ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин
бірлескен мәлімдемеге қол қойды, деп хабарлайды Jebeu.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Айта кетейік, осы күндері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға
мемлекеттік сапары өтуде. Бүгін екі мемлекет басшыларының кеңейтілген
құрамдағы келіссөздері өтті. Оның қорытындысы бойынша бірлескен
мәлімдеме қабылданды.
Мұнан бөлек, қытайлық әріптестерімен ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов - үш, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев екі-екіден құжат рәсімдеді.
Атап айтқанда, Бақыт Сұлтанов ҚХР Бас кеден басқармасының басшысы Ни Юэфэнмен ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы ядролық материалдар, радиоактивті материалдар, радиоактивті қалдықтар мен радиоактивті-қауіпті заттардың заңсыз орын ауыстыруын болдырмау үшін өзара іс-қимыл жөніндегі келісімге, Халықаралық даму және ынтымақтастық агенттігінің төрағасы Ван Сяотаомен ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы жеңілдікпен кредит беру туралы рамалық келісімге, Қаржы министрі Лю Куньмен ҚР Қаржы министрі мен ҚХР Қаржы министрі арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Ал Жеңіс Қасымбек Қытайдың Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Хэ Лифэемен екі ведомство арасындағы өндірістік қуаттар мен инвестициялар саласындағы қытайлық-қазақстандық жоспарды бірлесіп әзірлеу жөніндегі, индустрияландыру, инвестиция және оларды қалыптастыру тетіктері саласындағы бірлескен жобалар тізбесін бекіту жөніндегі өзара түсіністік меморандумдарын бекітті.
Өмірзақ Шөкеев Бас кеден басқармасының басшысы Ни Юэфэнмен Қазақстаннан Қытайға экспортталатын сиыр етіне инспекциялық, карантиндік және ветеринарлық-санитарлық талаптар жөніндегі, жоңышқа тұқымы экспортына санитарлық және фитосанитарлық талаптар хаттамаларына қол қойды.
Jebeu.kz