Үміт пен күдік арқалаған «Бір белдеу, бір жол» форумы

Уақыты: 2019-04-27 Көрлімі: 1307 Сипаттама

Сәуірдің 25-27 жұлдызында Бейжіңде екінші кезекті “Бір белдеу, бір жол (БББЖ)” халықаралы...

a2fc39be0c7631d8d06ddeddc631b54c.jpg

Сәуірдің 25-27 жұлдызында Бейжіңде екінші кезекті “Бір белдеу, бір жол (БББЖ)” халықаралық ынтымақтастық форумы өтіп жатыр. Форумға 37 мемлекеттің басшылары мен 2 халықаралық ұйым қатысуда.

“БББЖ” бастамасы әу баста Қытайдың Обама үкіметінің өзінің теңіздегі жолын кесу үшін көтерген ТРР жобасын орап өтіп, халықаралық кеңістікке еркін шығу үшін қолға алған жобасы еді. Қытайдың ресми мәлімдеуінше, күні бүгінге дейін жобаға 125 ел мен 29 халықаралық ұйым түрлі деңгейдегі серіктестік келісімдеріне уағдаласқан. Жер шары жан санының 60%-ін құрап отырған бұл елдердің әлемдік ЖІӨ-нен алар үлесі 36%. Жобаға ҚХР Азия инфрақұрылымдық инвестиция банкі мен Жібек жолы қоры арқылы қыруар шығындалып жатқаны және оның қолы қысқа елдерге мәлім пайдасы тиіп отыраны да шындық. Жоба бастамашысы тарапынан қатысушы елдер мүдделерін “бірге ақылдасып, бірге жасап, бірге игіліктенудей” принциптері дәріптеліп келсе де, оған деген күдік те үдемесе, бәсейген жоқ. Басты күдік “қарыз тұзағы” дегенге саяды, яғни, Қытай мүдделі елдерге сұраған қаржысын беріп, қарызға байлап алады деген алаң. Мұндайда көбінеки, берешегінен уақытылы құтыла алмаған Сриланканың 1.3 млрд$ шығындаған хамбантота айлағын Қытайдың сенімді басқаруына 99 жылға беруге мәжбүр болғаны айтылады. 92 жасында қайта атқа мінген Малайзияның кәрі тарланы Махадиярдың Наджибулла тұсында Қытаймен келісілген шығыс жағалау темір жолы жобасын 2018 жылы мамырда тоқтатып тастағаны да осындайың кебін кимес үшін еді. Десе де, 15 сәуір Махадияр аталмыш жобаның есепті құнының айтарлықтай төмендетілуі шартымен (16 млрд-тан 10.7 млрд$-ға түсірілген) күшінде қалғандығын мәлімдеді. Сарапшылар осының өзінен, Қытай тарапының қатысатын жобасының құнын асыра көрсететінін байқағандықтарын айтып дабыл қағуда. Онымен қоймай, Қытайлар қарызды қаржылай емес, жабдық немесе материал түрінде беруге күшейтіні тағы бар. Жобаны өткізу барысында, жең ұшынан жалғасуға бейімдіктері өз алдына. Бұл, өте-мөте, дамушы елдердің жауапсыз да сатқыш үкіметтері үшін іздегенге сұраған болып кезіккендей.

Адамзаттың тағдырластық қауымдастығын қалыптастыруға септеседі деп нәсихатталған жобадан игі нышан күткен елдердің, бастамаға ту баста жабал қолдау көрсеткені шын. Дегенмен, уақыт өте келе және практика көрсеткендей, оған байыпты немесе сақтықпен қарау басымдық алып бара жатқандай. Әсіресе, АҚШ-Қытай сауда соғысы, АҚШ-ның көзқарасы мен бағасы бір қыдыру елдерді ойландырып тастады. Әлемдік жетекшілікке, бері айтқанда, әлемдік экономикалық жетекшілікке шаужайына жармасқан тәжікелесті Американың ұната қоймасы екі бастан. Қытайдың Американың толық үстемдігіндегі ғаламдық тәртіпке өзгеріс енгізіп, жаңаша тұрпатты халықаралық қатынастар жүйесін жасақтау ниетінің бір бөлігі, тіпті оның практикалық қадамындай болған аталмыш жобаны АҚШ, әрине, жөргегінде тұншықтыруға бар. 2017 жылы алғашқы форымға өкілін жіберген АҚШ, бұл рет қатысудан мүлде бас тартыпты. Оны десең, оны “Қуыс жоба” деп бағалапты. Осындайда кембағалы, қаржыға ділгір елдердің екі алыптың қайсысына “жақын жүруді” шешудің өзі жауапты мәселе екендігі шындық.

Қалай болғанда да, жобаның өміршеңдігі оны қоюшының пыйғылының түзулігі мен қаржыға сусап отырған мемлекеттерге шынайы жанашырлығына ғана емес, оның жаһандану үдерісіне жанасымдылығы мен адамзаттық мұраттарға қызмет етуінде жатыр. Тұңғыш форымда Қытайдың әлемге бұрынғыдан да ашық болатындығына сөз берген ҚХР төрағасы Ши мырза, бұл форымда да “барынша ауқымды салаларда шетел инвестициясының нарыққа кіруін жеңілдету, зияткерлік құқықтығы қалықаралық серіктестікті онан ары күшейту, тауар мен қызмет көрсетудің импортын мейілінше кеңейту, халықаралық макроэкономикалық саясатты тіпті де өнімді үйлестіру, сыртқа ашық есік ұстау саясатын анағұрлым тиянақты жүзеге асыру” сынды уағдаларды тілге тиек етті. Әрине, бағамдаған адамға, осында сауда келіссөзіндегі Трамптың шарттары менмұндалап тұр. Уәделер орындалса, Қытайдың өзінің ғаламдық қауымдастыққа кірігуін жеделдетіп қана қоймай, оның “БББЖ” жобасының сәтті қабылдануына да игі әсер етері хақ.

Еліміз БББЖ-дағы құрлық қанатының алғашқы қақпасы. Форумға арнайы шақырумен барған ҚР тұңғыш президенті Назарбаев “Қазақстан парсы шығанағы, каспи жағалауы мен ресейге барар жолды тұтастырып жатыр. Біз каспи арқылы парсы шығанағы елдеріне, кавказ арқылы еуропаға шығып тұрмыз” деп геосаяси-экономикалық маңызымызды дәріптеп көрсетті. Осы маңыздың мәнін ашу, басқалар ұрынып жатқан келеңсіздіктен айналып өтіп, аталмыш жобаны ел мүддесіне жұмыс жасату постназарбаев заманының қызықты да жауапты тақырыбы болмақшы.

 

Мұқамедхан Қонарбай

Сурет Ақ Орданың сайтынан алынды

Jebeu.kz

 


Пікір жазу
  • Нұрсұлтан Назарбаев: Еуразия қайтадан біртұтас кеңістікке айналуда
    «Миллиондық» қалаларда жастарға пәтер қазан айында беріле бастайды