2018 жылдың 25 ақпанында Қытайдың Xinhua агенттігі ҚКП орталық комитетінің бүкілқытайлық халық құрылтайы тұрақты комитетіне ұсынған “конституцияның бір бөлім мазмұндарына өзгерістер енгізу туралы ұсынысты” жариялады.
Барлығы 21 тармақтан тұратын “ұсынысқа” көбінесе ҚКП 19 съездінде көтерілген тақырыптар кірістірілген. Мұндағы Қытай халқының тағдыры үшін де, тіпті тұтас адамзат үшін де тым маңызды үш мазмұн айтақалсын назар аудартады. Оның біріншісі, конституцияның кіріспесіне “Xi jinpingнің жаңа дәуірдегі Қытайлық өзгешелікке ие социализм идеясын” енгізу. Екіншісі, конституцияның 1 быбының 2 тармағындағы “социалистік түзім ҚХР-ның түбегейлі түзімі” деген сөйлемге “ҚКП-ның басшылығы Қытайлық өзгешелікке ие социализмнің ең мәндік белгісі” дейтін сөйлемді қосу. Үшіншісі, конституцияның 79 бабының 3 тармағындағы “ҚХР төрағасы мен төрағаның орынбасарының кезекті сайлану мерзімі бүкілқытайлық халық құрылтайының сайланау мерзімімен бірдей болады, алайда жалғасты екі мәртеден артық сайланбауы керек” деген мазмұнды “ҚХР төрағасы мен төрағаның орынбасарының кезекті сайлану мерзімі бүкілқытайлық халық құрылтайының кезекті сайлану мерзімімен бірдей болады” дейтін мазмұнға алмастыру.
Соңғы ұсыныс Қытай жұртының ғана емес, халықаралық сарапшылар мен Қытайтанушылардың назарын ерекше аударып отыр. Бұл Xi jinpingнің келесі кезекте жалғасты билікте қалғысы келетіндігінің нышаны есебінде көрінуімен ғана емес, Маодың дара билігін ақырластырып, өмірлік билеуден бас тартуды түзімдік әм заңдық тетікпен бекітіп берген Дэнның тарихи еңбегін жоққа шығарғандай болуымен де “қызықты” болып отыр. Xi jinping Қытайдың Дэн реформасынан кейінгі экономикалық жетістіктеріне арқа сүйеп, “Қытай арманын” көтерген басшы, әрі алғашқы 5 жылда осы арманды іске асырудың мұқалмас қолдаушысы екенін танытты да. Мейлі экономика да болсын, мейлі халықаралық қатынаста болсын, Қытайдың беделін көтеру мен ықпалын арттырудың жолын қарастырып бақты. Осы қырынан қарағанда, ол конституциялық өзгерістер арқылы ҚКП-ның 20 съездінен кейінде ел басшылығында қалып, сол “Қытай арманын” өз қолымен орындауға мүмкіндік іздейтін сыңайлы. Екінші жағынан, конституциялық даму тұрғысынан қарағанда да, демократиялық тетіктердің қоғамдық өмірге біртіндеп енгізілуі тұрғысынан да, мұның кері кету екендігі анық. Бұл ең әуелі 1982 жылғы өмірлік басшылықта қалу түзімін жоққа шығарған конституциялық жаңашылдықты жоққа шығарумен, Дэн бастап кеткен саяси реформаны терістеумен тең. Компартия басшылығы жағдайындағы Саяси реформаның тағдыры тауқыметті болатындығы бәріне белгілі. Соңғы екі жылдан бері Қытай қоғамында Дэннің экономикалық саладағы салып кеткен жолдарына топырақ шашу, келеңсіз жағдаяттарды Дэн реформасынан көру сықылды нысайлар пайда болып жатыр. Ал бұлардың тура чознің билігінің мейлінше нығайған тұсына тура келіп тұрғаны игі нышан болмаса керек.
Қытайдағы соңғы үдерістерге назар салсақ, реформа мен ғаламдануды құптайтын бастамалар және шешімдерге толы құжаттар мен реал өмірдегі әр салада күшіне еніп келе жатқан солшылдық пен қысымның қайшылығын байқар едік.
Құрмет Қабылғазыұлы
26.02.2018.
Jebeu.kz