Тимур Құлыбаев «жыл бизнесмені» атанды
«Атамекен» кәсіпкерлер ұлттық палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаевты Forbes Kazakhstan журналы «жыл бизнесмені» деп атады. Мұқабасында Тимур Құлыбаевтың портреті бар журналдың жаңажылдық алғашқы саны 4 қаңтарда жарық көріп, сатылымға түсе бастады.
Тимур Құлыбаев президент Назарбаевтың ортаншы қызы Динараның күйеуі. 2011 жылдан бері ресейлік «Газпром» компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі. Тимур мен Динара «АЛМЭКС» компаниясы арқылы Халық банкті бақылайды. Өткен жылы банк активі жағынан Қазақстандағы ең ірі банктің бірі саналатын Қазкоммерцбанкті сатып алды. Құлыбаев елдегі өзге ірі компаниялардың активтерін бақылайды. KAZENERGY мұнайгаз және энергетикалық комплекс ұйымдары қауымдастығын, Ұлттық олимпиада комитетін басқарады. Қазақстан бокс федерациясының жетекшісі. Америкалық Forbes журналының есебі бойынша, Тимур Құлыбаевтың байлығы 2,1 миллиард долларға бағаланады.
Тимур Құлыбаев басшылық ететін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы – шағын, орта және ірі бизнес мүдделері мен құқықтарын қорғайды. Негізгі қызметі іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға, тұрақтылықты нығайтуға, елде ұлттық, сонддай-ақ шетел инвесторларының бизнес жүргізуіне қолайлы жағдайларды дамытуға бағытталған. «Атамекен» кәсіпкерлікті дамыту бойынша аймақтарда белсенді іс-қимыл өткізіп, оның ішінде жұртшылыққа бизнес жүргізу негіздерін үйрету саласында бір қатар жұмыстар жасады. 2016 жылы «Бастау» бағдарламасын бастаған. Бастау - алдын ала іріктеуден өткізіп, талапкерлерге бизнестің әліппесін ұғынуға мүмкіндік беретін айлық оқу курсы. Әкімдіктермен бірлесіп, шағын қаржы ұйымдарын құрып, курстің бітірушілерін қаржыландырып отырған. Биылғы жылы 1 миллиард 200 миллион теңге бөліп, бағдарлама аясында еліміздің 80 ауданында жұмыс жүргізіп, 15 мың адамды оқытып, бизнес бастауына мүмкіндік берген.
Сонымен бірге, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайды. Отандық өндіріске қолдау көрсетуді басты мақсат деп біледі. «Атамекеннің» бастамасымен өңірлерде кәсіпкерлікке шағын несие беру жобалары әзірленіп, шағын кәсіп орындар іске қосыла бастады. Осы мақсаттарда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев жыл бойы аймақтарды аралап, кәсіпкерлердің аймақтық кеңестерінің отырысына қатысып, бірқатар кәсіпкерлік нысандарын аралап, кәсіпкерлер мен аймақ басшыларына, үкіметке өз ұсыныстарын айтып, қолдауын білдіріп отырды.
Бұл туралы Forbes Kazakhstan Тимур Құлыбаевтың өткен жылдағы ең маңызды жетістігі “Атамекен” мен билік арасындағы диалогты күшейткені деп жазыпты. Тимур Құлыбаев 2017 жылы Forbes Kazakhstan болжамы бойынша «ең беделді 50 бизнесменнің» ішінде топ жарып, Қазақстанның «ең бай 50 бизнесмені» ішінде алғашқы үштікте екен.
Jebeu.kz