Қытай Сайрагүл оқиғасынан соң қандай реакциясы танытуы мүмкін?

Уақыты: 2018-08-02 Көрлімі: 1526 Сипаттама

Сайрагүл Сауытбайдың жеңісін шын жүректен құттықтаймын. Сот шешімінен кейінгі қуанышт...

11904731_550319895131602_8359791144503386006_n.jpg

Сайрагүл Сауытбайдың жеңісін шын жүректен құттықтаймын. Сот шешімінен кейінгі қуанышты бейнесін қайта қайта көріп қатты қуандым. Қуанбаған жұрт жоқ екен сол маңда. Сайрагүл Сауытбайдың бейнесіне қарап сан ойға баттым...
Қытай қазақтарының мәселесі туралы осыған дейін де азаматтық пікірімді айтқамын, пост тұр.

Менің жеке пікірімше қытай қазақтарының мәселесі "Сайрагүлге дейін және Сайрагүлден кейін" деп дәуір бөлгіштік сипатқа өзгеруі мүмкін. Қазір, біздің жұрт тек ғана қуанышты құттықтап тойлаумен әбігер боллып жатыр екен бірақ мәселеге үлкен маштабтан қарап стратегиялық талдау сараптау жасау жағы жетпей тұр.

Қытайдан заңсыз шекара бұзып өту оқиғасы Сайрагүлге дейін де болған (меніңше Сайрагүлден кейін де болады...), Сәбет-Қытай арасындағы қырғиқабақ кезінде қытайдағы Сәбетшіл қазақ ұлтшылдары мен жас зиялылардың біразы заңсыз немесе бір жапырақ таңбалы анықтамамен (қағаз) шекарадан кесіп өткен. Әрине сол тұста қазақтар ғана емес, кәмпескілеруге тайтұяғымен қарсы қытайдың бірмұнша капиталистері, буржуаздары немесе үшінші дүниежүзілік соғысты аңдап Жаң Қайшының Американы иек артып қайта тап беруін күтіп жатқан ішкі сыбайластар да бар еді. Солар 50-60 жж өзінде ақ теңіз жолы арқылы алыс жақын шетелге қашып үлгірді. 1979-1989 жж арасында қытай шекарасын бұзып теңіз жолы арқылы соцсиялистік лагерден қашқандар тіптен көп болды. Австралия, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Америка және Еуропаға беттегендер көп. Биліктегі кейбір шенді-шекпенді олигарх топтардың да шетелге қашу оқиғасы көп туындады. Мысалы, мемлекеттің бүкіл ішкі құпиясын алып Сәбетке қашып бара жатқан жолда Мұңғолия жерінде (Өндірқан) опат болған Лин Бияо-дың оқиғасы сол күйі бүгінге дейін құпия қалды...

Коммунистік режимдегі қытай тарихында (1949'дан бері) қытайдан қашпаған адам өте сирек. Мао-дың қасындағы төс қағысқан досынан тартып ең қарапайым қатардағы зиялыға дейін талай адам шетелге заңсыз қашты. Шетелге қашудың ең көп мақсаты- қытай құпиясын білуінде ғана емес, соцсиялистік сүрдек жүйеден әбден шаршап мезі болуынан да туындап отыр.

Қытайда 1949-2009 арасы шетелге қашу оқиғасын бірқанша түрлі категорияға бөліп қарастыруға болады;

Ұлт құрамы жағынан:
Шетелге қашқан қытайлар;
Шетелге қашқан қытай еместер (Манжур, Тибет, Ұйғыр, Моңғол және Қазақ);

Саяси сипаты жағынан: 
Мемлекеттік құпияны білетіндер; 
Билікке балама күштер (олигарх, клон); 
Антикоммунистшілдер; 
Антиқытайшыл Сәбетшілдер; 
Ұлтшылдар; 
Еуропашыл Либералды күштер; 
Еркіндік аңсаған қарапайым азаматтар;

Сенім сипаты жағынан:
Діни миссионерлер (християн); 
Һижрашылдар (мұсылмандар);

1989-2019 арасында қытайдан шетелге қашу оқиғасы тіптен күрделі, жіңішкелікпен категорияға бөліп қарастырып зерттесеңіз өте қызық тақырып. Шетелге топталған қытайдың ұлтшыл, мемлекетшіл олигархтарының өз телеарнасы, тәуелсіз баспасөзі және ғылми зерттеу орталықтары және онда академиялық өлшемде талдау жасайтын әр саланың кәсіби мамандары бар. Олар қытай коммунисттерінің қылт еткен саясатын күніге дөңгелек үстелде талдап, сарапқа сап жатады. Қытайдың шетелге заңсыз қашып өткендер үшін ұстанған саяси позициясын жеке тақырып ретінде зерттеп қарастыруға болады.

Енді, Сайрагүл апайға келейік, қытай осы оқиғадан соң қандай реакциясы танытуы мүмкін:

Бірінші, Сайрагүлдің Қазақстан аумағында қалуы Қазақстанның жеңісі, келесі бір жағынан қытайдың да жеңісі саналады. Саясатта "бір қуаныштың қасында бір өкініш" бар екенін ұмытпауымыз керек. Әрине, Қазақстанның тәуелсіз, дербес үкіметі бір Сайрагүлге араша түскенімен қытайдағы неше мың тіпті одан да көп Сайрагүл тағдырластарға араша түсе алмайды. Қытайдың саяси технологтары бізді "бір Сайрагүлдың тағдырымен қуандырып қойып, мың Сайрагүлдің тағдырымен азаптауы мүмкін". Қытайда саяси механизм мен саяси тактика өте дамыған. Біз тәуелсіз ел, дербес мемлекет ретінде қытайдың барлық реакциясына дайын болуымыз керек. Сайрагүл қытайға қайтарылса да қытайдың жеңісі, қытайға қайтарылмаса да қытайдың жеңісі деуім мынада, егер қайтарылса қытай Сайрагүлді жазалайды, егер қайтарылмаса қытай "Сайрагүлдерді" жазалайды. Өзіңіз ойлаңыз, қытайдың Сайрагүлді жазаласа да, Сайрагүлдерді жазаласа да тиімді жағы Қытайда болып тұр. Ал, Қазақстан Сайрагүлді құтқарды, бірақ Сайрагүлдерді құтқара ала ма? Жұрт өзі айтсын.

Екіншісі, Бұл мәселе Қазақстан-Қытай арасындағы сауда-бизнес нарқындағы бәсекелестікті ғана емес, саяси алаңдағы күрес бәсекелестігін де одан сайын арттырады. Қытай бастапта жеңілген сыңай танытады, шегіншектейді бірақ осал тұсыңнан оңдырмайды, сондықтан саяси тактиканы, қырағылықты арттыру керек. Қытайдың энергия мен гео-жағрафиялық тасымалға болған сұранысын сәтті пайдаланып, жалаң ұлт мәселесін жылтыңдата бермей басқа тактикаға көшу керек. Бұл мәселе, Алматы-Астана көшелеріндегі екі тал қытайға дұқ көрсетумен немесе бір қытайды асау жамбасқа сап алып ұрғанына мәз болумен шешілмейді. Билік ел тағдыры үшін шынайы тактикаларға көшу керек, стратег маман, тәуелсіз сарапшы, сатылуды білмейтін ұлт интеллегенттері керек. Әрине қарамаққа өте азбыз, бір Пекиннің қала санына да толмаймыз. Бірақ, халқымыз аз болса да даналығымыз кенде халық емеспіз, бір мая шөпті бір тал сіріңкемен өртей салуға болады, көлкөсір дарияны бір күрекпен арық қазып құлағын байлап ағыза салуға болады. Қытай бізге- мүмкіндік, біз қытаймен жағаласу арқылы өз ұлтымыздың ерік-жігерін, сабырын, сауатын, мәдениетін һам саяси тактикасын сынаймыз, жетілдіреміз, мемлекетшілдік құдіретіміз артады.

Үшінші, екі болжам алда, қытайдан келетін көш не түбегейлі тоқтайды не болмаса көш жанданады. Екеуіне де дайын болу керек, көш тоқтаса оны коммунистік билік тоқтатады, ертең коммунисттер кетсе либералдар көштің есігін бәрібір ашып береді. Соны қадағалап зерттеп графикасын сызып отыру керек. Көш тоқтаса қазақтармен мәдени, рухани байланысты басқа қырынан жалғап әкету керек, ал, көш тоқтамай жанданған жағдайда ішкі көші-қон мәселесі мен сыртқы көші-қон мәселесін түбегейлі реттеп дайын отыру керек. Тіркеу, Оралман Куәлік, Азаматтық алу көне сүрдек күйінде қала берсе қытайдағы қазақ мәселесі қайтып "қазақстандағы қазақ мәселесіне" айналып кетеді.

Төртінші, Ұлы Түркістандық Потенциал күшін біріктіру.
Қытай жағы Қазақ-Қырғыз, Қазақ-Өзбек халықтарының бірігіп ортақ күшке айналуынан қатты алаңдайды. Сондықтан олардың арасындағы жікке сызат салып отыру үшін "қытайлық Түркістан прожесін" дайындап отырады. Орталық Азияға ықпалын арттыру үшін Үрімжі мен Қашқардың өңірлік және басқа мүмкіндіктерін пайдаланады, Ұйғырдың орта және шығын буржуазиялық бизнестері арқылы орталық азияға экономикалық һам сауда-бизнес "соғысын" ашады. Орталық Азияны не Қашқар арқылы не Үрімжі арқылы өзіне тәуелді етуге тырысады. Осы мүмкіндіктерді іске асыру үшін "қытай түрікшілдігін" қолдан жасап тұтас Түркістанды (орталық азияны) Ұйғырлар арқылы шаужайлай бастайды. Сіз Қазақстандағы және алыс-жақындағы Ұйғырлардың Қазақты Ұйғырдан таратуын, бүкіл Алматы облысының жер-су атауын Ұйғыршадан кеп шыққан деуінің артында қытайдағы "қытай түрікшілдігі" прожесі тұрғанын білмейсіз бе? Қытайдың саяси технологтары басқа көптеген саяси ойынды алда әлі жасап шығаратын болады. Бұл күреске балама ретінде біріншіден Қазақстан өзінің жеке потенциал күшін арттыру керек, екіншісі біртұтас Түркістан түсіністігі мен тағдырлас, мүдделес мүмкіндігін біріктіребілу керек. Кеш қалсақ, қытайдың "қытай түрікшілдігі" прожесіне бір-бірден желініп бітеміз. Ұлы Түркістан түсіністігі артса және қытайға ортақ саяси күшке айналса қытайдың энергия мен гео-стратегиялық өңірлік тасымалға мұқтаж мүмкіндіктерін шаужайлауға болады және ұлы Түркістан аумағындағы (орталық азия) ішкі тепе-теңсіздік көрсеткіштерді толықтап (мысалы, еңбеккүш, орта-шағын бинес, тарихи туризм, өзен-су, тасымал, тб) соның ерік-жігерімен қытайға мұқтаждықты азайтуға болады. "Өзбектесіп кетеміз, қаланы Қырғыз басып кетеді" дейтін таудың қуысындағы сасық қорқыныштан арылу керек.

Елдос Орда

Дереккөз: facebook.com/ELDECORDA

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • Сайрагүлдің бостандығы
    Дикторлар дұрыс сөйлесін десек…