Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ежелгі және орта ғасырлар бөлімінің қызметкерлері "Қазақ мемлекеттігінің тарихы (ежелгі және орта ғасырлар)" атты монографиялық еңбек жазды. Онда мемлекеттіліктің тарихи алғы шарттары, өлшемі мен типі туралы мәселелер тарихи-теориялық тұрғыдан біршама талданды. Монография қазақ және орыс тілінде келер жылы жарық көріп қалар деп сенеміз.
Сондықтан, мен бұл күрделі мәселеге тек реферативтік тұрғыдан қысқаша тоқталуды жөн көріп тұрмын.
1. Мемлекеттілік туралы қағиданың М.П.Цицероннан басталатын 2000 жылдан асатын тарихы бар. Ал мемлекеттілік жайлы еуропалық классикалық ілім ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда қалыптасты. Бірақ осы ғасырларға дейін еуропалықтар іс жүзінде азиялық, әсіресе, көшпенділердің өмірінен бейхабар болғанын кезінде академик Н.И.Конрад өкіне отырып жазған еді[1].
Көшпенділердің мемлекеттілігі туралы еуроцентристік ілімнің қайнары немістің таңдаулы философтары Ф.Гегель, И.Канттың философиялық көзқарасында жатыр. Олар көшпенді мал шаруашылығының табиғатын, динамикасын түсіне алмады. Көшпенділерді "малымен бірге өріп, бірге жусап күнелтіп, ат жалында жүрген жаугершілер" деп таныған олар көшпенділерді адамзат өркениетінің тарихқа дейінгі ІІ кезеңіне жатқызады да "Көшпенділер мемлекет деңгейіне көтеріле қоймаған жұрт, олар тек өркениетке жетілген еуропалықтардың ықпалында немесе отырықты мәдениетпен ұштасқанда ғана мемлекет деңгейіне көтеріле алады" деп түйді. Бұл іс жүзінде еуропалықтардың Азияны отарлау саясатының идеологиясы болды.
Дж. Тойнби "Империялық деңгейге көтерілген елдерді ғана "әмбебап мемлекеттер" деп танып, оларды "Еуропалық демократиялық және азиялық деспоттық мемлекеттер" деп екіге бөлді. Оның пікірінше, "Көшпенді империялар күштің арқасында құрылған өткінші құбылыс, сондықтан, олар Ибн Халдун айтқандай, үш ұрпақтан әрі өмір сүрмек емес" деп сәуегейлік танытты[2]. Бірақ тарихтың сабағы Дж.Тойнбидің айтқанынан басқаша нәтиже көрсетті. Ол "Ежелгі әмбебап мемлекеттің үлгісі" деп таныған Александр Македонский құрған империя ол өзі дүниеден өткен (б.з.д.323) жылы-ақ құлады. Юлий Цезарь державасы оның өзі өлгесін он жылдан ары өмір сүре алмады. Ортаазиялық отырықшы жұрттың негізінде құрылған Әмір Темірдің Мауеренахр державасы да билеушінің өзі өлгесін төрт-ақ жылдан соң ыдырады. Ал Шыңғыс хан құрған нағыз көшпенді империя еуроазия кеңістігінде шыңдалып, сыннан өткен мемлекеттік бірнеше құрылымдар қалдырып, 240 жыл салтанат құрғанын ескерсек, мемлекеттік жайлы еуроцентристік қағиданың өміршең еместігіне көз жеткізе алатын сияқтымыз.
Кейін бұл ілімге антропологиялық, социалдық, культуралдық және басқадай түрлі ағымдар келіп қосылды. Бұлардың ішінен бір табан алға басқаны мемлекет туралы социологиялық ілім болды. Бұл бағытты ұстанатындар қоғам өмірін біртұтас "әлеуметтік организм" деп танып, мемлекеттілікті қоғамды ыдырауға әкелуі мүмкін түрлі тараптар және оларды реттейтін институттардың пайда болуымен байланыстырады. Мысалы, Рональд Коэн "Мемлекет дегеніміз - қоғамдық организмдерді бөлініп-жарылудан сақтандырып, оның ішкі бірлігінің тұрақтылығын сақтай алатын төтенше институттарды қалыптастыруға орасан зор ықпал ететін күш" деп есептейді[3].
Ал Маркстік ілім бұл мәселені қоғамдағы таптық қатынастар, оны реттеу қажеттілігімен байланыстырады. Аталмыш ілім мемлекеттілікті меншік иелену, тап тартысы мәселесіне әкеліп тірейді де, көшпенділерде мемлекет болғанын олар да жоққа шығарады. Көшпенділік өркениет, меншік, тарап, мемлекеттілік мәселелері 1954 жылы Ташкентте, 1981, 1998 жылдары Уланбатарда, 1996 жылы Алматыда болған конференцияларда талданды. Аталған конференциялардың қорытындысына қарағанда, мәселе ғылыми шешімін тапқан сияқты көрінеді. Бірақ сөз жүзінде "Көшпенділерде мемлекет болмаған" деген пікірді жақтаушылар әлі өз ішімізде де, еуропада да кездеседі. Олардың қатарына Томас Дж. Барфильд, Ричард Н.Фрей, П.Голден және басқаларды жатқызуға болады. Әрине, олардың өз пікірі өзіне.
Ал көшпенділерде мемлекет болды деп қарайтындар өзара тағы да екіге бөлінеді. Е.Прицак, Л.Коэн, Н.А.Аристов, Р.В.Радловтар көшпенділер мемлекетінің құрылуын тайпа көсемдері, бақсы, батырлардың рөлімен байланыстырады.
Біздіңше, бұл -тек моңғол тәжірибесіне сүйеніп айтылған біржақты пікір. Олай дейтініміз - Моңғол мемлекетін тудырған Тэмужин емес, керісінше, Тэмужинді тудырып, оны хан жасаған моңғолдардың сол кездегі қанкешті өмірі болатын. Мұны Шыңғыс хан жақсы сезінді, сезінгенінің белгісі 1206 жылы Моңғол мемлекетін құрған ұлы жиында киіз туырлықты барша жұртына ізет білдіріп "үй қызметкері Хуагчин эмгэн, қараша халық өкілі Сорхон Шара, өзімен тетелес өскен бала Богорчыдан бастап әйгілі батырлар Жебе, Сүбедей, Мухулай, інісі Отчигинге дейінгі 99 адамның атын атап, әр қайсысына тиісті сый-сияпат көрсетті", мысалы, "Қазіргі тілмен айтқанда шопан Дэгенің билігіне мың адам жинап беріп, мыңбасы болдырғанын"[4] қалай түсіндіруге болады. Моңғол мемлекеті халықтікі, ал Тэмужин тек халқының басын құраушы болатын.
Дала мемлекеттерін тудырған басты шарттар - әуелі ру-тайпалық қақтығыстар, ата қоныс, жайылым жерін қорғау үшін жүргізген жанталасқан күрестер болатын. Хұн, Түрік, Моңғол державаларын тудырған негізгі фактор - осылар.
Ал көшпенділердің меншік иелену жайына келсек, әзірге олардың "Қауымдық, Хандық, Ру-тайпалық, Соерхол, Дархандық" меншік жүйесін тарих тұрғысынан Б.Я.Владимирцовтан асып талдай алған ешкім жоқ деуге болады.
Б.Я.Владимирцов, В.В.Бартольд, Л.Гумилев, А.Н.Толстов, А.Н.Бернштамдар Хұн, Түрік қағанаты, Моңғол мемлекетінің тәжірибесін жан-жақты талдау арқылы жоғарыдағы еуропалық зерттеушілердің сауалдарына жауап берді. Б.Я.Владимирцов моңғол қоғамында жерге феодалдық жеке меншік болғанын дәлелдеп, моңғол қоғамын "көшпенді феодализм" деп атады. 1954 жылы Ташкентте өткен ғылыми конференцияға қатысушылар Б.Я.Владимирцовтың бұл концепциясын негізінен қолдаған еді.
Қазақ қоғамын осы тұрғыдан талдаған С.Зиманов, Г.Е.Марков, А.М.Хазанов, Н.Э.Масанов қатарлы ғалымдар "Қазақ қоғамындағы қатынастар малға жеке меншік, жерге қауымдық меншік арқылы реттеліп келді" деген пікірге тоқтады[5]. Өйткені, қазақ қоғамындағы "малдану" ұғымы отырықшылардың "феодалдану" ұғымымен тепе-тең категория. Осы негізінде көшпенділерде мемлекеттіліктің барлық нышандары қалыптасты.
Ата қоныс жері көшпенділер мемлекетінің арқауы болды. Ел шекарасы қатаң қадағаланып отырды. Әлем тарихында мемлекет аралық шекара шебін белгілеу хұндардан басталды. Б.з.д. 221 жылы тұрғызылып біткен Қытайдың Ұлы ақ қамалын Шығыс хұн мемлекеті мен Қытайдың Хань әулеті аралық шекаралық делимитациялық шеп деп қарауға мүмкіндік бар.
Ұлы түрік Ел күлік шад Ышбара қағанның Суй патшасы Гуаңға жазған хатында "Тәңірдің қалауымен қағанат құрғанымызға, міне елу шақты жыл болды. Сонан бері шөл далада қиыр қонып, шет жайлап, қағанат атанып келеміз. Иелігіміз түмен ли жерді алып жатыр. Малымыз жүз миллион. Көшпенділерде бұрын-соңды бізден құдыретті ел болған емес"-дейді. Орхонның Хөшө цайдамдағы түріктің Білге қаған ескерткішіндегі жазуда "Түріктердің тәртібі күшті, заңы қатаң, тектілікті мұқият ұстанады, қоғамы ақсүйектер және қара бұдұн атты қараша қауымнан құралады" делінген.
Түрік қағанатының ең ірі ұлығы - Шад, одан Тегін, Елтебер, Тудынбер, барлығы 28 дәрежеден тұрады. Олар бұл шенге мұрагерлікпен ие болды. Еуропада бұған сай келетін балама жоқ. Көне түріктердің туында бөрінің зермен айшықталған басы бейнеленген. Орда гвардиясын "Бөрілер" деп атаған. Алтын ұшты жебе мен балауыз мөрді олар куәлік ретінде пайдаланды. Астанасын Өтүкен бөктерінде құрды. Түрік қағанаты ордасы Чин патшалығына 370 рет елші аттандырыпты[6]. Жоунамада Батыс түрік қағанатының ханы Мұқан ханның әскері миллионға жетті деген дерек бар. Л.Гумилев "Этногенез и биосфера земли" атты еңбегінде "Государство - это территория с определенным порядком и властью"[7] дейді. Ортағасырлық мемлекеттіліктің жоғарыдағыдай айқын куәлігін еуропаның, тіптен, кейбір королевствосынан таба алмаймыз.
Түрік- моңғолдық "құрылтай" жүйесі - еуропалық сеим, парламентпен парапар құбылыс. Хан сайлау, жорыққа аттану, жер бөлісі сияқты аса күрделі мәселелер құрылтайда шешілетін болды. Құрылтай шешімі заң деп танылды. Бұл тұрғыдан қарағанда көшпенділердің құрылтай жүйесі ертедегі гректердің "фратрия", Римнің "курия" (сенат) жүйесімен сәйкес келеді. Хұндар қолданған, кейін Шыңғыс хан тұсында ерекше көрініс тапқан "пайыз қалақшасы" да ертедегі римдердің "ХІІ таблицалық заң" тақтасымен бір тектес жүйе.
Әскери мыңдық, жүздік, ондық жүйесі, орда гвардиясын (түріктік "бөрі", моңғолдық "кешиктэн") құру, әскери жорықтың салтанат ережелерін әлемнің әскери соғыс тарихына көшпенділер әкелді.
Көшпенділер мемлекеттік жүйесінде таңба-мөр ұстау ғұндардан, билеушісін "хан", "қаған" атау сақ, түрік, моңғолдардан, елін жүзге бөліп басқару хұн, сяньбилерден қалса, ханын алтын таққа отырғызу кереиттен, шекара әскерлерінің таңдаулы тобын жасақтау онгууд (уақтардан), хан ордасының әкімшілік ісін жүргізудің айтулы үлгісі Найман ұлысынан қалды.
Көшпенділер әлем тарихына айтулы заң ережелерін әкелді. Шыңғыс ханның "Их засаг хууль" ("Ұлы жасақ") заңы әлемдік заңдар топтамасының алғашқыларының қатарына жатады. Хұндардың өзіндік ереже-заңы болды. Батыс хань әулетінің билеушісі Лиу Финнің бір жарлығында: "Ақ қамалдың сырт бойындағы садақ асынған жұрт өз ұлысы (хумууд-хундардың, - З.Қ.) билеушісінің заңына бағынсын"[8] делінген. Хұн заң ережелерінде жер-су мәселесіне ерекше мән берілгенін көре аламыз.
Түрік қағанаты тұсында әдеттегі заң ережелері өзіндік заңдық бет-бейнесін тапты. Түрік қағанаты хан жарлығын заң деп таныды. Соттар (би) лауазымы пайда болды. Сот азаматтық және қылмыстық істерді қарады. Түрік қағанатының қылмыстық заңы бойынша "бүлік шығарушылар, елін, отанын сатқандар, шідерлі ат-көлік ұрлаушылар, басқаның некелі әйелдеріне қиямет жасағандардың басы шабылсын" делінген[9].
Көшпенді мемлекеттер орталық құру, қала салу салтын да жақсы меңгерді. Ежелгі түрік-моңғол көшпенділерінің ата қонысы, қазіргі Моңғолия жерінде ертедегі 220 қаланың орны жатыр. Олардың ішінде әр кездерде мемлекеттік орталықтық дәрежеге көтерілген әйгілі Қара-хото, Қарабалгас, Қарақорым бар. Араб географтары қимақтардың белгілі 16 қаласы, қарлұқтардың 25 қаласы жайлы хабарлайды.
Қазақ даласында жасалған ежелгі өркениет, қала мәдениеті жайлы Қазақстан ғалымдары Ә.Марғұлан, К.Ақышев, К.Байпақов, У.Шәлекенов, С.Жолдасбаев, Р.Медеуов, Б.Көмеков, К.Пищулина, С.Әжіғали, З.Самашев, А.Досымбаевалардың еңбектерінде жан-жақты талданды. Тарихқа көз салсақ, көшпенділерге ежелгі қала мәдениетін еуропалық отырықшылар салып берген жоқ, "түнде ұйықтамай, күндіз дамыл таппай, қара терін төгіп жүріп" дала халқы өз қолымен тұрғызды. Дала өркениетінің талай сыры әлі де ашылуда. Бүгінгі жағдайда "Көшпенділер тек отырықтанғанда ғана мемлекет деңгейіне көтеріле алады" делініп келген байламсымақтың тозығы жеткен сияқты. Ендігі жерде "Көшпенділерде мемлекет болды ма, әлде жоқ па?" деген бос әңгімеден (словесный диспут) гөрі, адамзат өркениетіне қатысты көшпенділер өмірінің басқадай қыр-сырына үңілу әлдеқайда тиімді болмақ.
Тек жоғарыда аталған деректер ғана емес, далалықтардың өмір тәжірибесінің өзі көшпенділерде сындарлы мемлекет жүйесі болғанын көрсетеді.
2. Ал көшпенділер мемлекетінің типін анықтау үшін ежелгі түріктердің "Ел", түрік-моңғолдардың "Ulus" атауының түп-төркінін анықтаудың маңызы зор деп есептейміз.
Орталық Азия халықтары өміріне еурославяндық "State", "Respablica", "Гоударство", арабтардың "Мамлакати", парсылардың "Давлати" термині келіп қолданысқа енгізілгенге дейін түрік-тунгус көшпенділерінің саяси өмірінде "Ел", "Ulus" атауы ағылшынның "State", қытайдың "Го" славяндардың "Государство"-сы сияқты мемлекет деген ұғымды білдірген. Түріктердің Күлтегін (үлкен) жазуындағы "Елім бар халықт едім, елім қайда? Қағаны бар халық едім қағаным қайда?"[10] делінетін аталы сөздің мағынасы мемлекет. Мұнда түріктер Түрік қағанаты (мемлекетінің) ыдырап кеткеніне өкініш білдіріп сол мемлекетін сағынышпен аңсап тұрғанының куәсі боламыз.
Қазақ арасында "Қазақ елі", "Ұлыстың ұлы күні", "Ел боламын десең бесігіңді түзе", "Елдестіру елшіден" деген сөздер қазірге дейін қолданыста жүруі тегіннен-тегін емес.
Ал араб, парсы, славяндардың саяси әсеріне кірікпеген моңғол-тұнғұстар осы күнге дейін "Ulus" ұғымын мемлекет деген төл нұсқасында сақтап қалды. Моңғолдар өз мемлекетін1206 жылы алғаш құрғанда "Их Монгол улс", ел билеушісін "Монгол улсын Их Тенгис қаған" деп атады. Моңғол мемлекетінің атауы қазір де "Монгол улс".
Көне түрік сөздігінде "Ел" ұғымы, "тайпа бірлестігі" деген тар және "халық", "мемлекет" деген кең мағынада қолданылған. Махмұд Қашқаридың "Диван лугат ат-түрк" сөздігінде ", " (Ел) сөзін мемлекет деп аударыпты[11].
Л.Н.Гумилев "еI" атауын латынша "imperium", орысша "держава" атауымен тепе-тең мағынасында қолданса[12], В.В.Бартольд түріктік хан, қаған мәртебесін мемлекеттің басты белгісі деп таныды[13].
Ежелгі түрік әлемінде тек ханы бар жұрт қана Ұлыс, Ел, хансыз қауым "арыс", "аталық" немесе "аймақ" деп аталатын. Ал "оток" сөзі түрік-моңғолдардың арыс, аймақ атауының тунғусша сөзбе-сөз аудармасы.
Сондықтан, біз бұл мәселені әлі де зерттеу қажеттігін мойындай отырып, түрік-моңғолдардың Ел, Ұлыс атауын мемлекет деп таныған жөн деген пікір ұсынамыз.
"Уйнамада" "Қаңлы мемлекеті 12 арыстан тұрады, әрбір арыс тайпалардан құралады" деп жазған[14]. Олай болса арыстар бірлестігінен құралатын Ел - Еуропаның "trabalunion" (тайпалар одағы) емес, "state" (мемлекет), қытайша "го" ұғымымен сай келеді. Олай болса, біз ежелгі Хұн, Түрік қағанаты, Үйсін, Қаңлы мемлекеттерін Анатолий Хазанов айтқандай, мемлекеттік жүйе тұрғысынан "ерте мемлекет" (раннее государство) емес, ортағасырлық толысып жеткен мемлекет деп Ұғуымыз керек. Егер Түрік, Моңғол державасын, Жошы-Қыпшақ ұлысын (Алтын Орданы) ерте мемлекет деп есептесек, онда алғашқы және соңғы Рим Империясы, ІІ Август Филипп 1214 жылы құрған француздар мемлекеттік коалициясын да сол қатарға жатқызуға тура келеді.
Сонымен, біз ортағасырлық көшпенділер мемлекетін 1) Тайпалар одағы; 2) Ел, Ұлыстар; 3) Ұлыс елдер бірлігі гурун немесе держава, империя деп үш типке бөліп қараған жөн деп санаймыз.
3. Қазақ мемлекеттілігі тарихы, оның өсіп өркендеу кезеңдерін нақты анықтап алу үшін стихиялық тарихилықтан азат жаңаша көзқарас, методологиялық жаңаша бетбұрыс қажет. Қазақ жері, қазақ мемлекеттігі тарихы - ғасырлар тереңінен бері сабақтастығын үзбей дамып келе жатқан динамикалық біртұтас құбылыс. Бұрын түріктерді сақтардан, қазақтарды ата-бабалар топырағы, жер кіндігінен бөліп-жарып қарап, "қазақ деген халық - аннан-мұнан қосылған жиынтық (конгломерат)" делініп келген пікірмен ендігі жерде келісе алмаймыз. Басқаны былай қойғанда тек "Мәдени мұра" бағдарламасының өзі біздің қолымызға жоғарыдағы пікірге қарсы қоя алатын жеткілікті ғылыми мүмкіндік беріп отыр.
Бұл идеологияны жеңу орыстар үшін оңайға түскен жоқ. Сақтардың шығыс бөлімін құрап тұрған үйсін, қаңлыларды ескерусіз қалдырып, оларды жаппай "үнді-еуропалықтар" деп тану орыстардың түрік-тұрандыққа қарсы ойлап тапқан идеологиялық жауабы, анти тарих болып табылады. Бұл ілімнің басты мақсаты Батыс хұндар ІІ-ІҮ ғғ., Түрік қағанаты ҮІІ-ҮІІІ ғғ., Хазар, Қимақ-қыпшақтар ІХ-ХІІІ ғғ., Түрік-моңғолдар ХІІІ-ХҮ ғасырларда Адриатика теңізі, Карпат тауы, Днепр, Дунайға дейін жайыла қоныстанған ұлы тарихты шекіп қарау еді. Осыған байланысты ҮІ-ҮІІ ғғ. бастап қазақ тарихының "түріктену" немесе "қазақтардың қазаққа айналу дәуірі" делінетін дәуір жасалды. Біз бұл қағиданы қайта қарау қажет деп есептейміз. Мысалы қазіргі кейбір тарихи оқулықтарда ежелгі сақтардың қазақтармен этнотарихи байланысы жоқ сияқты етіп көрсетілген. Іс жүзінде солай ма? Осыған жауап беріп көрелік. Бұрынғы Қара айдаһар (қазіргі Амур) дариясы, Моңғол құмынан Қара теңізге дейін, Батыс және Солтүстік Сібір, Оралдан Памир тау қыраттарына дейін (аумағы мөлшермен 240 млн. шаршы километр) көшіп-қонып жүрген, Геродоттың айтуынша ең кем дегенде жеті тілде сөйлеген, ахуал, тіршілік салты жағынан батысы мен шығысы бір-біріне ұқсамайтын жалпақ жұртты бір ғана физикалық тип, бір тілді халық немесе тек "үнді-еуропалықтар" деп тану мүмкін бе? Еш мүмкін емес. Антропологиялық тип - адамдардың өмір сүріп отырған жер қыртысы (ландшафт) мен табиғатының ерекшелігіне қатысты (немесе еуропа ғалымдары Лантанойд тобына жататын қоймалжың қара түсті химиялық элементті "Европий" деп атағаны сияқты) физикалық пішімді білдіретін ұғым.
Қытайдың "Жоунама" атты әйгілі жылнамасында "Түріктер хұндардың бір тармағы, ата-бабасы - Ашна, олардың арғы аталары хұндардың терістігіндегі Сақ (Сэ) жұртынан шықты. Ұлыс бабасы Адамбек" деп көрсеткен[15]. Мұны соңғы жылдары Жетісу, Іле, Алтайдың Берел, Тұяқты, Моңғолияның Ноян төбешігінде жүргізілген археологиялық қазбалар айқындады.
Қазақ мемлекеті ежелгі түрік және ортағасырлық моңғолдық мемлекет жүйесінің түрлі реформация, трансформацияларынан өтіп, өз даласында шыңдалып жетілген түрі болып табылады. Ол, біріншіден, қазақ даласында әрбір тарихи кезеңдерде салтанат құрған Сақ. Үйсін, Қаңлы, Батыс түрік, Түргеш, Қарлұқ, Қарахан, Оғыз, Қимақ, Қыпшақ және Шығыс Түрік қағанаты және Кереит, Найман хандығының мемлекеттік жүйесінің жинақталып сақталған элементтері арқылы, екіншіден, ІХ-ХІІІ ғасырларда Қимақ, Қыпшақ мемлекетінде басы қосылып жиынтықталған қазақ (қай-сақ) тайпалары негізінде құрылған Жошы ұлысының сол қанаты Ақ Орда мемлекетінің ұлыстық жүйесі арқылы қалыптасты. Ал Қазақ хандығы Қазақ мемлекеттігінің өсу динамикасының бір елеулі кезеңі болып табылады. Осыдан келіп Қазақ мемлекеттігі тарихын кезеңге бөлу мүмкіндігі туады.
Ол үшін біз басқаның тәжірибесіне де үңіліп көрдік. Өз мемлекеттерін мемлекеттіліктің классикалық формасы деп қарайтын еуропалықтар мемлекеттерін "король", "канцлер", қайсыбір кейзерліктердің өзгеруі немесе ХҮІІІ-ХХ ғасырларда еуропалық басты құбылыс болып табылатын түрлі революциялардың орнығуы арқылы кезеңге бөліп келді.
Ежелгі отырықшы жұрттардың бірі қытайлар өз мемлекетін әулеттер (Цинь, Хань, Тань, Юань, т.б.) негізінде кезеңге бөледі екен. Түрік-моңғолдар мемлекеттілігін әйгілі хан, қағандарының, ал славяндар болса әйгілі княздіктерінің билік алмасуын нысанаға алып, мемлекетінің өсіп өркендеу кезеңін айқындап келді.
Мысалы А.Л.Шлецер "Нестор" деп аталатын әйгілі еңбегінде орыс мемлекеттілігі тарихын бес кезеңге бөлген еді.
1. 862 жылдан Святополға дейін "рождающеюся Россия", немесе бесіктен белі шыға бастаған Ресей.
2. Ярославтан Моголдарға дейін бөлініп-жарылған "разделенная" Россия.
3. Батыйдан ІІІ Иоаннға дейін азап шеккен Россия (угнетенная).
4. Иоаннан Ұлы Петрге дейін жеңістер салтанат құрған Россия (победоносная).
5. Петрден ІІ Екатеринаға дейін гүлденіп, дәуірлеген Россия (процветающая).
Методология тұрғысынан бұл да ескерілуі тиісті фактор. Николай Карамзин "Россияның мемлекеттігі тарихы" атты әйгілі еңбегіне жазған алғы сөзінде Шлецер кезеңдеуінің кейбір тұстарын сынға ала отырып, Ресей мемлекеттігі тарихын: Рюриктен Иоанн ІІІ дейінгі (ежелгі), Иоаннан Петрге дейінгі (орта) және Петрден Александрға дейінгі (жаңа) деп үш кезеңге бөледі[16]. Бірақ біздің ойымызша бұл методологияның да осал тұсы жоқ емес. "Корольдік", "княздік", "хандықтың" ауысылымы көп, олардың қайсыбірі негізгі жұрттың өз кіндігінен емес және барлығы ағымды, өзгермелі құбылыс. Мысалы, қазақта Орыс ханнан Кенесарыға дейінгі 500-ге жуық жылда 31 хан алмасқан, арасында толық бір жыл хан болмағандары да кездеседі.
Қандай да бір мемлекеттің билік жүйесі, тіптен, жер аумағы да өзгеруі мүмкін, мемлекетті құрайтын тайпалар да, халық та өзгереді. Мемлекетте өзінің түбір тегін өзгертпей қайталанып, жаңғырып отыратын бірден бір байсалды құбылыс - халықтың мәдениеті мен өркениеті. Сондықтан, біз Ұлттық өркениеттің қайталануын (повторимость) мемлекеттілікті кезеңге бөлудің басты бағдары етіп алуды жөн көрдік. Бұл методология бойынша Қазақ мемлекетінің өсіп-өркендеу динамикасын төмендегі алты кезеңге бөліп қарастырсақ қалай болар екен деген пікір ұсынып отырмыз.
Н.Карамзин, Г.Миллер нормандарды (Варяги) Ресей мемлекетінің бастауы деп есептейді. Сонда біз қазіргі ұрпақтары б.з.д. ІІІ-ІІ ғасырлардан бері үзілмей сол байырғы ат-атауымен бүгінгі қазақ халқының көлемді тобын құрап отырған үйсіндерді, олардың мемлекетін неге қазақ мемлекеттігінің бастауы деп танымасқа? Бұл тек біздің қазақтардың ғана пікірі емес. Қытайдың ежелгі "Жоунама" жылнамасына сүйеніп 1954 жылы Пекинде жарық көрген "Қытайдың ұлттар энциклопедиясында": "Біздің жыл санауымыздың 119 жылдарындағы Үйсін, Сақ, Юу Вэй Ши-лер қазақтардың ата-бабалары болып табылады" деп көрсеткен[17].
Біз осы сияқты көптеген дерек көздеріне сүйене отырып, негізгі топтары қазіргі қазақ жерінде салтанат құрған Сақ конфедерациясы, Үйсін, Қаңлыдан Қарахан мемлекетіне дейінгі дәуірді "Қазақ даласында құрылған ежелгі түрік мемлекеттері кезеңі" деп тануды жөн көрдік. Бұл қазақ даласындағы мемлекеттіліктің алғашқы кезеңі болып табылады. Сонымен.
1. Қазақ даласында құрылған ежелгі түрік мемлекеттері кезеңі: Сақ конфедерациясы, Үйсін, Қаңлыдан Оғыз мемлекетіне дейін.
2. Протоқазақтық Қимақ, Қыпшақ мемлекеті кезеңі. Олай дейтініміз қазақ мемлекетінің басты сипаттары (жер аумағы, халықтың этнобірлігі, қазаққа тән тіл, мәдениет) осы кезеңде жинақталып толысқан еді.
3. Моңғол ұлыстары билігі дәуіріндегі Қазақмемлекеті: Жошы-Қыпшақұлысы. Ақ Орда мемлекеті.
4. Қазақ хандығы кезеңі.
5. Ресей патшалығы және Кеңес одағы кезеңіндегі Қазақ мемлекеті.
6. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің жаңа кезеңі.
Сөз соңында - бұл кесіп-пішілген дүние емес, барлығы да шартты екендігін ескерте кеткенді жөн деп санаймыз.
"Қазақ тарихы" журналы. 2006, №2.
Зардыхан ҚИНАЯТҰЛЫ
[1]. Конрад Н.И. Избранные труды. - М., 1984, сс.273-283;
[2] . А.Дж. Тойнби. Постижение истории (AstudyofHistory) прогресс. - 1990, с.187;
[3]. Cohen, Ronald, Evolution, Fission and the Eary state in Henri J.M. Classen and Peter Skalnik, edsi , The Study of the State / The Hagul: Mouton. - 1981, р.99;
[4] . Монголын нууц товчоон. - 218-223 баптар.
[5]. Марков Г.Е. Кочевники Азии… авторефератдисс.: на соискание ученой степени доктора ист. наук. - М.,1967; Хазанов А.М. Кочевники и внешний мир. – Алматы. - 2000, с.223; Масанов Н.Э. Кочевая цивилизация казахов (основы жизнедеятельности номадного общества). – Алматы. - 1995, сс.186, 210.
[6]. Thomas J. Barfield "The Hsiung- nu Imperial confederacy: Organization and Foreigen Policy, Journal of Asian Studies, vol. XLI№1 (November ).-1981, pp.45-477;
[7]. Гумилев Л.Н. Этногенез и биосфера земли. - М., 1997, с.83.
[8]. Монгол бичгийн соелын түүхийн дурсгалт түүх. Хөх хот. - 1990, 3-б.
[9]. БНМАУ-ын түүх. Гурван ботийн дэд боть. -УБ., АВВ, 109-б; Амар А. Монголын товч түүх. Тэргүүн дэвтэр. - 1934, 49-б.
[10]. Айдаров Ғ. Орхон ескерткіштерінің тексі. – Алматы. -1990, 58-б.
[11]. Қашқари М. "Диуан лугат ат-түрік", 1 том. - 1981, 212-б.
[12] . Гумилев Л.Н. Древние тюрки. - М., 1993, с.101.
[13] . Бартольд В.В. Соч., т.5, сс.278-279.
[14] . Суйнама 96-бума,56-баян. Сәнби тайғұн.
[15] . Жоунама. 50-бума, 42-баян. Түріктер бөлімі.
[16] . Карамзин Н.М. История государства российского в 12-ти томах. Т.1 (Под ред. А.Н.Сахарова). - М.,:"Наука". - 1989, с.21.
[17] . Қытай тарихындағы ұлттар энциклопедиясы (қазақтар туралы). - Хөх хот. -1989, 129-б.