Амандық Баталов: Вирустың таралуын тоқтатуға əр азамат үлес қосуға тиіс

Уақыты: 2020-04-03 Көрлімі: 1381 Сипаттама

Елімізде коронавирус індеті етек алып барады. Алматы мен Астанадан алғаш байқалған інд...

Амандық_Ғаббасұлы_Баталов.jpg

Елімізде коронавирус індеті етек алып барады. Алматы мен Астанадан алғаш байқалған індет алматы обылсына да жетті. Осы орайда облыстағы қазіргі жағдай мен пандемияның алдын алу шаралары туралы бірнеше сұрағымызды Алматы облысы әкімі Амандық Баталов мырзаға жолдаған едік. Әкімнің жауапбын назарларыңызға ұсынамыз.

 

-            21наурызда Алматы облысының Қарасай ауданында бір азаматтан коронавирус белгісі анықталды. Қазіргі ол азаматпен қарым-қатынаста болғандар толық анықталды ма, олардың жағдайлары қалай? Қарасай ауданындағы коронавирус жұқтырған азаматтың орналасқан жері мен онымен байланыста болған адамдар тұрған жерлерге дезинфекциялау жұмыстары жүрді ме және ол жерлер карантинге алына ма?

 

-            Қарасай ауданы Кемертоған ауылының тұрғынынан коронавирус анықталғаннан кейін онымен байланыста болған 11 адам анықталып, олардың барлығы да карантинге алынды. Қарасай ауданында анықталған вирус ошағына Ұлттық сараптама орталығы зертханасының қызметкерлері дезинфекция жүргізді.

Қарасай ауданында жергілікті атқарушы органдар мен жеке бизнес субъектілері тарапынан дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде, атап айтқанда алдын алу мақсатында дезинфекциялау шараларымен қоғамдық көліктер, аялдамалар, тротуарлар, саябақтар, орталық алаңдар, көшелер, сол сияқты халық көп жиналатын және тұрмысқа аса қажетті нысандар (діни маңыздағы нысандар, ХҚО, Қазақтелеком мен Қазпошта мекемелері, моншалар, сауналар, вокзалдар), қызмет көрсету орындары (сұлулық салондары, ательелер, қонақ үйлер және басқа) қамтылуда. Коммуналдық және өнеркәсіптік нысандардың барлығында санитарлық-дезинфекциялық режим күшейтілді.

 

-            Алматы облысы көлемінде Коронавирустың алын алу шаралары қалай жүруде? Шет ауылдарға коронавирустың бармауы үшін қандай қадамдар жасаудасыздар?

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдай енгізу туралы Жарлығын басшылыққа ала отырып, бірқатар шаралар қабылдадық.

Жалпы облыс аумағында 50 блокпост қойылды. Соның 37-сі Алматы қаласымен шектесетін аумақтарға орнатылған.

Облыс аумағында дезинфекциялау тек коронавирус анықталған аудандарда ғана емес, барлық аудандарда тұрақты түрде жүргізіліп жатыр.

Наурыздың 30-ынан 31-іне қараған түнде облыста шектеу шаралары күшейтілді. Енді облыстың өз аумағының ішіндегі де қозғалыстар шектелді. Осы шектеулерді күшейту туралы облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысы шықты. Сол қаулыға сәйкес аудандар мен қалаларда, сол қатарда Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарымен шектесетін аумақтарда қосымша санитарлық посттар қойылатыны айтылған. Облыс аумағында, соның ішінде Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарымен шекарада жүк тасымалдаушы, жеткізу қызметінің қызметкерлері мен көліктері, өңірдің тіршілігін қамтамасыз етуге қажетті арнайы көліктер, медициналық ұйымдар мен мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен көліктерінен басқа жеке көліктер мен адамдардың қозғалысы шектеледі. Бұған дейін Алматы қаласына тек медицина мамандарының кіріп-шығуына рұқсат етілсе, енді оларға да рұқсат етілмейді.

Сол сияқты әуежайдың жұмысы, аудандық, қалалық автовокзалдардың, автостанциялардың қалааралық, ауданаралық автобус байланыстары тоқтатылып, ресми такси қызметінен басқа жеке тасымалдаушылардың жүруіне тыйым салынады.

Жәрмеңкелер өткізілмейді, азық-түліктік емес сауда орталықтарының, бизнес-орталықтардың, интернет және компьютерлік клубтардың, ойын мекемелерінің, базарлардың, қоғамдық тамақтану орындарының, діни маңыздағы нысандардың, меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі мекемелердің жұмысы уақытша тоқтайды. Жасы 65-тен асқан азаматтардың көшеде жүруіне шектеу қойылып, оларға қажетті азық-түлік пен медикаменттерді үйлеріне жеткізіп беру қамтамасыз етіледі. Кәмелеттік жасқа толмағандар да ата-анасынсыз өз бетімен сыртта жүре алмайды. Саябақ, сквер, орталық алаң сияқты халық көп жиналатын орындарға баруға болмайды, ол жерлерде полиция посттары орнатылады.

Азық-түлік дүкендері мен дәріханалардың жұмыс уақыты сағат 8.00-ден 20.00–де дейін, ал екінші деңгейлі банктердің, пошта байланысының, жеке нотариустардың қызметтері сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін шектеулі болады. 

Жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда бір отбасының мүшелерінен басқа 3-тен артық адамның жиналуына, отбасылық шаралар өткізіп, қонақ шақыруға, қонаққа баруға болмайды. Сол сияқты сыртқа маскасыз шығуға тыйым салынған.

Азық-түлік, медикаменттер, жеке қорғану құралдарын, зарарсыздандыру құралдарын шығаратын объектілерден басқа шағын және орта бизнес нысандары уақытша жұмыс істемейді немесе жұмысын қашықтан істеуді қамтамасыз етуі тиіс.

Жалпы вирустан сақтану жолдары жайлы ақпараттарды жан-жақты таратып, халыққа түсіндіру жүргізіп жатырмыз. Сол ақпараттардың барлығымен көпшілікті БАҚ арқылы, әлеуметтік желілер арқылы таныстырдық. Бұл талаптарда ең бастысы, күшейтілген санитарлық және дезинфекциялық шаралардың атқарылуы ерекше маңызға ие.

 

 

 

 

-            Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласының айналасына 4 блокпост қойыпсыздар. Бұл жерлерде қандай тәртіп бойынша тексерістер болып жатыр? Мұндай блокпостты аудандар мен ауылдарға қою жоспарларыңыз бар ма?

 

-            Иә, жоғарыда атап өткен 50 блокпосттың 4-еуі Талдықорғанның кіре берістеріне қойылған. Және басқалары бірқатар аудандардың аумағына орнатылған.

Өңірде шектеу шаралары күшейтілгендіктен қазір бір облыс ішінде тек арнайы көліктерден басқа көліктер мен азаматтарға ары-бері қозғалыс жасауға болмайды. Блокпосттарда сол талаптардың қатаң сақталуы қадағалануда.

-            Облыс көлемінде коронавирус жұқтырғандардың саны артатын болса облыс орталығы және аудандар мен ауылдар карантинге алына ма? Карантинге алынып жатса оған қызмет көрсету, азаматтарды азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарланды ма?

-            Бұл ретте мұндай шешімдер төтенше жағдай кезінде жүзеге асырылатын іс-қимыл алгоритміне сай жүргізіледі.

Қазірдің өзінде жасы 65-тен асқан азаматтарға азық-түлік, медикаменттер және басқа да бірінші кезектегі қажеттіліктерді үйіне жеткізіп беру ісі ұйымдастырылған.

 

-            Коронавирусқа қарсы облыстағы денсаулық сақтау органдарының күші жеткілікті ме?

-            Бүгінгі күнге облыста «короновирус инфекциясы» диагнозы қойылған пациенттерді емдеуге арналған 150 инфекциялық төсек, 800 провизорлық және 1217 карантиндік төсектер дайындалған. Қажет болған жағдайда төсек саны 11217-ге дейін ұлғайтылады.

Амбулаториялық және стационарлық деңгейде 754 дәрігер жұмыс істейді. Оның ішінде инфекционистер, анестезиолог-реаниматологтар, нефрологтар, трансфузиологтар, неврологтар мен терапевтер бар. 

      Сонымен бірге облыста 202 реанимациялық төсек бар, коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупімен және анықталған диагнозымен түскен сыртқаттарға қосымша 66 реанимациялық төсек дайындалған.

Бұл орындардың медициналық құралдармен жабдықталуына да ерекше назар аудардық. Яғни 56 өкпені жасанды желдету аппараты, 57 кардиомонитор, 58 пульсоксиметр, 112 перфузор бар. Медицина қызметкерлері қорғану костюмдері, бір реттік маскалар, қолғаптар және басқа да жеке қорғану құралдарымен жабдықталған.

Ұлттық сараптама орталығы Алматы облысы бойынша филиалының вирусологиялық зертханасында 600-650 зерттеу жасауға жететін
15 тест-жүйе жиынтығы бар. Қажеттілік туған жағдайда тағы 50 тест-жүйе жиынтығына тапсырыс беріледі.

Медициналық персоналдар арасында коронавирустың алдын алу және оның таралуына жол бермеу жқөнінде онлайн-семинарлар тұрақты түрде өткізіліп келеді.

 

-            Аудандарды айтпаған күннің өзінде облыс орталығы Талдықорған қаласындағы дәріханаларда медициналық маска мен антисептиктің жоқтығы жиі айтылуда. Бұл жөнінде қандай жұмыстар жасалуда?

-            Республикалық бюджет есебінен облысқа 157 мың маска, 150 мың қолғап, құны 32,4 млн. теңгелік вирусқа қарсы 17 түрлі препараттар жеткізілді.  Үкімет резервінен 551,3 млн. теңге бөлініп, оған құны 20,8 млн. теңге болатын 31 түрлі дәрі-дәрмектер, 530,5 млн. теңгеге жеке қорғану құралдары мен дезинфекциялық құралдар сатып алу жоспарланып отыр.

Оған қоса облыста кәсіпорындарды тарта отырып, күніне 136 мың маска тігілуде. Алдағы уақытта оның санын әлі де арттыра түсеміз. Соның ішінде Іле ауданындағы «Dolce-pharm» фармацевтикалық компаниясы өнім шығару көлемін екі есеге арттырып, «Ажар» тігін фабрикасы және басқа да өнеркәсіп орындары маска тігумен айналыса бастады. Сол сияқты шағын бизнес нысандарына маска тігу бойынша мемлекеттік тапсырыс беру қолға алынуда.

 

 

-            Бұдан өзге Алматы облысының тұрғындарына қандай ескерту айтқыңыз келеді?

 

-            Біз осындай төтенше жағдай кезінде өзіміздің және жақындарымыздың денсаулығы ең алдымен өз қолымызда екенін ұмытпасақ екен. Вирустың таралуын тоқтатуға əр азамат үлес қосуға тиіс. Ол үшін қауіпсіздік шарттарын қатаң сақтап, мүмкіндігінше артық қозғалысты доғарып, үйде отырса дейміз.  28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантиндік режим күшейтілді. Біз облыс аумағында шектеу шараларын күшейттік. Соған байланысты осы қағиданы басшылыққа алып, барлық талаптарға түсіністік танытып, індетті қорғану талаптарын сақтайық! Өзіңіздің жəне жақындарыңыздың денсаулығы үшін үйде болуларыңыздар сұраймыз!


Сауал жолдаушы Тұрдыбек Құрметхан

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • Коронавируспен науқастанған адам қалай тамақтануы керек?
    Асхат Аймағамбетов: Білім беруге бизнес пен өндіріс өкілдерін тарту маңызды