Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бір жол, бір белдеу» екінші халықаралық ынтымақтастық форумының ашылу рәсіміне қатысты, деп Ақ Орданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлаймыз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге қонақжайлық танытып, Форумға шақырғаны үшін ризашылық білдірді.
– Қытай халқында «Бай болғың келсе, жол сал» деген тәмсіл бар. Бұл дана сөз бірлесе жаңғыртып жатқан Ұлы Жібек жолының тарихына да тікелей қатысты. Екі мың жыл бұрын адамдардың батылдығы мен іскерлігінің арқасында Еуразия жолдардың бір желісіне біріккен еді. Мұны адамзат тарихындағы жаһанданудың алғашқы қадамдары деуге болады, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев соңғы отыз жыл ішінде Еуразиядағы Жібек жолын жаңғыртудың көптеген тұжырымдары болғанын және олардың жүзеге аспағанын атап өтті.
– Адамзат дамуының болашақ үрдісі айқындалғандай болып көрінген еді. Бірақ, 2013 жылы Қытайдың Қазақстанда ұсынған Жібек жолы моделі қазіргі заманғы геосаяси жағдайларда өміршең ғана емес, табысты жобаға айналды. Бұған оның бес жылдан астам уақыттағы даму кезеңі дәлел, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев «Белдеу және жол» бастамасына Қазақстанның әуел бастан қолдау білдіргенін атап өтіп, бірінші Форумның қорытындылары бойынша қол жеткізілген жетістіктерге тоқталды.
– Әлем жұртшылығы қарама-қайшы геосаяси тұжырымдардан шаршағаны анық. Барған сайын геоэкономика мен бірлесе дамудың маңызы артып келеді. «Бір белдеу, бір жол» экономикалық ынтымақтастық үшін ашылатын жаңа мүмкіндіктерден де ауқымды әрі маңызды жоба. Бұл – әлемдегі 120-дан астам мемлекеттің қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, кеңінен сауда-саттық жасауға және өсіп-өркендеуге деген тарихи сұранысынан туындаған бастама, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы саяси қарама-қайшылыққа, санкциялар мен сауда теке-тіресіне қарамастан, осы бастама аясындағы сауда көлемі артып, бүгінде 5 триллион доллар құрап отырғанын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» бастамасы жаһанданудың жаңа үлгісін ұсынғанын айтты.
– Тарихи кезең әлемдік ықпалдастық орталығын қайтадан Шығысқа қайтаруда. Біз бүгін Азияның шын мәнінде ХХІ ғасыр өңіріне айналғанын көріп отырмыз. Әлемдік Ішкі жалпы өнімнің 28 пайызы осында шоғырланған және бұл көрсеткіш арта береді. Қазірдің өзінде шығыстандыру үрдісі ықпалдасудың жаңа бағыттарын ұсынуда, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы, сондай-ақ, Жібек жолының Экономикалық белдеуі жобасы мен Еуразия экономикалық одағын ұштастырудың әлеуеті зор екенін атап өтті.
– «Бір белдеу, бір жол» бастамасы географиялық жағынан орналасуға және даму үдерісіндегі теңсіздіктерге қатысты сын-тегеуріндерді еңсере алды. Еуразия қайтадан біртұтас кеңістікке айналуда. Біздің құрлықтың әртүрлі және қашықтықта орналасқан өңірлері екі мың жыл бұрынғыдай бір желіге бірікті. Біз қысқа мерзім ішінде күрделі табиғи жер бедерлерін және геосаяси қарама-қайшылықтарды айналып өткен экономикалық дәліздер құрдық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті инфрақұрылымды дамыту және көлік-транзит әлеуетін арттыру жұмыстарының нәтижелеріне арнайы тоқталды.
– Қазақстан соңғы он жыл ішінде инфрақұрылымды, көлік-логистика активтерін және құзыреттілікті дамытуға шамамен 30 миллиард доллар инвестиция салды. 3 мың шақырымға жуық ұлттық теміржол желісі және 12,5 мың шақырым автомобиль жолдары салынды немесе қайта жөндеуден өтті. Еліміздегі теңіз және әуе порттары жаңғыртылды. Нәтижесінде қысқа мерзім ішінде біздің елде заманауи және бәсекеге қабілетті транзиттік хаб құрылды, – деді Елбасы.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның белсене араласуымен жүзеге асырылып жатқан логистикалық жобалар туралы әңгімеледі.
– 2016 жылдан бастап «Нұрлы жол» бағдарламасын Жібек жолының Экономикалық белдеуімен ұштастыру жоспары табысты іске асырылуда. Еуропа мен Қытайды Ресей мен Қазақстан арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» құрлықаралық жоғары деңгейлі автомагистраль байланыстырды. Біздің еліміз Қытайдың Ляньюньгань портында логистикалық терминал салды. «Қазақстан – Түрікменстан – Иран – Парсы шығанағы» бағытындағы теміржол іске қосылды. Қытайдан Оңтүстік Кавказға, Түркияға және одан әрі Еуропаға Қазақстанның Ақтау және Құрық порттары арқылы жөнелтілетін жүктердің көлемі артып келеді, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» арқылы тағдыры ортақ адамзат қоғамдастығын бірлесе құруға шақырып отырғанын атап өтті.
– Әлемдік саясаттағы жаңаша ойлау барлық елдердің мүдделерін жұмылдыруға бағытталған менің G-Global идеяммен үндеседі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Елбасы бүкіл Қытай халқын Қытай Халық Республикасының 70 жылдығымен құттықтап, мемлекетті дамыту жолындағы мақсаттарының орындалуына тілектестік білдірді.
Сонымен бірге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қытай Халық Республикасына сапары барысында «Синьхуа» ақпарат агенттігі, «CCTV» телеарнасы, «Жэньмин Жибао» газеті, Қытайдың орталық радиосы, «China News Service» ақпарат агенттігі, «Хуанцю шибао» басылымы сияқты Қытайдың ресми БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.
Елбасы «Бір белдеу, бір жол» бастамасын одан әрі жүзеге асыру перспективаларына қатысты сұрақтарға жауап беріп, «Нұрлы жер» және «Жібек жолының Экономикалық белдеуі» бағдарламаларын ұштастыру нәтижелері туралы әңгімеледі.
Дереккөз: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының
Баспасөз қызметі
Jebeu.kz