Мамырдың он екінші жұлдызында Әл-фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Шығыстану факультеті мен Халқаралық қатынастар факультетіне Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов еліміздің сыртқы саясатының басым бағыттары туралы дәріс оқыды. Алдымен "Халықаралық қатынастар" факультетінде қазақтан шыққан тұңғыш дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, алғашқы қазақ елшісі, публицист Нәзір Төреқұлов атындағы дәріс залын салтанатты түрде ашып, ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанұлымен бірге лентасын қиды. Ашылу салтанатын ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанұлы, Қайрат Әбдірахманов мырзаны барша ҚазҰУ жастары мен ұжымына таныстырып сөз кезегін берді.
Студенттер мен магистранттарға дәріс оқу барысында, сыртқы саясатқа байланысты көптеген мағыналы және қызықты деректермен бөлісті. Дипломат болуға ынталанып жүрген жастар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, кеңінен айтылған жауаптарға қанықты.
Қайрат Әбдірахманов мырза өз кезегінде дипломат болу үшін ғана емес, жоғарғы деңгейдегі жетістікке жету үшін басты үш қағиданы айтты. Олар: патриоттық сезім, білім және мәдениет. Осы үш қасиетті дамытқан адам, қандай салада болмасын өзін көтеріп, қандай ортада болмасын адамдық тұрғыдан, рухани қырынан биік болады. Адам белгілі бір саланы меңгеріп қана қоймай, елімізге пайдасын тигізуі үшін жоғарыда айтылған үш қасиетті пайдаланып жан-жақты дамыса, оның жұлдызы биік болары сөзсіз екенін баса айтты. Дипломат болған адам, елбасымыздың сындарлы саясатын, үздік бағдарламасын шет елдерге таныстырып, достастық пен татулықты ұштастырып, екі ортаны жалғаушы қызметінде жүреді.
Кездесу соңында ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанұлы, Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманова мырзаға Әл-фараби медалін кеудесіне тағып, құрмет көрсетті.
Қайрат Әбдірахманов мырза өзі білім алған ҚазҰУ-нің "Тарих факультетіне" келді. Факультет ұжымымен танысып, қазіргі сәт пен студенттік сәттерін салыстырып сағынышын басты. ҚазҰУ қалашығын аралап, қазіргі жаһандану үрдісіне сай университеттің ішкі тынысына таңданысын білдірді. Студенттер үшін осы кездесудің өте тәрбиелік маңызы бар, өнегелі кездесу болды. Әсіресе Қайрат Құдайбергенұлының жеке басының мәдениетті, қарапайым, білімді тұлғасы студенттерге ерекше әсер етті. Конфуцийше айтқанда "Мәрт ердің қарапайымдылығы- мәдениет ретінде көрініс береді, мәдениеттілігі- қарапайымдылық ретінде көрініс береді" дегендей нағыз мәрт ер екенін көрсетті.
Шығыстану факультеті Қытайтану кафедрасы аға оқытушысы Шәріпқазы Нұртәліп
Jebeu.kz