Елші Чжан Сяо: Қытайдың Қазақстанды жаулайтын геосаяси жоспары жоқ

Уақыты: 2019-01-16 Көрлімі: 1124 Сипаттама

Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшіс...

7df2631d5553d758aed402eea3d6b679.jpg

 Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо екі ел арасындағы қарым-қатынасқа байланысты жазылатын түрлі жазбаға қатысты пікір білдірді.

Дипломат Қытай мен Қазақстан арасындағы байланыстың маңызын айта келе, «Қытайдың Қазақстанды жаулап алғысы келетін геосаяси жоспары жоқ» деді.

«Қытай Қазақстан территориясының бөлігін жаулап алмақшы, Қытай Қазақстан территориясының бөлігін жаулап алғысы келеді» немесе «Қазақстан экономикасына айла-шаралар қолданады» деген «Қытайдың Қазақстанды жаулап алғысы келетін геосаяси жоспары бар» деп жазатындар бар. Мұндай жазбалар болды, қазір де бар. Бәрін жақсы білеміз. Бірақ мұндай жазбаларға мән берудің қажеті жоқ. Мұндайды жазатын не айтатын адамдардың не басы жоқ, не басы «жаман, лас», я болмаса біреудің тапсырмасымен жазатындар. Сондықтан бүгінгі көрме бір-бірімізді жақсы тануға, қарым-қатынасымызды одан әрі жақсартуға көмектеседі. Бүгінде өте маңызды мәдени-гуманитарлық жағымызды ыңғайластыруға ықпал етеді. Қазір екі елдің қарым-қатынасы өте жоғары деңгейде. Өткен жылы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайда болды. 2019 жыл да екіжақты қарым-қатынас үшін ірі оқиғаларға толы болады деп ойлаймын», - деді елші Ұлттық музейде қытайлықтардың жаңа жыл мерекесіне орай ұйымдастырылған «Көктем мерекесі» көрмесінің ашылу салтанатында.

Дипломат Қазақстанның Қытай үшін маңыздылығы мен қос елдің арасындағы қатынастың мақсатына тағы тоқталды.

«Үнемі осындай сөздерді жазатындардың жазбасы күлкілі. Қытай өзінің мыңжылдаған тарихында ешкімнің территориясы өздігінен шабуыл жасамады, ешкімнің территориясын тартып алмады. Қытайлықтар ғасырлар бойы отбасында, көршілермен, қоғамда үйлесімде болуды дәріптеп келеді. Сондықтан тағы айтып кетемін, бұл жазбалар – біреудің тапсырысымен не «басы» жоқ адамның жазғаны. Қазақстан Қытай үшін стратегиялық серіктес, жақын көрші, ескі дос және біз екіжақты достық, теңқұқылы, екіжаққа да тиімді қарым-қатынас орнатуға ниеттіміз. Біздің басқа мақсатымыз не ойымыз жоқ және болуы мүмкін емес», - деді елші журналистерге.

Елші «Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапармен келуі және ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға баруы мүмкін бе» деген сұраққа жауап берді.

«Қазір бұл сұрақтар екі елдің Сыртқы істер министрліктерінің күн тәртібінде талқыланып жатыр. Келуі мүмкін екенін жоққа шығармаймын», - деді дипломат.

Айтуынша, Астана мен Бейжіңде екі елдің мәдени орталықтарын ашу туралы ұсыныс Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне жолданған.

«Биыл екіжақты қарым-қатынастағы саясатымызды осыған дейінгі қалыптасқан достығымызды нығайтуға бағыттаймыз. Бұл – біздің күнделікті жұмысымыз. Бүгінде қарыштап дамып келе жатқан экономикалық байланысымызды, мәдени-гуманитарлық саламызды әрі қарай жетілдіреміз. Тағы қазіргі мақсаттарымның бірі – Астанада қытай мәдени орталығын және Пекинде қазақ мәдени орталығын ашу. Мәдени орталықты тездетіп ашу – мен үшін күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіндегі әріптестерімізге ұсынысымызды жеткіздік. Қазір ведомство ұсынысты қарастырып жатыр», - деді Чжан Сяо.

Биыл Қытай жаңа жылы 2 ақпанда басталады. Осы айрықша күнге орай Қытай Халық Республикасының елшілігі мен Қазақстанның Ұлттық музейі бірлесе «Көктем мерекесі» фотокөрмесін ұйымдастырды.

Автор: Рахиля БЕКНАЗАРҚЫЗЫ

Дереккөз: Baq.kz


Пікір жазу
  • Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ: Бізге отандық қытайтану ғылымы орталығын ашуды уақыт өзі талап етіп отыр
    Аида Балаева: Мемлекеттік қызметкерлердің көбі - өз ісіне адал, жөні түзу азаматтар