Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылды – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ретінде жариялап, мерейтойды қалай өткізу керегін айтты.
«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында 2021 жылды Тәуелсіздіктің 30 жылдығы деп жариялау туралы шешімімді айттым. Бұл өткен жолымызды зерделеуге жақсы мүмкіндік. Мерейтой саяси-экономикалық реформалар, цифрландыру, балалар мен мүгедектердің құқығын қорғау, экология мәселесін шешу аясында өтеді», деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-де.
Бұл пікірді кеше президент Ұлттық кеңестің отырысында да айтқан болатын.
«Алдағы жыл - Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Ол экономикалық әрі саяси реформалар, цифровизация, адам құқықтарын қорғау, денсаулық сақтау мен білім беруді дамыту, экологияны қорғау ұранымен өтуі керек. Қазір осынау маңызды тарихи датаға орай көптеген салтанатты шара өткізетін уақыт емес. Біз маңызды істерді ұзаққа созбай, қысқа мерзімде нақты нәтижелерге қол жеткізуіміз керек», - деген Президент.