Халық жүріс-тұрыстың жаңа ережелерін ұстануға көшуі тиіс. Бұл туралы ҚР мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтты.
«Әрбір адам жағдайға барынша жауапкершілікпен қарауы тиіс. Сырқаттанып қалмау, жақындарымызға жұқтырып алмау, ұжымымыз бен отбасымызға вирус алып келмеуіміз үшін барлығын жасауымыз керек. Халық жүріс-тұрыстың жаңа ережелеріне - қол гигиенасы стандартына, респираторлық әдепке және арақашықтықты ұстануға көшуі тиіс. адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға, өз отбасыңның мүшелерімен ғана қарым-қатынас жасауға, қонаққа бармауға және қонақ шақырмауға, жеке әрі респираторлық гигиенаны, қоғамдық орында әлеуметтік арақашықтықты сақтауға, кез келген қарым-қатынас кезінде медициналық маска тағуға, антисептиктер пайдалануға кеңес беремін», - деді ол.
Бас санитарлық дәрігер елімізде коронавирус симптомымен дәрігерлердің көмегіне жүгінген адамдар саны артты.
«Бүгінгі күні коронавирус инфекциясы симптомдарымен медициналық көмекке жүгінген адамдардың саны артып отыр. Бір апта ішінде мұндай адамдардың саны 40 пайызға, өткен аптаға қарағанда пайызға шаққанда 15-тен 17,5 пайызға өсті. Өздігінен медициналық көмекке жүгінгендердің артуы Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Павлодар, Ақтөбе, Қостанай облыстарында байқалады», - деді бас санитарлық дәрігер.
Оның атап өтуінше, өздігінен медициналық көмекке жүгіндер санының артуы адамдардың вирустан қорғану шараларын сақтамайтындығын көрсетіп отыр.
«Өкінішке орай, көпшілігі коронавирус инфекциясы қаупін жете бағаламай отыр. Бұл өте жұқпалы ауру екендігін, ағза үшін із-түссіз өтпейтіндігін, ең алдымен жасы үлкен жақындарымыз - ата-әжелерімізге, ата-аналарымызға қауіпті екендігін есктеріңізге салғым келеді», - деді ол.
Осы ретте бас санитарлық дәрігер коронавирус инфекциясымен сырқаттану өсімінің себебіне сараптама жүргізілгендігін атап өтті.
«Біріншісі - санитарлық залалсыздандыру режимін күшейту жөніндегі белгіленген талаптарды сақтамаған, маска тақпаған, арашықтық сақтамаған, байланыстарды азайтпаған еңбек ұжымдарда таралуы. Екіншісі - еңбек ұжымынан тыс әлеуметтік байланыстардың артуы. Біз қонаққа барып, өзіміз де қонақ шақырып жатырмыз және мамандардың кеңестеріне қарамастан гигиеналық және өзіңді қорғаудың қарапайым талаптары орындауды - маска тағуды, антисептиктерді пайдалануды, арақашықтық сақтауды қойдық», - деді ол.
Айжан Есмағамбетова канитарлық талаптардың сақталмауы қатаң карантин режиміне қайта алып келуі мүмкін екенін айтты.
«Төтенше жағдай режимінің алынып тасталуы карантин шараларының да алынғандығын білдірмейді. Вирус ешқайда кетпегендігін және арамызда таралып жүргендігін түсінуіміз қажет. Барлығымыздың мақсатымыз - оның одан ары таралуына әрі сырқаттанушылардың артуына жол бермеу. Бұған қоса, әрқайсымыздың, жақындарымыздың денсаулығына және еліміздің экономикасына нұқсан келтірмей – карантин шараларын біртіндеп жеңілдету», - деді бас санитарлық дәрігер.
Оның атап өтуінше, барлық нысандар қызметінің қайта қалпына келтірілуі мен санитарлық талаптардың сақталуы қатар жүруі тиіс.
«Талаптардың сақталмауы бізді қатаң карантин режиміне қайта алып келуі мүмкін. Бұған қоса, карантиннің жеңілдетілуі мен көптеген нысандар жұмысының қайта жандануы жағдайында бизнес субъектілеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Олар өз қызметкерлері мен клиенттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс», - деді Айжан Есмағамбетова.