ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев мырзаға
Құрметті Дархан Аманұлы!
Жуықарада қолданысқа енген «Халықтың көші - қон туралы» 21 - бап 2 - ші тармағында Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, оралман мәртебесінің уақыты өтіп кеткен оралмандарға тек алты айдан аспайтын бөлігіне ғана үш ай мерзімге тек бір мәрте ұзарту мүмкіндігі берілген. Бір таң қаларлығы мұнда соттылыққа байланысты және басқа да құқықтық кедергілердің салдарынан, 2016 - жылдың басынан бері оралман мәртебесін алған 10 - мыңдаған қандасымыздың мүддесі мүлде ескерілмей қалғандығы. Олар бүгінде «Халықтың көші - қон туралы» заңының жеңілдіктерінен мүлде шет қалып отыр. Бізге белгілі деректерге сәйкес, 10-мыңдаған отбасының өзіне тиесілі құқық мүддесінің ескерілмеуі сөз жоқ үлкен әлеуметтік шиеленіс тудырады. Әсіресе бұл жағдай қытайдан келген қандастарымызға көбірек тиесілі. Бүгінде Қытайдың ШҰАР аймағындағы күрделі саяси жағдайға байланысты бұл топтағы қандастарымызға мемлекеттік қамқорлық ауадай қажет. Олар жеңілдетілген тәртіппен тез арада өздерінің тариxи Отаны Қазақстан азаматтығын қабылдаған жағдайда ғана Қытай тарапынан саяси қуғын - сүргіннен аман қалады. Бұл тәжірибе бізде бұрын да болған, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі өтінішіне сәйкес Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы 27.07.2016 жылғы № 22-6-17/49 37 xатымен берілген келісіміне байланысты 4 мыңға жуық қандасымыздың тағдыры оң шешімін тапқан болатын. Біздіңше осы тәжірибені тағы бір мәрте қолдансақ, 10 - мыңдаған қандастарымыздың тағдыры оң шешімін табар еді. «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі «әр қазақ менің жалғызым» деп есептейді, 10 -мыңдаған қандастарымыз емес, жекелеген жалғыз қазақтың тағдыры да өз тариxи Отанында оң шешімін табу керек деп есептейміз.
«Жебеу» Республикалық қоғамдық
бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбекұлы
Осы хат ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханға да жіберілді.
Jebeu.kz