Алматыда бүгін коронавируспен ауырған науқастарды емдеуге арналған жаңа госпиталь ашылды, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
Жаңа ғимараттың ашылуына қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Бұл мекеме И.С Жекенова атындағы қалалық клиникалық инфекциялық аурухананың бөлімшесі болмақ.
Бөлімшені Жедел шұғыл медициналық көмек көрсету ауруханасы басшысының орынбасары Мағаз Мұқашев басқаратын болды.
Оның айтуынша, госпитальде 270 тәжірибелі дәрігер жұмыс істейді.
Госпиталь науқастарды келесі аптадан бастап қабылдайтын болады.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әсел Бисенбаеваның айтуынша, медициналық қызметкерлер қонақ үйге орналастырылған.
«Барлық қызметкерлер қонақ үйге орналастырылды. Оларды арнайы автобус жеткізетін болады. Оларды тамақтандыру мәселесі шешілген», - деді ол.
Аумағы 5850 шаршы метр болатын жаңа госпиталь бір мезетте 280 науқас қабылдай алады. Қарқынды терапия бөліміне 28 орын бөлінген. Мұнда 28 өкпені желдету аппараты бар.
Жобаға сәйкес, мұнда 281 орындық палата, 3 орындық палаталар, зертхана бөлмесі, КТ және рентген, бронхоскопия, УЗД аппараты бөлімі болады. 10 бір орындық палатаның есігі сырттан болмақ.
Әр бокс желдету жүйесімен қамтылады. Ауа тазартылады. Бокстарда теріс қысым жасау арқылы бациллалардың дәліздерге таралуына кедергі жасалады.
Ғимаратты 10 жыл пайдалануға болады. Карантин мерзімі аяқталған соң бұл нысан әкімдікке беріледі. Әрі қарай оны қай мақсатта пайдалануды жергілікті билік шешеді. Жылдам тұрғызылатын ғимарат 9 балдық жер сілкінісіне төтеп бере алады.
Айта кеткен жөн, жаңа госпиталь Алатау ауданында бой көтерді. Құрылыс жұмыстары 5 сәуірде басталған болатын. Госпиталь салу туралы шешімді коронавирус инфекциясына қарсы күрес мақсатында құрылған ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету туралы Мемлекеттік комиссия қабылдаған еді.
Бұл госпитальді салуға 5,5 млрд теңге жұмсалды.
Құрылыс компаниясы жұмсалған шығындар туралы ашық ақпарат беретінін хабарлаған болатын.