Covid-19 әлегі онсыз да кері айлана бастаған ғаламдасу үдерісіне дем берумен бірге, мемлекеттерді өздерінің ішкі әлеуетіне ден қоюға, ықтимал тәуекелдерге төтеп беру қабылеттерін арттыруға итермелеуде. АҚШ шашырап кеткен өндірушілік қуатын қайыра елге тартудың, Қытай ішкі нарыққа қайта басымдық берудің, Еуроодақ сыртқа тәуелділіктен арылудың қамына кірісіп жатыр. Қысқасы, әлем елдері өздерінің мемлекеттік қауыпсіздігі мәселесін қайта қарауға мәжбүр болуда. Мемлекеттік қауыпсіздігі сөз болғанда, еліміздің демографиясы мәселесі алаң тудырары жасырын емес. Президентті де “отбасы-демографиялық жағдай алаңдатып отыр”. “Бос жатқан жер жау шақырады” деген қадымғы жоралғыны былай қойғанда, қазіргі экономикамыздың табандап, дағдарысқа қарсылығы әлсіз, бәсекеге қабылетсіз болуының бір ұшы осы жан санымыздың аздығында жатыр. Жан санының аздығы сұраныстың әлжуаздығы деген сөз. Елдегі өндірістің өркен сала алмауы да соның кесірі, өйткені, жан санының аздығы өндірілмек тауардың өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік бермейді. АҚШ-ның, Жапонияның оза шабуы, іргедегі Қытайдың 40 жылда құстай көтерілуі тұтастай осы елдердің тығыз жан санымен – алып нарықымен қатысты. Еліміз үшін бұл түйткілді шешудің кілті тәбиғи өсімді қамшылаумен бірге, шеттегі қандастарды елге тартудың жолдарын ашуда болмақ.
Ғасыр басталғалы бері мемлекеттік қауыпсіздік тақырыбында дәстүрлі факторлардан тыс, елдердің “жұмсақ күшінің” әлеуеті, мәдени жаңғыртушылық қабылеті, геоорналасуы сынды жаңа ұғымдардың бәсі үстеп барады. Еліміз геосаяси тұрғыда Еуразияның кіндігіне өте ұрымтал оргаласқан. Әлемдік алыптар – Ресей және Қытаймен ірге көршіміз. Қытайдың аса ірі стратегиялық жобасы “Жібек жолы экономикалық белдеуінің” шығар есігіміз. Ұтымды ойната алсақ, таптырмас мүмкіндік! Десе де, біз бүгінгі екінші экономика, әлемдік өндірістің ошағы, алып тұтыну нарығы – Қытай жайында тым, тіпті төтенше аз білеміз. Ал Қытай болса, біздің “ішек-қарнымызға дейін ақтарып” зерттеп зерделеп отыр. Демек, Қытайтану саласы ақсап тұр.
Аталған екі олқылықтың орнын толтырудың, әрине, жолдары мен тетіктері баршылық. Мәселені шешуде күні бүгінге дейін талпыныстар да болды, игі нәтижелер де бар. Десе де, түпкілікті нәтиже мәселені Ұлттық масштабта, өте-мөте оның құқықтық қырынан қозғағанда барып қолға келеді деп санаймыз. Оның ұтымды тетігінің бірі елдің заң шығарушы органында осы салалармен жанымен таныс, тиісті теориялық-практикалық білімдерді жіті меңгерген, мәселені Ұлттық-Мемлекеттік тұрғыдан түйсініп, шешу жолын ұсына алатын депутаттардың жұмыс жасауы.
Еліміздегі ең ірі һәм бұқаралық партия – Нұротан партиясы шақырып отырған праймеризге өздерін ұсынып жатқан кандидаттардың ішінен белгілі Қытайтанушы ғалым, профессор Дүкен Мәсімханұлының атын кездестірдік. Ең әуелі, Дүкен мырзаның азаматтық жауапкершілікті сезініп, партия ұсынып жатқан мүмкіншілікті пайдаланып, өзін мемлекеттің қауыпсіздігі мен стратегиялық мүдделері үшін үлес қоса алатын орынға ұсынуы құптарлық қадам. Дүкен үшін жоғарыда сөз болып отырған екі сала да жанына жақын, ығына оңтайлы. Дүкен Мәсімханұлы, өзінің сайлауалды бадарламасында көрсеткеніндей, “Қазақстандағы демографиялық ахуалдың нашарлауы – ерекше назар аударуға тұрарлық мәселе” екендігін жанымен сезінеді. Ол елге келе сала-ақ көші-қон, Қытайдағы қандастардың тағдыры туралы мерзімді баспасөздерде материалдар беріп, мәселе көтерген-ді. Бұл туралы оның өзі де “«Түркістан» газетінің “Қоныс”қосымшасының жұмысына барымды, жанымды салдым. Әр нөміріне салмақты-салмақты бір-екі материал берумен бірге, қытайдағы қазақтардың көші-қонына қатысты өте өзекті, түйткілді мәселелерге жауапты тұлғалардан сұхбат алып, мәселенің оңтайлы шешілуіне ықпал еттім” деп еске алады. Дүкен Мәсімханұлы 2003-2019 жж. ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңесте қандастар және көші-қон мәселелері бойынша мүше болып табаны күректей 16 жыл қоғамдық қызмет атқарып, аталған саланың ұңғыл-шұңғылына терең бойлап, осы тақырыптың “жілігін шағып, майын ішкен” азамат. Сондықтан да, өз кезінде сөз болып отырған мәселенің түйткілді тұстарын көрсетіп, оның ыңғайлы шешілуінің тиімді жолдарын меңзеп, оларды теориялық, құқықтық негіздемелермен қамтып та отырды. Сөйтіп, «Көші-қон заңының» кемелденіп, қандастар туралы мемлекеттік саясаттың жетіле түсуіне пәрменді үлесін қосты. 2004 жылы Астана қаласында құрылған оралмандардың «Атажұрт» қоғамдың бірлестігіне бірауыздан төраға болып сайланған ол «Қоянды» өңірінен қандастардың қоныстануына арналған жер аумағын шешуге, бүгінгі «Қоянды» ауылының бой көтеруіне барынша ат салысты. Міне бүгін өзінің сайлауалды бағдарламасында да демография саласының “ұлттық қауыпсіздіктің басым бағыты мәртебесіне лайық” екендігін атап көрсеткен Дүкен мырза, “оны шешу үшін Республиканың демографиялық және көші-қон саясаты саласында түбегейлі әрі батыл қадамдар жасау қажет” деп тұжырады. Көкейге қонымдысы, Дүкен мырза қолданыстағы «Халықтың көші-қоны туралы заңының» ішкі және сыртқы көші-қонды тұтас қамтуының, сондай-ақ Еңбек минстрлігінің салалық заңы болып саналатындығы кесірінен, шеттегі қандастарды елге тартуда ойлағандай өнімді болмай отырғанын дұрыс бағамдап, шетелдегі қандастарды Отанға оралтуды жандандыру үшін арнаулы «Қандастар туралы заң» қабылдауды ұсынады.
Дүкен Мәсімханұлы еліміздегі санаулы Қытайтанушылардың бірі. Өзі атағанындай, Қытайдағы “реформа барысын көзбен көріп, бастан өткерген азамат ретінде де, Отанға оралған соң, тұрақты түрде қытайтану мәселелерімен айналысқан маман ретінде де сол елдегі экономикалық, әлеуметтік реформалардың қыр-сырына қанық” азамат. Ол елге оралған бетте-ақ “Егемен Қазақстан”, “Жас Алаш”, “ZAMAN-ҚАЗАҚСТАН”, “Азия”, “Түркістан”, “Парасат”, “Алматы ақшамы” сынды басылымдарда қытай туралы танымдық мақалалар мен сұхбаттары арқылы еліміздегі жаңаша қытайтану ғылымының қалыптасуы мен жүйеленуіне елеулі есе қоса білді. 90 жылдардың ортасы дипломатиялық қырсыздықтан қытаймен визасыз режим қабылданып, кесірінен елге “қара нөпір” ауғанда, бұл мәселеге сол кездегі ҚР Жоғары кеңес депутаттарының назарын аударып алып көршімен «визалы тәртіпті» қалпына келтіруге септескенін жақсы білеміз. Осы еңбектері еленіп 2001 жылы Елбасының қабылдауында болды. Онда да ол жеке басының қамын емес, қандастардың көші-қоны, квотаның саны мен жардемақы мөлшері, қытаймен қарым-қатынастың түйткілді мәселелеріне қатысты ұтымды ұсыныстар айтты. Соның арқасында келесі жылынан бастап көші-қон квотасының саны жыл сайын ұлғайып отырды. Көп ұзамай Д.Мәсімханұлы ҚР Президентінің Стратегиялық зерттеулер институтында Қытайдың ішкі-сыртқы саясаты, Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы бағытында жетекші ғылыми қызметкер болып жұмыс атқарды. 30 жылға жуық ұстаздық жолында жүздеген дипломаттар мен қытайтанушылар тәрбиелеп щықты, бизнес саласында ел игілігін еселеуге тер төгіп жүрген шәкірттері қаншама. Сайлауалды бағдарламасында “Әлемдегі көшбасшы елдермен, әсіресе көрші мемлекеттермен өзара тиімді және достық қарым-қатынасты сақтаумен бірге, олардан келетін ықтимал қауып-қатерлердің алдын алудың маңызын ерекше” дегенінде, Мәсімханұлының кімді меңзеп отырғаны анық. Ол көтеріп отырған ұлттық қауыпсіздікті қамтамасыз ету шараларының бірыңғай мемлекеттік саясатын әзірлеу мен оның жүйелілігін қадағалау, ұлттық ақпараттық кеңістікті жасақтау, “әсіресе маңайдағы елдермен қарым-қатынастың жеке-жеке кешенді ұлттық стратегиялық нормаларын, заң актілерін әзірлеу” де маңызы басым әм кезек күттірмес шаралар есептеледі.
Дүкен Мәсімханұлы праймеризге жауапкершілік дағды, мемлекетшілдік түйсік, патриоттық рухпен ғана емес, өз қабылет-қарымына, білім-пайымына сеніп қатысқалы отыр. Біз де Дүкен мырзаға сенім артамыз, оны парламент қабырғасынан көргіміз келеді, оны ел парламентизмінің дамуына пайдасы тиер тұлға деп санаймыз және сәттілік тілейміз.
Құрмет Қабылғазыұлы
Экономист-ғалым, қытайтанушы
Jebeu.kz