Арқаны кеңге салуға әлі ерте

Уақыты: 2020-05-20 Көрлімі: 850 Сипаттама

11 мамырда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев короновирусқа байланысты елдегі төтенше ж...

kazaxstan_coronavirus_240320.jpg

11 мамырда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев короновирусқа байланысты  елдегі төтенше жағдайдың аяқталғанын жариялап, Карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынатынын айтқан болатын. Төтенше жағдай аяқталғанға дейін елімізде 5090 адамнан коронавирус анықталса, кеше бұл көрсеткіш 6751-ге жетті.

Мамандар коронавирустың шарқытау шегі сәуірдің соңы деп болжап, мамырдың соңына дейін 5300- адамға жетеді деген. Бірақ 5300-ге төтенше жағдай аяқтала салып 2 күннен кейін  жетті. Тіпті соңғы 3 күнде мыңға жуық жаңа жағдай тіркелді. Бұны Денсаулық сақтау вице министрі Людмила Бюрабекова соңғы күндердегі жаппай скринингтік тестілеудің нәтижесі дейді. Оның айтынша қазір тест тапсырушылардың саны күніне 28 мыңға жеткен.  Денсаулық сақтау саласы мамандарының айтуынша қазіргі кезде ең көп коронавирус инфекциясын жұқтырушылар төтенше жағдай кезінде алғы шепте болған денсаулық сақтау саласы мен құқық қорғау саласының мамандары.

Сондай-ақ Нұр-Сұлтан мен Алматыны айтпағанда соңғы күндері облыстарда да індет жұқтырушылардың саны артты. Әсіресе, Атырау, Түркістан, Қостанай облыстарында кей күндері өсу қарқыны 10, 20 пайыздан асты. Бірақ, бұған қарамай қауіпсіздік шараларын ескермеген тұрғындар да көп кездесуде. Төтенше жағдайдың аяқталғанын короновирустың тоқтағаныдай түсінген жұрт та бар. Оның үстіне бұл вирустың елімізде таралып жатқанына сенбейтін тұрғындар да кездесуде. Тіпті қоғамдық көліктерде маскасыз жүрген жолаушыларды да көруге болады.

Денсаулық сақтау саласының мамандары короновирус жұқтырған кей адамдарда ауыру белгілері байқалмайтынын, ондай адамдардың өзгелерге жұқтыру қауіпі көп болатынын айтуда. Егер дәл қазір әр азамат қауіпсіздік шараларын қатаң ұстамаса, індетті тізгіндеудің қиынға соғатынын айтып дабыл қағуда. Бұл туралы «Қазақстан» теле арнасының «Ашық алаң» бағдарламасына келген Қазақстанның жетекші инфекционисі, Астана медициналық университетінің балалардың инфекциялық аурулары кафедрасының жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы Динагүл Баешева айтты.  

«Егер халықтың өзі түсініп, қауіпсіздік шарттарын ұстамаса 7 мың деген ештеңе емес, 7 күннен кейін 14 мыңға  бірақ шығамыз. Қазір бұл ауырудың тізгінін ұстайтын халықтың өзі ғана. Бетперде тағып алып, бір-бірімен құшақтасып амандасып жатыр. Олай істеуге болмайды. Бетперде таққан күннің өзінде де өзгеден 1.5 метр алыстап тұруыңыз керек.  Көшеде адамдар ештеңе болмағандай, бетпердесіз, жайбарақат жүр. Бұлай жалғаса берсе ауыруды бастапқыдай ұстап тұра алмай қаламыз. Соны қазір түсіну керек», - деп адамдар бір-біріне сақтану туралы кеңес беру керегін айтты.

Халықтың арасында әлі де елімізде коронавирустың таралып жатқанына сенбейтіндер мен селқос қарайтындар бар. Бұл ол адамдар үшін ғана емес, өзгелер үшін де қауіпті жағдай. Осы індеттен ең көп адам шығыны болған елдердің азаматтары да басында сенімсіздік танытқан. Бізге де қазір коронавирустан көрі төтенше жағдай мен карантин, блокпосттардан қалай өту жағы қызық болып тұр. Адамдарды әдейі карантинге алғандай сезінеді. Егер осылай жауапкершілігіміз азая берсе, денсаулық сақтау саласы мамандары айтқандай жағдай ушығып кетуі мүмкін. Сол үшін әлі де карантин шарттарын қатаң ұстау, шартты бұзғандарға лайықты жаза қолдану қажет болады. Сол үшін төтенше жағдай бітті деп арқаны кеңге салмай, әр азамат өзін және айналасын қорғауы керек.

Jebeu.kz

 

 

 


Пікір жазу
  • Covid-19 қашанға дейін созылады?
    Айжан Есмағамбетова: Көпшілік коронавирустың қаупін жете бағаламай отыр