Бүгін Алматыдағы Сарыарқа кинотеатрының артында Nur Otan партиясының ұйымдастыруымен рұқсат етілген митинг өтті.
Митингке Алматы ардагерлер кеңесі, Қазақстан халық ассамблеясы, Алматы мәслихатының депутаттары, волантерлер, спортшылар мен өнер адамдары қатысып, сөз сөйледі. Бір сағатқа сөзылған бейбіт шеруге мыңа жуық Алматы тұрғыны жиналған.
Жиын барысында «Nur Otan» партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров елді арандатушылдардың әрекетіне ілісіп кетпеуге шақырды.
«Біздің жиынымыздың мақсаты – біріншіден бірлігімізді нығайту. Екіншіден, арандатушыларға жол бермеу. Арандатушы деген кім? Оны барлығыңыз жақсы білесіздер, оның бірі Әбілязов. Халықтың, мемлекеттің қаржысын ұрлап шетелге қашқан алаяқ. Егер өз еліне шынымен жаны ашитын адам болса халықтың арасында жүрмей ма? Өз ана тілін білмеген адам қазақ еліне қандай жақсылық жасайды? Халық ақымақ емес, кімнің-кім екенін жақсы біледі. «Nur Otan» партиясына жылына жүз мың адам өз өтініштерін білдіреді, өз проблемаларымен келеді. Алматы қаласындағы партияның бөлімшесіне жылына 10 мыңдаған адам өтінішпен келсе, оның 70 пайызының мәселесі оң шешімін табады»,-деді ол.
«Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан елдегі орын алып жатқан мәселелерді тек өркениетті жолмен шешу керектігін айтты.
«Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кез-келген мәселені, әлеуметтік жағдайларды, экономикалық дүниелерді ашық диалогқа салу арқылы халықпен пікірлесе отырып үлкен бағдарламасын жария етті. Қоғамда көптеген түйіткілдер бар, бірақ соның барлығын ел болып, мәдениетті түрде шешетін жаңа бір саяи кезеңде, жаңа өріске көтеру кезеңіне келдік деп ойлаймын»,-деді Ж. Әшімжан.
Jebeu.kz