Соңғы аптада коронавирустың симптомсыз жағдайлары 65 пайызға артты. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева айтты.
«Қазақстанда коронавируспен ауырған 23 960 науқас тіркелген. Оның ішінде 16 351-і симптоммен және 7 609-ы симптомсыз. 13 716 науқас емін жалғастыруда. 10 139 науқас сауығып шықты, 105 науқас қайтыс болды. Бүгінгі күні тестілеу қуаты 28 мыңға дейін жеткізілді. Барлығы КВИ-ға 1 271 471 тест жүргізілді. Қазақстанда 1 КВИ жағдайына 78 тесттен келеді. Бұл Ресей, АҚШ, Италия, Канада, Аустриядағы тестілеу деңгейінен жоғары, 100 мың тұрғынға шаққанда тест саны 6824-ті құрайды», - деді ол.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта тестілеу эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша, профилактикалық мақсатта және эпидемиологиялық қадағалау аясында жүргізіледі. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес зертханалық тексеруге: науқастар мен вирус тасымалдаушылар, ЖРВИ, тұмау, пневмониямен ауыратын науқастар, науқастармен байланыста болған адамдар, стационарлар мен медициналық-әлеуметтік мекемелерге жатқызылған адамдар, медицина қызметкерлері, әскерге шақырылушылар, ҚР аумағына келетін адамдар жатады.
«COVID-19-ға ПТР-тестілеу үшін 56 зертхана жұмыс істейді, тестілеу қуаты тәулігіне 28 000-ға дейін жеткізілді. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысымен айқындалған тестілеуге жататын халықты тестілеумен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында бюджет есебінен қуатты тәулігіне 30 000 тестке дейін, ал мемлекеттік және жеке сектор зертханалар қуаты есебімен жалпы ел бойынша тәулікке 35 мыңға дейін арттыру жоспарлануда»,- деді Ләззат Ақтаева.
Оның дерегінше, соңғы аптада республикада 5 485 жағдай тіркелді. Өткен аптамен салыстырғанда сырқаттанушылық 1,9 есе өскен. Ауру жағдайларының жалпы санының 44 пайызы байланыста болған адамдар арасында тіркелген, 36 пайызы кәсіптік тексеру жүргізу кезінде анықталды, 19 пайызы ЖРВИ-мен ауырған пациенттер арасында, әкелінген жағдай – 1 пайыз.
«Бұл ретте, ауру симптомдары бар жағдайлардың саны 1,3 есе өскен және ауру жұқтырудың жалпы санының 35,5 пайызын, ал симптомсыз жағдай 65 пайызын құрады»,- деді ол.
Оның атап өтуінше, барлық өңір әкімдері эпидемияға қарсы іс-шараларды қолға алуы қажет. Эпидемиологиялық жағдайды бақылау және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мақсатында облыстардың, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әкімдері табиғи ошақтар аумағындағы елді мекендерде аса қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларды, эпизоотияға қарсы шараларды ұйымдастыруды және жүргізуді қолға алу тиіс.
«Инфекциялық аурулар ошақтарында эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шараларды уақтылы жүргізуді; Ұлттық егулер күнтізбесіне сәйкес егілуге жататын халықты вакцинациялаумен уақтылы қамтуды; инфекциялық аурулардың табиғи ошақтары аумағында тұратын халықтың арасында олардың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсыруды сұраймын», - деп өтінді ол Үкімет басшысы Асқар Маминге қарата айтқан сөзінде.
Сондай-ақ, ол барлық өңір әкімдері науқастарды коронавирусқа тест зерттеуімен қамтамасыз етуі тиіс екенін айтты.
«Халықтың медициналық көмекке жүгінуінің өсуі мен халыққа уақтылы және сапалы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдеріне медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды, оның ішінде:
- жедел жәрдем станциялары мен емханалардағы call-орталықтардың қуатын арттыруды;
- жедел медициналық жәрдем станцияларының шұғыл және кезек күттірмейтін шақыруларға уақтылы қызмет көрсетуін қамтамасыз етуді;
- меншік нысанына қарамастан өңірдегі бар ресурстарды тарта отырып, науқастарды коронавирусқа тест зерттеуімен қамтуды қамтамасыз етуді ұсынамын», - деді Ләззат Ақтаева.
Сонымен қатар министрдің міндетін атқарушы инфекциялық және провизорлық төсектердің талап етілетін санын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
«Амбулаториялық-емханалық көмек деңгейінде үйдегі пациенттерге сапалы динамикалық бақылауды жүзеге асыруды; медициналық ұйымдар базасында қосымша зертханаларды ашу арқылы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес халықты ПТР-тестілеумен қамтуды кеңейтуді, халықпен белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді ұсынамын», - деді ол.