдіктерге жасалынған жеңілдіктер де қала жұмыскерлерінің шамына тиген еді. АҚШ жұмыскерлерінің жалақысы бірдей жұмыстағы Ирандықтардан айтақалсын көп болған. Абадандағы мұнай жұртында Американдықтардың жатақханасына қойылған салқындатқыштар, Ирандық техниктердің жатақханасында болмаған.

6.JPG

Құпия органдардың солшылдарды жаныштауы зиялылардың күдігін оятады. Бақса, көңіл көтеру шаралары мен концерттерді көбейтудің мақсаты, билік пен қоғамға наразы жұрттың ауанын әншейін сауықпен алдарқату, халықты қараңғы ұстау екен.

Халықтың сан алуан сұранысы мен талабы түйдектеліп қабаттаса келе дінмен құндақталып, әлемнің сонау бір түкпірінде әлдеқашан ұмыт болған Хомейнидің қолына сыйқыр таяқ болып түсті. Ол сонда жатып-ақ наразылыққа басшылық жасап, 30 млн халықты орта ғасырға қайта айдап тықты. 1979 жылы ислам төңкерісі бұрқ етті. Пехлеви шаһ АҚШ елшісінің кеңесімен шетелге қашты.

8.JPG

Қызық болғанда, Хомейнидің басты қолдаушылары әйелдер болды. Дәстүршіл қауымнан бөлек, жоғары білім алған әйелдер де, мысалы Иранның тұңғыш әйел соты Аибад та, Хомейниді жақтап ереуілге шықты. Дегенмен, олардың қатысуы дінмен үш қайнаса сорпасы қосылмас, демократиялық реформаны талап еткен сұраныс еді. Кейбір білім алған әйелдер, тіпті, өздерін бастан аяғына дейін орап тастап, төмен жіктегі әйелдермен тілектес екендіктерін білдіргісі келді.

9.JPG

Өзгерістен шет қалғысы келмеген шетелдегі қыздар да отандарына асығады. Солардың бірі Санинаның еске алуынша “Хомейнидің келуімен менің әке-шешем де Теһранға оралды. НьюЙорк, Калифорния, еуропаның ұшақтарында Ирандық студенттер, солшылдар, исламистер толы болатын. Олар төңкерістік әндерді айтып, мәре-сәре көңіл күйде, елдің болашағына асқан сенімде болды”. “Иран топырағына табандары тигенде, олардың ішіндегі солшылдары айлақтың еденін сүйсе, исламистері Аллаһ және Хомейнилап айқайлады”.

12.JPG

Төңкеріс біткен кезде дүйім ел жеңістің елітуінде еді. Кім-кім де өзінің төңкеріске қатынасқанын, шаһтың режиміне қарсы шыққанын айтып мақтанатын. Жұрт көшеде қашқын шаһтың суретін өртеп,  демократиялы еркін елдің жарқын дидарын күтулі еді.

Үміт лезде күлге айналды. Дін үстемдігіндегі мемлекеттің құрылғандығы жарияланысымен, хиджаб кидіретін жарлықтар шықты. 8 наурыз мерекесін тойлауға жиналған әйелдердің жиналысының соңы ауқымды қарсылық митингісіне ұласты. Жасы бар-жасамысы бар, байы бар-кембағалы бар, хиджаб кигені бар-кимегені бар, жұмыла ереуілге шықты. Кешегі оны жақтап шыққан әйелдер, енді өз құқықтарын қорғап Хомейнидің саясатына қарсы көшеге ұмтылды. Солардың бірі былай өкінеді: “Хомейни қайтып келген күні қандай шаттандым деші. Менің оранып шығуым тек жүйеге қарсылығымды білдіру болатын. Мен мұратыма мастанып жүріп, ислами күштердің басып кіруіне жол баріп алыппын”.

10.JPG

1979 жылы төрт бірдей генерал құпия тергеуден кейін өлім жазасын арқалайды. Төңкерістен кейін саяси оппозиция шаһ заманынан да аяусыз әм ауқымды қудаланады, қарсылықтың қайыры мүлдем болмай қалады. Әсіре діншілдер халал емес деуге тұрарлық нәрсенің бәрін жедел жойып тынады. Хомейнише айтқанда “ислам төңкерісінің ең ұлы жетістігінің өзі—хиджабты қайта кидіру болып табылады. 

11.JPG

Төңкеріс үшін, оның бұдан өзге ешқандай табысы болмаса да, осының өзі-aқ жеткілікті саналады”. Осыдан кейін қыз бала 9 жастан бастап орамал  тағуға міндеттенді және осы жас оның некелену жасы да болып бекітілді. Шілденің адам айтқысыз шіліңгірінде де құралды еркектер көшені шарлап, әйел затының еркек кіндіктімен бірге жүргенін, немесе оның сыртқа шығып қалған шашын, немесе өзімен бояну бұйымдарын алып жүргенін аңдыйтын жосын шықты. Әйелдерден осының біреуі байқалса, дүре соғылатын, түрмеге қамалатын, тіпті, тас атып өлтірілетін болды.


13.JPG


Бірақ, ғаламдасудың толқыны осынау жабық елге де көбігін шашып үлгерді. Тыйым салған сайын тынымсыз безектеген қарсылық сол хиджабтың астында-ақ бүлкілдеп жатқандай. Білімнің таралуы, жасырын тепсіген кабелді телевидения мен ғаламтор әйелдерді күшпен бүркеудің адамдыққа қарсы сыйпатын анағұрлым аша түсуде. Үйге кірісімен хиджаптан “түлеп шығып”, орамалсыз түскен суреттерін Facebook-ке жүктеп қоятын батыл жастар көбейіп келеді. Үйткені, қалыпты адами өмірге ұмтылысты қандай да құдырет тұншықтыра алмаса керек.

 

Қытай тілінен еркін стильде қысқарта аударған

Құрмет Қабылғазы

Jebeu.kz

 

 

 

 


Пікір жазу
  • Екеудің ерегесі және Қазақстан
    Мұрат Әбенов: 23 мамырдан бастап сайлауды бақылаушылардың онлайн мектебін ашамыз