Коронавирустың «күзгі толқыны»: Қауіпті болжам мен қызу дайындық

Уақыты: 2020-09-09 Көрлімі: 810 Сипаттама

Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал тұрақталғанымен қауіптің беті біржолата қайтты де...

coronavirus-49140261920.jpg

Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал тұрақталғанымен қауіптің беті біржолата қайтты деуге әлі ерте. Әсіресе Еуропа мен Азияның бірқатар елінде коронавирустың қайтадан өршуі айылды жиып, алдағы айларда сақтықты күшейтуге мәжбүрлеп отыр.


Демалыстағы локдаун күшінде қалатын болды

Бүгінгі Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой эпидемиологиялық ахуалға байланысты есеп берді. Министрдің айтуынша Қазақстанда енгізілген қатаң шаралардың нәтижесінде 5 шілдеден бері ауруханаларда төсек орындардың жүктемесі 6 есе, жансақтау бөліміндегі төсек орындардың жүктемесі 6,6 есе азайған. Коронавирус инфекциясы бойынша жедел жәрдем шақыру жағдайы 5,5 есе төмендеген. Емханалар үйінде қызмет көрсету тәртібіне көшіп, мобильді бригадалардың саны 6,7 есе көбейіп, қазіргі таңда олардың елдегі саны 3 640-қа жеткен.

Бір өкініштісі, елде эпидемиологиялық аухал тұрақталғанымен Еуропа мен Азияның бірқатар мемлекетінде тамыз айынан бастап коронавирус инфекциясының өршіп кеткені көрінеді. Мәселен науқастанғандардың саны Италия, Австрия, Испания, Германия, Оңтүстік Корея, Түркия елдерінде өсе бастаған.

«Ал ТМД елдеріне келер болсақ, ондағы аурудың орташа өсімі 0,5 пайызды құрады. Бұл – Қазақстандағы жағдайдан бес есе көп», - дейді Цой.

Осыған байланысты аурудың таралуын болдырмау үшін бірқатар шектеу шарасы күшінде қалатын болды. Атап айтқанда елімізде демалыс күндері локдаун сақталады.

«Бүгінгі таңда коронавирус инфекциясына қарсы күресте қоғамның рөлі өте маңызды. Алдын алу шаралары қаншалықты сақталса – жағдай соншалықты жеңіл болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы басшыларының пайымдауынша, мемлекеттердің үкіметтері белсенді түрде басшылық ету жауапкершілігін алып, ал халық шектеу шараларын сақтап, маска тағып, бұқаралық шараларға бармауы тиіс. ДДСҰ бас директоры Тедрос Гебрейесустың ойынша, бұл – соңғы пандемия емес. Тарихтың өзі індеттің өршуі – өміріміздің бір бөлігі екенін ұқтырады. Швейцарияның федеративті қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Қазақстанды азаматтары келген кезінде карантин сақтауы тиіс мемлекеттердің тізімінен алып тастағанын атап өту керек», - деді Алексей Цой.

«Күзгі толқын» келе ме? Оған дайынбыз ба?

Күз басталғаннан кейін ел ішінде тұмау мен ЖРВИ-дың өршитіні белгілі. Ізінше коронавирустың жаңа толқыны басталып кетеді-ау деген қауіп те жоқ емес. Міне сондықтан ел билігі қазіргі уақытта күзге дайындық жұмысын жүргізіп жатыр. Алексей Цойдың айтуынша елдегі ауруханалардағы төсек орындардың санын 54 178-ке жеткізу көзделген. Бұл дегеніміз – қазір қолданыстағы 16 304 инфекциялық төсек орын, жаңадан салынып жатқан инфекциялық нысандағы 2790 жаңа төсек орын мен басқа стационарлардағы 32 064 төсек орын. Жансақтау бөліміндегі төсек орындардың санын да 2981-ге жеткізу жоспарланып отыр.

Министрдің сөзіне сенсек бүгінгі таңда инфекциялық және провизорлық стационарларда өкпені жасанды желдетудің 3379 аппараты бар. Қосымша тағы 2619 аппарат сатылып алынғалы жатыр. Оның ішінде 1500 аппарат отандық компанияларда өндірілген.

«Жедел жәрдем қызметі туралы айтар болсақ, 2020 жылы отандық өндірістегі 1167 дана санитариялық автокөлікті сатып алу көзделіп отыр. Олардың бәрі де осы жылдың қараша айына дейін (ауруханаларға) жеткізіледі», - деді ол.

Сондай-ақ Алексей Цой Қазақстанда дәрі-дәрмектің мөлшері азаймайтын екі айлық қоры жиналатынын мәлім етті.

«Президенттің тапсырмасы бойынша халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағытында бірқатар шұғыл шара қабылданды. Біріншіден, пандемия басталғалы бері өңірлер құны 14 млрд теңгеге дәрі-дәрмектің 91 түріне өтінім жіберді. 2020 жылдың 22 шілдесінде бүкіл елдегі инфекциялық және провизорлық стационарлардағы дәрі-дәрмек қоры жасақталды. Бірыңғай дистрибьютор 11,4 млрд теңгеге дәрі-дәрмектің 91 түрін тиеп қоя берді. Бірыңғай дистрибьютор қазіргі уақытта сұранысқа ие, дәрі-дәрмектің құны 8,2 млрд теңгелік 44 түрін сатып алып жатыр. Бұл мөлшер стационарлардағы 60 мың науқасты емдеуге жетеді. Бұл бағыттағы шара дәрі-дәрмек резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар амбулаториялық деңгейдегі дәрі-дәрмектің тізімі кеңейтілді», - деді ол.

Сонымен бірге қазіргі таңда бірыңғай дистрибьютор тұмауға қарсы 2 млн 199 мың 990 вакцина сатып алған екен. Бұл мөлшер жалпы халықтың 11 пайызын қамтуға жол ашатынын айтқан министр екпе жұмыстары жүрек қан тамырлары мен тыныс алу жолдарында созылмалы аурулары бар адамдарға, жиі ауыратын балаларға, білім беру ұйымдарындағы балаларға, ата-анасының қарауынсыз қалған балаларға, медициналық қызметкерлерге салынатынын жеткізді.

Одан бөлек елдегі ПТР-тесттен өтудің тәуліктік мөлшерін жыл соңына дейін 63 мыңға жеткізу жоспарланған.

Үкімет басшысы жүктеген үш міндет

Министрдің есебін тыңдағаннан кейін Үкімет басшысы Асқар Мамин күзде вирусты аурулар мен тұмау жұқтыру жағдайларының арту ықтималдығына байланысты қандай шаралар қолға алынғанын айтып берді. Премьер-министр де Алексей Цойдың сөзін құптап, қабылданған шаралардың арқасында елде коронавирусқа қатысты жағдай тұрақталғанын мәлімдеді. Коронавирус инфекциясы мен вирустық пневмонияның тәуліктік өсуі 0,5 пайыз шегінде. Бүгінгі таңда осы инфекцияны жұқтырған адамдардың 94 пайызы емделіп шыққан. Инфекцялық ауруханалардың жүктелуі 15 пайызы ғана болса, коронавирус инфекциясына байланысты жедел жәрдем шақыру 80 пайызға дейін төмендеген.

Премьер-Министрдің айтуынша ауру жұқтырғандардың санын азайтып, медициналық көмек тиімділігін жақсарту бойынша нақты шаралар қабылданған.

«Өздеріңіз білетіндей күзде вирусты аурулар мен тұмау жұқтыру жағдайлары артады. Осыған байланысты 15 қыркүйектен бастап халыққа тұмауға қарсы вакцина салу басталады. Өңірлерде 12 инфекциялық аурухана салынып жатыр. 2 стационар қайта жаңартылуда. Жалпы ауруханалардағы орындардың санын 50 мың орынға дейін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізілуде. Ауылды жерлердегі медициналық көмектің қол жетімділігін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Жедел жәрдем автокөліктерімен және барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіліп жатыр. Жеке қорғану құралдары мен дәрі-дәрмектердің жеткілікті қоры жасалды. Тапшылық болмайды», - деді ол.

Үкімет басшысы одан бөлек тамыз айынан бері ауруханаларда вирусты инфекциядан емделу үшін халыққа тегін дәрі-дәрмек беріліп жатқанын мәлім етті.

«Елде вирусқа тестілеу мүмкіндігі артты. Вакцина сатып алу жөнінде келіссөздер өткізіліп, өзімізде вакцина жасап шығару бойынша жұмыс ұйымдастырылған. Үкімет тарапынан ауқымды жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қабылданған шаралардың нәтижесінде біз еліміз үшін күрделі кезеңді еңсердік. Вирустың таралу деңгейінің төмен болуы қамтамасыз етілді. Бастысы, біздегі денсаулық сақтау жүйесі коронавирус жұқтырғандарды емдеу бойынша зор тәжірибе жинақтады», - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Премьер-министр барлық қабылданып жатқан шаралар күзде пайда болуы мүмкін пандемияның жаңа толқынына және маусымдық ауруларға қарсы күресуге жағдай жасайтынын айтады. Сөзінше санитариялық талаптарды қатаң сақтау керек. Әлемдегі эпидемияның тұрақсыздығын ескерсек, вирустың қайтадан өршу мүмкіндігіне дайындық жұмыстарын жалғастырған жөн. Кейбір шектеу шараларын жалғастырған абзал.

«Осыған байланысты мынадай тапсырма беремін: біріншіден, өңірлердің әкімдері эпидемиологиялық жағдайды ерекше бақылауда ұстасын, барлық санитариялық нормаларды қатаң сақтасын. Вирустың таралуы мен ауру жұқтыру көрсеткіштерінің өзгеруіне қарай жедел әрі нақты әрекет етсін. Инфрақұрылымды дайындау шараларын қабылдасын және барлық сатыдағы медицина жұмыскерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етсін. Екіншіден, Денсаулық сақтау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге халық арасында профилактикалық жұмысты күшейтуді тапсырамын. Емханалардың дайындығын бақылауда ұстау қажет және де қауіп тобындағы адамдарды нақты қадағалап тұру керек. Үшіншіден, цифрлық даму министрлігі Денсаулық сақтау, Ақпарат министрліктерімен бірге халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізсін», - деп түйді Премьер-министр.

Үкімет отырысы барысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев тұмауға қарсы вакцина салынатын азаматтардың санатына полиция қызметкерлерін де қосуды сұрады. Себебі «полиция қызметкерлері де қазір медицина мамандарымен бірге індетпен бірге күресіп жатыр» дейді ол.

Осылайша елімізде тағы да індетпен болуы мүмкін күреске дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр.


Автор Аян Бекенұлы

Дереккөз: "ҚазАқпарат"

Пікір жазу
  • ДҮКЕН МӘСІМХАНҰЛЫНЫҢ САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
    Қазақстанда коронавирус қашан өршуі мүмкін?