18 қаңтар күні Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы тас жолда Шымкенттен Қазанға беталған автобус өртеніп, көліктегі 52 Өзбекстан азаматы өртеніп кеткен еді. Жазатайым тілсіз жаудан келген өзбек ағайындардың қазасы баршамыздың қабырғамызды қайыстырды. Алыс-жақындағы көрші елдердің президенттерінен бастап ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде ағайынның қазасымен бөлісіп, көңіл айтып жатты. Соның бірі өзбектің ақын қызы Шаxло Аxророваның xалықына көңіл айтуы. Редакциямызға ақынның осы көңіл айту өлеңін Сұлуxан Мыңбайдың аударған нұсқасы келіп түсті. Осы орайда өзбек ақынымен бірге барша өзбек xалықына қайғыра көңіл айтамыз!
Жыла, Отан!
Басыма ақ салам-ай деп жыла, Отан,
Қырды кезген налам-ай деп жыла , Отан,
Елу екі дем үзілді бір-ақ сәтте,
Елу екі данам-ай деп жыла, Отан,
Бейуақ кеткен балам-ай деп жыла, Отан!
Несібемді терейін деп шығып кеткен,
Пешенемнен көрейін деп шығып кеткен,
Ана еңсесін көтерместей жығып кеткен,
Ессіз кеткен балам -ай деп жыла, Отан,
Ізсіз кеткен балам-ай деп жыла, Отан!
Өзге жұртта сарсан болып қор болдың ба,
Ах,перзентім көмегіме зар болдың ба?
Елу екі жұлынымды жұлып кеткен,
Елу екі құлынымды жұлып кеткен,
Шейіт кеткен балам-ай деп жыла, Отан!
Ең ауыр қам - бала қабірін көру екен,
Ең ауыр дерт өзге жұртта өлу екен,
Ең ауыры бәріне де көну екен,
Көкке жетті налам-ай деп жыла, Отан,
Қабірің қане балам-ай деп жыла, Отан!
Қайда барсаң іздеріңнен еремін де,
Үйіңе қайт, ырыздық тауып беремін де,
Бөтен елде сен басыңды иіп жүрсең,
Бас көтеріп қалай енді жүремін де,
…Бейуақ кеткен балам-ай деп жыла, Отан!
Аударған :Сұлухан Мыңбай
Jebeu.kz