Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ: Бізге отандық қытайтану ғылымы орталығын ашуды уақыт өзі талап етіп отыр

Уақыты: 2019-01-09 Көрлімі: 3196 Сипаттама

Еліміздің азаттық айдынына шығып, тәуелсіз ел ретінде әлемдік қауымдастықпен қоян-қол...

duken-900x_.jpg

Еліміздің азаттық айдынына шығып, тәуелсіз ел ретінде әлемдік қауымдастықпен қоян-қолтық араласа бастағанына да ширек ғасырдың жүзі болып қалды. Әсіресе, маңайымыздағы іргелес көрші елдермен қарым-қатынасымыз жыл санап емес, күн санап нығайып келеді. «Көрші ел» дегенде, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан –

мен өз заманында ғасырлап бір шаңырақтың астында өмір сүріп келгендіктен, бұл мемлекеттермен барыс-келістің оңы мен солы, қыры мен сыры бәрімізге белгілі. Тек КСРО ыдырағаннан кейін ғана арамызда тікелей, ресми дипломатиялық қатынас орнаған Қытай Халық Республикасымен қарым-қатынастың қатпарлы тұстарының қалың екендігіне бірте-бірте көз жетіп келеді. Іргеміздегі осынау алып елмен барыс-келістің бағыт-бағдары, қыр-сыры, тағы басқа мәселелер төңірегінде ой бөлісу үшін белгілі қытайтанушы ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қытай филологиясы кафедрасының меңгерушісі, профессор Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫН әңгімеге тартқан едік.

– Қытайтану ғылымы біздің елде енді-енді қолға алынып жатқанмен, дамыған, өркениетті елдерде ол ұзақ тарихқа ие, өзіндік қалыптасқан ғылым екенін білеміз. Әңгімеміздің әлқиссасын осы саланың әлемдік тәжірибесінен, оның қысқаша тарихынан бастасақ…

– Әлемдік қытайтану ғылымы ең алғашқы бастауын саяхатшылардың, көпестер мен елшілік өкілдерінің елтану бағытында және тұрмыстық тақырыпта жазған күнделіктерінен ала отырып, қалыптасу, даму барысынан өткен ғылым. Атап айтқанда, күллі Еуропа венециялық жиһанкез Марко Полоның жолсапар жазбалары арқылы Қытаймен алғаш рет танысу мүмкіндігіне ие болды. Ұлы саяхатшы Аспанасты елінде 17 жылдан астам уақыт өмір сүріп, қытай халқының тарихы мен мәдениетін жан-жақты зерттеді. Соның нәтижесінде Марко Поло өзінің саяхат жазбаларында бұл ел туралы мол мәлімет бере алды.

Одан кейін Батыс әлеміне Цин патшалығы туралы жаңа мәлімет берген орыстың әйгілі қытайтанушы ғалымы, миссионер-дипломат Федор Байковтың еңбектері. Ол алғаш өзі Қытайға барып, орыс елшілігін ашып, 1657-1665 жылдары Пекинде тұрған. Ғалым өз ең­бектерінде жергілікті жұрттың Еуропаға бұған дейін беймәлім болып келген қыры мен сырын жан-жақты қамтыған мол мәліметтер берді. Оның қытай туралы еңбектері сол кездің өзінде-ақ неміс, ағылшын, голланд, француз тілдеріне аударылып, әлемдік елтану ғылымының баға жетпес байлығына айналды. Сондай-ақ, Ф.Байковтың жазбалары Ресейдің өзінде де өткен ғасырдың соңына дейін ондаған мәрте қайта басылып шықты.

Әлемдік қытайтанудың келесі саты­сы христиан діні мүриттерінің миссионерлік қызметіне, олардың үгіт-насихат және танымдық салада атқарған жұмыстарына байланысты болды. Әсіресе, XVI-XVII ғасырларда Қытайда католик монахтары өте белсенді, ауқымды жұмыстар жүргізді. Олардың ішінде ерекше көрінгені италиялық Маттео Риччи еді. Ол 1582-1610 жылдары айдаһарлар жұртында тұрып, қытай тілін жетік меңгерудің сыртында, өзіміз сөз етіп отырған елдің тарихи жазбалары мен классикалық шығармаларын түгелге дерлік сүзіп шықты әрі біразын италиян тіліне аударды. Әрине, Риччидің негізгі мақсаты Қытайға католик дінін тарату еді. Солай болғандықтан ол уақытының денін аталмыш салаға арнады.

Осымен қарайлас мезгілде Ресейдегі «Қолданбалы және академиялық бас орталық» Пекиннен өзінің бөлімшесін ашып, ғасырдан астам уақыт бойына православие шіркеуі үшін рухани-миссионерлік қызмет атқарды. Одан кейін қытайтану ғылымына Паллад Кафаров, Иакинф Бичурин келді. Бұлардан соң орыс синологиясы толқын-толқын, лек-лек жаңа буындармен толығып, іргелі ғылымға айналды. XIX ға­сырдың орта тұсынан бастап Қытайды тануға деген қызығушылық бұрын­ғыдай тек қана академиялық топтармен ғана шектелетін шеңберді бұзып, қанатын кеңге жая бастады. Атап айтқанда, қытайтанудың жеке-жеке ғылыми бағыттарына деген жаппай қызығушылық XIX ғасырдың екінші жартысында Голландия, Германия, Франция, Англия, АҚШ және Ресей секілді ірі державалардың геосаяси, сонымен қатар, сауда-экономикалық қызығушылықтарының артуына орай өсе түсті. Сөз болып отырған кезеңде қытайтанушы ғалымдардың дені қытай халқының ұлттық менталитетіне, саяси-әлеуметтік жүйесіне, ежелгі философиялық ескерткіштері мен көне поэзия мұраларына көбірек ден қойды. Бұл ретте солардың қатарында ерен еңбек еткен Дж. Леггом, В.Грубе, О.Франке, Я.Я. де Гроот, Э.Шаванн, П.Пельо секілді әйгілі синологтардың есімдерін атап айтуға болады.

Ал уақыт көші жылжып, XX ға­сырға келгенде әлемдік қытайтану­шылардың қатары тағы да көптеген жаңа есімдермен толыққаны айтпаса да түсінікті. Сөйтіп, дамыған өркениетті елдердің бәрінде дерлік қытайтану ғылымы арнайы елтану ғылымы ретінде даму арнасына түсіп үлгерді. Бұл арада қазіргі көзіқарақты оқырманға әлемдегі синологтардың өмірін баяндап, шығармаларын санамалап, сөзді көбейтудің еш реті жоқ сияқты. Тек бір айтатын нәрсе – бүгінгі күні Батыс елдері мен Жапония, Ресей синологтарының зерттеулеріне қытай ғалымдарының өзі аузын ашып, көзін жұмып, қайран қалып жататындығы. Содан кейінгі есте ұстар жайт синология ғылымы қатты өркен жайған елдермен ресми Пекиннің өзі байқап-байқап сөйлесетіндігі. Міне, осыларды ерекше есте ұстаған жөн.

– Енді «аттың басын» елдің іші­не қарай бұрсақ. Жалпы, біздің Қа­зақстан үшін қытайтану ғылымы қаншалықты маңызды?

– Кеңес Одағы тұсында қытайтану мамандығына кімді оқыту туралы мәселені тікелей Мәскеу өзі шешіп отырғандықтан, Қазақстаннан ол бойын­ша саусақпен санарлық қана кадрлар дайындалды. Дегенмен, бір шындық бар, біздің елдің азаматтары Қытай туралы жалпы ұғым мен жүйелі ғылыми һәм танымдық білімді ХХ ғасырда сол КСРО-ның кезінде алғанын мойындауы­мыз керек. Алайда, бұл ел туралы жалпылама білу мен оны арнайы зерттеудің айырмашылығы жер мен көктей ғой. Ол заманда ресми Пекинмен барыс-келістің бәрін Мәскеу өзі реттеп отырғандықтан, біз қытайтану ғылымының мән-маңызы мен мақсат-міндетіне бас қатырған жоқпыз.

Ал «Қазақ елі үшін қытайтану ғылымының маңызы мен өзектілігі не?»  деген мәселеге келетін болсақ, оның ауқымын әр ел синологтары өзінше сипаттайды. Ол әрине, орынды да. Себебі, бұл мәселеге ден қойған мемлекеттер оны өзінің саяси-әлеуметтік әлеуеті мен мүмкіндігі және содан туындайтын өз мүддесі тұрғысынан қарастырады. Соның ішінде Қазақстанға келер болсақ, қытайтану ғылымының көкейкестілігі, мақсаты мен міндеттері мына жақтардан айқын аңғарылады ғой деп ойлаймыз.

Ең әуелі Қытай жұрты шын мәніндегі адамзаттың ежелгі мәдениет ошағының бірі. Бұл ел сол бай да байырғы құнды­лық­тарды бүгінге жеткізіп, жалпыадам­зат баласының игілігіне айналуына өл­шеусіз үлес қосуымен ерекшеленеді. Сосын Аспанасты елі – біздің ежелден бергі іргелес жатқан көршіміз. Алайда, бағзы замандардағы аумалы-төкпелі кезеңдердің аласапыран дауылдары ата-бабаларымызды жиі-жиі тарихынан адастырып, рухани құндылықтарынан көз жаздырып кетіп отырғанын тарихтан жақсы білеміз. Бүгінде сол өшкен тарихты қайта түлетуде, мәдени мұраларды жаңғыртуда көбіне-көп археологиялық қазбалар мен көрші елдердің жазбаларына жүгінуге мәжбүрміз. Бұл ретте де ең байырғы, біршама жүйелі, мол да құнды деректер қытай мұрағаттарында жатқаны құпия емес. Сосын, қазіргі таңда ҚХР ғылымы мен техникасы, мәдениеті мен экономикасы және қорғаныс істері жағынан дамуы бойынша әлемдегі жетекші державалардың қатарынан орын алып отырған ел. Осындай аузымен құс тістеп, аршынды әрі қарқынды дамып отырған мемлекеттің озық тәжірибесіне бүгінде әлемнің көптеген елдері қызы­ғушылық танытып отыр. Демек, іргедегі бұл ірі көршімізден біздің де аларымыз бен үйренеріміз аз болмауға тиіс. Бәрінен де маңыздысы, Қытай – әлемдік қауымдастықта өз орны бар, Азия құрлығындағы алып держава. Ал бұл елмен қалай-қалай қарым-қатынас жасау мәселесінде іргесінде тұрған біздің Қазақстан ғана емес, мұхиттың арғы бетінде жатқан АҚШ-тан бастап Ресей, Жапония, Германия, Англия, Франция, Канада, Австралия, Үндістан сияқты ірі де іргелі мемлекеттердің өзі күніне мың ойланып, жүз толғанады. АҚШ Гуманитарлық ғылым академиясының бұрынғы президенті, шығыстанушы ғалым Г.Р.Бойд: «Қытайды тану – бүгінгі адамзат қоғамы тап болып отырған ең өзекті рухани және әлеуметтік мә­селе. Сондай-ақ, бұл мәселе күн өткен сайын күрделене түспек», деген тұ­жырымын бостан-босқа айтпағаны белгілі. Ендеше, әлемнің осындай үлкен елдерін алаңдатып отырған Аспанасты жұртының іргесінде өмір сүріп жатқан жас мемлекетіміздің ертеңі үшін, тәуелсіздігіміздің тағдыры үшін, екі ел арасындағы достық, көршілік қарым-қатынастарды сақтап қалу әрі оны одан әрі нығайта түсу үшін Қытайды жан-жақты зерттеудің маңызы ерекше.

Қысқасы, осындай ел болашағы мен мемлекет тағдырына саятын ірі мәселеде біздің ең әуелгі, ең басты сүйенеріміз ғылым, ғылыми түсінік болуға тиіс. Өйткені, біз шығысымыздағы алып көр­шіміз – Қытай елімен арада болатын барлық мәселеде, қарым-қатынас, барыс-келістің барлық деңгейінде тек бұл жұртпен елдік мәселелерді тал­қылаймыз, сөйлесеміз, пікір алысамыз. Екі ел арасындағы белгілі бір мәселені шешуде де өзіміздің және Қытай елінің мүдде-мүмкіндіктерін ескереміз, есептеп отырамыз. Олай болса көршімізді түсінудің, білудің жөні осы екен деп Қытай туралы өзге бір елдің танымы мен пайымын, көзқарасы мен пікірін, өзге жұрттың Аспанасты халқы жөніндегі «аңызы мен әфсанасын» қалай болса солай малдану жарамайды. Өйткені, Қазақ елінің төл мүддесінен туып отырған көкейкестілік бізден әрі кешенді, әрі таза қазақстандық үлгідегі қытайтану ғылымын жасақтауды, дамытуды талап етеді.

– Қытай Халық Республикасымен біздің дипломатиялық қарым-қаты­нас орнатқанымызға ширек ғасырдай уақыт болып қалды. Осы жылдар ішін­дегі екі елдің өзара байланысын синолог маман ретінде қалай баға­лайсыз?

– Бір елдің екінші бір елмен қай бағытта, нендей сипатта, қандай деңгейде қарым-қатынас орнатуы көп жағдайда мемлекет басындағы тұлғаның таным-түсінігі мен мінез-құлқына, іскерлігіне байланысты болады. Еліміз тәуелсіздік жариялаған күннен бастап Президентіміз Н.Ә.Назарбаев әлем ел­дерінің бәрімен, әсіресе, дүниежүзілік геосаясатта шешуші рөл атқаратын ал­пауыт елдер­мен, соның ішінде тө­ңірегіміздегі көршілерімізбен бейбіт қатар өмір сүру ұстанымы негізінде достық әрі сенімді әріптестік саясатын ұстанып келеді. Сондай елдің бірі шығысымыздағы алып мемлекет – Қытай Халық Республикасы.

Қазір екі ел арасындағы сауда көлемі 20 млрд. АҚШ долларынан баяғыда асып кетті. Енді, бұл көрсеткішті 2020 жылға қарай 40 млрд. көрсеткішіне жеткізу көзделіп отыр. Мұның сыртында «Ақтөбе Мұнайгаз», «Маңғыстау Мұнайгаз», «Қаражамбас Мұнай», «Павлодар Мұнай өңдеу зауыты», «Шымкент Мұнай өңдеу зауыты», «Buzachi Operating» секілді мұнай бұрғылау, мұнай өңдеу компанияларының орта есеппен 50 пайыздық акциясын қытайлық компаниялар игеріп отыр. Сондай-ақ, елімізде 100-ден астам қытай ресторандары мен дәмханалары, 270-тей біріккен кәсіпорын, 2 қытай банкі, «Ялянь» орталығы, Астанадағы «Пекин Палас» қонақүй кешені, «Sinoil» құрылымының жүздеген жанармай құю бекеттері жұмыс істеп жатыр. Міне, еліміздегі осы аталған және аталмаған Қытай инвестициясымен қатысты кәсіпорындардың бәрінде он мыңдаған отандастарымыз жұмыс істеп, нәпақасын тауып отыр. Сөз болып отырған компаниялар мен кәсіпорындардан, ондағы қызметкерлер мен жұмысшылардан ай сайын алынатын миллиардтаған теңге табыс салығы мемлекеттік бюджет арқылы ел игілігіне жұмсалуда. Сөз ретіне қарай айта кетейік, тура осындай ауқымда болмағанымен, Қазақ елінің ұлттық компаниялары мен жеке кәсіпкерлері де мүмкіндігінше Аспанасты еліне барып, ондағы қалалар мен кенттерде кәсіптерін жасап, нәсіптерін тауып жатыр.

Сондай-ақ, соңғы жылдары екі ел арасындағы ғылым мен білім, мәдениет және өнер саласындағы әріптестік те қарқын алып келеді.  Қазір біздің еліміздің 4-5 қаласында Конфуций институттарының жұмыс істеп тұрғанына он жылдың жүзі болды. Олар Қазақстандағы қытай тілін үйренгісі, қытай тарихы мен мәдениетін білгісі келетін азаматтарға тіл үйретеді, әдеби-мәдени шаралар ұйымдастырады. Қазіргі қолда бар мәлімет бойынша 10 мыңға жуық қазақстандық жастар ҚХР-дың ірі қалаларындағы беделді жоғары оқу орындарында әртүрлі мамандықтар бойынша білім алуда. Тәуелсіздіктен кейінгі алғашқы он жылда қос мемлекет арасындағы қарым-қатынас тек қана Сыртқы істер министрліктері ауқымында болып келген болса, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы белсенді жұмыс істей бастаған соңғы оншақты жылда екі ел арасындағы қарым-қатынас мәдениет, спорт, ғылым-білім, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, қорғаныс істері салалары бойынша да тереңдей бастады. Міне, осындай күн санап өсіп келе жатқан өзара байланыс еліміздің еңбек нарығында қытай тілін жақсы меңгерген мамандарға деген сұранысты күшейтіп отыр. Бұл қажеттілік өз кезегінде Қазақстанның біраз жетекші жоғары оқу орындарында қытай тілі мамандығы орталықтарын ашуға мұрындық болды. Соның бірі әрі бірегейі деп айтуыма да болады, Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультеті жанындағы қытай филологиясы кафедрасы.

Қысқасы, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында өзара түсіністік, өзара сенім мен құрмет, өзара тиімділік негізінде басталған Қазақстан – Қытай қарым-қатынасы ширек ғасырға таяу уақыттың ішінде дамып-жетіліп, бүгінгі күні екі ел сыйлас көрші, тату дос, сенімді әріптес мемлекеттерге айналды. Соның арқасында арғы беттегі ағайындарымыз тарихи Отаны – Қазақстанға көшіп те келіп жатыр, қыдырып қайтып та жүр. Екі ел қарым-қатынасының осындай ақаусыз, достық рәуіште нығаюында, бір замандағы құс ұшып өте алмайтын «қызыл сызықтың» енді көрші халықтардың игілігіне айналуында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың атқарған рөлі мен сындарлы саясатын ерекше атап айтуға тиіспіз. Сондай-ақ, бұл істе қытайтанушы ғалымдар, білікті дипломаттар, мемлекет қайраткерлері Қ.Тоқаев пен Қ.Сұлтановтың да өзіндік үлестері бар.

– Жоғарыда, сөз орайында, Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өмірге келіп, ілкімді істерімен ілгерілеген қытай филологиясы кафедрасы бар екенін айтып қалдыңыз. Ол немен шұғылданады? Оның жұмыс барысы мен жалпы жағдайы қандай? Осы туралы да айта кетсеңіз дұрыс болар еді.

– Сұхбат арасындағы әңгімеде сөз еткеніміздей, еліміздің еңбек нары­ғында қытай тілі мамандарына деген сұраныстың күрт өсіп келе жатқанын ескеріп Білім және ғылым министрлігі «Шетел филологиясы: қытай тілі» деген мамандық саласын ашқанына біраз жыл болды. Еуразия ұлттық университетінде осындай кафедра 2010 жылы өмірге келді. 2011 жылдан қабылдау басталды. Қазір университеттегі «Халықаралық қатынастар», «Аймақтану», «Екі шет тілі», «Туризм», «Аударма ісі», тағы басқа мамандықтарда оқитын 200-ден астам студент қытай тілін «екінші шет тілі» ретінде оқиды. Ал таза «Қытай филологиясы» мамандығында 100-ге жуық қыз-жігіт оқып жатыр. Студенттеріміз жыл сайын ҚХР-дың жетекші жоғары оқу орындарында «студент алмасып оқыту» бағдарламасы негізінде біліктіліктерін арттыруға барады. Сондай-ақ, Қазақстандағы ЕҰУ мен Қытайдың Шанхай университеті «екі диплом» бағдарламасы бойынша келісімшарт жасасқан. Ол бойынша біздің «Қытай филологиясы» мамандығында оқитын студенттер 1-ші және 2-ші курсты ЕҰУ-де, 3-ші және 4-ші курс­ты Шанхай университетінде оқып, жал­пы төрт жылда ЕҰУ мен Шанхай университетерінен жеке-жеке екі дип­лом алып шығады. Бұл жоба бойынша жіберген студенттеріміздің алғашқы тобы қазір Шанхай университетінде оқып жатыр. Бұйырса, күзде екінші тобымызды жібереміз деп отырмыз.

Кафедрада 20 шақты маман-ұстаздар қызмет етеді. Дені жастар. Олардың бәрі де тілді өте жақсы меңгерген, ҚХР-дан магистратура, докторантура оқып келгендер. Сондай-ақ, кафедраға ҚХР-дың Қазақстандағы елшілігі, ЕҰУ-дағы Конфуций институты барынша қолдау көрсетіп, көмектесіп отырады. Жыл сайын көрші елдегі әріптес университеттерден қытай тілі мен әдебиетінің білімді де білікті мамандарын шақырып әкеліп, студенттерімізге дәріс оқытып тұрамыз. Қысқасы «жанам деген жүрекке от беремін…» дегендей, «қытай тілін оқимын, үйренемін» деп шын талаптанған жастың арманының орындалуына толық мүмкіндік бар.

 – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көп векторлы саясатының арқасында Батыс-Шығыс, Солтүстік-Оңтүстік елдері демей, бәрімен де достыққа ұмтылып келеміз. Бәрімен де қарым-қатынасымыз жаман емес. Әлемдегі ірі елдердің біразы Қазақстанның тәуелсіздігі мен тұтастығына қауіп төндірмеу туралы кепілдіктерін берді. Солардың ішінде Қытай Халық Рес­публикасымен де жоғарыда өзіңіз айтқандай сауда-экономика, ғылым-білім, мәдениет-өнер салалары бойынша қоян-қолтық араласып кеттік. Дегенмен, әлемдік әлеуметтанушылар мен сая­саттанушылардың аузынан бір түспейтін, баяғыдан келе жат­қан «Қытай қаупі» деген ұғым бар. Сино­лог ғалым ретінде осы туралы көз­қарасыңыз қалай?

– Әлемде, әсіресе, Батыс елдерінде «Қытай қаупі» деген ұғымның ғасырлаған тарихы бар. Бірақ уақыт көшінің әр кезеңінде бұл ұғым әртүрлі сипат алып отырды. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында ол негізінен Аспанасты жұртының демографиялық әлеуетіне байланысты көбірек айтылатын. Сол заманның өзінде жарты миллиардқа жетіп қалған қытай халқының өсу қарқынынан Батыс елдері шынымен де қатты үрейленетін. XX ғасырдың 50-жылдарынан кейін, дәлірек айтқанда, ҚХР құрылған соң, Батыс мемлекеттері Қытайдың социалистік лагерьдегі елдерге қосылғандығынан, коммунистік жүйені қабылдағанынан, КСРО-мен сая­си одақтас болғандығынан, ядролық қаруға ұмтылысынан қатты қауіптенді. Ал уақыт көші жылжып XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басына келгенде сол Батыс, яғни Еуропа Қытайдың экономикасының қарқынды дамуынан, оның гүлденіп-көркейіп, әлемдегі ең қуатты әскери державаға айналуынан қорқа бастады.

 – Сонда Батыс елдерінің осынша беймаза күй кешуінің қаншалықты негізі бар деп ойлауға болады? Жоқ, әлде бұл жалпақ әлемге жайылып кеткен жалпылама қара PR ма?

– АҚШ бастаған Батыс елдерінің үрейі мен қорқынышы негізсіз емес. Әрине, қара PR да бар. Атап айтқанда, әсіресе, «Қытайдың демографиялық экспансиясы» жөніндегі үрейді қисынсыз дей алмаймыз. Сөздің осы тұсында әлдекімдер жалаулатып жүргендей, ресми Пекиннің қай бір елді эмиграциялық тәсілмен жаулап алу туралы арнайы жос­пар-жобасы, пиғылы жоқ па деген сөзге байланысты бір мәселе бар. Өз еліндегі адамның ерепейсіз көптігінен қажыған ҚХР азаматтарының белгілі бөлігі жері кең, адамы аз, табиғаты тамаша өзге мемлекеттерге барып, еркін тыныстап, кеңірек жүріп-тұрғысы келетіні түсінікті жағдай. Сондай мақсатпен қамданып жүргендер Америка, Еуропа, Азия, Африка құрлығы демей, орайы келсе әр жаққа тартады да кетеді. Сосын барған елінде ебін, жолын тауып, қоныстанып қалуға тырысады. Алайда, ондай «қыдырмашыларға» жерінен жайлы қоныс беру-бермеу әркімнің өз еркі емес пе?! Мәселен, заңы мен жарғысы жетілген, ұлттық қауіпсіздігі мен мемлекет тағдырын басты орынға қоя білген Жапония, Корея, Үндістан, Непал, Моңғолия, Вьетнам секілді елдер қытайлықтарды заңсыз кіргізбей-ақ, кіргендерін заңсыз бір күн тұрғызбай-ақ, ресми Пекинмен кәдімгідей сыйласып, іргесінде-ақ өмір сүріп келе жатыр. Керісінше Сингапур секілді Оңтүстік Азия елдері соңғы ширек ғасырдың ішінде бірінен соң бірі қытайланып барады.

Ал енді АҚШ бастаған Батыс мемлекеттерінің Қытай жөніндегі XX ғасырдың 50-жылдарындағы үрейі КСРО ыдырап, Қытай компартиясының ұраны нарықтық экономикаға ауысқаннан кейін, күн тәртібінен өз-өзінен түсіп қалды деуге болады. Олардың Аспанасты елі жөніндегі дәл қазіргі секемі: Қытай эко­номикасының қарқынды дамуы, елдің тез гүлденіп-көркейіп, әлемдегі ең қуатты әскери алып державаға айнала бастауы. Әрине, Қытайдың бүгінгі ұшқан құстай дамуы дүниежүзіне соңғы екі-үш ғасыр бойына өктемдік жүргізіп келе жатқан Батыс әлемін қуанта қоймасы белгілі. Ең әуелі экономикалық тұрғыдан алғанда, Аспанасты елінің Азия мен Африка елдеріне салған инвестициясы мен компаниялары Батысты аталған аймақтардан ығысып шығуға мәжбүр етті. Сондай-ақ, ҚХР-дың жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің әлем базарын жаулап алуы Еуропадағы осы саланы мықтап тұралатып тастады. Оны аз десеңіз, Батыс елдерінің көптеген алып өндіріс ошақтары, ірі-ірі зауыт-фаб­рикалары Аспанасты еліндегі шикізат көзі мен еңбек күшінің арзандағанына әрі ондағы базардың ауқымына қызығып, Қытайдан өз кәсіпорындарының бөлім­шелерін ашып алды. Бұл өз кезегінде Батыс мемлекеттеріндегі негізгі кәсіп­орындардың жұмысының ақсауына алып келді. Біз айтқан осы мәселелерді мынадай сандық мәліметтерден анық байқауға болады. 2012 жылғы ұлттық ішкі жалпы өнім бойынша АҚШ бірінші орында (13 триллион 840 млрд. АҚШ доллары) тұрса, екінші орында ҚХР (6 триллион 990 млрд. АҚШ доллары) тұр. Атақты Жапонияңыздың өзі үшінші орынға (4 триллион 290 млрд. АҚШ доллары) ысырылып қалған. Ал сол жылғы Қытайдың шетелге салған инвестициясы 700 млрд. АҚШ долларын құраған болса, шетелдердің Қытайға салған инвестициясы 1 триллион 300 млрд. АҚШ долларын құрады. Тағы да осы 2012 жылы Қытайдың бір жылдық экспорт-импорт көлемі 1 триллион 700 млрд. АҚШ долларына жетіп, бүкіл дүниежүзіндегі сауданың 10 пайызын құрады.

Бір ауыз сөзбен айтқанда, кез келген елдегі экономиканың ұзақ жылдар бойы қауырт дамуы – сол елдің жан-жақты өсіп-өркендеп, гүлденген, қуатты державаға айналуына жол ашады. Қытай туралы да осыны айтуға болады. Оған бұл елдегі үдемелі демографиялық тасқын әлеуетін қосыңыз.

Бүкіл дүниежүзіндегі халықтарды қаншама жылдар бойы білікпен де, білекпен де ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келген Батыс әлемі ғаламшардың «тұтқасын» Қытайға оп-оңай бере салмасы ақиқат. Әлем саясаткерлерінің қазіргі айтып, жазып жүрген «Қытай қаупі» ұранының астарында міне, осындай қатпар-қатпар мәселелер жатыр.

 – Сіздің мына сөзіңізден кейін Батыс елдеріндегі қытайтану ғы­лымының мақсаты мен міндеті өз-өзінен түсінікті болып қалды. Ал енді Қазақстандағы осы саланың алдында дәл қазір қандай-қандай маңызды мәселелер тұр?

– Қазақстандық қытайтану ғылымының алдында тұрған міндет өте үлкен. Оны абыроймен орындап, мақсаткерлікпен жұмыс істеу үшін елдегі қытайтану ғылымына мемлекет жеткілікті мән беруі, жағдай жасауы керек. Әсіресе, қытайтанушы ғалым-мамандар шоғырланған қалалардан, айталық Астана және Алматыдағы жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің жанынан арнайы қытайтану институттары мен ғылыми орталықтарын ашып, мемлекет арнайы қаржыландырып отырса құба-құп болар еді. Сол ғылыми орталықтар арқылы біз Қытайдың тарихы мен мәдениетіне, салт-дәстүріне, тілі мен әдебиетіне, діні мен діліне қатысты зерттеулерді тереңдетумен бірге, ең бас­тысы бұл елдің ішкі-сыртқы саясатының даму беталысын таразылап, тамыршыдай тап басып отыруымыз керек. Мәселен, ресми Пекиннің АҚШ, Ресей, Жапония, Үндістан секілді алпауыттармен қарым-қатынасы қалай, қайда беттеп барады? Қытай түптің түбінде Жапониямен тіл табыса ала ма, жоқ па? Қытайдың Орта Азия елдерімен, Ислам әлемімен, жалпы Түркі дүниесімен арадағы қарым-қатынасында нендей нақты мақсат-мүдде бар? Аспанасты елінің қазіргі билігінің ішкі ахуалы қандай? Қытай компартиясының болашақ тағдыры ше? ҚХР үкіметінің аз ұлттарға байланыс­ты ұстанған саясаты қалай өрістеп, қай бағытқа кетіп барады? Бұл елдегі ішкі жағдайлар көрші отырған біздің еліміздің саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдайына қалай әсер етуі мүмкін? Қытайдағы 1,5 миллионнан астам этностық қазақтардың ұлттық құндылықтары мен әлеуметтік хал-ахуалы қазір не күйде, болашақта не болмақ? Қазақстан-Қытай мемлекеттері арасындағы трансшекаралық өзендер мәселесіне байланысты ресми Пекин қандай позиция ұстанып отыр? Міне, осы және бұдан басқа да толып жатқан мәселелер бір адам немесе екі адам айналысатын шаруа емес. 1750 шақырымдық ортақ шекарасы бар ірі, іргелі мемлекетпен дұрыс байланыста болу үшін көршімізді дұрыс зерттей білуіміз керек. Ол білмегенімізді біліктілікке қарай бейімдейді. Болашақты болжауға бағыт береді. Ал бұл жас тәуелсіз мемлекетіміз үшін қажет маңызды да қажетті іс. Уақыт талап етіп отырған осындай көкейкесті міндетті шешуге ұмтылмай болмайды.

Әңгімелескен

 Жанболат АУПБАЕВ,

«Егемен Қазақстан».

АСТАНА.


Пікір жазу
  • Нәбижан Мұқаметханұлы: Қытай реформа жасаған қырық жылдан бергі ең ауыр сын-қатерге тап болып тұр
    Елші Чжан Сяо: Қытайдың Қазақстанды жаулайтын геосаяси жоспары жоқ