Қытай фобиясы: қорыққанға қос көрінеді

admin2 2018-06-07 1 ℃ Қысқаша

Қазақ дипломатиясы қытай саясатының ырқына көне беретіндігін кезекті рет көрсетіп алд...

07-3-1000x700.jpg

Қазақ дипломатиясы қытай саясатының ырқына көне беретіндігін кезекті рет көрсетіп алды. Біз бұл ретте Бейжіңде жүрген ҚР Президенті Назарбаевтың емес, жуырда ҚХР-ға арнайы барған Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірхмановтың сапары жайында айтып отырмыз. Сыртқы істер министрлігінің сыртқы саясатта мемлекеттік, ұлттық мүдделер мен мұраттар мәселесінде солқылдақтық танытуы белгілі бір деңгейде мемлекет басшысының келіссөздеріне де ықпал ететіндігін ескерсек, онда Елбасы сапарынан тұтас қазақ халқы үміт етіп отырған ерекше жайт: қытайдағы этникалық қазақтардың басындағы қиын ахуалдың бір жақты шешім табуы күмән тудырады. Президент Назарбаевтың Шаңхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитіне қатысатындығы белгілі болысымен бұқарашыл қазақ баспасөзі мен қоғам белсенділері қытайдың қазіргі территориясында тұрып жатқан ирридент қазақтардың жайын айтып, жаһанға жар салды. Халықаралық ұйымдардың назарын аударды. Қазақ зиялыларының жанайқайына, тіпті, Еуропарламент депутаттары құлақ түрді. Еуропарламентпен арада дәнекерлік қызмет жасаған алыстағы бауырымыз Өмірхан Алтынның мақалалары мен хаттары Abai.kz сайтында үзбей жарияланғанын оқырман қауым бек жақсы білсе керек. Қала берді, порталымыздың тұрақты авторы Ауыт Мұқибек, «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбек, көсемсөзшілер: Кенжебек Құдысұлы, Құл-Керім Елемес (т.б.) Сыртқы істер министрлігіне ҚХР-дағы әріптестерімен кездесу барысында не істеу керек екендігін тәпіштеп тұрып ұғындырумен болды. Өйткені бұл азаматтар ресми Бейжіңнің саясаты мен Жүңго мемлекетінің заңдарын жақсы білетін азаматтар ғой. Әсіресе, Ауыт Мұқибектің  «Біздің дипломаттар: Си Цзиньпин айтса, көнді, Шын Чуангуо айтса, болды деп жүрмесін!» атты мақаласы соқырға таяқ ұстатқандай болып еді.

Қ. Әбдірахманов ресейлік әріптесі С. Лавровпен не кеңес құрып тұр екен?..

Амал кем, Қайрат Құдайбергенұлының командасы, оның ішінде баспасөз қызметі де бар, қазақ тілінде мақала оқып, оған мән бермейтін болып шықты. Соның салдарынан қытай тарапы ауыздарына салып берген сөзге малданып қайтып оралды. Ол сөз – «Қытайдағы қазақтар қос азаматтықпен жүр» деген сөз еді. Ішіміз біледі, осы сөзді сәл түсін суытыңқырап артынан жымсия күліп айтқан қытай дипломаты қазақ елшілерінің сауатсыздығына, дайындықтарының кемдігіне, табансыздықтарына күлген болар. Өйткені қытайда қос азаматтық жоқ. Ауыт мырзаның мақаласына жүгінейік, ол былай деп жазды: «Шын мәнінде, Қазақстан азаматтығын алған қандастарымыздың ескі төлқұжатын (Қытай паспортын) қайтарып алмай, халықты тығырыққа тіреп отырған Қытай тарапының өзі!

Міне, 1980 жылы 10 қыркүйекте ҚХР Бүкіл мемлекеттік бесінші кезекті Халық құрылтайының үшінші жалпы мәжілісінде қабылданған "Қытай Халық Республикасының азаматтық туралы" Заңының 9 - тармағын оқыңыз:

9-тармақ: Шетелге қоныстанған ҚХР азаматы өз еркімен шетел азаматтығын қабылдаса, сол күннен бастап, ҚХР азаматтығынан автоматты түрде шыққан болып есептеледі.

Бұл Заң күні бүгінге дейін қолданыста тұр. Өзгертулер мен толықтырулар енгізілу үшін Бүкіл мемлекеттік Халық құрылтайы шақырылуы керек!»

Көрдіңіз бе, мәселе қайда жатыр? ҚХР азаматы өз еркімен шетел азаматтығын қабылдаса, сол күннен бастап, ҚХР азаматтығынан автоматты түрде шығады екен. Демек, ҚХР-да қос азаматтық мәртебесіне «қосақталып» жүрген ешкім жоқ. Өзгелерге бұйырмаған бұл «нәпақа» қазаққа қайдан бұйырсын? Осыны Ауыт біледі, біз білеміз. Ал сонда біз білгенді еліміздің сыртқы істеріне жауапты ведомство өкілдері неге білмейді? Білуі мүмкін, бірақ, соны қытайдың өзіне айтып, көзіне шұқитын қайрат пен ерік-жігер Қайраттарымыздың бойына бітпеген соң қайтеміз... Оның үстіне «дегізбесің дегізбес» демекші, Қайрат Әбдірахмановты діңкелеткен мына бір әңгіме болуы да ықтимал. Ол не әңгіме десеңіз айталық: Батыс баспасөзі  афшорлық аймақтарда көшіп жүрген қазақстандық алпауыттардың қаржысы осы күндері ҚХР банктерінен «қоныс тауып жатыр» дегенге саятын әңгіме. Яғни, сондай бір қаңқу сөз. Алайда, бұл сөздің  ақиқатқа айналып шыға келуіне таң қалмаймыз. Өйткені Батыс тарапынан біздің алпауыттардың күмәнді қаражы-қаражатына байланысты бірнеше рет ескерту жасалды. Бұндай жағдайда біздің «алтын әулет» тапқан-таянғандарын әкеліп, құшағын ашып ыржиып отырған қытайға тықпағанда қайтеді?.. Бұндай болжам жасауымызға себеп: кейінгі кездері қазақ байлары қытайшыл бола бастады. Дариға Назарбаева, мысалы, қытай тілін үйренуіміз керек десе (бұл кісі бір өзі жарты Үкімет, жарты Параламент қой), үкіметіміз қытай дихандарына жер беруге жанын салып, қытайдың тозығы жеткен зауыт-фабрикаларын әкеліп орналастыруға құлшынып жүр. Әйтсе де, бұның бәрі бізде қытаймен арадағы достық пен «әй-әй» әріптестіктің аясында көрініс табуда. Орыспен дос едік, енді ол достығымызға қытай достығы қосылуда. Бірақ,  біз бұл достықтардың қандай достық екенін жақсы түсінеміз. Қазақ билігінің Ресей мен ҚХР-ға қатысты достығына Abai.kz порталының авторы Кенжебек Құдысұлы «аты бар да заты жоқ достық» деген анықтама берді. Авторға алып қосарымыз жоқ.

Иә, Бейжіңдегі Шаңхай саммитінде жүрген, әрі аталған ұйымның  «кіндік әкесі» Нұрсұлтан Назарбаев пен Ши Жыпыңның  (Си Цзиньпин) арасында ирридент қазақтардың жайы мен көші-қонға қатысты сөз болады. Бірақ, ақпарат пен мәлімет нақты болмағандықтан ҚР Президенті де «қос азаматтық алып, қойқаңдап жүрген қу қазақтарға» кейіп оралуы мүмкін.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің сырқаты

Біздің сыртқы істер мәселесіне жауапты ведомствоның айыға алмай келе жатқан сырқаты бар. Ол сырқат Ерлан Ыдырысов дейтін рең-басы да, рухы да қазақтан алыс азаматтың тұсында, тіпті, асқынып кетіп еді, Әбдірахманов та сол Ерландардың сойынан болса керек, СІМ-нің мемлекеттік тілде мәу дегенін естуге әлі күнге зар болып жүрміз. Байқаған шығарсыз, әңгімеміз мемлекеттілігі болғанымен мемлекеттік рәміздерінің бірі – тілді жоқ етуге ерінбей еңбек сіңіріп келе жатқан министрлігіміз туралы болып отыр.

«Қазақтың тілі дипломатияның тілі емес» деп, қазақ тілінің маңдайына «қара таңба» салып берген Ыдырысовтың (суретте)  табуынан кейін бұл ведомство қазақша ақпараттарға мониторинг жасаудан да мүлде қалған сияқты. Айтары жоқ, Тоқаевтың тұсында қазақ баспасөзі көтерген мәселелерге СІМ өкілдері жауап беріп, қайсыбір түйткілді істердің түйіні тарқатылып жататын. Ал, қазір...қазір ҚР СІМ-і қаңқиған қара жартас сияқты: «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым, оданда шықты жаңғырық» (Абай). Біздің «қара жартастан» өкінішке қарай, жаңғырық та шықпайды. Айтудың, жазудың өзі ұят. Өткенде Abai.kz-ден бастап тұтас қазақ баспасөзі, оны айтасыз, Түрік баспасөзіне дейін жазған Жайнагүл мен Сайрагүлдің басындағы ахуал туралы министр Әбдірахманов естімепті. Министр Әбдірахманов Қазақстан азаматтарының төлқұжатын қытай билігі сыпырып алып, онымен қоймай жазалау лагерлеріне апарып, қамап жатқанынан да хабарасыз отырған. Осындай хабарсыз, дерексіз адам қалайша қытайда қос азаматтықтың жоқтығын, қытай шет мемлекеттің азаматтығын иеленген бұрынғы отандастарына зейнетақы төлеп тұратындығын, шет мемлекеттен тұрақ тапқан экс-отандасын автоматты түрде азаматтықтан босататындығын  қайдан білсін?.. Сөйте тұра халықаралық даулы мәселелерді жіті бақылап отырған Жүңго мемлекетіне жүгіріп бара қояды. Барады да аузы аппақ болып қайтып келеді. Қысқасынан қайырғанда, Қанат Әбдірахмановтың қытайға сапары қазақ дипломатиясының әлсіздігін танытқан сапар болды.

Ноқтаға басы сыймаған қазақтың ноқталана беретіні несі?  

ҚР СІМ-нің кей жағдайда, әсіресе, орыс пен қытайдың алдында қауқарсыздық таныта беруінің себебін тарих қойнауында қалған кейбір  жайттардан іздуге болатын шығар. Рас, қазақтың өз еркі өзінен кеткен заман болды, қазақ шекарасын орыс пен қытай белгілей салған да күндер өтті. Сол кезде болса керек, қазақ орысты «қайыс ноқта», қытайды «темір ноқта» атап үрей шақырды. Бүгінгі ұрпақ та сол үреймен өсіп келе жатыр. Орыс ноқтасын «қайыс» деп білетін қазақ осы күндері қытайдың «темір» ноқтасынан жаман шошып отыр. Ал қазақтың «қытай ноқтасынан» қорқа түскеніне қарап орыстың жаны кіруде. Біздегі қытай фобиясын орыс баспасөзі, әсіресе, ұлғайтып, күшейтіп бағуда. Қит етсе, «жеріңді қытай алады», «қытай басып қалады», «қазақтың мемелекеттік тұтастығын қытай бүлдіреді», «қазақтың қыздарын қытай қатын қылып, жұтып қояды» деген «нострадамустық» «ноқталы» болжамдарды қазір Ресей баспасөзінен күнде оқуға болады. Оның сыртында қазақ билігінің қолынан жем жеп, кекірігінен азып отырған орыстілді баспасөз және бар. Қытай тарапы да қазақтың өзінен қорқып, аяғын тартып жүруін іштей қалайтыны белгілі. Қазақ билігін кеулеген коррупцияны оңтайлы пайдаланып отырған қытайлар әредік ҚР заңдарын белден басып, сес көрсетіп те жүр. Қытай дақпырты да қазір алысқа кетуде. «Аспан асты елі», «әлемнің екінші экономикасы», «қытай құбылысы», т.б. Толық келісеміз, ҚХР экономикасы осы күндері даму үстінде. Бірақ, бұл уақытша жағдай дейді қытайтанушылар мен сарапшылар. Жан санының өсуі, әлемге көзі ашылып, көзқарас көкжиегі кеңи бастаған қытай жастары, діни фанатизм, Жүңго мемлекетімен шекаралас елдердегі геосаяси ахуалдар ресми Пекинді қатты ойландырып отыр. Бізге мызғымастай күшті көрініп тұрған қытай оңтүстігіндегі шағын елдермен қарым-қатынасында геосаяси жеңілістерге жол беруде. Сөзімізге мысал ретінде қытайдың оңтүстігіндегі теңіз аралдарының 75 пайызынан айрылып қалғанын айтсақ та жеткілікті шығар. Ал бұл аралдар – мұнай мен көгілдір отынға бай аралдар. Қытай тіліне жетік, порталымыздың белгілі авторларының бірі Бейсен Ахметұлы «Аралдар үшін таластың ақыры» дейтін мақаласында мынандай деректер келітіріп еді, қараңыз:

«Оңтүстік қытай теңізі – әскери және стратегиялық мәселеде маңызды  ғана емес,  мол байлық базасы. Ондағы мұнайдың   қоры 140 миллиард тоннадан астам болса, газдың запастағы қоры  250 миллиард текше метрден асады. Оның үстіне балық шаруашылығының қайнаған ортасы. Қытай осы байлықты армандағанымен әзірше мүмкіндігі болмай отыр.

Қазір Қытай өзіне тиеселі санайтын Оңтүстік Теңіз аумағының  80 пайызы –  таластағы аумаққа айналып, Қытайдың ашық теңіздегі мүддесіне шектеу қойды. Тіптен теңіз жолдарын бөгеп тастады. Ол аз болғандай әр ел өзінің иелік ұққық көлемін белгілеп, мол мұнай және газ байлығын ашты.

Қазір Ветнам, Малайзия, Филиппин   елдері өздерінің иелік етіп отырған теңіз айдындарын қорғау үшін әскери дайындықтарын күшейтіп жіберді. Сонымен қатар теңіз аумақтарында мұнай-газ саласы бойынша өнеркәсіпті барынша қолға алып отыр. Әсіресе, экономикалық қуаты күшті Малайзияның тебіні қатты. Малаизия күніне 645 мың барелл мұнай өндірсе (1991), Малайзияға тәуелді саналатын осы теңіз аумағындағы мұнайдың запас қоры 16 миллиард тоннадан асады деп межеленуде, ал 260 мың адамы бар Брунейдің негізігі табыс көзі – мұнай экспорты. Бруней мұнайы экспортының жартысын Жапония алатынын да ескеру керек. Ветнам 4 мұнай алабын ашса, Филиппин шетел компанияларымен бірлесе отырып мұнай бұрғылай бастады».

Жоғарыда аталған елдер қытаймен арадағы даулы аралдарға қалай ие болып отыр дейсіз ғой? Халықаралық заңдардың арқасында ие болып отыр. «Теңіз аумағындағы иелік құқына қатысты 1982 жылы қабылданған халықаралық Конвенцияға сәйкес,  құрлық жерден 370.4 шақырымға дейінгі (200 милл) аумақ –  арнаулы экономикалық аймаққа жатады.Міне, бұл, теңізбен көршілес елдердің иелік құқық мәселесі бойынша негізге алатын нормалары. Қытаймен теңіз арқылы шектесетін Филиппин, Индонезия, Бруней, Малайзия, Ветнам, қатарлы елдер де бұл теңізге   иелік құқықтары бар екенін алға тартып қана қоймай, өз мүдделеріне сай аралдарды игеріп те  отыр» деп жазады Бейсен Ахметұлы Abai.kz ақпараттық порталында жариялаған мақаласында.

Трансшекаралық өзендер туралы да халықаралық заң нормалы бар. Алайда біз соны қытай тарапынан талап ете алмай келеміз. «Соның салдарынан Балқаштың «балығын тайдай тулатып, бақасын қойдай шулататын» Іленің суы азайып, ұлы мұхитқа барып құятын Ертістің де екпіні тежеліп барады».

Тегінде, адам ресурсы мен су ресурсы Қазақстан үшін күн тәртібінен еш түспеуі керек. Өйткені, қазақтың бестен бірі әлі сыртта жүр, қазақ даласына үлкен өзендер тек сырттан келеді. Демек, қазақ дипломатиясы осы екі мәселені озық әм терең білетін мамандар даярлап, соларды алдыға шығаруы қажет. Қазір біз қазақ диаспорасы мен тарнасшекаралық өзендер мәселесін жетік білетін дипломаттарымызды көре алмай жүрміз. Баспасөз қызметі мен ведомстовосы тегіс қазақша қақпайтын Қайрат пен оның командасына, сірә, бұл тілегіміз жетер қояр ма екен? Әй, қайдам... Әйтсе де, мақаламыздың түйінінде «қайыс ноқта» мен «темір ноқта» деген сөзді қолданыстан алып тастау керектігін айтқымыз келеді. Себебі: сөздің де өз миссиясы болады. Миссиясы аяқталған сөзді мән-мағынасыз қолдана берсек, қорыққанға қос көріне де бермек. Дұрыс: бір кезде бабаларымыз бізге мықты ескерту жасады, бірақ, басыңды ноқтаға беріп, ноқталанып қал деген жоқ. Біздің шенді шекпенділер, міне, осыны ескеруі керек!

Дәурен Қасенұлы

Дереккөз: Abai.kz           


Махат Садық: Президенттің алғашқы шетелдік сапары 27 жыл бұрын Қытайға жасалған еді
Кері қайту