ҚР Президентіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясы Орталық аппаратында Республикалық қоғамдық штаб мүшелерімен және белсенділерімен кездесті, деп РҚШ-ның әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап хабарлаймыз.
РҚШ-та Қасым-Жомарт Тоқаевқа сайлауалды науқанның үгіт-насихат жұмыстарының басталғаны жөнінде жан жақты ақпарат берілді.
ҚР Президенттігіне кандидат республикалық және аймақтық қоғамдық штаб басшыларымен және мүшелерімен кеңес өткізді. Жиынның ашылуындағы сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды науқанның маңыздылығына тоқталып, сайлау - Қазақстанның дамуындағы жаңа кезеңге жол ашатынын атап өтті.
Сайлауалды кезеңде штабтар мен партияның барлық ұйымдастырушылық әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігін айтып, бірқатар басымдықтарды анықтап берді.
– Біздің сайлауалды бағдарламамыз сабақтастық, әділдік және өрлеу деген негізгі үш қағидаға табан тірейді. Өйткені Елбасы саясатының сабақтастығы ғана еліміздің қарқынды дамуын қамтамасыз етеді. Азаматтар үшін ең маңыздысы – әл-ауқаттың артуы. Біздің экономикалық жетістіктерімізді әр қазақстандық сезінуі тиіс. Бұл – әділдіктің белгісі. Сондықтан алдымызға нақты мақсаттар қойып отырмыз. Оған қол жеткізу үшін біз үздіксіз дамып, үнемі өрлеп, өркендеуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды науқан кезеңін және сайлауды ашық әрі әділ өткізу үшін қолданыстағы заңнамалардың талаптары қатаң сақталуы қажет екеніне баса назар аударды.
Jebeu.kz