Коронавируспен науқастанған адам қалай тамақтануы керек?

Уақыты: 2020-08-04 Көрлімі: 699 Сипаттама

Коронавируспен ауырған адамның тамақ рационы қандай болғаны абзал? Ағзаның қорғаныс қ...

 unnamed.jpg

Коронавируспен ауырған адамның тамақ рационы қандай болғаны абзал? Ағзаның қорғаныс қабілетін, иммунитетін қандай азық-түлік көтереді? Қай дәрілерді дәрігердің кеңесінсіз қабылдауға болмайды? Осы және медицина саласындағы көпшілік арасында кеңінен тараған өзге де мәселелер төңірегіндегі ҚазАқпарат тілшісінің сауалына медицина ғылымдарының кандидаты, кардиолог-дәрігер Дәуренбек Нысановты жауап берді. Маманның жауабын аталмыш ҚазАқпаратқа сілтеме жасап назарларыңызға ұсынамыз. 

Қазақта «ауру – астан» деген сөз бар. Бұл нақыл сөз әсіресе қазіргідей эпидемиологиялық ахуал кезінде өзекті болып тұр. Қазір адамдардың тамақтану рационы жұтаңданып кеткені рас. Күнделікті фастфуд, тез дайындалатын жартылай фабрикат ретінде тағам тұтынатын адамдардың қатары көбейді. Бұл да өз кезегінде күнделікті адам ағзасына қажетті дәрумендер, ақуыздар, микроэлементтердің жетіспеушілігін тудырары сөзсіз.

Коронавирус инфекциясын жұқтырып ауырып шыққан науқастар қалай тамақтанғаны дұрыс?

Коронавирус қана емес, кез-келген вирусқа шалдыққан адам сұйықтықты көбірек ішу керек. Мысалы, құрт езген немесе айран қосқан ыстық сорпа, әсіресе ақжелкен, бұрыш, сарымсақ, көк пияз қосқан қой етінің ыстық сорпасы, имбирь және лимон қосқан шәй, тосап қосылған шәй, немесе бал қосқан шәй, сары май қосқан ыстық сүт, қымыз, шұбат, айран ішкен дұрыс. Сұйықтықты көбірек ішіп терлеген жағдайда ағзаңызды уландыратын токсиндер термен бірге сыртқа шығады, дене қызуыңыз төмендейді, иммунитетіңіз белсенді түрде коронавируспен күреседі.

Сонымен қатар, көкөністерді, жеміс-жидектерді көбірек жеу керек. Мысалы, еліміздегі жергілікті шие, өрік, бүлдірген, қарақат, сәбіз, қызанақ, қияр, қарбыз, қауын, алма, сондай-ақ арахис, кешью, фундук, пісте, грек жаңғағы, асқабақ дәні, миндаль, қырыққабат, қызылша, картоп және тағы басқалары ас мәзірінде болуы тиіс. Осылардың құрамында иммунитетіңізді көтеретін организміңізге керекті дәрумендер, амин қышқылдары, көмірсулар, майлар, макро-микроэлементтер бар.

Коронавирус жұқтырғанын білген адам дәрігердің қабылдауына бара алмаған жағдайда не істеуі керек?

Коронавирус инфекциясына (КВИ) байланысты адам өз бетінше емделуіне болмайды. Қандай жағдай болса да міндетті түрде дәрігермен кеңесу керек. Алайда менің берер кеңесім: ең алдымен коронавирус жұқтырып ауыра қалған жағдайда алғашқы 1-2 тәулікте дене қызуын түсіретін дәрі (парацетамол, аспирин) ішіп түсірген дұрыс емес. Себебі сіздің организміңіз КВИ-мен өзі күрескені дұрыс. Сондай-ақ, тоңазытқыштағы сусындарды ішпеңіз. Суыққа ұрынбаңыз. Суық тисе иммунитетіңіз әлсірейді. Сонымен бірге оқшауланыңыз, қолыңызды жуып жүріңіз және бетперде (маска) тағыңыз. Айналаңыздағы адамдарға жұқтырудан және қосымша коронавирустың басқа түрін жұқтырып алудан сақтаныңыз. Егер дене қызуыңыз 38 градустан бірнеше тәулікке созылып, түспей жатса ғана парацетамол, немесе аспирин қолдануға болады.

Қандай дәрілерді қолданарда адам дәрігердің кеңесіне жүгінуі тиіс? Қай дәрілерді үй жағдайында қабылдай алады?

Елімізде антибиотиктерді өз бетінше қолданып, ауруын асқындырып алғандар өте көп. Естеріңізде болсын, антибиотиктерді орынсыз қолдануға болмайды. Оны тек қосымша бактериалды инфекция қосылған жағдайда ғана дәрігердің нұсқауымен қабылдаған дұрыс. Оның үстіне антибиотиктер коронавирусқа әсер етпейді. Ал қанды сұйылтатын дәрілерге тоқталатын болсақ, әсіресе, антикоагулянттар мен антиагреганттарды өз бетіңізше қолдану әртүрлі асқынуларға, тіпті өлімге әкеп соғады. гепарин, клексан, катенокс, эноксапарин натрий, фраксипарин және тағы басқа атаулары бар антикоагулянттар бұларды тек учаскелік дәрігеріңіздің нұсқауымен амбулаторлық түрде күндізгі стационарда күніне бір рет таңертеңгі уақытта тері астына егуге болады. Мысалы, клексан 0,4 мл, немесе гепарин 1,0мл/5000 бірлік. Ал кешкісін антиагреганттардың біреуін ғана ішу керек. Мысалы, тромбопол, кардиомагнил, тромбоАСС сияқты Аспирин препараттарының біреуін ғана 150 мг-нан кешкі тамақтан соң ішу керек. Егер оларға аллергияңыз болса, клопидогрелді 75 мг-нан күніне бір рет кешкі тамақтан соң ішкеніңіз дұрыс. Бұлардың бәрі сіздің зертханалық талдауларыңыздың нәтижесі бойынша дәрігердің бақылауымен жасалғаны дұрыс.

Әлеуметтік желідегі пікірлерге, жазбаларға сүйеніп дәрі қабылдап жатқандар өте көп. Қазір білгені де, білмегені де емші болып кеткені рас.

Кейбір коронавируспен ауырып, ауруханадан сауығып шыққан науқастар өзгелерге «Клександы ауруханада жатқанымда маған күніне 3 рет салды, сен күніне 3 рет салдырсаң жақсы боласың» деп ақыл айтады. Міне, осындайды естіп алған кейбір азаматтарымыз өз бетінше клександы күніне 3 рет салдырамын деп, өмірімен қоштасып жатады. Сондықтан, айтарым, клексан сияқты антикоагулянттарды тек ауруханадағы жансақтау бөлімінде ғана коагулограмма сияқты қан талдауының нәтижесін бақылай отырып күніне 2 рет, немесе 3-4 рет салуға болады. Аурухананың жансақтау бөлімінде ғана протромбин уақытын, АЧТВ, МНО, тромбин уақытын, ПТИ, гематокрит, фибриноген сияқты талдауларды сағат сайын тексеріп отыруға мүмкіндік бар.

Естеріңізде болсын, басқа да зертханалық талдаусыз антикоагулянттарды күніне екі рет немесе 3-4 рет қолдану өте қауіпті екенін ескертемін! Сол сияқты вирустарға қарсы қолданылатын дәрілер өте көп. Олардың көбінің токсикалық (улы) әсері жоғары: ацикловир, ингавирин, гроприносин, тамифлю, ремдесивир және басқалар. Ингавириннен ешқандай жақсы нәтиже жоқ. Организмде коронавирустен басқа да вирустардың (цитомегаловирус, герпевирус және т.б.) белсенділігі артып коронавируспен бірге түрлі асқынуларға әкеп соғуы мүмкін. Осы жағдайда тиімділігі бар вирусқа қарсы қолданылатын препараттар: ацикловир, гроприносин, тамифлю, ремдесивир және т.б.. Шетелдік клиникалық зерттеулер бойынша ең тиімдісі ремдесивир болып шықты.

Соңғы кезде Жапонияның осыдан 2-3 жыл бұрынғы вирусқа қарсы қолданылған тиімсіз және улы препараттарын Ресей және Түркия шығарып, коронавирусқа қолдануға клиникалық зерттеу жүргізіп жатыр. Ол дәрілердің аттарын кейбір себептермен айтқым келмейді. Әзірге Түркия мен Ресейдің клиникалық зерттеулері бойынша ол дәрілердің улылығынан басқа ешқандай оңды нәтиже жоқ. Мұны айтып отырған себебім, ғаламтордан ресми емес ақпараттарды оқып алып, соған сеніп, өз бетінше емделемін дейтіндер бар. Ал ғаламтордағы ақпараттардың жалған немесе шындық екенін арнайы мамандар болмаса ажырату оңайға соқпайды. Сол себепті отандастарымыз зардап шекпесе екен деймін. Көптеген адамдар оңды-солды қолданып, түрлі асқынуларға душар болған, зардап шеккен тағы да бір дәрі бар. Ол дексаметазон деп аталады. Бұл дәріні дәрігердің нұсқауынсыз салғызуға болмайды. Яғни, дексаметазонды қандай жолмен, қандай схема бойынша, қандай мқлшерде қолданылатынын дәрігер ғана сізге нұсқаулық беруі тиіс.

Жүрек-қан тамырлары ауруы, қант диабеті бар пациенттерге айтарым, күнделікті қабылдайтын дәрілеріңізді үзбеңіздер, коронавирус жұқтырған жағдайда учаскелік дәрігерлеріңізге (кардиолог, эндокринолог) тез арада хабарласуды ұмытпаңыздар! Естеріңізде болсын! Үрейге бой алдырмаңыздар, дәрігердің бақылауымен үйде жүріп-ақ КВИ-ді жеңуге болады! Егер үйде емделіп жүріп, қосымша басқа инфекция қосылып қалыңыз нашарлап бара жатса, немесе ағзаңыздағы созылмалы ауруларыңыз асқынып қалыңыз нашарлаған жағдайда ауруханаға жату үшін дереу учаскелік дәрігеріңізге көрініңіз, немесе жедел жәрдем шақыртыңыз! КВИ-ден емделіп ауруханадан шыққан соң да дәрігерлердің бақылауында болу және реабилитация керек екенін ұмытпаңыздар! Мен тек санаулы дәрілерді ғана атағанды жөн санадым. Көп жағдайда емдеу стандарттары барлық науқастарға бірдей бола алмайды. Сондықтан, медициналық көмек көрсетудің барлық деңгейінде COVID-19 коронавирус инфекциясы бар науқастарды басқару алгоритмі бойынша индивидуалды (жеке) түрде емдеу жүргізілуі тиіс. Мен сіздерге әрқашан кеңес беруге дайынмын!

- Көп рахмет!


Пікір жазу
  • Президент жастарды белсенді түрде мемлекеттік қызметке тартып жатыр
    Амандық Баталов: Вирустың таралуын тоқтатуға əр азамат үлес қосуға тиіс