Зардыхан Қинаятұлы
XVIII ғасырда өмір сүрген орыс тарихшысы И.Н.Болтин 1792 жылы «Русская правда» бетінде жариялаған «Орыс тарихи географиялық шежіресінің әліппесі» («Обзор исторической географии начальной летописи») атты еңбегінде «У историка не имеющего в руках географии встречается претыкание», қазақша айтқанда «географиясының жоқтығы тарихшыны аяғынан шала береді» деген еді. Бұлайша сүрінбеу үшін біз әуелі зерттегелі отырған нысанымыздың тарихи географиясына жете мән беріп қарағанды жөн көрдік.
Лев Гумилев «Еуроазиялық континент»[1] деп атаған Уссури дариясынан Дунай аралығы, солтүстігі Сібірдің жынысты орманымен көмкеріліп, асқар тауларға арқа сүйеп шығыстың көз жеткісіз ұлы даласы жатыр. Бұл деген жер картасы ендігінің 70-130°, бойлықтың 41-65°аралығын қамтып жатқан алып өлке. Мұндай алып даланы бір этностың немесе бір этнотиптің отаны деп тану мүмкін емес. Дала ежелгі көшпенділердің ортақ бесігі. Дала табиғи келбеті, ауа райы жағынан бір-біріне аса ұқсай бермейтін екі белдеуге (zone) бөлінеді.
Шығысы Ішкі Азия деп аталады, мұнда кәзір Моңғолия, ҚХР-ның ішкі Моңғолия автономиялық ауданы, Шыңжан өлкесі орналасқан. Өлке Сібірден Алтай, Саян, Яблонь қыраттары мен Қамар асуы (Hamar daban) арқылы, Тибеттен Куньлунь, Нань-шань қыраттары, Қытайдан оның солтүстігіндегі жылымық құрғақ дала арқылы, ал батысы Таулы Алтай, Тарбағатай, Сәуір, Батыс Тянь-Шань жотасы арқылы бөлініп тұр.
Ұлы шығыс даласының көлемді бөлегін ежелгі түркі-моңғолдардың ата мекені – кәзіргі Моңғол даласы алып жатыр. Дала біркелкі құрғақ құба жондардан құралады. Осыған қарап Рене Груссе бұл даланы «Высокие плато Азии» немесе «Возвышенная равнина»[2] десе, Г.Потанин, Л.Гумилев, Мурзаевтар оны «Монгольский хребет» («Моңғол үстірті») деп атады. Моңғолдар өз мекенін «Mongol un Tegš őndurlug» немесе «Моңғолдардың тегіс үстірті» деп атайды. Моңғол өлкесін физикалық география тұрғысынан былайша атауға толық негіз бар. Өйткені бұл дала Хэнтий, Алтай, Ханғай, Саянның биік тау жүйелері, олардан тарамдап аққан 4000-ға жуық өзен, 3000 мыңнан аса көлдермен сусындаған кең тынысты құрғақ жайылымдардан тұрады. Мұз құрсанған биік шыңдар, оған ағып түскен өзендер бұл даланың сәнін де келтіріп, шөлін де қандырып тұр. Ең биік шыңы Алтай жотасы жүйесіндегі Бесбоғда шыңының «Хүйтэн оргил» («Үсіген жотасы»), теңіз деңгейінен 4374 м. биіктікте жатса, Көк түріктер алғаш ел шаңырағын көтерген Өтүкен текірім (біздіңше «Отгон-тэнгэр») шыңы теңіз деңгейінен 4021 метр биіктікті көрсетеді. Даланың ауа райы айқын континентальды.
Олай болуы бұл өлкенің физикалық құрылымы мен жер қыртысының ерекшеліктерімен байланысты болса керек. Ерте темір дәуірінде теңіз, мұхиттар басып жатқан бұл өлке басқа құрлықтарға қарағанда ерте құрғай бастады.
Миоценнің соңғы дәуірінде ауа райы құрғақтанып өлкенің батыс және шығыс солтүстігінде қыр өсімдігі шығып шығыс бөлегінде Sabban келбетті жер бедерлері пайда болды. Осы дәуірден бастап Азияға Америка құрлығынан[3] жылқы тектес гиппариондар тұқымы келіп өлке биологиялық эволюцияға ұшырау нәтижесінде «жуан тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ» тау жылқысы түлігінің қалыптасуына бастама болды.
Плиоцени дәуірінде құрлықта ауа райының құрғақтану процесі жүрілді. Нәтижесінде жыра, жылғаларда қыр өсімдіктері, бетеге, жусан, қойжуа, тарлау қаулап өссе, тау қырқаларында жапырақты ормандар пайда болды. Олардың арасында түрлі жан-жануарлар үйір-үйірімен өріп шыға бастады. Өйткені мұнда тау қойнаулары жылы және шөбі шүйгін келеді. Себебі өлкенің тау құздарының циклоны батыстан келетін дымқыл ауаны қойнауына өткізбейтіндіктен күннің жылымық сәулесі тау бөктерлеріне жылуын шашып жанап өтеді. Өлкеде қыс ұзаққа созылғанымен қар аз түседі. Көктем шыға батысынан жер төсін жағалап Сібірдің дымқыл ауасы, шығысынан Тынық мұхиттың жылымығы келіп жетеді де тау табиғатына жан береді. Алтай, Хангай, Саян жоталары, оларды бөктерлей ағатын өзен жағалауы, тау қойнауларында таудың құрғақ шөбі бітік өседі. Бетеге, тарлау, изен, бақ қараған бүрлері жылдың төрт мезгілінде малға жайылым болады.
Өлкенің келбетін моңғолдың осы заманғы аса көрнекті ақыны Дашдоржийн Нацагдорж «Менің өлкем» атты әйгілі жырында былайша суреттейді. «Хэнтий, Ханғай, Саянның биік әсем белдері, Көк тәңірі мұнартқан қыр-көделі жерлері, жусан исі аңқыған шұрайлы кең алқабы, бес түлігімнің төрт мезгілдік жайылымына жетеді»[4]. Бұл далаға адамзаттың алғаш аяқ басу тарихы тым тереңде жатыр. Ақыл есті адамзаттың (Homo Sapiens) пайда болуы, мысалы қазақ даласында соңғы палеолит дәуіріне сәйкес келсе бұл процесс Ішкі Азияда ежелгі тас дәуірінің соңғы кезеңінен бастау алады.
Дала көшпенділері б.з.д. IV-III ғасырлардан Темір дәуіріне ілікті. Жылқыны қолға үйрету арқылы мал-жанының ыңғайына қарай қонысын тез ауыстырып, ат жалында көшіп жүріп өмір сүруге бейімделді. Мұны еуропалықтар «номадтық» тұрмыс немесе «Қасқырша үзіп-жұлып өмір сүру» деп атады[5]. Автор бұл ұсынысын түріктердің «Көк бөрі» тегі туралы хикаяға сүйеніп айтса керек.
Көшпенділер ауыздық салып ат мініп, тебіңгі тіреп ат үстінен садақ тартуға мүмкіндік алуы олардың жауынгерлік қабілетін арттыра түсті.
Көшпенділердің ат-үсті қаһарман шабуылын шығыс жұрты тас қамал тұрғызу арқылы тоқтатпаққа әрекет жасап бақса, батыс XVI-XVII ғасырларда «Пушка» деп аталатын мылтық жасағанға дейін төтеп бере алмады. «Көшпенділердің күші атында, атының күші ауыздығында» делінетін сөз осыдан қалса керек.
Нәтижесінде айдарынан жел есіп ат жалында жүрген көшпенділер құлдықты көрмеді. Тек қақтығыс кезінде қолға түскен жат жұрттықтар ғана құл (богол) атанды. Бірақ жау-жар кезінде олар да рулы ел атынан атқа қонып ерлік көрсете алса құлдықтан босатылып еріктілер қатарына қосылып отырды.
Қытайдың батыс, шығысын екпіндей қоныстанған көшпенділер өзара мидай араласып көшіп-қонып өмір сүрді. Көшпенділердің батыстан-шығысқа, шығыстан-батысқа қоныс аудару процесі үзілмей жалғасып жатты. Қытайлар бұларды әуелгі де бір халық деп танып жалпылама «Жун» деп ат қойды[6]. Ал уақыт өтіп көшпенділердің табиғатын тани келе оларды Ди, Дилерді Қызыл Ди, Ақ Ди, Солтүстік Ди деп, соңынан «Татар»[7] деп, «татарларды» ішінен «Ақ татар», «Қара татар», «Тағы татарлар» деп өзара айырып атай бастады. Бұлай атауы қытайлар көшпенділердің ішкі айырмашылығын ажырата бастағандығынан еді. Тарихшы П.И.Кафаров қытайлардың бұл жұмбағының сырын «Ақ татарлар» дегені – түріктер, «Қара татарлар» дегені – ежелгі моңғолдар, ал «Тағы татарлар» дегені – тунгус тектестер деп[8] шешкен еді. Әзірге ғылымда бұл болжамға қарсы пікір айтыла қойған жоқ. Соңғы орта ғасырларда аймақта қалыптасқан этносаяси ахуал П.И.Кафаровтың бұл болжамын растай түсті. Ежелден бері мұнда түрік моңғол, тунгус-шүршіт және тибет-тангут төрт тілде сөйлейтін[9], этнотегі жағынан түрік, моңғол, тунгус үш топқа жататын жұрт өмір сүріп келді.
Б.з.д. V-III ғасырлардан бастап қытай жылнамаларында көшпенділерді жалпылай Ху (Дала тағылары) атандырып орналасу жайы, тұрмыс салтына орай оларды Да Линь Ху (орман тағылары) және Дун Ху (шығыс тағылары) деп екі топқа бөлді. Бұлар 500-ден аса ұсақ тайпалардан құралатын.
Саян жоталары, Байкал, Шібіге (Сібір) орманды алқаптары, Бұрынғы Қара айдаһар (қазіргі Амур) дариясы, Орхон аңғарын мекендеген көшпенділер Линь Ху тобына жатады. Олар аңшылық кәсібімен айналысып, өгіз мініп итарқа, күркелерде өмір сүрді.
Алтай, Хангай жоталары, Моңғолияның үш өзен бойын (Хэрлэн, Онон, Тула) мекендеген көшпенділер мал бағып, ат, өгіз жеккен үй арбалармен көшіп-қонып жүрді. Бұлар Рорен (биік немесе хассақ арбалылар) атанды.
Ал Хуанхэ (Сары дария), Янцзы (Үзын өзен) дариясы алқабы, Моңғол құмы, Ордос бойын мекендеген топтар мал бағып ат жалында өмір сүрді. Б.з.д. ІV-ІІІ ғасырларда көшпенділер арасында қауымдық құрылым ыдырап тайпа бірліктері пайда бола бастады. Тайпаны батырлар және батырлар шыққан рудың беделді адамдары басқаратын болды. Нәтижесінде ру, тайпалық мүдделер көшпенділерді өзара қақтығыстарға әкеліп соқтырды да тайпалар өзін-өзі қорғау үшін тайпалық одақтарға біріге бастады.
Б.з.д. ІІІ ғасырдың орта кезінен бастап қытай жылнамаларында Хұн тайпа бірлестігінің аты жиі атала бастады. Қытай жылнамаларында бұл бірлестік Хұнну, Сюнну атымен белгілі.
«Сюнну» қытай жылнамаларында көшпенділерді белгілеген негізгі атауы. Қытай иероглифі бойынша бұл «Қайсар құл» деген мағынаны білдіреді екен. Ал қытайша «Хұн» атауы айтулы мағына бермейтін көрінеді. Біздің ойымызша «хұн» ежелгі түрік-моңғолдардың өз төл атауы да, қытайлар оны сол күйінде қолданған болуы мүмкін. «Кun», «Кumuun» сөзі моңғол және тунгусша «Адам» деген тура мағына берсе ежелгі түркіше «Кun» кәдуілгі «Ай мен Күн» немесе «Жарық сәуле» деген мағына береді. Осыған байланысты мұнда немістің атақты философы Ф.Гегельдің «Күн сәулесі шығыстан туады. Ал шығыс дегеніңіз - Азия», Дж. Нерудің «Азия адам баласының шегірткедей қаулап шыққан қайнары... іс жүзінде еуропалықтардың көпшілігі Азия тектілердің үрім бұтағы»[10] деген еді. Осы айтылған түйіндер және қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың: «Күннен туған баламын, жарқыраймын, жанамын. Күнге ғана бағынам, Өзім күнмін, өзім – от, Көзім қысық сөзімде – от, өзіме өзім табынам»[11] деген өлең жолдарын алсақ «Кun», «Кumuun» сөзінен «шығыс адамы, күн шығыс халқы» деген мағынаны аңғарамыз.
Бұл далада алғаш хұндар мемлекет құрды. Хұндардың тегі туралы тарихи деректерде авторлар оларды «славян», «фин», «түрік», «моңғол» болуы мүмкін деген түрлі болжам орын алып келді. ХІХ ғ. соңы ХХ ғ. басында Моңғолия территориясында Н.М.Ядринцев, В.В.Радлов, П.К.Козловтардың жүргізген экспедициясының нәтижесінде Моңғол даласындағы түрік жазуы және материалдық ескерткіштерінің беті ашылды. Нәтижесінде хұндарды «славян» немесе «фин» деп қарайтын болжам ғылыми айналымнан шығып ғалымдар қазір хұндарды «түркі» немесе «түркі-моңғол» тектес болуы мүмкін делінетін болжамға тоқталып отыр. Ал ғасырлар бойы бір аумақта көшіп қонып бірі «көк түрік» бірі «көк моңғол» атанған, тілі мен мәдениеті, салт-санасы аса жақындасып кеткен түрік және моңғол екі қауымның ара жігін, әсіресе ежелгі дәуір тарихынан ажыратып көрсету тіптен қиын. Ежелгі дәуірде көшпенді түрік, және моңғолдардың шаруашылығы мен тұрмыс-салты, тіл, мәдениеті өзара аса ұқсас болды. Ежелгі Хұн мемлекетінің бас қалаларының бірі әйгілі Қарақорым маңындағы Ноян төбешігінде 1924-1925 жылдары П.К.Козлов экспедициясы жүргізген археологиялық қазба жұмыстарының қорытындысы осыны айқын көрсетті. Мұнда табылған заттық ескерткіштер (сырмақ, ер тұрман, кездік, табыт бетіндегі өрнектер, әйел адамдардың әшекейлік заттары, таңбалы асықтар) екі топтың (түрік және моңғол) екеуіне де ортақ құндылықтар. Бұған көз жеткізу үшін Америка, Моңғолдың бірлескен экспедициясы 2002 жылы Моңғолияның Архангай аймағының Өндөр-улаан сомонының жеріндегі Хануй қорымында жүргізген археологиялық қазбалардан табылған асық, сақалардағы таңба белгілерді[12] Махмұт Қашғаридың «Диуани Лұғат ат-Түрік» еңбегіндегі оғыз ру-таңба белгілері[13], Қырымдағы татар (түрік) ру-тайпалар таңбасы, Рашид-ад-диннің «Жылнамалар жинағындағы» оғыз тайпалар таңбасы[14] және қазақтың ру-тайпалар таңба белгілерімен салыстырып қарасақ олардың бәрінен Хұн дәуіріндегі асықтағы белгілерді көруге болады. Бұл дегеніңіз хұн атанған қауым ежелгі дәуірде Алтай, Кіші Азияны мекендеген түрік, моңғолдардың ата-бабалары екендігін көрсетеді. Қайсыбір тарихшылар ежелгі түркілердің монголойдтық бет пішіміне қарап хұндарды «моңғолдар» дегісі келеді. Мұндайда біз екі түрлі жайды ескеруге тиіспіз: 1) Ежелгі дәуірдегі адамдардың физикалық пішімі олардың қай тілде сөйлегені, қайсы этнотопқа жататындығын анықтай алмайды. Өйткені ол Еуропа ғалымдары Лантаноид тобына жататын химиялық бір элементті «Европий» деп атағаны сияқты тек физикалық пішімді білдіретін ұғым. Адамдардың сырт пішімі олардың тіліне, нәсіліне байланысты емес, әуелі олардың өмір сүрген жер қыртысының (Landscaft) ерекшеліктеріне байланысты. 2) Ежелгі түркілердің шығыс бөлімдері (Қап тауынан Үнді мұхитына дейінгі) бет пішімнің монголоид тобына жататынын да ескерген жөн. Сондықтан дала көшпенділерінің қайсысы түрік, қайсысы моңғол-тунгус екендігін тек олардың тіл мәдениеті мен салт-санасына қарай ажыратуға мүмкіндік бар. Хұндардың тіліне келсек Қытайдың «Вэй Ши» жылнамасында «Хұн дінбасы әулие-ағзам айтқан сөз» делініп хатқа түскен жалғыз сөйлемнен өзге дерек жоқ. Онда «Сю-Жи Тилэй-гянь, Пугу, Тогудань» делінген[15]. Бұл сөйлемді кезінде В.П.Васильев, Н.А.Аристов, А.Ремюз, моңғолғалымдары Н.Ишжамц, Ц.Доржсүрэн, қазақ ғалымы Ғ.Мусабаевтар әрқайсысы өзінше тарқатып оқыды. Түріктанушы Н.Аристов бұл сөйлемді «Сүси сюлеген, Пугу тұтқан» деген түрікше сөйлем деп тауып оны қазіргі заман тіліне «Әскер қозғалса Пүгу ұтылады» деп аударған[16].
Моңғол тарихшысы Н.Ишжамц аудармасының Н.Аристовтікінен өзгешелігі ол мәтіндегі «Тогуданъ» деген сөзді қазіргі моңғол тіліндегі «Tuugdana» (қуылады, айдалады) деген сөзімен ұқсастырғанында ғана, сөйтіп ол жоғарыдағы хұн сөйлемін «Сүжи дилэгэд, Пугу тугугданъ» («Сужи жеңіп, Пугу айдалады») деп тәржімалаған[17].
Ал Ғ.Мусабаев қатарлы қазақ ғалымдары «Сүси сюлеген» деген сөзді айтылымына қарай «сүйінші тілеген» деп аударып, «тоғ-ғу-дань» дегенді баба түріктердің мәнсап, лауазым атауы деп пайымдайды[18]. Қалай десекте бұл сөйлем дыбыстық құрылымы, мән-мағынасы жағынан ежелгі түркі-моңғолдардың екеуіне де жақын. Хұн әулие-ағзамы айтты делінетін бұл сөйлем «Сендер атқа қонсаңдар Пугуды жеңесіңдер» деп бата беріп, алдын-ала сүйінші тілеп тұрғандай. Моңғолдың тарихшы, түріктанушылары Ноян төбешігінен табылған таңба жазулардың бірер белгілері түріктің Орхон-Енисей алфавитінің кейбір әріптерімен сай келетіні жайлы хабарлайды[19]. Қазақ лингвистері «хұн сөйлемі сақ әміршісі алтын адамның күміс зереншесінде жазылған таңбалармен бір тектестігі туралы» ой түйеді. Сөйтіп қалай дегенмен ежелгі түрік және моңғолдардың табиғаты мен өмір сүру салты ғана емес, тіл мәдениеті де бір-бірімен өте жақын болғандығын көре аламыз. Моңғол, тунгустарда ХІІІ ғасырға дейін жазу мәдениеті болмағаны белгілі. Олар бұл кемшіліктің орынын түрік жазу мәдениеті арқылы толтырып отырды. Түріктер әлемдік жазу мәдениетіне үш бірдей алфавит: Руна (Орхон-Енисей) алфавиті (V-VII ғғ.), Соғда-түрік жазуы (VІІ-VІІІ ғғ.) және Ұйғыр алфавитін (Х-ХІІІ ғғ.) әкелген жұрт[20]. Осылайша аталған уақыт межесінде тарихшылар «Моңғол үстірті» деп атаған Орталық Азияның шығысында түрік тіл, мәдениеті үстемдік етті. Моңғол, тунгустар оны тек қолданушы болды. Тіл, мәдениетінің жақындығы түрік және моңғол-шивэйлерді этномәдениет тұрғысынан бір бірімен етене жақындастырып жіберді. Аталған екі топ тіл, этномәдениеті тұрғысынан өзара ажырасуы Кидан (Қарақытай) билігі дәуірі (б.з. ІХ-ХІІ ғғ.) және моңғолдар Тэмужиннің (Шыңғыс хан) басшылығында жеке шаңырақ көтерген кезеңдерден басталады.
Қазіргі күні хұндар ежелгі түркілердің ата-бабасы екендігін мойындамаған бірде-бір шын мәніндегі тарихшы, түріктанушы жоқ деуге болады. Бұл туралы ежелгі қытай жылнамаларында айқын жазылды. Жоунамада «Түріктер хұндардың бір тармағы, ата-бабалары – Ашна (Бөрілі, -Қ.З.). Олар өз алдына ұлыс құрды» делінсе, осы аталған еңбекте «Түркілердің арғы аталары хұндардың терістігіндегі Сақ (Сэ) елінен тарайды, олардың ұлыс бабасы Адамбек» деп жазады[21].
Хұндар көшіп-қонып өмір сүрді. Билік жүйесі ру-тайпалық негізге сүйеніп құрылды. Аймақ деп аталатын әрбір тайпа, тайпа бірлестіктерінің өзіндік иеліктері болды. Иелікті тайпа көсемдері басқарды. Тайпалар жайшылықта аң аулап, малын бағып, отын жағып күнелте берді, ал жаугершілік бола қалса барлық ер адамдары тай тұяғы қалмай атқа қонып, жауға аттанды. Жорыққа жарамды, ержүрек батырларын пір тұтты. Хұндар мұндай жаугершілік салтты әрбір ер балаларына жастайынан қалыптастыратын болды. Қытай жылнамаларында жазғанына қарағанда хұндардың «жас өспірімдері әуелі қой, ешкі мініп жүріп-ақ садақ оғын құс, тышқанға дәл тигізіп машықтана жүріп»[22], «құралайды көзден ататын» мерген болып ер жетеді екен.
Б.з.д. ІІ ғасыр соңынан ат үстіндегі батыр хұндар Қытай шекарасына қауіп төндіре бастады. Олардың шабуылы ат үстінде жайдың оғындай зулап өтетіндіктен қытай жатақтары үшін аса қауіпты болды. Көшпенділердің шабуылынан қорғану үшін қытайлар әуелі сай-жылғаларды бөгеп қорғаныстар тұрғыза бастады. Бірақ уақыт өте келе мұндай үзік-үзік қорғаныстар көшпенділердің шабуылына төтеп бере алмағандықтан Қытай императоры Шинь Шихуанди б.з.д. 221 жылы қытайлардың басын бір шаңырақ астында біріктіргесін үзік-үзік қоныстарының арасын жалғатып, қорғанысты биіктетіп, қарауыл мұнараларын тұрғызып Қытайдың әйгілі Ұлы қамалын соқтырды. Қытайдың солтүстігін қаһарлы көшпенділерден қорғау үшін тұрғызылған бұл қамалдың ұзындығы 4-6 мың км, биіктігі 6,6-10 метр, ені 5,5 – 6,5 метр, жерінің ыңғайына орай әрбір 2-3 жүз метр сайын қарауыл мұнаралары тұрғызылған.
Тарихшылар бұл қамалды Қытайдың әйгілі ескерткіші ретінде қарайды. Қазіргі жеткен биіктен қарағанда ол да жөн. Бірақ ұлы қамал б.з.д. ІІІ ғасырдың соңғы жартысында Қытай мен Хұн аралық рәсімделген шекара шебі немесе делимитациялық белгі болғандығын ұмытпағанымыз жөн. Қамал ежелгі қытай және моңғол деректерінде «Тумен газрын их цагаан хэрэм» («Түмен[23] жерінің ұлы ақ қамалы») деп аталады. Қытайдың Хән әулетінің патшасы Уынди кезінде «Хұндар бұдан былай шекара қорғаны ішіне кірмесін, ал Хән елінің адамдары қорғанды аттап шықпасын. Осы шартты бұзғандар өлімге бұйырылсын»[24] деген жарлық шығарған екен. Бұл Қытай патшасы солтүстігіндегі көшпенділерді өздерінің қарсыласы, әскери-саяси күш ретінде мойындағанының белгісі еді.
Көшпенділер жылдан жылға күшейіп төрт құбыласына қарай қанат жая бастады. ІІІ ғасырдың соңында хұндардың 24 аймақ (тайпа бірлестігі) одағы құрылып одақты көшпенділер жетекшісі Түмен (То Ман) басқарды. Ол Шаньюй немесе «Тәңірдің құты» лауазымына ие болды. Тәңірқұт одаққа кірген тайпа басыларының кеңесінен сайланды және Тәңірқұт лауазымы атадан балаға мұрагерлікпен жалғасатын болды. Тұрақты армиясының саны 100 мыңға жетті.
Түмен Шаньюйдің ұлы Мөте[25] б.з.д. 209 жылы әкесі Тумен Шаньюй және оның айналасындағыларды өлтіріп Хұн мемлекетінің құрылғанын жариялап, өзі осы мемлекеттің тәңірқұты (шаньюй) болды. Бұл даланың алғашқы мемлекеті еді. Мөте ел билігін қолына алысымен шаньюйды тайпа басшылары кеңесінен сайлайтын бұрынғы салттың күшін жойды.
Мөтенің тұсында Хұн мемлекеті бір шама дәуірледі. Елінің шеп-шекарасын әйгілеп Қытайдың Хань әулеті мен үзеңгі қағыстыра бастады. «Жер мемлекеттің тірегі»[26] деп таныған ол ел, жерінің іргесін кеңейте түсуді басты мақсат етті. Әуелі Алтай түркілері мен монғол-шивэй аймақтарын (қытай жазбалары бойынша Дун-ху), сосын Юэчжилерді өзіне бағындырып әскерінің санын 300 мыңға жеткізді.
Солтүстік көршілерінің күшеюінен қауіптенген қытайлар 200 - жылы хұндарға қарсы 300 мың қол аттандырады. Мөте Шаньюй қытайдың қаптаған қолына тойтарыс бере отырып, оларды өз жерінен ығыстырып қытайдың орталық қалаларының бірі Пинчинге (қазіргі Датун) қуып әкеліп тықты. Жеті күн қоршаудан кейін Қытайдың Гао Ди патшасы жеңілісін мойындап, 198 жылы Қытайдың Хань әулеті мен Хұн мемлекеті арасында бейбіт келісімге қол қойылды. Нәтижесінде Ұлы қамалдың сырт бойындағы көшпенді жұртын Хұн тәңірқұты өз еркімен билеуге мүмкіндік алды. Мұны Хань әулеті жылнамасындағы Хань билеушісінің «Ұзын қамалдың солтүстігіндегі садақ асынғандар (көшпенділер, -З.Қ.) шаньюйдің жарлығына бағынсын, ал ұзын қамалдың ішкі бойындағы жайма тымақтыларымды мен өзім басқаратын болдым» деген жарлық жолдарынан көре аламыз.[27] Онымен де қоймай Хань мемлекеті Хұн тәңірқұтына жыл сайын алтын, торғын торқа және егін өнімдерінен төлем төлеп тұруды мойнына алған. Ағылшын ғалымы Томас Дж. Барфильд хұндар 500 жыл бойы қытайлармен терезесі тең саяси күш болды, оның соңғы 250 жылында ұлы даланы баса көктеп билеп тұрды деп жазады[28].
Көшпенді хұндар дәуірлеп тұрған шағында қытайлар олармен саяси серіктес ретінде санасып, қандайда бір қақтығыстарға барудан именіп сауда-саттық, құда-құдандалық, елшілік жолын қатаң ұстанды. Хань билеушілері Хұн әулеті билеушілеріне қыздарын ұзатып, жыл сайын рет-ретімен сый-сияпат, орам-орамымен торғын торқадан сыйлық жіберіп, елші аттандырып тұрды. Хүндар Қытай елшілерін олардың тегі мен мәнсабы, әкелген сый-сияпатына қарай қабылдап ат, шапан, аң-құстың терісінен қарымта сыйлық жолдап отырды.
Мөте Шаньюй осы мүмкіндікті пайдаланып елінің батыс оңтүстігіндегі егінжай отырықты аймақтарға қарай ат басын бұрып Шығыс Түркістан, Турфан өлкесін басып алды. Сөйтіп Қытайды батыспен жалғап тұрған сауда жолын өз бақылауына алу арқылы хұндар қытайларды өзіне бұрынғыдан әрі қарасты етті.
Мөте Шаньюйдің тұсында хұндардың иелігі оңтүстігі Ұлы қорған ( Ұлы ақ қамал), Ордосқа дейін, солтүстігі Байкал, батысы Іле, Тарбағатай, Алтай, шығысы Корея түбегіне дейін жетті.
Мөте Шаньюй мұндай алып даланы мекендеген көшпенді жұртты басқару үшін көшпенділер тарихында алғаш рет елін оң, сол, орталық деп үш жүзге бөліп, әскери бюрократиялық басқарудың ондық, жүздік, мыңдық, он мыңдық жүйесін енгізді. Елінің орталық бөлімін Шаньюй өзі басқарып, оң, сол қанатын басқару үшін аймақ, арыс басшыларын тағайындады, әрбір аймақ, арыс басшылары он мыңға дейін қол басқарды. Олар түмэн нояндары немесе он мың қол басқарушы атанды. Онбасы жүзбасына, жүзбасы мыңбасына, мыңбасы түменбасы немесе аймақ, арыс билеушілеріне, ал аймақ, арыс басшылары тікелей шаньюйға бағынатын болды. Көшпенділерді басқарудың бұл формасы кейін Түрік, Ұйғыр қағанаты, Моңғол билігі дәуірінде қайталанды.
Хұндардың бас ордасы қазіргі Моңғолияның Орхон өзені бойында болды. Ноян төбешігінен табылған мәдени ескерткіштер Хұн дәуіріне жататынын ескерсек төбешіктен 26 шақырымда жатқан әйгілі Қарақорым немесе Ноян төбешігінен Қарақорым аралығындағы көне қаланың орыны хұндардың бас қаласы болды ма деген ой келеді. Қытай, моңғол және басқадай деректерде бұл туралы нақты дерек көрсетілмеген.
Мөте Шаньюйдың тұсында Хұн державасы күшейтіп қуатты күшке айналғанын Тәңірқұтының 176 жылы Хань патшасына жолдаған хатынан аңғаруға болады. Онда былай делінген: «... Тәңірім медет беріп, сардарларымыз бек, жасағымыз сығай, алмауыттарымыз мықты болды да нүкістерді (иозылар, - З.Қ.) күйреттік. Қарсыласқанының басын шауып, қалғанының тізесін бүктірдік. Груран, Үйсін, Хагат ұлыстары және олармен жапсарлас 26 ел хұндарға бағынды. Садақ асынған көшпенділердің баршасы бір үйдің адамындай болды»[29] делінген. Әрине мұндай жеңіс, бас біріктірушілік хұндарға оңайшылықпен келген жоқ, көшпенді тайпалардың арасында әрқайсысы өз ру, тайпасы, жайылым жерін сақтап қалу үшін ұлы қақтығыстар жүріп жатты. Бір бөлегі бір шаңырақ астында бағынғанымен енді бірі Орталық Азиядан Еуропа, Үндістанға дейін босып кетіп отырды.
174 жылы әйгілі Мөте шаньюй опат болып оның орынын ұлы Кейұқ басты. Ол тарихта Лао-шан (Леузаң) тәңірқұт деп рәсімделді. Ол ел басқарған 174-163 жылдары держава шаңырағы астында біріккен жұрттың жан санын анықтап, әр жанның мүмкіндігіне сай салық жүйесін реттеу, ер адамдардың отан қорғау міндетін айқындауға бағытталған бірер реформалар жасады. Бірақ Мөте тәңірқұтының найзаның ұшымен біріктірген жұрты оның өзі өлгесін ыдырауға ұшырады. Леузаң тәңірқұт елін ыдыратуға бағытталған бірер бас көтерулерді басқанымен ұланғайыр даланы алып жатқан дүйім көшпенділерді тыныштандыра алмады. Хоуиуанның төртінші жылы (163 ж.) Леузаң тәңірқұт дүние салды. Оның тағын баласы Гуньшень (Гүнзен) жалғастырды.
Қытай патшалары басында Гуньшенге де қыз ұзатып, құда-құдандалық салтын жалғастырғанымен іс жүзінде Хұн мемлекетін іштен ыдыртау саясатын жүргізді. Тек Гуньшень билік құрған 37 жыл (163-126 жж.) ішінде қытайлар түрлі сылтаулармен хұндарды 18 мәрте шапты[30]. Хұндар қытайлардың кішігірім шабуылдарына тойтарыс беріп отырды. Ал 129 жылғы Ма-и шабуылы сияқты үлкен жорықтар кезінде Моңғол құмынан өтіп шегініп, қытай қолын құмда қалдырып аты арып, тоны тозған кезінде айналып шабуылдап, кері қайтарып отырды. Бұл туралы орыс тарихшысы В.С.Таскин, моңғол тарихшысы Б.Батсүрэннің еңбектерінде атап көрсетілген[31].
126 жылы Гуньшень тәңірқұт опат болды. Оның тақ мұрагері Гуньшеннің ұлы Иадан ханзада еді. Бірақ Гуньшеннің інісі Жанақ хан Ежиза өзін Хұн тәңірқұты деп жариялады. Иадан ханзада ағасы Ежизадан жеңіліп Хань әулетіне қашып барды. Қытайлар бұл оқиғаны жетік пайдалана білді. Иаданға «Елін тыныштағыш бек» лауазымын беріп, еліне қарсы әрекеттерге айдап салмақшы болды. Бірақ Иадан бірнеше айдан соң қайтыс болды да қытай саясаты іске аспай қалды.
Бірақ қытайлар осы кезден бастап хұндарға қарсы шабуылын күшейтті, кей жылдары қытай қолы әдейі дайындықпен Моңғол құмынан ары өтіп барып хұндармен әдейі қақтығыстарға дейін барса, екіншіден, Хұн державасының тайпааралық қақтығыстарын әдейі қоздырып бірін-біріне айдап салып отырды. Кейбір тайпаларды қолдап бірнеше дүркін қанды шабуылдар ұйымдастырды. Солардың бірі 121 жылғы Хань патшасының жорық қолбасшысы Хо Чуибин бастаған ірі шабуыл еді. Қытайлар бұл жолы хұндардың 18 мың адамын өлтіріп, хұндардың оң қанатын талқандаса, сол жылы жазда Лұңши, Бейди шебінен аттанған Қытай қолбасшылары Хо Шуйбиң, Гунсун Ау-лар 2 мың ли[32] жол жүріп Келентауға дейін ұрыс салып, хұндардың 30 неше мың адамын өлтіріп мыңдаған адамын қолға түсіреді[33]. Қытайдың мұндай шабуылдары б.з.д. соңғы жүзжылдықтың бастапқы жартысынан бастап тіптен жиілеп кетті. Хұндарға қарсы күресте қытайлар жалғыз болған жоқ. Қытайлар ол кезде Хұн державасының билігіндегі ірі-ірі ұлыс, аймақ басшыларына қыздарын ұзату, елші аттандырып, сый-сияпат тарту ету арқылы оларды өз жағына тарта білді. Олардың әрқайсысының өз алдына мемлекет құруға ұмтылған әрекеттерін қытай жағы ұтымды пайдаланып отырды. Ендігі жерде хұндарды тек қытайлар ғана емес, шығысынан У-Хуань, Сянбилер, сотүстігінен Динлин, батысынан Үйсіндер шабуылдардың астына алды. Осының салдарынан ел арасында бітіспейтін дау, саяси алауыздық пайда болды да, хұндардың билеуші топтары Қытайды жақтайтындар және оған қарсылар болып екі топқа бөлінді. Хұн державасының тарихында бес шаньюй алды-алдына билік құрған тұсы б.з.д. 50 жылдар еді. Саяси тұрақсыздық Хұн мемлекетінің экономикалық және әлеуметтік жағдайына да әсер етті. Осылардың салдарынан б.з.д.52 жылы Хуханье шаньюй бастаған Хұн мемлекетінің сол қанаты Қытай билігін қабылдады да, оң қанаты Жижидің (Шөже) басшылығында өз қарамағындағы жұртын соңынан ертіп әуелі Алтай, Ертіс бойына келіп мекендеп, мұнда Гяньгунь немесе Енисей қырғыздарын өзіне бағындырып, қаңлылармен одақтаса отырып, ол кезде Хань әулетімен одақтас болған үйсіндермен бірнеше мәрте шайқасты. Ақыры Хань және Үйсіндердің біріккен қолынан жеңіліп батысқа қарай бет бұрып қазіргі Қазақстан даласы арқылы Еділ, Жайыққа барып мекендеп Батыс хұн мемлекетін құрды. Бұл Азия мен Еуропаның араласуына түрткі болған азиялық «ұлы көштердің» бірі еді.
Ал Хуханье бастаған шығыс хұндар Қытайдың Хань әулетіне басыбайлы болып қалды. Қытайдың Ван Ман патшасы б.з. 9-23 жылдары хұндардың басқа жұрттан салық жинайтын правосын шектеп, оларды Қытайдың қатардағы бір аймағы деп танитын болды. Хұндардың ел таңбасын жойып әйгілі хұн жұртын қытайдың 15 кіші аймағы етіп бөліп жіберді. Осының салдарынан шығыс хұндар екіге бөлініп, шығыстағы бес аймағы Ұлы қорғанның ішіне көшіріледі. Бірақ сыртқы хұндар Хань әулеті билігін мойындамай қарсылық көрсетумен болды. Бұл қозғалысты қытайлық білім, саясатқа жетілген Лю-Юань деген адам басқарды. Ұлы қорғанның ішіндегі хұндардың бес аймағы осы Лю-Юанның басшылығында 304 жылы ел тәуелсіздігіне қол жеткізіп Лю-Юаньды «Хұн одағының» шаньюйы деп жариялайды. Лю-Юань қол бастап солтүстік Қытайды басып алып, 308 жылы Жао атты жаңа мемлекет құрып өзін тек Жао ғана емес, Қытай императоры деп жариялады. 311 жылы оның ұлы Лю Цун Қытайдың Цзин патшалығына қарсы шабуылға шығып, Қытай астанасы Лоянды басып алып, Цзин әулетінің соңғы патшасын тұтқынға алады. Бұл оқиға көшпенділердің тәбетін арттырып өздерінің ежелгі қас жауы, қазірде тауы шағыла бастаған Қытайға жан-жағынан лап қояды да Қытайды бөліске салады. Сөйтіп Қытайдың солтүстік өлкесі бірінен соң бірі көшпенділердің қолына өтеді. Қытайлар бұл оқиғаны шабуыл дегенен гөрі уақытша болса да көшпенділердің шабуылынан құтқарып тыныштық орнатқан үзіліс деп есептейді[34].
Хұндардың Шығыс Азияда құрған соңғы мемлекеті Жао ұзақ жасамады. Олар бұрын өздерінің қарамағында болған сәнбилерден жеңіліп, екіге бөлінеді де шығыс бөлімдері сәнбилерге бағынып қытайларға кірме болып қалды. Ал батыс тобы ата-бабалары Шөженің жортқан ізімен тағы да батысқа бет бұрады. Осылайша Орталық және Шығыс Азияны 500 жыл бойы билеп төстеген әйгілі Ғұн державасы тарихтан шегініп, далалықтарға билік жүргізу кезегі моңғол-тунгус текті Сәнбилердің қолына өтеді.
Зардықан Қинаятұлы
Актуальные проблемы исторической науки Казахстана.
Материалы Международной научно-практической
конференции 29-30 мая 2009, Алматы, сс.311-323.
[1]. Гумилев Л.Н. История народа Хунну. Книга 2. - М., 2002, с.326.
[2]. Груссе Р. Империя Степей: История Центральной Азии (с древности до тринадцатого века). Перевод с английского Карлыгаш Салгариной. –Алматы. - 2003, с.11.
[3]. Аталған дәуірде ұлы құрлық Берингово бұғазы арқылы екіге бөліне қоймаған, қазір американдық индиандар деп аталатын жұрт құрлықтың тұтас кезінде Чукотка арқылы Америка құрлығына өткен ежелгі түріктер болуы мүмкін деген болжам бар. Әрине бұл жеке зерттеуді қажет ететін тақырып.
[4] . Монголын шилдэг Яруу найраг. УБ, 1981, 7-8-бб.
[5]. Груссе Р. Империя Степей: История Центральной Азии (с древности до тринадцатого века). – Алматы. - 2003, с.8.
[6] . Сыма Цзянь. Ши-Цзи 110 дәптер; Н.Я.Бичурин (Иакинф)-нің «Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена». І том. – Алматы. - 1998. ІІ, с.33.
[7]. «Да Да - тата» ұғымы ежелгі түріктердің «құл немесе бағыныштылар» сөзінен алынған «-р» түрікше көптік жалғауы. Бұл сөзді қытайлар кейінірек шығыс бұратаналарды өзара ажырату үшін қолданса, еуропалықтар ХІІІ ғасырда шығыстан келе жатқан моңғол, түріктерді шапқыншылар мағынасында «татар-моңғол» атандырды. Бұл ұғымда этникалық мән-мағына жоқ.
[8]. (Кафаров) Палладий. Старинное монгольское сказание о Чингисхане – (труд. членов Российской дуовной миссии в Пекине). СПб, 1866, сс.170-171.
[9]. Всемирная история І. ІІІІ. - М. - 1957, с.28.
[10].Неру Джавахаралла. Взгляд на всемирную историю. - М., -1989, с.127.
[11]. Жұмабаев М. Таңдамалаы: өлеңдер, поэмалар, зерттеулер, аудармалар. - Алматы, 1992, 85-б.
[12]. Эрдэнэбатыр Д., Аллард Ф., Батболд Н., Миллер В. Хүннүүгийн булшнаас олдсон тамгатай шагай. «Түүхийн судлал». Tomus XXXIII, Fasciculus. 1-22. - УБ., -2002., 177-189-бб.
[13]. Махмұт Қашғари. Түрік сөздігі. Бірінші томы. – Алматы. - 1997, 85-87-бб.
[14]. Рашид ад-дин Сборник летописей, в 3-х томах, Т.1 кн. 1. - М.-Л., сс.88-90.
[15]. Журнал «Живая старина»,. - 1896, с. 25
[16]. Журнал «Живая старина». -1896, с.25
[17].Доржсурэн Ц. БНМАУ-ын Нутагт байсан эртний улсууд (Балар эртнээс ХІІ зуун хүртэл). -УБ., -1955, 15-б.
[18]. Тіл және қоғам. -2004 ж. № 1, 106-107-бб.
[19]. БНМАУ-ын түүх. Гурван ботийн тэргүүн боть. Нэн эртнээс ХVІІ Зуун. - УБ., - 1966, 95-б.
[20]. Ежелгі ұйғыр жазуы Моңғолияда әлі күнге дейін қолданылады. Ол «Уйгуржин монгол бичиг» («Ұйғырша моңғол жазуы») деп аталады.
[21]. Жоунама. 50 бума, 42-Баян, түрік бөлімі; Солтүстік әулеттер тарихы. 99-бума, 87-баян, «Түрік, Батыс түрік, телек» бөлімі.
[22]. Қытайдың тарихи жазбалары. 110-бума, 50-баян, Хұн бөлімі
[23]. Түмен (To man) Қытайдың солтүстігіндегі көшпенділердің көсемі. Әйгілі Хұн державасының ірге тасын қалаушы. Деректерге қарағанда 60 жылға жуық өмір сүрген. Жун (Хұн) тайпалар одағын он жылға жуық уақыт билеген. Хұн державасының алғашқы Шаньюйі (Тәңірқұты). 209 жылы кейін Модэ Шаньюй атанған өзінің ұлы Бақтұқтың шірене тартқан садақ оғынан мерт болған. Көшпенді түріктердің ұрпағы Түмен өзін «Ел қаған» деп атаған тұстары да бар. Жоунама. 50-бума, 42-баян. Түрік бөлімі.
[24]. Тарихи жазбалар. 110 бума, 50-баян, «Хұн» бөлімі.
[25]. Бичурин Н.Я.Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресіне» сүйеніп Модэ хан ол Қараханның ұлы Оғыз хан болуы мүмкін деген болжам айтады. Біздің ойымызша оғыздардың заманы, орналасу географиясы, шыққан тегіне қарағанда бұл пікірді ғылыми ақиқат дегеннен гөрі бір кездерде кең тараған Оғыз идеологиясының мифтік нұсқасы деп қараған жөн сияқты. Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. Т.1. – Алматы. - 1998, сс.57-58.
[26]. Қытайдың тарихи жазбалары. 110-бума, 50-баян, «Хұн» бөлімі.
[27]. БНМАУ-ын түүх. Гурван боть, тәргүүн боть. Нэн эртнээс XVII Зуун. - УБ., - 1966, 83-б.
[28]. Thomas J.Barfield, ''The Hsiung-nu Imperial Confederacy: Organization and Foreigh Polisy'', Journal of Asian Studies, vol. XLI, ¹1. [November 1981] , p.47
[29].Тарихи жазбалар. 110-бума, 50-баян, «Хұн» бөлімі.
[30]. Жоғарыдағы жазбаларда көрсетілген деректер бойынша автор санап шығарған есеп. Аталған деректерден Гуньшень билігі кезеңінде қытайлар хұндарды жыл құрғатпай үлкенді-кішілі шапқыншылық жасағанына көз жеткіземіз. «Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері» (Б.з.д. 177- б.з. 222 жж.). І кітап. – Алматы: « Өнер». - 2006. 37-38-бб.
[31]. Таскин В.С. Материалы по истории Сюнну (по китаский источникам). Вып. 1-2. - М. - 1968-1973, сс.1, 59, 111; Батсайхан З. Дорнод Сюннугийн түүхийн зарим асуудал. УБ., - 1994, ТС 27-28, Ғ-1, 3-11 бб.
[32] . Ly – Ежелгі қытайдың ұзындық өлшемі. 1 Ли бұрынғы өлшеммен 498 метр, қазіргі өлшеммен 576 метр деп есептеледі.
[33]. Тарихи жазбалар. 110-бума. 50-баян, «Хұн» бөлімі.
[34]. Всемирная история Т.ІІ., Под редакцией С.Л.Утченко, Д.П.Каллистова, А.И.Павловской, В.В.Струве. -М. - 1956, с. 781.