Қазақстан коронавирус инфекциясының болуы ықтимал екінші толқынына дайындалып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.
«Қазір Қазақстанда коронавирус инфекциясы жағдайы қалыпты. Ауру жұқтыру мен өлім-жітім санының негізгі көрсеткіштері төмендеп жатқанын байқауға болады. Осыған қарамастан, біз көршілерімізді, әлем елдерін бақылап отырмыз. Қазір Еуропа аймағында, Италия, Испания, Германия, Түркия және Оңтүстік Кореяда ауру саны күрт өсті. Бұл ретте ТМД елдеріндегі ауру көлемі 0,5 пайызды көрсетті, бұл Қазақстандағы көрсеткіштен 5 есеге көп. Бұл мәселе алаңдатпай қоймайды. Қазақстан да өзге елдер секілді коронавирус инфекциясының болуы ықтимал екінші толқынына дайындалып жатыр», - деді министр .
Министр республика бойынша 71 126 төсек-орын дайындау жоспарланғанын, қазіргі уақытта – 10 257 төсек-орын бар екенін жеткізді.
«Төсек-орын қорының 15% науқастар жатыр, олар коронавирус немесе коронавирус пневмониясымен ауырып жатыр. Оның үстіне 13 модульді жұқпалы ауру ауруханаларын салуды жоспарладық. Екі ірі клиникада қайта өңдеу жұмыстары жүруде. Емханалар деңгейіндегі 3640 көшпелі бригада ұйымдастырылды. 5098 өкпені жасанды желдету аппараты жеткізілді. 21 566 төсек-орын оттегімен қамтамасыз етілді», - деп түсіндірді А. Цой.
Алексей Цой Қазақстанда қараша мен желтоқсан айларында коронавирус індетінің өршуі мүмкін екенін айтты.
«Қазіргі уақытта болжам жасаумен айналысып жатырмыз. Ең нақты болжам екі апталық кезеңге жасалады. Күн сайын қолымызға түсіп отырған көрсеткіштер ауытқып тұрады. Толықтай алғанда, қазірі уақытта бұл болжамдар маска тағатын, яғни әлеуметтік арақашықтық пен маска режимін сақтайтын адамдардың жалпы пайызына байланысты. Дәл осыған ауруға шалдығу болжамы тікелей байланысты. Ауруға шалдығуға қатысты болжам жасау үшін қазіргі уақытта азаматтардың қарым-қатынасты қаншалықты қысқартқандығын білуіміз қажет. Індеттің таралуына күнделікті мониторинг жүргізіліп,болжам жасалып отырады. Шамамен қараша мен желтоқсан айлары кезеңінде өсім болуы мүмкін деп отырмыз. Бұл екінші толқынның орын алуы мүмкіндігімен, өткір респираторлық вирустық инфекциялардың және тұмаудың өршуімен байланысты», - деді министр.
Сондай-ақ ол халықтың әлсіз тобын, әсіресе жиі ауыратын балаларды ЖРВИ мен тұмаудың өршуінен қорғап қалу үшін 15 қыркүйек пен 15 қазан күндері вакцинация жүргізілетін айтты.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қатаң карантин шараларын енгізудің нақты критерийлерін атады.
«Әрине, оның бірнеше критерийі бар. Басты критерийлердің бірі – төсек-орын қорының 70 пайыздан асуы. Яғни, қолданыстағы төсек-орындардың 15 пайызы ғана толық қазіргі жағдай өзгеріп кетсе, денсаулық сақтау саласының ресурстық жүйесі шегіне жеткенін көрсек, онда біз шешім қабылдау, мемлекеттік комиссияға карантин шараларын қатаңдату туралы ұсыныс жасаймыз. Қазіргі уақытта біздегі жағдай тұрақты», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Осы баспасөз мәслихатына қатысқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бүгінде тәуліктік өсім 0,1 пайызды құрап отыр.
«Бүгін COVID-19 жұқтырудың 86 жағдайы тіркелді. Осы жылдың 5 шілдесінен бастап науқастарды жататын орынмен қамтамасыз ету қажеттілігі 6 есеге, КВИ мәселелері бойынша жедел медициналық көмек шақырулары 5,5 есеге азайды. Науқастардың 99 пайызы сауығып, аман-есен отбасына оралды»,- деді ол.